• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Өркениет биігіне ұмтылған ел

395 рет
көрсетілді

Мәскеуде тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық дамуының қорытындылары талқыланды 9 желтоқсанда М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Азия және Африка елдері институтында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып «Қазақстан әлемдік тарихта: мәңгілік құндылықтар мен жаңа көкжиектер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі.  Конференция ресейлік ғы­лыми және сарапшылар қауым­дастығының шынайы қызығу­шылығын туғызды. Оған белгілі қоғам қайраткерлері, ғалым­дар, саясаттанушылар, жур­налис­тер қатысты. Конфе­рен­ция мақсаты – ХХ ғасыр­дың соңында еуразиялық кеңіс­тікте, қарқынды дамушы демо­кра­тиялық мемлекет ретінде көрініс тапқан Қазақстанның дамуы мен қалыптасуының тарихи кезең­дерін оқып, зерттеу. – Біздің конференция атауында «жаңа көкжиектер» деген сөз бар. Егер Қазақстан туралы айтар болсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын жаңа көкжиектер түсініксіз, айырмасы көмескі еді. Бүгінде жағдай басқа. Өткен жылдар бойына Қазақстанның жаңа тарихына қатысты, Ресей мен Қазақстанға қатысты белсенді ғылыми ізденістер жүріп жатты. Бұл тақырып белсенді қызы­­ғушылық туғызады, оны танып-білуге барған сайын жаңа маман­­дар қосылуда, – деп атап өтті М.В.Ломоносов атындағы ММУ ААЕИ президенті, тарих ғылым­да­ры­ның докторы Михаил Мейер. Республиканың жетістіктері туралы конференцияда Қазақ­станның Ресейдегі елшілігінің Кеңесші-елшісі Марат Сыз­дықов егжей-тегжейлі баяндама жасады. Ол Қазақстанның ширек ғасырда мемлекеттілігі мықты, ұлттық экономикасы өркендеген, саяси тұрақты, бүкіл ұлттар мен конфессиялар азаматтарының татулығы мен келісімі жарасқан егемен ел ретінде қалыптасқанын атап өтті. – Елде мемлекеттік еге­мен­діктің саяси және құқықтық негі­здерін нығайтқан тарихи маңызды жаңғыртулар жүргі­зілді, – деді М.Сыздықов. – Олар жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге және бүкіл қоғам мүддесін жүзеге асыруды қам­тамасыз етуге қабілетті мемле­кеттік құрылыстың тиімді жүйе­сін құруға жағдай жасады. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Біздің айрықша бәсекелестік артық­шылықтарымыз – орасан зор табиғат байлығы, ауылшаруа­шылық, коммуникациялық және транзиттік әлеует – елдің эко­номикалық табысының негізіне айналды. Ол Қазақастанның қысқа мерзім ішінде мемлекеттер жүз­деген жылдар жұмсайтын ара қашықтықты еңсергенін атап көрсетті. Ел ұлттардың әлем­дік отбасының толыққанды және жауапкершілікті мүшесіне айналды. Күрделі тарихи жағ­дайларда Қазақстан әлемдік қоғам­дастықтың мойындауына, халықаралық позицияларды ай­тарлықтай нығайтуға қол жеткізе алды, – деп атап өтті дипломат. – Сөз жоқ, осылардың бәрінің артында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған бүкіл Қазақстан халқының орасан зор және көп қырлы жұмысы тұр, – деп толықтырды ойын М.Сыздықов. Ресей Шығыстанушылар қоғамының вице-президенті, РҒА Шығыстану институты Шы­ғыс тарихы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Васильев қа­зақ­стандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады және қазақ мемлекеттігі түп тамы­рының ғасырлар тереңіне кете­тінін, оған тарихи және ар­хив құжаттары, атап айтқан­да, қазақ хандарының диплома­тиялық жазбаларының куә екенін атап көрсетті. Ол елдің тәуелсіз даму идеясын талдап, жасаған ХХ ғасыр басындағы либералды қазақ интеллигенциясының маңызын да назардан тыс қал­дырған жоқ. Бүгін, деп мәлімдеді ол, қазақ мемлекеттілігі жаңа сипатқа ие болды. Қазақстан Республикасы жоғары экономикалық даму дең­гейімен, ішкі тұрақтылығымен ерекшеленеді, ел халықаралық қоғам­дастықтың беделді мү­шесіне, ал елордасы Астана бола­шақ­тың қаласына айналды. Д.Ва­сильев қазақстандық ғалым­дардың түркітану ғылымы­на қосқан үлесін ерекше атап көр­сетті. Қазақстанда іргелі еңбек­тер басып шығаратын Түркі ака­демиясы жұмыс істейді, ал елдің өзі болса бүгінде ғылыми түркітануда бірінші рөлге ие болып отыр. ААЕИ президенті Михаил Мейер «Еуразияның соңғы көшпелі империясының тарихи тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, онда Қазақстанның тарихи тәжірибесіне талдау жасады. XV-XVIII ғасыр­лар­дағы Қазақстанның көшпелі мем­лекеттілігінің әскери-саяси тұрақ­тылығын ол маңызды сипат ретінде атап көрсетті. Ресей­дің Қазақстанға соңғы дәуір­дегі негізінен алғанда оң ық­палы мен қазіргі уақыттағы Ре­сей – Қазақстан қарым-қатынас­тарының өзара жемістілігі  оның сөйлеген сөзінің одан арғы шешуші тезисіне айналды. Ол алпысыншы жылдарда­ғы оның замандастарына аса көр­некті қазақ жазушысы Ол­жас Сүлейменов шығарма­шы­лығы­ның, атап айтқанда, «Аз и Я» кітабында айтылған оның «Игорь полкі туралы сөзге» көзқарасы үлкен ықпал еткенін еске салды. – Жазушының біздің қарым-қатынастарымыздың тарихын университет ғалымдарынан әлдеқайда жақсы білетіні белгілі болды, – деп атап өтті М.Мейер. Оның пайымдауынша, Олжас Сүлейменовке Мәскеу университетінің құрметті ғы­лым докторы атағын беру туралы ММУ-дың Ғылыми кеңе­сіне өтініш айту бүгінгі конфе­ренцияның нақты нәтижелерінің бірі болар еді. ҰҚШҰ бас хатшысының орын­басары Аманжол Жан­құ­лиев Ұйымның өңірлік қауіп­сіздікті нығайтуға қосқан үлесі туралы баяндады. Оның айтуын­ша, барлық бағыттар бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүкіл еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамта­масыз етудің шарты болып табылады. БҚПЗО бас директоры Ва­ле­рий Федоров ұсынған «Қазақстан ресейліктер көзімен: жетістіктер, проблемалар, мүмкіндіктер» атты социологиялық баяндамада ресейліктердің соңғы бес жыл­дағы Қазақстанға қарым-қаты­насының динамикасы көрініс тапқан. Оның сөзіне қарағанда, сұрау салынған ресейліктердің жартысы Қазақстанды посткеңестік елдер­дің ішіндегі аса табыс­тысы санаса, соңғы жылдары бұл санның үштен бірге өскені бай­қалады. Респонденттердің 53 пайызы Қазақстанды ең сенім­ді серіктес деп есептейді, сон­дай-ақ, бұл жерде соңғы үш жыл­дағы күрделі геосая­си оқи­ғаларға қарамастан, оң сер­пін айқын аңғарылады. Ресей аза­маттарының Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­­қа сенім рейтингі де ай­тарлық­тай өсіп, 32-ден 45 пайызға көтеріліп отыр. Интегра­циялық үдерістерге баға беруде ресейліктердің 57 пайы­зы Беларусьпен интеграция­лан­ғанды дұрыс деп санаса, 47 пайызы Қазақстанды атайды. Ресейліктердің бауырлас ха­лық деп кімді санайтыны туралы сұраққа жауабы да адам таң қаларлық. Қазақтар осы рейтингте үштікке енген жалғыз славян емес халық болып табылады. 14 пайыздық бұл көрсеткіш сербтерге, поляктар немесе бол­гар­ларға қарағанда (3-5 пайыз) бірнеше есе көп. – Қазақстан мен Ресей ара­сындағы қарым-қатынас мем­лекетаралық, ресми сипатқа ғана ие емес, сондай-ақ халықтар, ұлт­тар, адамдар арасындағы берік тұғырнамаға негіз қалайды,– дейді осы орайда В.Федоров. Ресей халықтар достығы уни­верситетінің бірінші проректоры Нұр Қирабаевтың пікірінше, осы жолғы конференция Қазақстанның бұрынғысын ой елегінен өткізуге және оның болашағына көз жүгіртуге ұм­тылыс болып табылады. – Қазақстанның өркениетті таңдауы үлкен маңызға ие,– деп атап көрсетті Н.Қирабаев. – Қазақстанның даму жолын түсіну үшін оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы» және басқа еңбектері мен туындыларын оқып-үйрену маңызды. Олар Қазақстанның тарихын, саясаты мен мәдениетін тамаша ашып көрсетеді. Ғалым, сондай-ақ, Қазақ­стан­ның ұлттық идеясының шешуші ерекшеліктері – этностық немесе діни ұстанымындағы айыр­машылығына қарамастан, барлық азаматтың теңдігі екенін еске салса, бұл жайт «Мәңгілік Ел» стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан. Ресей Ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Вячеслав Михайлов Қа­зақ­станның ұлттық мемлекет қалыптастыруда айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді инсти­тут­тың рөлі ерекше екенін атады. – Қазақстан Ресей мен Батыс арасындағы қарама-қай­шы­лықты шешуде ерекше рөл атқара алады,– деп мәлімдеді ғалым. – Қазақстан мен оның Көшбасшысының беделі осы үдерісте локомотив бола алады. Оның сөзіне қарағанда, Пре­зидент Назарбаевтың Еура­зия­лық интеграция туралы идея­сы посткеңестік кеңістіктегі интеграцияға ғана емес, Шығыс пен Батыс интеграциясына бағытталып отыр. Еуразиялық біртекітілік идеясы бірте-бірте қазіргі заманғы Еуропада да «қабылдануы» әбден мүмкін, дейді В.Михайлов. ММУ-дің Азия және Аф­рика елдері институтының халық­аралық экономикалық қаты­настар кафедрасының меңге­рушісі Виталий Мельянцев Қазақстанның табыстары өзінің нәтижелілігі бойынша бірегей екенін мәлімдеді. Сөзіне айғақ ретінде ол мынадай цифрларды мысалға келтірді. – 2015 жылы Қазақстан бай және айтарлықтай дамыған елдер тобына енді, – деп хабарлады ғалым. – Соңғы 15 жыл бедерінде қаржы салу тиімділігі Ресей мен Үндістандағыдан жоғары, осының өзі елдің айтарлықтай ілгері кеткенін айғақтайды. Ішкі жалпы өнімде жинақталған инвес­тиция көлемі 1993 жылғы 5 пайыздан 2015 жылы 65 пайызға өсті. Жиынтық еңбек өнімділігі туралы айтсақ, Қытай мен Қазақстан арасындағы айыр­машылық болмашы ғана. Адам дамуы индексі бойынша Қа­зақстан Ресеймен теңессе, Түр­кияның, Таяу және Қиыр Шы­ғыс елдерінің алдын орап тұр. Айтылғандарын қоры­тын­дылай келе, В.Мельянцев Қазақ­стан табыстылығының төрт факторын атады. Олар: Назарбаевтың тиімді көшбасшылығы, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі және сапалы адам әлеуеті. Пленарлық мәжіліс пен сек­циялық кеңес шеңберлерінде ғалымдар Қазақстанның тарих толқынындағы феноменін жан-жақты түсіндіруге әрекеттеніп, ел дамуының заманауи кезең­ін­дегі табыстарының сырын ашуға ұмтылды. Олардың пікірлерінше, егемен даму жылдарында Қазақстан бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе қалыптастырып, конфес­сия­аралық келісім мен азаматтық татулықты қамтамасыз етудің тиімді моделін құра білді, жаңа астана салып, әлемдегі аса да­мыған 50 елдің қатарына енді, ең ауқымды «2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Конференцияға қатысу­шылар Қазақстанның ірі дипло­матиялық жеңістерге қол жет­кізгенін де атап көрсетті. Сараб­дал сыртқы саясатының нәти­жесінде республика позитивті және конструктивті күн тәртібі бар халықаралық қатынастың жауап­кершілікті субъектісі деген жақсы атқа ие болды. Қа­зақстанның жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығай­туға қосқан үлесі ерекше атап көрсетілді. Нақтылай түссек, елдің халықаралық еңбегін танудың белгісі ретінде Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өткізілуі мен Қазақстанның 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануын айтуға болды. Бұдан бөлек, республиканың ядролық қаруды таратпау үде­рі­сінде көшбасшы болып табылатыны, еуразиялық инте­грацияның бастамашысы әрі идеологы болып отырғаны, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезін шақыру туралы халықаралық бастамалары ерекше атап өтілді. Пікірталас барысында сарап­шылар Қазақстан бай, тарихи өткені, айтарлықтай мәде­ни мұрасы және таң қалды­рар­лықтай экономикалық әлеуеті  бар тұрақты және табысты мемлекет ретінде үлгі бола алады деген ортақ пікірге келді.