• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Ақша - аяқ астында

398 рет
көрсетілді

оны жерге еңкейе білген алады Мен тоқсаныншы жылдардың қиындықтарын Өскемен қаласында қарсы алдым. Облыстық газетте істеймін. Сүйенгеніміз – жалғыз жалақы. Бір жақсысы оны көп кешіктірмей береді. Бірге қызмет істейтін журналист досымның жағдайы да осылай. –Әттең, жерге еңкейе білмейсіңдер ғой. Әйтпесе, мына нарық заманында ақша деген аяқтың астында жатыр ғой. Соны ала білмейсіңдер. Тік өскенсіңдер, ештемеге ептерің жоқ. Ертең отбасыларыңды қалай асырамақшысыңдар?! – деуші еді досымның анасы селтеңдеген жүрісімізді оншама жақтырмай. Бұлай деп айтуға анамыздың толық құқы бар. Өзі тұрмысы бақуатты молданың қызы болған екен. Сөйтіп оң жақта бұлғақтап жүргенінде Кеңес өкіметі келіп, бай мен молда, ауқаттылардың аяғына тұсау түскен соң досымның қаратаяқ комсомол әкесіне тұрмысқа шығуға мәжбүр болыпты. Сол кісімен ұзақ жыл отасып, бірнеше баланы өсіріп жеткізіп, бақытты ғұмыр кешкен. Шалы қайтыс болған соң Өскемендегі ұлының қолына келген. Кемпір болса да, қарап отырмайды. Көрпе, жастық тігіп, немерелеріне күртеше мен биялай тоқып, қалада отырып-ақ ауылдағы қызының проблемасын шешіп жатады. Жаз шыға ауылға, қызының қасына барып, құрт, ірімшік, қарынға толы сары май жинап, қаладағы ұлдың қыстық соғымын сайлап келеді. Сонымен ақша жағы аздық еткенімен досымның көп уайым-қайғысы жоқ. Менің жағдайым да осыған ұқсас. Ауылдағы анам мен бауырымнан көмек алып тұрамын. Қайын жұрт жақтан да келеді. Досым екеуіміздің де дәл бір ауылда сақталып қалған қорымыз бар секілді. Сөйтсек, журналистердің бәрі бірдей біз секілді ебедейсіз емес екен. Әсіресе, нарықпен көзін ашқан бізден кейінгі ұрпақ. Жуықта журналистіктен бизнеске бет бұрған әріптес қарындасыммен әңгімелесудің сәті түскенде, анамыздың осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын айтқан жоғарыдағы сөзі санамда қайта жаңғырғандай болды. Ақмейір Мұхтарқызы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің филология факультетін тамамдағаннан кейін 7-інші арнада дубляждың аудармашысы болып қызмет істеп, шетелдік фильмдерді орыс, ағылшын тілдерінен қазақшаға тәржімелепті. Сонан кейін «Қазақпарат» агенттігінде журналист болып жұмыс істеген. Ақырында журналистікті жиып қойып, сауда дүкенін ашқан. Онымен де тоқтамай өндіріске қарай бет бұрған. Жеке кәсіпкер ретінде жарма өнімдеріне түрлі қораптар мен орамалар, пакеттер әзірлейтін бизнес ашқан. Мұнысы өзіне пайдалы болатын түрі бар. Бұрын сауда дүкенінде жарма өнімдерін ашық күйінде келілеп саудаласа, енді әдемі қораптардағы өнімдердің өтімділігі бұрынғыға қарағандай әлде қайда арта түсіпті. –Журналистік қызметін де жаман болмаған секілді. Жақсы жерлерде жұмыс істепсің. Одан кетуіңе не түрткі болды? – деп сұраймын ғой бұрынғы әріптес қарындасымнан. –Шынымды айтсам, аға, оған ипотека түрткі болды. Әйтпесе, журналист қызметінің де қызықты жақтары бар ғой. Жолдасым Нұрбол Бейсенбайұлы екеуіміз отбасын құрап, балалы болған соң ипотекаға пәтер сатып алдық. Оның қарызын өтеуге журналистің жалақысы жетімсіздік қылды. Содан кейін ата-енеммен, жолдасыммен ақылдаса келе жалға азық-түлік дүкенін алуды жөн көрдік. Бұл ниетіміз қабыл болып, бастаған ісіміз сәтті жүріп кетті. Оны кеңейте келе, ипотекалық қарыздан құтылдық. Қолға қаражат іліккеннен кейін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Сөйтіп «Шужин» атты жеке кәсіпкерлігімізді құрдық. Бұл біздің – отбасылық бизнесіміз. Отбасында береке болса, шағын бизнес те жүрімді болады екен. Қазір соған көзім жете түсті, – дейді жас кәсіпкер Ақмейір Шужина. –Ал жарма өнімдерін қораптау ісіне қалай келдіңіздер? –Жалпы кәсіпкерлікпен шұғылданудың да өзіндік қыр-сырлары аз емес екен. Мұнда бір орында тұрып қалуға болмайды. Ілгері басып отыру қажет. Ол үшін ой, идея керек. Міне, осы тұста жанашыр ет-жақындарыңмен ақылдасу, пікір алмасудың маңызы зор. Халық та «бір бастан гөрі екі бас тәуір» деп жатпай ма. Шетелдерде «упаковочно-фасовочный бизнес» деген бар екен. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, «сатылатын өнімді қораптау кәсібі» деген сөз ғой. Бұл кәсіппен осыдан 4-5 жыл бұрын өнімді өндірушілер, яғни фермерлік шаруашылықтар шұғылданса, соңғы кездері сауда орындары көбірек қолға ала бастапты. Ақылдаса келе, мұнымен бізге де шұғылдануға болады деп шештік. Өйткені арпа, күріш, бидай – мұның бәрі біздің елде өседі ғой. Тек қораптарға құйып, арнаулы пакеттерге салып дегендей, тауарлық сипат берсе, жетіп жатыр. Сөйтіп біз осы істің құрал-жабдықтарын сатып әкеліп, орнаттық. Міне, содан бері де жарты жылдай уақыт өтті, ісіміздің барысы әзірге жаман емес. Қорапталған, пакеттелген өнімдеріміз Астана, Павлодар, Көкшетау қалаларына тарала бастады. Былайша айтқанда, түрлі жарма өнімдерін көтерме сауда арқылы сатып аламыз да, оларды дұрыстап тазалап, пакеттерге салып таратамыз және дүкеніміз арқылы өзіміз де саудалаймыз. Енді осы жарма өнімдерін өзіміз өсіріп көрсек қалай болар еді, деген бір ой да қылаң берді. Әрине, оған жер керек. Жалпы біздің Қазақстанда еңбек етемін деген адамға мүмкіндіктер мол ғой. Тек талаптанып, талпына біліңіз, – дейді Ақмейір. Нұрбол мен Ақмейір – жастары отыздар шамасындағы, нағыз өмірге енді араласа бастаған жастар. Үш бала тәрбиелеп өсіруде. Былайша айтқанда бәріне де үлгіруде. Олар қазір өздерінің бизнестерін одан әрі дамытып, тұтынушылар арасындағы танымалдығын арттыра түсу үшін «Халық маркасы» байқауына қатысуда. Бұл байқаудың беретін пайдасы мол екендігіне сенімді. Өйткені өнімдерін көрмелерге қоюға, тұтынушыларға таныстыруға, өзгенің озат тәжірибесінен үйренуге жол ашылады. Мемлекетіміздің де мұндай байқауларды бекерден бекер ұйымдастырмайтыны белгілі. Міне, осындай талпыныс үстіндегі жастарға отбасыларыңыздың шаңырағы биіктеп, кәсіптеріңнің керегесі кеңейе берсін деген тілегімізді білдіреміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»