• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Ауыл шаруашылығын қолдаудың әдістері көп

304 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Ақордада болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын дамыту жолдарын көрсетіп берген еді. Соның ішінде ауыл тұрғындарына шағын несие беру мәселесін дамытуды ерекше айтқан-тын. Өзін өзі қамтитындардың 60 пайыздан артығы ауылды жерлерде тұратынын, еліміздің 5 аймағында «Жұмыспен қамтудың жол картасының» қанатқақты режімде жұмыс істеп жатқанын жеткізіп, оны іске асыруға 10 млрд теңге бөлінгенін де атап өткен. Сонымен бірге, Елбасы ауылдарда коо­перацияны дамытуға үлкен көңіл бөлу керектігін ескертіп, Үкіметке әкім­дік­термен бірлесе отырып, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдейтін және сататын кооперативтер ұйымдастыру шараларын қолға алуды тапсырған еді. Оған қажетті «Кооперация туралы» Заңның қабылданғаны да белгілі. Осы мәселе­лер­ді айта келіп, Н.Назарбаев Үкіметке жылдың аяғына дейін «Агробизнес-2020» бағдарламасының шеңберінде Ауыл шаруа­­шылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынған еді. Болашақ бағдарламада ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтың сұранысына қарай әртараптандыру мен көлемін арттыруға, екіншіден, өңделген өнімдерді экспорттауға екпін түсірілуі керектігі ескертілген. Соны­мен бірге, Президент мал мен өсімдік өнім­дерін сату бойынша аукциондар өткізуді дамыту қажеттігін атаған. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағдарламаны дайындап жатыр. Парламент Мәжілісінде қоғамдық ұйым­дар­дың, партиялардың, мүдделі тараптар­дың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері­нің қатысуымен оның тұсаукесер рәсімі өт­кізілді. Қатысқандар бағдарламаны тал­қы­лауға белсенді қатысты. Көптеген өткір сұрақтар қойылды, шешілуін күтіп отыр­ған ұсыныстар айтылды. Мұның бар­лығы аталған бағдарламаның қажеттілігін, маңыздылығын көрсетсе керек. Халқымыздың 47 пайызы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, ол өзінен өзі түсінікті. Егер бәсекелестікке қабі­леттілігімізді арттырып, агроөндіріс кешенінің өнімдерін жеткізушілердің әлемдік нарығында тұрақтағымыз келсе, бізге экологиялық жағынан таза, тиімді және өнімді ауыл шаруашылығы керек. Бұл мәселеге біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да үлкен назар аударды. Президент ауылды қалай дамыту керектігін айта отырып: «Ауыл шаруа­шылығын, әсіресе, оның өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге, ең алдымен, егістік алаңын ұлғайту керек. Мұндай мүмкіндік барлық елде бірдей жоқ. Екіншіден, егістік түсімін жаңа технологиялар енгізу есебі­нен арттыру қажет. Сонымен бірге, мал шаруашылығының жемшөп базасын құру­дағы әлеуетімізді толық іске асыруымыз қажет», деген болатын. Жасалып жатқан бағдарламада осы мәселелердің бәрі де ескерілгені көрініп тұр. Жаңа бағдарламаның тұжырымдамасында 500 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруа (фермер) қожалықтарына қызмет көрсететін ауыл шаруашылығы кооперацияларын ұйымдастыру, та­уар өндірушілерді толықтай қамти отырып, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржылай көмекке қолжетімділікті арттыру, өндірілген өнімнің көлемін ұлғайту, сапасын көтеру қарастырылған. Қазір ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында шетелдерден асыл тұқымды мал басын, егіншілік үшін сапалы тұқым сатып алуға қыруар қаржы жұмсалып жатады. Одан ешқандай табыс болған жоқ деп айтуға, әрине, болмайды. Алайда, бөлінген қомақты қаржыны шетел­дерге шығара берудің орнына өзімізде сол салаларды дамытуға да әбден болар еді ғой. Кезінде жоғары көрсеткіштерге ие болып жүрген асыл тұқымды мал шаруа­шы­лықтары, жоғары сұрыпты тұқым өндіретін егін шаруашылықтары болған. Мамандар да жеткілікті еді. Мемлекет тарапынан ұзақ жылдар бойы беріліп келген қаржы­лай қолдауды енді осы салаларға да жұмсау керек деп ойлаймын. Дайындалып жатқан Мемлекеттік бағдарламада осындай жағдайлар, басқа да көптеген бүгінгі таңда шешімін таппаған мәселелер көтерілгені қуантады. Байділдә ЖЫЛҚЫШИЕВ, Мәжіліс депутаты