• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Отбасылық бизнес осылай басталады

719 рет
көрсетілді

Отбасылық бизнес... Әрине, бір отбасындағы жандарды жұмыспен қамтып, бәрін асырап, бәріне табыс тауып беріп отыратын кәсіпті кім армандамайды дейсіз?!. Бірақ, армандау мен сол тәтті қиялды нақты іске асыру екі бөлек нәрсе ғой. Қашанда бизнесті бастау қиын. Көп адам жүрексінеді. Тағы бір тобы қолынан осындай іс келетініне, шаруасының дөңгелеп кетеріне күмәнмен қарайды. Жақында ақпарат құралдарында биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанда ауылды жерлерде микронесиелерге 153 мил­лион теңге бөлінгені туралы жазылды. Ауылдағы микронесиелерді қолдауда Жамбыл облысы үздік деп танылды. Қазақстанның ауыл тұр­ғындарына берілген әр екінші микронесие осы облысқа тиесілі екен. Яғни, республикадағы көрсеткіштің 38 пайы­зын қамтиды. Шынында соңғы жылдары Жамбыл жерінде жеке кәсібін ашып, отбасылық бизнесті дамытып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Біз солардың бірқатарымен тілдесіп қайтқан едік. Жанат Балмағанбетова, Жаңатас қаласының тұрғыны (Сарысу ауда­ны): – Негізі, о баста отбасылық бизне­сімізді дүкен ашудан бастауды жөн көргенбіз. Кәдімгі азық-түлік дү­кені... Басқа кәсіп ашу ойымызға да кіріп шыққан жоқ. Содан Жаңатас қалалық әкімдігіне барып дүкенге жер сұрағанымызда сол жердегі мамандар сауда орнын емес, монша ашуға ұсыныс тастады. Өйткені, жұрттың бәрі дүкен ашуға құмар, ал қалада көпшілік жуынатын монша мүлдем жоқ. Бұл ұсыныс көңілімізге қона кетті. Әрі жергілікті әкімдік те бізге қолдау көрсетіп, жер бөлу, құжаттар дайындау ісі тез шешілді. Сонымен, үлкен көшенің бойынан жер бөлініп, монша салдық. Жоба құны 80 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді. Қасында қонақ үй мен наубайхана жұмыс істейді. Жолдасымның мамандығы – энергетик. Өзім бұрын колледжде бас есепші болып еңбек еткенмін. Оның да көп пайдасы тиді. Бұл Жаңатас қаласы бойынша ашылған жалғыз қоғамдық монша. Бір мезгілде 40 адамның жуынуына мүмкіндік бар. Гүльмира Әсемова, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны (Жуалы ауданы): – Кішкентайымнан киім тігуге құмар едім. Содан мектеп бітіргеннен кейін өзім армандаған мамандығым бойын­ша оқуға түстім. Студент кезімде тапсырыс алып, жеке адамдардың киімдерін тігіп, табыс таптым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аудан орталығындағы тұрмыстық үйде 3 жыл модельер болып еңбек етіп, 1993-1994 жылдары науқан кезінде цехтағы тігін машинамды өзіме жекешелендіріп алдым. Қазір бұл саладағы еңбек өтілім 30 жылды құрайды. 2003 жылдан бастап жеке кәсібімді қолға алдым. Алғашқы жылдары тігін цехымды ұлғайтуға еш мүмкіндік болмады. Тек соңғы бес жылда ғана жұмысымыз алға басты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 12,3 млн теңге несие алдым. Осының арқасында Қытайдан жаңа тігін жабдықтарын әкелдік. Қазір цехта 5 тігінші жұмыс істейді. Біз тіккен киімдер арзан әрі сапалы. Киім тігу технологиясын қатаң сақтаймыз. Абай Мұздыбаев, Құлан ауылы­ның тұрғыны (Т. Рысқұлов ауданы): – Ауылда мал бағып өскен қазақпыз ғой. Төрт түлік малдың қыр-сырын бір кісідей білеміз. Оның үстіне өзім Алматыдағы малдәрігерлік институтын бітірдім. Әрине, өз мамандығымнан қол үзіп, біржолата алыстап кеткенім жоқ. Содан өткен жылы аудандық әлеуметтік қорғау бөліміне барып, кәсіп ашып, тірлік бастау үшін несие алуға өтініш тастадым. Олар алдымен бизнесті қалай бастап, қалай жүргізуді үйрететін курс­та оқуға жолдама берді. Оқыдым. Сөйтіп, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге несиеге қол жеткіздім. Бұл қаржыға бір жарым жасарлық 16 бас бұқа алдым. Осылайша мал бордақылау ісіне шындап ден қойдым. Үлкен ұлым Нұржан жақында әскер қатарынан оралып, кәсібіме көмектесіп жүр. Қазір қорамызда 30 бұқа бар. Базардан сатып әкелеміз де, алдымен ауру-сырқаудан тексеріп, бордақылауға қоямыз. Ең азы үш ай бағамыз, сонда әр бұқа 180-200 килодай ет береді. Міне, осы кәсібіміздің арқасында отбасымды асырап отырмын. Ешкімге алақан жайып, кіріптар болып отырғанымыз жоқ. Алла тағалам да еңбек еткеннің несібесін молайтып қояды ғой. Енді алдағы уақытта жер алсам деген ойым бар. Қалдыкүл Қайыпова, Қаратау қаласының тұрғыны (Талас ауданы): – Өмір бойы наубайханада жұмыс істеп келемін. Сонау 1966 жылы осы Қаратау қаласына жолдамамен келген жас маман едім. Жастық жігер, жастық жалынмен жұмысқа білек түріп кірісіп кеттік. Көп жылғы тынымсыз еңбегім өз нәтижесін берді. Алдымен нан зауытында шебер болып қызметім өссе, кейіннен зауыт директоры болдым. Бірақ менің бастық болуым нарықтың қиын жылдарымен тұспа-тұс келді де зауыт жабылып қалды. Ол жылдары біздің зауыт қана емес, Қаратау қаласының өзі қараусыз қалды ғой. Бұл жағдай маған өте ауыр тиді. Қызметі былай тұрсын, қаншама адам жұмыссыз қалды емес пе? Содан 2011 жылы ғана мүмкіндік туып, баяғы кәсібімді жаңғыртып, нан пісіру цехын аштым. Былайша айтқанда, Қаратаудағы нан пісіру зауытын бір кездері өз қолыммен жапсам, кейіннен өз қолыммен қайта аштым. Бүгінде тәулігіне 1600 бөлке нан, 300 дана тәтті тоқаш пісіреміз. Біздің бұл тірлігімізге мемлекет те көмек қолын созып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,2 млн теңге несие алдым. Сәттігүл Смағұлова, Қордай ауы­лы­­ның тұрғыны (Қордай ауданы): – Сонау тоқсаныншы жылдардың басында теледидардан «Просто Мария» телесериалын қызыға көретінмін. Сол киноның бас кейіпкері Мария өмірде қанша қиналса да ерінбей еңбек етіп, тігінші кәсібін тастамай, бәріне шыдап, ақырында мол бақытқа кенеледі ғой. Осы сериал мені де тәтті қиялға батырды. Мен де Мария сияқты өз ательемді ашуды армандап, тігіншілікті қолға алдым. Алғашқы жылдары көптеген қиыншылықтар кездесті. Бірақ, бәріне шыдадым. Бертінге дейін патент ретінде салық төлей отырып, жұмыс істесем, кейіннен жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. 2012 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие беріліп, тірлігімнің алға басуына көп көмегі тиді. Қазір тігін цехымда тұрақты түрде 6 адам жұмыс істейді. Иә, қашанда еңбек еткен адам­ның еңсесі биік. Байқайсыз ба, істің көзін тауып, кәсібін өрістетіп жатқандардың алға қойған жоспары да, ойға алған тір­лігі де көп. Өйткені, олар өзіне сенеді. Қолдау бар екенін де біледі. Енде­ше бизнес бастау сіздің еркіңіздегі мәсе­ле. Әрине, айтуға оңай. Дегенмен де мүм­кін­дігіңізді құр жібе­ріп алмаңыз. Бәрі сәтімен болсын, болашақ бизнес иесі! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы