• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Жұмекеннің Қазақстаны

242 рет
көрсетілді

Қазақтың Кеңес Одағы кезіндегі нөмірі бірінші патриоттық әні қай ән болып еді деп сұрай қалса, сөз жоқ, ойға алдымен оралары – «Менің Қазақстаным». Оның өлеңінің авторы, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған елімен таста өскен тарамыс тамырдай берік бітіскен пешенесіне, Тәңір құдіретіндей тағдырының сыйына кім де болса қызыққандай. Ұлт бойындағы ұлы рухты ұйықтатпай жарты ғасыр бойы тербеп келген осынау ән тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік гимніне айналды. Сөйтіп, Жұмекен ақын да күн сайын халқымен бірге тыныстайды, жұртымен бірге жасай бермек. Өмірлік жар қосағы Нәсіп апайдың айтуынша, «Менің Қазақстаным» әні мәтінінің екі шумағы Қарағандыда, 1956 жылы жазылыпты. «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы»  деп басталатын бұл шумақтар сарғыш тартқан парақтарда, Жұмекеннің Мәскеуден әкелген, болашақ туымыз түстес көгілдір шабаданында сүйген қызы Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақталыпты. 1959 жылы Қазақ радиосынан алғаш естен кетпес Жамал Омарова орындаған осынау күрескер, осынау ғажайып ән, сазы мен сөзі бірдей келіскен құдіретті ән туған халқын әр таң сайын тербеп оятады. Еліміздің әрбір жеңісі мен жемісі, әрбір қуанышы мен құтты қадамы осы аспани асқақ әнмен паш етіледі. Халқымыз өзінің аңсарлы болашағына, «Мәңгілік Ел» атты мәйекті мұратына, жан-жүрегімізбен қалтқысыз сырласқан, барлық тыныс-тіршілігіміздің туындай желбіреген осы аяни әнмен бірге адымдап барады. Соны ойлағанда Шәмші мен Жұмекендей маңдайлы қос талантты 1956 жылы Алматы консерваториясына оқуға бірге түсіріп жолықтырып, алмағайып шақтарда Алаш рухын асқақтатар алафалы ән туғызуға бастаған тағдыр жолына тәу етпеске әддің жоқ. Жабырқаулы кездерде жанына жұбаныш етіп, налалы шақтарда намысына қайрақ қылып халық қалаған сол «Менің Қазақстанымды» қайта туғызып, бағын ашқан Елбасына және мың рахмет деместің де жөні жоқ. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында тұспалдап емес, қадап айтпағымыз лазым. Бұл ән өмірге келген күнінен бастап болашақ еге­мендігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін күресті. Отар­шылдыққа қарсы булығып, бұлқынған, түптің түбінде жанартау болып атылар зор майданды бас­тап ашып берді. Ол жанартау атылды да. Әмсе тау бұлағындай тасқындаған толассыз қуатпен намысты қамшылады, жігерді сілкіндірді, туған елге деген таңғы шықтай мөлдіреп елжіреген тұма сезімдерді оятты. Сол ғажап қамшыгер ән алғаш рет бар дауыспен жер-жаһанға жар салып, Қазақстанның кімдікі екенін ересен мақтанышпен көлтектетпей кесіп айтты. Кімнің Қазақстаны? Қазақтың Қазақстаны. Шәмшінің Қазақстаны. Жұмекеннің Қазақстаны. Бүкіл ел болып ақ киізге көтеріп сайлаған Елбасының Қазақстаны. Бәріміздің Қазақстанымыз. Мемлекеттік Әнұранды оң қолын кеудесіне қоя, мақтанышпен шырқаған еліміздің әрбір азаматының Қазақстаны. Иә, әннің құдіреті сол, ол кезінде барлық қазаққа уыстан шығып кеткелі тұрған өз Қазақстанын қайтарып берді, әр қазаққа өз көңіліндегі бір-бір сүйікті Қазақстанын сыйлады. Ән қайырмасында ақын тебірене шалқыған шабытпен мына ел мен жер маған тән, менікі дейді. Поэзия мен музыка үйлесе құйылып, осынау туған ел мен жер үшін гүл болып егіліп, жыр болып төгіледі. Мәңгілік ел үшін. Ешкімнің еншісі жоқ жеке-дара өзінің Қазақстаны үшін. Көңілді көкке өрлетеді. «Туған жерім менің – Қазақстаным!» деп шалқи шарықтағанда сезім мен санаға сәуле себездеп, жан тебірентеді. 1986 жылы желтоқсаншылардың осы әнді қоймай неге шырқағаны енді түсінікті. Себебі, оттай лапылдаған ең отаншыл әніміз Қазақ ұлтының қадымнан бергі қаһармандық рухын паш етті, жан ішінде жасыған жасқанышты жойып, толқып көтерілген жастардың жанарларында жасын ойнатты, бойларына батылдық бітірді. Әннің өлеңі жігерді тасқайрақтай жани түсті. Жандарың жәннатта болғыр Жұмекен мен Шәмші халқына қалдырған әнімен-ақ осындай бір ғаламат ерлік жасап еді, мәңгі ұмытылмас еңбек сіңіріп еді еліне. Пырақ перзенттерін «ештен де кеш жақсының» жорасымен Елі де ескеріп бағуда. Мемлекеттік Гимн мәртебесін алған «Менің Қазақстаным» әні Қазақтың елі барда, халқы барда мәңгі жасай бермек. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық мұралары Тәуелсіз елінің ең жоғары Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Міне, қос жампоз аңсаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойлануда. Олай болса, алдағы уақытта Астана төрінде ұлт мерейін асырған ұлық Әнұран авторлары – Жұмекен мен Шәмшінің қадірменді Елбасыны ортаға алып қанаттас, қатарлас сомдалған еңселі ескерткіші асқақтап бой көтерсе, бүгінгі заманның биік өркениетіне сай елдік өреміздің бір белгісі сол болар еді деп ойлаймыз. Бұл Мемлекеттік гимн авторларына деген бүкілхалықтық құрмет-ілтипатымызды көрсетер еді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»