• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

«Қашаған» жобасы – Қазақстанның жеңісі

568 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай алу рәсіміне қатысты Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Бұл –Елбасының айрықша назарындағы өңір десек, ақиқаттан алыстай қоймаймыз. Олай деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен оны жер астындағы ен байлықтың бірі –мұнай мен газдың үстінде отырса да, ел тәуелсіздік алғанға дейін оның қадірін сезіне алмаған өңір тұрғындарының ыстық ықыласымен байланыстыруға болады. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы Атыраудың қарқынды өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына баса көңіл бөлді. Сөйтіп, ел экономикасына инвестиция құюға ықыласты шетел инвесторларының көшін Атырауға бұрды. Қазір өңір экономикасының барлық саласында өркенді өзгеріс бар. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім етуінше, биылғы он айда Атырауда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсім қарқыны сақталды. Мәселен, 1993 жылы 0,6 млрд теңгені (606,2 млн теңге) құраған жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 4,2 трлн теңгеге жеткен. Ал биылғы жыл аяғына 4,5 трлн теңгеге жетеді деп болжануда. Жыл басынан бері 3 558,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген мұнайлы өңірде Елбасының идеясымен іске асырылған халықаралық маңызы айрықша жобалар да жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев солардың қатарындағы «Қашаған» кенішінен мұнай өндіру, «Болашақ» кешенінде дайындау және Қара теңіз жағалауына төтелей «қара алтын» тасымалдайтын жобалармен танысты.  

«Қашағанның» қадамы қарышты

«Қашаған» кен орнының санамалап айтуға болатын ерекшеліктері көп. Біріншіден, «Қашаған» – Қазақстанның Каспий теңізінде игеретін тұңғыш кеніші. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Кен орнындағы қысым да өте жоғары дейді мамандар. Кеніштегі мұнай парафинді болып келеді. Мұнай құрамында күкіртті газ да көп, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең, дейді мамандар. Екіншіден, Қашағанда 1999 жылдан бері 220 мың метрлік тереңдікке бұрғы ұшы бойлапты. Кеніште бұрғыланған 41 ұңғыманың 20-сы бағалау, 24-і пайдалану мақсатын көздейді. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен. Үшіншіден, «Қашағаннан» «қара алтын» алынғалы екі айдан асты. Төртіншіден, «Қашағандағы» мұнай жасанды аралдар арқылы өндіріледі. Теңізде, не мұхитта табиғи аралдар әбден болуы мүмкін. Ал жасанды арал дегенді естігеніңіз бар ма? Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай селін тасытуға қам жасаған оператор және агент-компаниялар «Қашаған» кенішінде бір емес, бірнеше жасанды арал тұрғызды. Соның бірі – «D» аралына тоқталар болсақ, мұнда өнеркәсіптік, тұрмыстық мақсаттағы 41 түрлі нысан тұрғызылған. Ал аралды тұрғызу үшін Маңғыстау өңірінен 13 миллион тонна тас, 130 тонна металл құрылғылары, 65 мың тонна темір-бетон жеткізіліпті. Бесіншіден, теңіздегі жұмыстарға қажетті сан алуан модульдер Ұлы­бри­танияда, Дубайда, Мальтада, Норвегия мен Ресейде құрастырылып, Еділ-Дон каналынан өте алатындай көлемдегі 14 модуль Атырау облысына су жолымен тасымалданған. «D» аралында апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелер (АҚМК) флоты бар. Бұл апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелердің әлемде теңдесі жоқ. Олар «Қашаған» жобасына арналып жасалған. Алтыншыдан, қазіргі таңда Энергетика министрі Қанат Бозым­баевтың айтуынша, «Қашағанда» өнім өндіру арта түсті. Дәл қазір тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейге жетті. Енді мұнай өндірудің деңгейін арттыру және оны тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жетіншіден, ағымдағы жылдың соңына дейін 1 млн тонна мұнай және 680 млн текше метрге жуық газ өндірілмек. Ал 2017 жылы – 8,9 млн тонна мұнай және 5,6 млрд текше метр газ өндіру жоспарлануда. Одан кейінгі кезеңде жылына мұнайдың көлемін 13 млн тоннаға, ал газды 9 млрд метрге дейін арттыру көзделіп отыр. «Қашаған» кен орнының «D» аралында жұмыс істейтін мұнайшы Е.Оразбаевтың мәлім еткеніндей, 28 қыркүйектен бері осындай арал­дардың бірі – «А» аралынан «Бола­шақ» зауытына көмірсутегін беру ойдағыдай басталған. Бүгінгі күні мұнай мен газды дайындау, өнім құрамынан күкіртсутегін айыру және күкірт өндіру процесі орындалуда.  

Баламасыз «Болашақта» бәрі ойдағыдай

 Қазіргі уақытта «Қашаған» кенішінен «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына тәулік сайын 100-120 мың баррель көлемінде мұнай жеткізіледі. Мұнда мұнай құрамы газ, күкірт, меркаптан секілді түрлі қоспалардан тазартылады. «Болашақ» кешенді қондырғы аталғанмен, оның ірі зауыттан еш айырмасы жоқ. Зауыт тектес қондырғының ұзындығы да едәуір. Оның құрылысына салынған инвестицияның көлемін айтар болсақ, 23,9 млрд АҚШ долларын құрайды. Қазір мұнда 400 адам еңбек етеді. Ал ірі қондырғының қуаты тәулігіне 450 мың баррель мұнайды өңдеуге жетеді. Сонымен бірге, мұнда 6,2 млрд текше метр газ, 1 млн тонна күкірт тауарлық ши­кі­зат ретінде дайындалады. Мұнда 4 млн тоннаға дейін күкіртті сақтауға болады. Елбасына «Болашақ» қондырғысының операторы Б.Сабыровтың баян етке­нін­дей, кешенді қондырғыда теңіз нысандарынан берілетін көмірсутегілер тауарлық қалыпқа дейін өңделеді. «Болашақ» мамандары 14 қазанда шикі мұнайдың алғашқы партиясын экспортқа ойдағыдай жөнелткен екен. Бүгінгі таңда 600 мың тоннадан астам мұнай, 400 млн текше метр тауарлы газ өңделіпті.  

Қара теңізге төте құбыр

Елбасы тәуелсіздіктің бастапқы жыл­дарында Атырау өңірі ғана емес, тұтастай ел экономикасы тиімділігі мен пайдасы орасан зор болатын тағы бір жобаны қолға алды. Ол көршілес Ресей Федерациясымен арадағы интеграциялық байланысты одан әрі бекемдей түсетін «Теңіз – Новороссийск» құбыры еді. Қазыналы қазақ жеріндегі әйгілі «Теңіз» кені­шінен бастау алып, Қара теңіз жаға­лауындағы Новороссийск айлағына дейін созылған 1511 шақырымдық мұ­най құбыры жобасын іске асырудың негізі 1992 жылы қаланып, Каспий құбыр өткізу консорциумы құрылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Оман Сұлтан­дығы арасында келісім жасалды. Мұны да ел мұнайшылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл жобасы деп атайды. Бұл – шындық. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, табандылығымен іске асы­рылған нақ осы жоба арқылы «Теңіз» кенішінің «қара алтынын» әлемдік ры­нокқа төтелей шығаруға жаңа дәліз ашылды. Дегенмен, бел-белесті қуалап, ел мен елді бір-біріне жалғаған төте құбырдың дені Ресей жерімен өтетіндіктен, көрші ел басшыларын келіссөзге көндірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына сапарының бірінде бұл жоба туралы былай деп еді: – Атырау – қарқынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қарқынды даму үдерісі жалғаса береді. Облыс экономикасын көтеру, мұнай кеніштерін игеру үшін «Шеврон» компаниясын елге инвестиция салуға әкелдік. Себебі, жеріміздегі мол мұнайды игеруге өзіміздің технологиямыз болмады. Осы инвесторды әкелмесек, жердің астындағы мол байлық жата беруі мүмкін еді. Сондықтан шетел инвестициясын көптеп тарттық. Мұнайды өндіргеннен кейін оны шетел рыногына сату жолдарын іздеу керек болды. Сол себептен, Қара теңізге тікелей мұнай құбырын тарту жобасын қолға алдық. Әрине, бұл оңай жоба болмады. Алты жыл бойы Ресей басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцинмен алты жыл бойы келіссөз жүр­гізген Елбасының табандылығы өз жемі­сін берді. Бастапқыда төрт кезеңге бөлініп жүргізілетіні бағдарланған жобаның 4 млрд АҚШ долларына бағаланған жалпы құнынан Ресейдің Астрахань облысы мен Қалмақ Республикасы, Ставрополь, Краснодар аймақтары бюджеттеріне түсетін салық мөлшері көңілге қонымды болатынын әуелгіде бағдарлай алмаған көрші ел басшылары енді бұл жобаның өздеріне тиімді болғанына көз жеткізіп отыр. Құбырдың қазақстандық бөлі­гінде 45 млн доллардың жаңғырту жұ­мыстары жасалды. Бірнеше жерде құбыр бойымен сырғыған мұнайдың қысымын анықтайтын қондырғылар орнатылды. Қазір «Теңіз» кенішінен басталып, Ресейдің жоғарыда айтылған бірнеше өңірлері аумағымен Қара теңіз жағалауына маңдай тіреген құбыр бойымен мұнай тасымалданғалы 15 жыл болды. Тиімді тұстарына тоқталсақ, қазақ мұнайының шетел рыногына жету жолының ұзақтығы едәуір қысқарды. Мұны шетел рыногына бағыт алған «қара алтын» жолына кесе-көлденең тартылатын, сапасына кері әсер ететін кедергілердің азаюы тұрғысынан айтып отырмыз. Жоба бойынша бұл құбырмен 40 жыл бойына үздіксіз өнім тасымалдауға мол мүмкіндік болатынына болжам жасалған. Өйткені, Қазақстанда таяу жылдары өндірілетін мұнай көлемі күрт көбеймек. Әсіресе, «Теңізшевройлдың» екінші буын аталатын жобасы іске қосылғаннан кейін «Теңіздің» берер өнімі еселеніп шыға келді. Енді бұл кәсіпорын келешек кеңею жобасын іске асырғалы отыр. Сол кезде «Теңіз» кенішінен алынатын «қара алтынның» еселене түсері және даусыз. Бұған қоса, осы құбырмен Қара­шы­ғанақ газ конденсаты кенішінің ши­кізаттық мұнайы да үздіксіз тасымалдана бастады. Оның үстіне, Атырау об­лысының Астраханьмен шекарадағы «Құрманғазы», «Хвалынское», «Има­шев» кеніштерінен өнім алынғанда оны тасымалдаудағы басты бағыт ретінде осы құбыр алдымен таңдалатыны дау тудыр­майды. Себебі, осы кеніштерге ең жақын аралықпен өтетін бірден-бір құбыр бұл. Демек, аталған кеніштерді игеретін кәсіпорындарға экономикалық тиімділік жағынан оңтайлысы Қара теңіз бағытындағы құбыр болмақ. Енді бұған Каспийдің қазақстандық секторынан алынатын «қара алтынды» да осы бағытпен тасымалдау нұсқасы таңдалып отыр. Құбырды кеңейту жобасының алғашқы кезеңі 2011 жылы мұнайлы өңірдегі Атырау мұнай айдау стансасында бастау алды. Айтқандай, құбыр бо­йында іске қосылатын 10 мұнай айдау стансасының екеуі Қазақстан аума­ғында, яғни Атырау облысында салынды. Консорциумның жергілікті өкілі С.Мұрыновтың пікіріне сүйенсек, Елба­сының қолдауымен құрылған Каспий Құбыр Консорциумы бүгінде әлемдегі ең үздік мұнай тасымалдау жобасына ай­налған. Жоба іске қосылғаннан бері Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск терминалында төрт мыңнан астам танкер арқылы 500 млн тоннаға жуық мұнай жөнелтіліпті. Қазіргі уақытта, Қашаған мұнайын қабылдау арқылы құбырдың өткізу қуаты артып, 2017 жылы 67 млн тоннаға жетеді. Кешеге дейін 500 мың тоннадан астам Қашаған мұнайы тасымалданып, дәл қазір, Новороссийск теңіз терминалында танкерлерге құйылып, экспортқа жөнелтілуде. Осы секілді «ҚазТрансОйл» АҚ та отандық мұнайшылар өндірген өнімді Ресейдің Самара бағытына үздіксіз тасымалдаумен шектелмей, Қытайға да жеткізуді жүйеледі. Осы орайда Аты­раудан Кеңқияқ бағытына құбыр тар­тылды. Атасудан Алашаңқайға дейін жаңа құбыр желісін іске қосты. Бір ға­сырдан бері мұнай өндіретін Атырау өңіріндегі мұнай айдау стансалары дүр­кін-дүркін жаңғыртылып жатыр. Мұның бәрі ел экономикасының өркендеуіне септігін тигізіп отыр.  

Атыраудың жағдайы айтарлықтай жақсарды

 – «Қашаған» кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Он­да 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн текше метр­дей газ қоры бар деп жобалануда. «Қашаған» қазақстандықтардың игілі­гін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады. Баршаңызды осы кен орнының іске қосылуымен құт­тық­таймын, – деді Елбасы өңірде іске асырылып жатқан ірі жобалардың барысымен танысқаннан кейін. – «Қашаған» Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. «Эни», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Шелл», Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, «Инпекс» біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. Біздің «Қазмұнайгаздың» да қазір әлемдік деңгейдегі осындай компаниялармен қатар тұрғаны қуантады. Елбасы одан әрі мұнай-газ саласын­дағы отандық мамандар біліктілігін арттыруға ден қойылып отырғанына назар аудара келе, 1998 жылдан бастап отан­дық 15 мың жұмысшыға кәсіби-тех­ни­калық білім беру үшін 250 млн доллар жұмсалғанын айтты. – Осы уақыт аралығында біз мұнай­шылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық. «Қашағанда» 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 пайызға дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд доллар болып, 30 пайызға жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Теңіз операциясына қолдау көрсету флотының базасы, сондай-ақ мұнай төгілген кезде жұмыс жүргізетін экологиялық база құрылды. Осылайша, біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік. Бұл межемен шектелмей, тезірек оның жобалық қуаттылығын қамтамасыз ету маңызды. Отандық шикізатты қайта өңдеу дә­режесі мен үлесін арттыру мүмкіндігін қарастырудың қажеттігіне назар ау­дарған Президенттің пікірінше, бұған қазақстандық компанияларды, соның ішінде мұнай және газ саласында қызмет көрсететін компанияларды көптеп тарту қажет, Сондай-ақ қазақстандық үлесті ұлғайтып, отандық мамандарды жетілдіру қажеттігі туындайды. – Елімізге шетелден келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 265 млрд доллардан асты. Біз халықаралық инвесторлардың сеніміне ие болдық. Қашағаннан да басқа ірі жобалар бойынша табысты ынтымақтастық орнаттық. Мәселен, Теңіз кен орны мен Қара­шығанақты игеру бірінші кезекте тұр. Шикізаттық емес секторға «Данон», «Дже­нерал Электрик», «Хайдельберг», «Хендай», басқа да трансұлттық ірі компаниялар келіп жұмыс жүргізуде. Қайта өңдеу саласына салынған инвестиция өткен бес жылмен салыстырғанда үш есе артты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Атырау облы­сының ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқанына да кеңінен тоқталды. Тәуелсіздік жылдары облыстағы әлеу­меттік-экономикалық жағдай айтар­лықтай жақсарды. Өңір халқының саны 37 пайызға көбейді. 1999 жылғы кезең­нен бері орташа жалақы көлемі 11,5 есе өсті. Облыс толығымен газбен және орталықтандырылған ауыз сумен қам­тамасыз етілді. Жалпы көлемі 7,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 есе ұлғайды, деді Президент. Елбасы мұнайлы өңірге сапары барысында «ExxonMobil» компаниясының президенті Д.Вудс, «Total E&P» ком­па­ниясының президенті А.Брейяк, «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Б. ван Берден және «Eni» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі бас директоры А.Велла қатысқан кездесуде Қазақстанның мұ­най-газ саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев пен Энергетика министрі Қ.Бозымбаев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдай мен өңірді дамыту перспективалары туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы мұнай-газ саласындағы ірі нысандардың, атап айтқанда Қашаған кен орнының, «Болашақ» зауытының, Каспий құбыр желісі консорциумы мен «ҚазТрансОйл» компаниясының мұ­най­ды қайта құю стансалары жұмысымен танысты. Бұған қоса, Қазақстан Президентіне «ҚазТрансОйл» компаниясы жүзеге асырып жатқан Қазақстан – Қытай мұнай құбыры аясын кеңейту жобасының іске асырылу барысы таныстырылды. Кеңей­ту жұмысы Кеңқияқ – Атырау магис­тральді мұнай құбыры арқылы қайта құйылатын мұнай көлемін жылына 4-тен 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. – Қазақстан Үкіметі мен Шетел инвес­торлары кеңесі ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге қатысты барлық мәсе­лені қарастыруға дайын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының үздік еңбеккер­лерін «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. «ExxonMobil», «Total E&P», «Royal Dutch Shell» және «Eni» компания­лары­ның басшылары республикамызда қолайлы инвестициялық жағдай жасал­ғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Тәуелсіздігіміздің мерейтойымен құттықтады. Соңында Мемлекет басшысы бір­лес­кен жобаларды жүзеге асырушы­ларға та­быс тілеп, өзара тиімді ынтымақ­тас­­тық­тың жалғаса беретініне сенім білдірді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды