• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Табиғи тазалығымен танымал "Тағансорбент"

402 рет
көрсетілді

Тіршіліктің түрлі ағысында бір-бірін толықтыратын жандар болады. Ұзақ жыл геология саласында еңбек еткен геология және минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ержан Молдашұлы мен «Сорбент» фармацевтикалық кәсіпорнының директоры Ләйлә Айтмұхаметқызының отбасылық одағы осы үдеден табылып отыр. Ерлі-зайыптылар еліміздің ғылымы мен экономикасының ілгерілеуіне және ұлт денсаулығының нығаюына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосып келеді. Қазіргі кезде сұранысқа ие «Тағансорбент" (сорғыш) өнімдерінің халық игілігіне жетуі үшін ғылымның сарытап болған жолындағы соны ізді, тоқырау жылдарында тосылмай тыңға түрен салған табанды еңбекті байқар едік. Зайсан ойпатындағы Қандысу өзенінің бір тармағы Таған болып ағады. Бұл – Шығыс өңірінің Тарбағатай ауданына қарасты Жаңажол ауылы аумағында. Осы жерден табылған балшық минералының бірі – монтмориллонит. Аталған минерал алғаш рет ХІХ ғасырда Францияның Монтмороллоне ауданынан табылғандықтан осы атауға ие болған екен. Таған монтмориллониті – қазылған кезде ерекше көрікке ие, кепкеннен соң қызғылтым реңк береді. Су тигенде езілгіш қасиеті болғанымен оны химиялық ерітіндімен шатастыруға болмайды. 1960 жылдары Таған кен орнын алғаш рет Михаил Матвеевич Кравченко бастаған геологтар тобы ашты. Өскемен қаласында тұратын геология ардагері биыл 91 жасқа толып отыр. Кен орнына 1970-80 жылдары зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2001 жылы минерал қоры түгелдей тіркеліп, құжатталды. Сондай-ақ түрлі саладағы отандық ғалымдардың қатысуымен монтмориллионит клиникалық емдеу шараларына байланысты толығымен зерттелді. Кристалдық құрылымы мен құрамы жағынан мұндай минералдар табиғатта сирек кездесетіні анықталды. Осы ғылыми жұмыстың басы-қасында жүрген «Алтай геология-экологиялық институты» ЖШС директоры Ержан Сапарғалиев аталған минералдың 1998 жылы фармакопеялық бап бойынша тіркелгенін айтады. Бұл ретте монтмориллиониттің елімізде, ТМД көлемінде, тіпті әлем бойынша бірінші рет фармацевтикалық шикізат ретінде тіркеуге алынғанын айта кеткен ләзім. Осылайша, отандық сорбент өнімдері дәрі-дәрмек өндірісіне жолдама алды. Табиғаттың тартуы болған минералдан тұңғыш рет шығарылып жатқан өнім өндірісінің елімізде баламасы жоқ. Ғалымның айтуынша, құрамында натрий, кальций, магний сынды микроэлементтері бар өзгеше өнім жұқпалы іш ауруларын емдеуге қолданылады. Йон алмасу қасиеті арқылы қорғасын, кадмий, уран, радионикулиттер сияқты ауыр металдарды шығаруға септігін тигізеді. Бұл ретте Алматы кардиологиялық институты, Семей медициналық академиясы және басқа да елімізге белгілі медициналық мекемелердің зертханаларында, сондай-ақ Қ.Сәтпаевтың қызы, медицина ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ханиса Қанышқызының кешенді зерттеу жұмыстары негізінде тағандық минералдан жасалған «Сорбент» өнімдерінің адам ағзасына тигізер пайдасы басқа баламаларына қарағанда қуатты әрі тиімді екені анықталды. Оны Чернобыль апатын жоюға қатысқандардың денсаулығын түзеуге қолданады. Өскемендіктердің зауыттар ауа қабатына зиянды қалдықтар шығарған кезде жиі тұтынатын өніміне айналды деуге болады. Атмосферасы ластанған алматылықтар арасында да танымалдыққа ие болып отыр. Бұл минералдың емдік қасиетін мына жағдайдан да білуге болады. 1991 жылы Үлбі металлургиялық зауытында бериллий апаты орын алды. Барлық өскемендіктер абдыраған тұс еді. Михаил Матвеевич сол кезде екінші мәрте немерелі болып, қуанып жүрген-тін. Апаттан улану қаупі туған кезде қарт геолог келінінің омырауына өзі тапқан кен орнынан алып келген балшықты жаққызады. Бірнеше күннен кейін сәбиді тексергенде нәрестенің ағзасынан бериллий көп шыққаны белгілі болады. Яғни, аталған минерал ағзаны тазарту қабілетіне ие. – Фукусима атом стансасында апат болған кезде, жапондар қазақ даласындағы бұл минералдың қасиеті туралы білген жоқ. Әйтпесе, олар бұл өнімді өз игіліктеріне жаратар еді. Бізде қоғамның отандық ғалымдарды сөгетінін байқаймын. Бірақ біздің негізгі мәселеміз – ғылымды қаржыландыру. Өркениеті озық елдерде ғылымды қаржыландыру әлдеқайда көш ілгері. Келешекте біз де осы деңгейге жетеміз, – дейді Е.Сапарғалиев. Таған минералын тиімді түрде фармацевтика өндірісіне енгізген «Сорбент» ЖШС нарықта 1998 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жетекшісі Ләйла Айтмұхаметқызы кәсіпорынның ұжымы өте тәжірибелі, жауапты мамандардан құралғанын айтады. – Менің қос қанатым бар. Бірі – табиғи өнімім, екіншісі – әріптестерім. Мақсатымыз – адам денсаулығын жақсарту. Бұл үшін біз табиғи өнімдер шығарамыз. Кәсіпкерлікті өрістету үшін ең алдымен сенім керек, – дейді Л.Сапарғалиева. Бұрын мұғалім болып еңбек еткен ол осы кәсіпті қолға алар алдында газеттен оқыған мақаланың жан-дүниесіне қатты әсер еткенін айтады. Яғни, Тынық мұхитының жағалауында орналасқан, зауыттар мен темекі плантациялары сияқты тыныс жолдарына зиян келтіретін нысандары жоқ, әлеуметтік жағдайы жоғары жерде неліктен өкпенің қатерлі ауруы пайда болады? Осы мәселені індете зерттеген психологтар мұның адамның ойынан пайда болатын ауру екенін анықтайды. Аталған жазба ой салған Ләйлә ханым адам ағзасының толыққанды дұрыс жұмыс істеуіне қызмет етуге бел шешіп кіріседі. Адамға қол ұшын созған кәсіпкерлік нысаны ешқашан тоқырамайды деген шешімге бекінеді. – Тәуелсіздікпен бірге бізге шет мемлекеттерден өмір сүру дағдыларының түрлі толқыны жетті. Соның бірі, қазақтың сөзімен айтқанда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!». Балаңыз түшкіріп қалды ма, ойланыңыз. Себебі қандай? Аурудың алдын-алу шараларын қалай жүргізуге болады? Менің ағзам 3 миллион жасушадан тұратын болса, әр жасушаның дұрыс жұмыс істеуі үшін оны немен қамтамасыз етуім керек? Яғни, ағзаның үнін тыңдай білу қажет. Оған көмектесу керек. Сонда біз өзімізді өзіміз құрметтей аламыз. Осы орайда елімізге шетелдік түрлі биоқоспалар келіп жатыр. Бұл химиялық, синтетикалық фармацевтикаға балама ретінде пайда болған саланың тұтынушылары уақыт өткен сайын артуда. Әсіресе, Жапонияда қызметке, жұмысқа қабылдарда биологиялық белсенді қоспалар тұтынатын, денсаулығын күтетін адамдар басымдыққа ие екен. Қытайда шөппен емдеу кең тараған. Осы үрдіске біз де үлес қосудамыз. «Тағансорбент» өнімі бастапқыда ұнтақ күйінде болса, кейіннен биологиялық белсенді қоспа түрінде, сондай-ақ гель түрінде күміс және калий йондарымен бірге шығарыла бастады. Бұл адам ағзасына зиянды, уытты заттарды сорып алумен бірге ағзаға қажетті элементтерді бере алады, дейді Ләйлә Айтмұхаметқызы. Биыл «Халық маркасы» белгісіне  қол жеткізген «Сорбент» ЖШС өнімдері Кедендік одақ елдерінің нарығында да сұранысқа ие бола бастады. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Новосібір мен Барнаул қалаларында көтерме бағамен өткізілуде. Сапарғалиевтер Елбасы гранты мен басқа да жобаларда жеңіске жетіп жүрген отандық өнімдерімен Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»