• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Мейірім мен адамгершілік акциясы

300 рет
көрсетілді

Амнистия туралы заң жобасын қарағанда, депутаттар осындай ойда екендіктерін аңғартты Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Күн тәртібіне сәйкес онда 14 мәселе қаралды. Қаралған заң жобаларының ішінде қоғам назарын өзіне ау­дарған Президент Н.Назар­баев­тың тікелей тапсырмасы­мен әзірленген Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақым­шылық жасау туралы заңның жобасы болды. Бұл қазір түрмелерде жазаларын өтеп жатқан 36 мың адамның ғана емес, сонымен қатар, үстерінен қылмыстық іс жүргізіліп, бостандығы біршама шектеулі (үй қамақта отырған, колониялық көшіруде жүрген және т.б.) адамдардың және осылардың мыңдаған туыстары мен тілектестерінің елеңдей күтіп отырған заң жобасы екені даусыз. Заң жобасы туралы баяндаманы Бас прокурор Жақып Асанов жасап, оның маңызы мен мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталды. «Жа­ңыл­майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, Президент өмірде жаңылыс басып, қылмыстық істерге барған кейбір адамдарға кешірім жасап, олардың жаңа өмір бастауына жол ашып беріп отыр. Сонымен бірге, амнистия біздің еліміздің гуманистік қағидаттарды берік ұстанған демократиялы және өркениетті ел екендігінің нақты бір көрінісі екенін айтқан Бас про­курор одан әрі тоғызыншы ам­нис­тияның тәртіптеріне, көз­деген мақсаттарына тоқталды. Жоғарғы сотпен бірлесе отырып жасалған «Түрмедегілерді азайтудың он шарасы» жобасының нәтижесінде соңғы төрт жылда түрмедегілердің саны 30 пайызға азайды, деді Бас прокурор. Сонымен бірге, баяндамашы ол амнистия жасалған соң қылмыстық ахуал күрделеніп кетпей ме деген күдіктің де теріс екенін айтты. Рақымшылық төрт топ бойынша жасалады екен. Соның ішінде бірінші топқа түрмелер мен колониялардан шығатындар жатады. Олардың саны – 1500-дей адам. Олардың бәрі де аса ауыр қылмыс жасамағандар. Арасында әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдері де бар. Екінші топқа жататындар бас бостандығынан толық айырылмағандар, түзеу жұмыстарында жүргендер, айыппұлмен бостандығы шектелгендер. Олардың саны – 11 000 адам. Үшінші топтағылар ауыр және аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар. Олардың бас бостандығынан айырылу мерзімдерінің өтелмеген уақыты қысқартылады. Әрбір жағдайға сәйкес қалған мерзімдер жартылай, ширекке немесе бестен біріне қысқартылады. Ондағы басты критерийлердің бірі, сот шешіміне сәйкес, берешек болған ақшаларының төленгендігіне байланысты болмақ. Сонымен бірге, Бас прокурор қазір түрмеде отырғандардың арасында 3000-дай адам зардап шеккендер мен өкіметтің алдында 70 млрд теңге берешек екендігін атап өтті. Төртінші топтағылар – қазір үстерінен қылмыстық істер жүргізіліп жатқан немесе істері сотқа енгізілген адамдар. Егер жасаған қылмыстары ауыр болмаса, олар да амнистиямен қамтылып, бостандыққа шықпақ. Бір қызығы, мұндай жағдайда қылмыс жасады деген адамның өзі қылмысын мойындап, амнистияның жасалуына келісім беруі керек көрінеді. Егер күдікті (қылмысы сот тарапынан дәлелденбегендердің бәрі осылай аталады) қылмысын мойындамаса, сот өзін ақтайтынына сенімді болса, ондай адамдарға рақымшылықтың еш қатысы болмайды. Ондай адамдардың саны 1300-дей екен. Ал амнистия қамтитын барлық адам саны 28 мыңды құрайды. Айта кететін жайт, амнистияға террористер, экстремистер, педофильдер, кісі өлтірушілер, есірткі сатушылар, әйел зорлағандар, рецидивистер, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар және т.б. ауыр қылмыстары үшін сотталғандар ілікпейді екен. Баяндама аяқталған соң сұрақ беру рәсімі басталды. Соның ішінде депутат Павел Казанцев 1500 қылмыскердің бірден бостандыққа шығуы еліміздегі қылмыс ахуалын күрделендіріп жібермей ме, мұндай қиыншылықпен біздің полициямыз күресе ала ма деп сұрады. Оған Ж.Асанов бостандыққа шыққан адамдардың бәрі де пробация қызметінің қадағалауында болатынын жеткізді. Қосымша жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Рашит Жақыпов амнистияның қабылдануына байланысты қылмыстық ахуал күрделеніп кетер деген қауіп жоқ екенін айтты. Депутат Айзада Құрманова Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновадан амнистияға шыққандар арасындағы әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын адамдарды қолдау бола ма деп сұрады. Оған Т.Дүйсенова әлжуаз топтардың арасындағы өздігінен жүре алмайтындар мен жұмысқа жарамайтындар күтетін адамдары болмаған жағдайда Интернат үйлеріне қабылданатынын жеткізді. Депутат Анар Жайылғанова рақымшылық жасау туралы заңның тәртібі бұрмаланып, «бармақ басты, көз қыстымен» колония әкімшіліктері қалаған адамдарға ғана қолданылып, ал кейбір амнистияға жататындар оған қол жеткізе алмай жүрмей ме деп сұрады. Бас прокурор ондайдың жолы кесіліп, істерді тек сот қана қарайтынын айтты. Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Дулатбеков жасады. Ал талқылауға депутаттар Қуаныш Сұлтанов, Ирина Унжакова және Қанат Мусин қатысты. Соның ішінде Қ.Сұлтанов заң жобасының адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделгенін, онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарды жазадан босатуға бағытталғанын айта келіп, «олардың ішінде жаңылыс басып қателесіп, өз қатесін мойындап, түзелу жолына түскен адамдар көпшілік екені күмән туғызбайды. Ондай адамдар бостандықтың да, рақымшылықтың да қадірін білер деп сенеміз», деп атап өтті. Осыдан әрі заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин оны Мемлекет басшысы тарапынан жасалған мейірім мен адамгершілік акциясы деп бағалайтынын жеткізді. Сонымен бірге, ол мұны ел Президентінің жаңылыс басқан адамдардың түзелетініне сенім артқандығы, деді ол. Жалпы отырыста біршама ұзақ қаралған келесі бір құжат кейбір заңнамалық актілерге өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болды. Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбекақыларын 25 пайызға арттыру және т.б. жеңілдіктер қарастырған заң жобасы депутаттардың қызығушылығын туғызды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке қазақстандық флора мен фаунаны сақтау, қорғау мәселесіне арналған көптеген сұрақтар қойылды. Екінші оқылымға дайындарда депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың бәрі ескерілетін болып, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ, осы күні бірінші оқылымы 12 қазанда мақұлданған «Жайылымдар туралы» заң жобасы ілеспе заңнамамен екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды. Осындай екінші оқылымда қаралғандардың қатарында «Пробация», «Дактилоскопия және геномдық тіркеу» туралы заң жобалары да ілеспе заңнамаларымен толықтай мақұлданды. Жалпы отырыста, сондай-ақ, алты заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленіп, баяндама жасаған комитет төрағаларының қорытынды әзірлеуге сұраған мерзімдері келісілді. Соңынан бірнеше депутат атқарушы билік орындарына өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»