• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Кемел ой, келелі пікір

426 рет
көрсетілді

әңгіме өзегіне айналатын кеңес Биылғы қараша айында елімізде «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның қабылданғанына бір жыл толды. Аталмыш заңның күшіне енуіне сәйкес республикамыздың барлық өңірлерінде аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрылды. Олардың бір жыл ішінде тындырған істерінен қандай ой түюге болады? Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы САЛЫҚОВпен тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді. – Ербол Ғұмарұлы, қандай істің де өз бастауы болады. Сонымен бірге, көп істің түйіні мен шешімі оның қалай аяқ­талғанына емес, көп жағдайда қалай бас­талғанына байланысты делінетін белгілі қағида да бар емес пе? Осы орайда, ең алдымен, қоғамдық кеңестің қызметі қалай басталғанына тоқтала кетсеңіз? – Оныңыз рас. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын деп осындайда айтылса керек. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары мәселелерді елеп-екшеп, жоғары жаққа халықтың үнін жеткізу. Осы арқылы мемлекет пен қоғамға көмек беру. Бұл үшін, ең алдымен, қоғамдық кеңес­­тер мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылға бағытталған бай­­ланыстарды орнықтырып, содан соң оны одан әрі тереңдету қажет деп тап­тық. Пайдасы мен шапағаты мол осындай қарым-қатынастар қазіргі күні қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен де орныға бастады. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестер өз жарғысына сәйкес жергілікті мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының қызметін бақылап, оның мөлдірлігіне және қолжетімді болуына ық­пал жасай алады. Мұның бәрі алдын ала жасалған жұмыс жоспарына сай жүргізіліп келеді. Соған сәйкес қоғамдық кеңестің мәжі­лістері мен отырыстарында олардың есебін тыңдау тәртібі енгізілген. Атап айтқанда, биылғы жылы осы ретпен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көр­сеткіштерінің орындалуы жөнінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің есебі тыңдалды. Сонымен бірге, аймақтық даму бағдарламасының жай-күйі және облыстағы көрсетілетін мемле­кет­тік қызметтердің сапасы жөніндегі өзекті мәселелер де қоғамдық кеңестің назарына ұсынылды. Кейінгі кезеңде жайылымдар және оны тиімді пайдалану жөніндегі проб­лемалар көпшілікті, соның ішінде ауыл тұр­ғындарын селсоқ қалдыра ал­маға­ны белгілі. Бұған қатысты заң жобасы бар­лық аудандық қоғамдық кеңестерде тал­қыланып, онда айтылған ойлы ұсыныс-пікір­лер бір жерге жинақталды. – Қоғамдық кеңестің негізгі ұста­ным­дары мен қағидаттарына сәйкес қолға алынған шаралар шоғыры қандай? – Егер біздің алдымызда тұрған басты мақсаттың бірі кеңес қызметінің дербестігі мен ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету десек, бұл тұрғыда жерге қарап қалатындай жағдайда емеспіз. Қоғамдық кеңестің мүшелері үш жылға сайланады. Дегенмен, бұл қатып қалған нәрсе емес. Нендей іске де қоғамдық өмір өз түзетуін енгізіп отыруы табиғи құбылыс. Осы тұрғыда кеңес мүшелерін белгілі бір мерзім аралығында ротациялық жолмен ауыстырып, өзгертіп отыруды қажет деп санаймыз. Қазіргі күні кеңес құрамының үштен екі бөлігін азаматтық қоғамның өкілдері құрап отыр. Сондай-ақ, оның мүше­лерінің арасында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де бар. – Қоғамдық кеңестің құрамында аузы дуалы, сөзі өтімді, елге сыйлы, абыройлы адам­дар бар ма? Егер бар болса, олардың қата­рында кімдердің аты-жөндерін атай аласыз? – Бұл сауалыңызға тікелей жауап қайтар­мас бұрын алдымен облыстық қоғамдық кеңес­тің мүшелері қалай жасақталатыны­на назар аударған жөн деп ойлаймын. Олар белгілі бір қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың және Азаматтық альянс өкіл­дері мен мемлекеттік органдардың ұсыны­сы бойынша кеңес мүшелігіне кіре алады. Бұ­ған лайықты адамдар ұсы­ныл­ғанына күмән кел­тіре алмаймын. Аудан­дық қоғамдық кеңес­тер жағдайында да осы тәртіп сақ­тал­ған. Тағы бір өзгешелік олардың төраға­лары об­лыс­тық қоғамдық кеңестің де мүше­сі болып табылады. Осы орайда есімдері ел­ге елеулі Орынғали Ермек­қалиев, Әнуар Ғалымов, Любовь Шма­рина, Шайдолла Әбуғалиев және Серік Таңатов секілді аудандық қоғамдық кеңес­тердің төрағасы мен об­лыс­тық қоғамдық кеңестің мүшесі ретіндегі қызметін бір арнаға тоғыстыра білген ел мен жерге жаны ашитын жан­дардың аты-жөндерін ілти­патпен атай аламын. Еліміздің әр өңірінде құрыл­­ған қоғамдық кеңестер нор­мативтік-құқықтық акті­лерді талдау ісіне де белсенді түрде қатысып жүр. Осы шең­берде біздің кеңестің жанынан алты комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді. Олар қоғамдық өмірдің басты аясын қамтып, қоғамдық мониторингтер мен талдау­лар өткізеді. Сонымен бірге, денсаулық сақ­тау, білім беру, мәдениет және жастар саясатына қатысты жан-жақты жұмыстар жүргізеді. Бұл арада экономика секторы мен кәсіпкерлік саласына да жеткілікті көңіл бөлінген. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарымен бірлесе атқарылатын іс-қимыл жүйесі де назардан тыс қалған емес. Айталық, Жұмажан Қожжанов, Ғабрахим Жаңбырбаев және Әлия Сәлиева жетек­шілік жасайтын комис­сия­л­ардың қызметі нәтижелі деуге болады. – Сіз жоғарыда бір сөзіңізде кеңес мүшелері нормативтік-құқықтық акті­лерді жинақтап, талдайды деп қал­дыңыз. Біздің түсінігімізде бұл тиісті мем­лекеттік органдардың құзырындағы іс. Бұған не дейсіз? Бұл мәселе жөніндегі пікірімді аны­ғырақ әрі айқынырақ етіп айтып көрейін. Қоғамдық кеңестер – кеңесші әрі бар­лық мәселелерді өзара талқыға салып, ақылдасып кеңесіп шешетін орган. Мұнда қаралған мәселелер, соның ішінде нормативтік-құқықтық актілер бойынша біз тек ой-пікіріміз бен ұсынысымызды ғана енгізе аламыз. Ал түпкілікті шешім­ді қабылдау, өзіңіз айтқандай, тиісті мемле­кет­тік органдардың құзырындағы іс. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кетуге тура келеді. Таяуда Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мәжілісінде қоғамдық көліктердің тарифтері мен бағалары жөнінде мәселе талқыланды. Осыған байланысты кеңес­ші орган өз ұсыныстарын қалалық мәсли­хатқа жолдады. Бұл арада түпкілікті шешім алу тағы да Орал қалалық мәслихаты депутаттарының еншісінде. – Түсінікті. Енді қоғамдық кеңестер бюджеттік қаражаттарды қалып­тастыру мен оның орындалуын бақы­лауға қатыс­ты қандай тұтқаларды қолда­наты­нын айтып берсеңіз. Бұған нақты мысалдар келтіре аласыз ба? – Бұл – өте өзекті мәселе. Елбасымыз мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесі босқа жұмсалмауын атқарушы орган­дар­ға мұқият тапсыруы да тектен-тек емес. Сондықтан бұл істен қоғамдық кеңестер де шет қала алмайды. Әсіресе, бюджет қара­жатын бөлуді және оны жұмсауды тал­қылау кезінде біз оған міндетті түрде қатысуға тиіспіз. Өйткені, қазіргі кезде бюджеттік қаражат мәселесінің қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуынсыз жүргізілуі моральдық-құқықтық тұрғыдан да толық­қанды бола алмайды. Айталық, біз биыл өңірдегі 2015 жыл­ғы бюджеттің орындалуын талқы­лау­ға қатысып, бұған байланысты өз ұсы­­ныс­тарымызды жеткіздік. Ендігі кезекте қолы­мызға алдағы 2017 жылғы облыс бюд­жетінің жобасы қашан тиер екен деп елеңдеп отырған жайымыз бар. Мұны негізінен кеңестің арнайы комиссиясының мүшелері талқыламақ. Осы мәселеге орай ұсыныс-тілектері мен сын-ескертпелерін айтқысы келетін барлық тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін кеңес­тің арнайы мәжілісіне шақыруды ұйғарып отырмыз. Кейіннен осы түскен ұсыныс-пікірлердің басы біріктіріліп тиісті орган­дарға жолданбақ. – Қазір қоғамда мүгедектердің мәсе­лесі мен жай-күйіне жан-жақты мән берілуде... – Ойыңызды түсіндім. Мүмкіндігі шек­теулі жандарға өмір сүріп, еңбек етуі үшін жайлы да ыңғайлы жағдай­­лар туғызу – басты парыз. Бұған қатысты мәсе­­­ле­лер жұмыс жоспарымызда қарас­тырыл­ған. Қоғам­дық кеңестің құрамында мүге­дектердің ерікті об­лыс­тық қоғамы­ның төр­ағасы Жұма­жан Қож­жанов пен «Арба» қоғам­дық бірлес­тігінің төрайымы Гүл­мира Батпақ­құлова да бар. Олар таяуда өз­дері­нің тиісті тілек­терін қо­ғамдық кеңес­­ке ұсы­нып та қой­ған еді. Қазір осыған орай өзге де қажетті материал­дарды іздес­тіру үстіндеміз. Бұлар толық жинақ­тал­ған­­нан кейін аталған мәсе­леге қатысты жұмыс жоспарын жасамақпыз. Сөзім­ді түйіндей келе айтарым, тұрғындар мен кез келген ел азаматы бүгінгі жүр­гізі­ліп отырған мем­лекеттік саясат пен қоғам­ға қатысты өз ой-пікірлерін қоғамдық кеңес­тер арқылы жеткізе алады. Сондықтан да олар осы мүмкіндікті пайдаланып, өз бел­сенді­лік­терін одан әрі көтере түскендерін қалаймыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы