• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Байтақ елдің баяны

453 рет
көрсетілді

Ақылы – дария, ойы – мұхит, көкірегі кең сарай жанның әрбір сөзі көңіл кілтіндей екен. Бұл – еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстандағы» Елбасының туындысын оқығанда туған әсер. Бұл еңбекке автор өткен күндердің жылнамасы, ғұмырнамалық шежіре, мемлекет тарихы, жүректің жазбасы деген анықтама беріпті. Ой-толғаныстарын ақ қағаз бетіне түсірген Елбасы өткенге көз жіберіп, тарих парақтарын шолуда оған жаңаша көзқарас танытқан. Мүшелді мерзімде өзгелер жарты ғасырда бағындыра алмаған шыңдарға шыққан тәуелсіз ел тарихының әр парағын аялай ашып, өткен күндерге терең талдау жасалған бұл еңбек – Елбасының жүрек толғанысы, жан тебіренісі. Жаңа арманмен сара жолға түс­кен дара елдің дана басшысының көкі­регінен туған кестелі ой, көркем өрнек. Шығарманы оқыған сәттен-ақ Елбасының өзіне тән ерекше стильмен жазылған терең ой керуеніне кезігесіз. Тәуелсіздік алған алғашқы сәттегі толқынысы бейнеленген «Сол күні, бір жағынан – жаңа туған сәбидей, бір жағынан ғасыр жасаған қариядай күйде болғаным есімде. Шынайы бақыт сезімін бастан кешіп, шалқар шаттыққа бөлендім. ...Тебірендім. Толқыдым» деген сөздері жүрек шымырлатады. Автордың толқынысы бізді сол кезеңге қайта сапар шеккізді... Біз бұрын да Елбасы еңбектері мен өзге де авторлардың жазғандарынан Нұрсұлтан Әбішұлының Жамбылдай жыр алыбы туған киелі өлкенің тумасы ретінде өлең сөзге кенде емес екенін білетін едік. Талай қара сөздің шешені мен дана сөздің көсемі туған киелі өлкеден түлеп ұшқан Елбасының тілі шұрайлы, мазмұндауы әсерлі. Осы күнге дейінгі жарияланған Елбасының еңбектеріндегі қанатты сөздер аф­о­ризмге айналып үлгерген. Бұл кітапта да сондай жадыңда бір сәтте жатталып қалар нақылдар жеткілікті. «Еңбек – өмірдің ұстазы», «Ел қуаты – ертеңнің мұраты», «Бала бейнесін жоғалтпаған адам адалдықтан адаспайды», «Аңқаулығының өзі адалдығының айнасындай», «Біз – жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкіліміз», «Туған елім – тірегім», «Сенім деген – серпінді күш», т.б. Ұлы Дала ұлы, біз­дің Елбасымыз «көші­міздің көлік­ті, жүгіміздің салмақты, табысы­мыздың қомақты» боларына күмәнданған емес. Жеке «менін» әлдеқашан жалпыхалықтық «менге» айналдырған Елбасы елдік пен ерлік мұратты мақсат ете отырып, Алаш мүддесін көздеп келеді. «Менің Қазақстаным» – біз­дің тәуелсіздігіміз! Тәуелсіздік – менің Қазақстаным, сіздің Қазақ­станы­ңыз, оның Қазақстаны! Біздің Қазақстанымыз – Ұлы Дала елі, Мәңгі­лік Ел!» деген сөздерді жай сөз деп қабылдай алмайсыз. Бұл жүректен шыққан жан тебірентер жалынды сөздер. Ұлы Даланың ұлық тарихын жаңаша жазып, жас ұрпақ бойына сіңіруді жалпыұлттық, маңызды мемлекеттік міндет етіп отыр. Және мұны – Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты парызы деп атайды. «Ел мен ер және жер» деп ата­ла­тын тарауында автор Монтескье­нің «Мемлекет өмірі адам өмірі секілді» сөзін мысалға ала отырып, тақырыпта сөз болған мәселелер қоса қабат жүретін, қос бұрымдай егіз ұғым екенін айтады. Біздің назарымызды ерекше ау­дар­ған – Елбасының бала шақтағы қа­риялармен амандасу салтын ег­жей-тегжейлі баяндап, ақсақалдар­дың батасын алып өскен сол кезді азаматтық қалыптасуының саналы сабағы санағаны. Жүректі елжіретіп, жанарға жас ұялататын және бір сәт: «Қазір де, жолым түскенде, сол баяғы балаң сүрлеумен тағы да жүріп өткенді ұнатамын. Сол кезде әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қарияны, ақ жаулықты әз аналарды тағы да көрем бе деп елеңдеймін. Әттең, уақыт қатал, олардың бәрін келместің кемесіне мінгізіп, алысқа әкеткендей. Жаным жабырқап, көңілім қамығып, әр көшенің өн бойына жалтақ-жалтақ қараймын. Солармен бірге кеткен қимас шақ – балалық балдәуренді бүгінгі ұландардың бойынан көремін бе деп көшеде жүгіріп бара жатқан бүлдіршіндердің соңынан ұзақ қарап қалатыным бар», деген жол­дар еді. Туған ауылға деген сағыныш, өскен ортаға деген ыстық ілтипат түгесілген бе?! Жер-жаһанның біршама бөлігін аралап, ел мен жердің талайын көрген Мемлекет басшысының көкейіндегі сағыныш неге мұңды? Себебі, ол – туған жерге, өскен үйге деген сағыныш! «Алатау қойнауларындағы алма бақтарының иісі жұпар аңқыған сол бір тамаша сәті, биік таудың басына әзер өрмелеп шығатындай таңғы арайдың тамылжыған шапағы, ауылдан өрген малдың қым-қуыт дауыстары, төрт түлігін өргізген апалардың бір-біріне сәлем салып, ай көрмеген абысындай, жыл көрмеген танысындай болып шұрқырасып, амандық-саулық сұрасып жатқаны көңіл айнасында көп уақыт өтсе де, ескірген емес. Кейінгі кездерде Жер шарының талай елінде, талай қиырларда таңның атуын көп көрдім. Бірақ солардың ешқайсысы да менің жанымды дәл сол бала кездегі туған ауылымның – туған елімнің таңындай баураған емес», деп ағынан жарылуы да сондықтан. «Атамекен деген сөзде кие бар. Туған жер десек, арманда кеткен бабалардың бүгінгі таңда ақталған арманы ойға оралады. Өз Отаның – бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан, мен жастарға білімің мен қайрат-жігеріңді өз еліңнің мүддесіне жұмса деп айтар едім», деген сөздері – өсімтал ұрпаққа айтылар өсиет сөз. Дана халықтың ұлы болуын тағдыр сыйы деп қабылдаған Елбасы елінің сенімін басты қалқан еткенін жасырған емес. Керісінше, әркез мұны мақтанышпен айтып отырады. Осы еңбекте де «тағдыршешті туындының бас кейіпкерлері» санап, қазақтығым-қасиетім дейтін Елбасы халқымен бірге тығырықтан жол табуға ұмтылып келе жатқанын айтады. «Қазақ үшін қара жердің қасиеті тым биік. Тағдыр бізге ұлан-байтақ жер берді. Ұл-қызының рухы асқақ, намысы биік ел берді. Ғасырлар бойы күресіп, талай-талай тар кезеңде даудың бетінде, жаудың өтінде жүрдік. Байтақ жердің баянын, ата-бабаның арманын ұмытпадық. Ақ білектің күшін де, ақ найзаның ұшын да орайын та­уып ұстап, амалын тауып азат күнге жеттік. Демек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам жері үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз. Жердің иесі де, киесі де – халық. Бұл біздің ешқашан естен шығармайтын ережеміз, қасиетті қағидамыз болуы тиіс», деген жолдарды оқығанда жан-жүрегің елжірейді... Жүрекке жетті деген осы шығар! «Бізде ұлан-байтақ жер де бар, ынтымағы жарасқан ел де бар. Еңбегімізге береке, халқымызға бірлік бергей!» деп аяқталатын жолдарды оқып бітіргенде көз алдымызға Мемлекет басшысының бейнесі келді. Қайсыбір істі бастамас бұрын алдымен ақылына сынатып алатын, билік пен талап бар жерде еңбек те өнбегін жүрегімен түйсінетін бірегей Елбасы тұлғасы еді бұл! «Тілекке – еңбек тірек» екенін білетін ел құрметтің де құрметті адамға ғана жарасарын жақсы ұғынады. Сөз соңында, Елбасына Алла денсаулық беріп, ақыл мен қайрат, қуат сыйласын дейміз. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор ШЫМКЕНТ