• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Обама 8 жылда қай уәдесін орындап, қай сөзінде тұра алмады?

113 рет
көрсетілді

2008 жылдан бері Құрама штаттарды басқарып келе жатқан Обама жыл соңында президенттік лауазыммен қоштаспақ.  Жалпы, Обаманың ел басқарған 8 жылында екі ірі жаһандық дағдарыс болып, соның біріншісі АҚШ қаржы жүйесін әбден күйретті. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстың қайнап тұрған тұсында таққа келген Обаманың басты міндеті елді дағдарыстан алып шығу еді. Дәл осы уақытта Нью-Йорктегі Уолл Стритте наразылыық акциялары жиі ұйымдастырылып, халық таптық теңсіздік туралы айта бастады. Нақтырақ айтар болсақ, елдің ішкі экономикасын зерттеп көрген экономистер Америка құрама штаттарындағы бар байлықтың тең жартысы ең бай деген 1 пайыз адамдарға ғана тиесілі екенін анықтады. Яғни, ел байлығының тең жартысы 3 млн американдыққа ғана тиесілі болса, қалған азаматтар қалған 50 пайыз капиталға иелік етеді екен. Осы уақытта таптық теңсіздікті жойып, байларға салынатын салықты азайтып, керісінше орта тап өкілдерін көтермелеуге уәде берген Обама сегіз жылда үлкен жетістікке жете алды деу қиын. Демократтар атынан биыл сайлауға түскен Клинтон дәл осы Обамананың салық саясатын дамытпақ болған. Сонымен қатар, 2012 жылы екінші рет сайлауға түскен Барак Обама жұмыссыздық мәселесін шешуге сөз берген. Сайлауалды бағдарламасына сай, Обама 1 млн адамға қосымша жұмыс тауып бере алмаса да, елдегі жұмыссыздықты 5 пайыздан түсіре алды. Дегенмен, соңғы бір жылдағы доллардың құнсыздануына дәл осы жұмыссыздықтың қайта көбеюі сеп болған еді. Жалпы, америкалықтардың президент сайлауында ұстанатын екі басты қағидасы бар. Бірі білім беру болса, екіншісі – денсаулық сақтау. Осы орайда демократ Обама Парламент Конгресіне өзінің “Обамасақтау” (Obamacare) бағдарламасын қабылдата алды. Бұл бір жағынан әлеуметтік жоба болса, екінші бір жағынан медициналық сақтандыру жүйесінің жаңаша үлгісі болатын. Энергетика саласы, негізінен, демократтардың басты бизнестерінің бірі емес екені белгілі. Осы орайда АҚШ энергетика саласы республикандықтардың қолында екенін ескерсек, елдің мұнай-газ секторы Дональд Трамптың билігінде көркейеді деген жорамалдар бар. Ал Обама осыдан 4 жыл бұрын АҚШ энергетика саласына инвестиция көптеп тартатынын уәде еткен. Дегенмен, оның президенттік кезінде Америка мұнайы бірнеше рет тоқырауға ұшырады. Ал баламалы энергетикада АҚШ айтарлықтай нәтиже көрсете алды. Атап айтар болсақ, елдегі экологиялық таза көліктер саны артып, экологиялық таза қуат шығаратын кәсіпорындарға инвестиция көбейді. Әрине, бұл бірінші кезекте елдегі ірі жеке меншік компаниялардың қолымен жасалған игіліктер еді. Ал сыртқы саясатта Обама сайлауалды бағдарламасында айтылған Ресеймен татуласу жоспарын орындамақ түгілі, кіші Буш кезіндегі ерегісті күшейтіп жібергенге ұқсайды. Сонымен қатар Гуантанамо түрмесін жабуға сөз берген Обама сегіз жылда айтқанын орындай алмай-ақ қойды.