• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Таңдау тағылымы

321 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы – Қазақстан дамуының маңызды межесі. Бұл күні өткен тарихи кезеңнің нәтижелері талданып, мемлекеттің демократия жолымен әрі қарай дамуы айқындалады. Ширек ғасыр ішінде экономикалық реформалармен қатар, еліміздің халықаралық беделін нығайтқан саяси реформалар да жүргізілді. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев­тың басшылығымен Қазақ­­станды құқықтық және демо­кра­­тиялық мемлекетке ерікті сай­лау ар­қылы дамыту үдерістері жүзе­­ге асы­рылуда. Сондықтан да Қазақ­­стан­ның саяси жүйесін реформалаудағы ма­ңызды бағыттарының бірі – демо­кратиялық сайлау құқығын қалып­тастыру және сайлау жүйесін тұрақ­ты жетілдіру болып табылатыны кездей­соқ­тық емес. Бұл үдеріске сайлау ор­ган­дары елеулі үлес қосып келеді. Орталық сайлау комиссиясының құрылуы және оның кейін деп тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға ай­налуы тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­тасу үдерісімен тікелей бай­ланыс­ты. Таратып айтқанда, 1989 жылғы 22 қыркүйекте құрамына қоғамдық негізде жұмыс істейтін 25 адамнан тұратын Қазақ КСР-нің Сайлау және халық депутаттарын қайта ша­қы­рып алу жөніндегі Орталық сай­лау комиссиясы құрылды. Ал 1991 жыл­ғы 1 желтоқсандағы президент­тік сай­лау бүкіл қазақстандықтар үшін тағ­дыршешті оқиға болды және халық­­аралық қоғамдастықтың наза­рын аударды. Осылайша, Қазақ­стан тари­хының жаңа да жарқын беті ашыл­ды. Қазақстан тарихында алғаш рет жал­­пыға бiрдей тең және төте сай­лау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайлан­ды. Сайлау жалпыхалықтық деңгейде өтті, оған сайлаушылардың дауыс беру­ге келуі­нің өте жоғары болуы нақты дәлел. Қазақ КСР-нің Сайлау және ха­лық депутаттарын қайта шақы­рып алу жөніндегі Орталық сай­лау ко­мис­сиясына Қазақ КСР Прези­ден­тін сайлау туралы орталық сай­лау комис­сиясының өкілеттіктері жүк­телді. Сонымен қатар, сайлауды ұйым­­­­дастыруды және өткізуді 21 ок­руг­­­тік және 10479 учаскелік сай­лау комис­сиялары қамтамасыз етті. Дауыс беруге тізімдерге енгізілген сайл­ау­­шы­лар­дың 88,23%-ы қатысты және сай­­лау­шылардың 98,78%-ы өз дауыс­тарын Н.Ә.Назарбаевқа берді. Сол жылғы 16 желтоқсанда «Қазақ­­­­стан Республикасының мем­­­лекет­тік тәуелсіздігі туралы» Қазақ­­­­стан Рес­публикасының Конс­титу­ция­лық заңы қабылданды. Арада екі жылдан астам уақыт өткенде, яғни 1993 жыл­дың 28 қаң­тарында тәуел­сіз Қазақ­стан­ның бірін­ші Конс­титуциясы қабыл­­данды. Сон­дай-ақ, сол жылдың жел­тоқ­сан айын­да еліміздің Жоғарғы Кеңе­сі Қазақ­стан Республикасы Пре­зи­­денті­­нің ұсынуымен Орталық сай­лау ко­­мис­сиясының жаңа құрамын сайлады. Көп кешікпей қолданыста болған «Қазақстан Республикасындағы сай­лау туралы» Қазақстан Республи­касы кодексінің ережелеріне сәйкес, Орта­лық сайлау комиссиясы төраға, төрағаның орынбасары, хат­шы және ко­миссияның төрт мүшесі­нен құ­рал­ды. Осылайша, қазіргі Қазақ­стан Республикасы Орталық сай­лау комис­сиясының негізі қалан­ған бола­тын. Сол жылдары сайлау заң­нама­сы­­ның нормалары өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатқан еді. Өйткені, еліміз сая­си басқару нысандарының ауысуы үдерісінде тұрған болатын. Ал 1995 жылғы 30 тамызда рес­публикалық референдумда еліміз­де президенттік басқару нысанын бел­гілеген жаңа Конституцияны қабыл­дау Қазақстанның заманауи сай­лау жүйесін қалыптастырудың жаңа кезеңі болды. Осы 1995 жылдың күзін­­де еліміздің Ата Заңымен қатар қабыл­данған нормативтік құқық­тық акті­лер қазіргі күнде Қазақстан Рес­пуб­ликасы сайлау заңнамасының не­гізі болып табылады. Сол 1995 жыл «Қазақстан Республикасындағы сай­­лау туралы», «Республикалық ре­фе­рен­дум туралы», «Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі тура­лы» Конституциялық заңдар, сон­дай-ақ, басқа да бірқатар заңнамалар мен нор­­мативтік құқықтық актілердің қабыл­дануымен ерекшеленді. Орталық сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыру жүйесі де өзгерді. 1995 жылдан бастап Орт­сай­­лауком мүшелерін Мемлекет бас­шы­сының ұсынуымен Мәжіліс, ал 2012 жылдан Ортсайлаукомның төр­аға­сы мен екі мүшесін Президент таға­йын­дайтын, екі мүшесін Пар­ламент Сенаты, тағы екі мүшесін Мәжіліс сайлайтын болды. 1991-1999 жылдардағы сайлау нау­­қан­дарының тәжірибесі, сон­дай-ақ, елдің тарихи, оның саяси, эко­­но­­ми­калық және қоғамдық инс­ти­­тут­­­­тарының даму барысы сайлау жү­йе­­­сін реформалауды жал­ғас­тыру қажет­­­тігін көрсетті, ал сай­лау норма­ларын ырықтандыру ма­ңызд­ы  сая­си басым­дық әрі стра­тегия­лық мін­­дет болды. Мемлекет басшы­сы­ның бас­­та­масы бойынша 2000 жыл­ғы қыр­­күйек пен 2002 жыл­ғы қаң­тар ара­лы­ғында Орталық сайлау ко­мис­сиясы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-мен бір­­лесіп, сай­лау заңнамасын ре­фор­малау мәсе­ле­лері жөнінде мем­ле­кеттік ор­ган­дар­­дың, барлық сая­си партиялар мен қоз­ға­­лыс­тар­дың ұлт­тық үнқатысу бастамасы болған дөңгелек үстелдер өткізді. Жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижелері барлық қатысушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Оларда көтерілген мәселелер, саяси пар­тиялар мен қозғалыстардың өкіл­дері­мен ашық пікірлесу сайлау заң­на­масын жетілдіру жұмысына жа­рия­лық сипатын берді. Мұндағы негіз­гі мақсат – халықаралық тәжі­­рибе мен 1999 жылғы сайлау нау­қаны­­­ның тәжірибесін ескере отырып, Қазақ­стан Республикасының сай­лау құқығының одан әрі дамуы және демо­кратияландыру мәселелері бойын­ша түйісу нүктесін табу болды. Сайлау үдерісін демократия­лан­­дырудың негізгі қағидаларын сәй­­кес­тендіру мақсатында халық­ара­лық ұйымдармен өзара іс-әрекет алаңын кеңейту жаңа фазаға енген сайлау жүйесін жетілдірудегі жұ­мыс бағыттарының бірі болды. Соны­­мен бірге, сайлау туралы заңға халық­аралық сарапшылар, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ тарапынан оң баға берілген өзгерістер жобасы дайындалды. Оның басты мақсаты – сайлау заңнамасында және оны қолдануда жалпыға танымал демо­кра­тиялық қағидаларды  ескеру, сон­дай-ақ, сайлау науқаны барысында анықталған кемшіліктерді жою. Бұдан бөлек, баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталды, сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидасы енгізілді. Яғни, саяси партиялардың ұсынуымен жергі­лікті өкілеттік органдар сайлайтын болды. Сайлаушылар тізімдерін құру қағидасы да өзгерді, отандық және ха­лықаралық байқаушылардың құқық­тары кеңейтілді. Атап өткен жөн, 2004 жылғы пар­ламенттік сайлау мен 2005 жылы өткен президенттік сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін демократияландыруды және оны одан әрі дамытуды белсенді  талқылау аясында өтті. Экономикалық реформалар саласында қол жеткізген жетістіктер өзімен бірге саяси жүйені жетілдірудің шынайы қажеттілігін ілестіретінін Президент талай мәрте айтқан еді. 2004-2007 жылдар аралығында алғашында Демократияландыру мәсе­лелері жөніндегі ұлттық комис­сия­ның, одан кейін Президент басқар­ған Демократиялық реформа­лар бағ­дарламасын әзірлеу мен нақ­­ты­­лау жөніндегі мемлекеттік ко­мис­­сия шеңберінде мемлекетті сая­си жаң­ғыртудың тұрлаулы про­бле­ма­лары бойынша пікірталастар жүр­­гізілді. Қазақстандық қоғам үшін осын­дай маңызды және өзекті проб­ле­маларды талқылау үшін барлық мүд­­делі тараптардың өкілдері енген орган­ның құрылғаны, бұл үдеріске қазақстандық қоғамның ауқымды бөлігін тартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, толыққанды ұсыныстар мен бастамалар түрінде нақты нәтижелер де берді. Осындай бастамалардың бірі – депутаттық корпустың жалпы кәсіби дең­гейін арттыру және заң шы­ғару жұмысының сапасын жақсарту мүм­кіндігін беретін Парламентті қа­лып­­тас­тыру тетігін өзгерту тура­лы ұсы­ныс еді. Бірақ, бұл рет­те ел Конс­титу­­ция­сына тиісті түзету­лер енгізу­мен қатар, жоғарғы заң шы­ғарушы орган­ның және оның депу­таттарының жұмы­сын ұйымдастыруға байланысты көп­теген мәселелерді қайта қарау керек болды. Сонымен бірге жаңа Пар­­ла­­ментті қалыптастыратын сай­лау жү­йесін таңдау мәселесі туын­дады. Ма­жо­ритарлық және ара­лас жүйе­­лер әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Аралас сайлау жүйесі 1999 жылдан біздің елде де қолданыла бастады. Мысалы, Мәжілістің 67 депутаты бір мандаттық сайлау округтері бойынша мажоритарлық жүйемен және тағы 10 депутат саяси партиялардың қаты­суымен тепе-тең өкілдік жүйесі бо­­­йын­ша сайланды. Мемлекеттің даму үдерісінде партиялық жүйе де нығай­ды. Саяси партиялардың ұйым­дас­ты­ру­­шы­лығы артып, олар өздеріне кәсі­би Парламентті қалыптастыру үшін жауап­кершілікті жүктеуге дайын болды. Ал әлемдік тәжірибені зерделеген сарапшылар барабар жүйе бойынша сайлау Парламентке «кездейсоқ» адамдардың өтіп кету мүмкіндігін едәуір азайтатынын, өз кезегінде ол заң шығарушылық жұмыстың сапа­сын арттыратынын алға тартады. Кандидат партиялық сайлау тізі­міне енуі үшін, оның канди­да­тура­сы партия ішіндегі құрылым­дар­­дың талқылауынан өтуі және өзінің бола­шақ депутат ретіндегі кәсі­би қадір-қасиетін дәлелдеуі тиіс. Партиялық тізім­дер бойынша сайлау жүйесін енгізудің тағы бір маңызды жағы, ол мем­ле­кеттік бюджетке ауыртпалық салмайды. Конституциялық реформаны жан-жақты талқылаудың нәтиже­сінд­е 2007 жылғы мамырда Ата Заң­ға түзету­лер енгізілді. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер мен то­лық­­­ты­рулар Парламент Мәжілісін қалып­­тас­тырудың жаңа тәртібін ай­­қын­дады. Ендігі жерде 8 депутат барабар сайлау жүйесі негізінде пар­тия­лық тізімдер бойынша, тағы 9 депутат республикадағы этностар тобы­ның мүддесін білдіретін Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сессия­сында сайланатын болды. Сонымен қатар, саяси партиялар енгізетін сай­­­лау жарнасының мөлшері өт­кен сай­лауда саяси партияны жақ­таған сай­­лау­шылар дауысының саны­на бай­ланыс­ты сараланатын бол­ды. Саяси партиялардың сайлау комис­­сия­лары­ның жұмысына қатысу мүм­кін­дігі де кеңейді. Енді сайлау комис­сиясының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын әзірлеу және өткізу кезеңіне оған кеңес­ші дауыс құқығын бере отырып, сай­лау комиссиясы мүшесінің барлық құқық­тары берілген өз өкілін жіберу құқығына ие болды. Конституциялық реформа­ның заңды нәтижесі 2007 жылғы 18 та­мыз­да өткен Парламент Мәжілісі­­­нің де­пу­таттарын кезектен тыс сай­­лауын­да көрінді. Оның қоры­тын­ды­­лары бойынша, Парламент Мәжі­лісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарының бар­лық 98 мандатын сайлаушылар дауыс­тарының 88%-ын жинаған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тиясы алды. Сайлауға қатысқан өзге партиялар заңнамада белгілен­ген жеті пайыздық көрсеткішті бағындыра алмады. Содан кейін Мемлекет бас­шы­сы­ның нұсқауымен Парла­мент­ті 7 па­­­йыздық кедергіден өте алмаған жағ­­­дайда кемінде екі партияның қаты­суымен қалыптастыруға мүм­кін­­дік беретін арнайы құқықтық тетік құру ұсынылды. Сөйтіп, 2008 жылы сайлау туралы заңға өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу жө­­нін­­дегі ұсыныстар пакетін дайын­дау мақсатында Орталық сайлау ко­мис­сиясының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Пар­ламенттің қос палатасының депутаттары, мемлекеттік органдардың, сая­си партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын жинап, жүйеледі. Еліміздің Әділет министрлігі да­йын­даған сайлау заңнамасын же­тіл­діруге қатысты ұсыныстардың не­­гі­­зінде «Қазақстан Республи­ка­сын­­дағы сайлау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциялық заңы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Үкімет 2008 жылғы 14 қарашада жобаны Парламент Мәжілісіне ұсынды, 2009 жылғы қаңтарда Парламент заңды мақұлдап, 9 ақпанда құжатқа Мем­лекет басшысы қол қойды. Заңға сәйкес Парламент Мәжілісінің келе­сі шақырылымының құрамына сай­лауға қатысқан кемінде екі саяси пар­тия­ның өкілдері кіруі тиіс болды. Заңда, сондай-ақ, Ортсайлаукомның пре­зиденттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу жөнін­дегі функцияларын аумақтық сай­лау комиссияларына беру арқылы орта­лық­тандыру да көзделген. Жалпы, 1995 жылғы қыркүйек айында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңына алғашқы қа­был­­данған кезден бері барлы­­ғы 800-ден астам өзгерістер мен то­лық­­­тырулар енгізілді. Осындай жағ­дай­да қалыптасқан еліміздің сай­лау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжатында тұжы­рым­далған сайлау құқығының негізгі қағи­даттарына сай сайлау жүйесін құруға мүмкіндік берді. Уақыт өте келе, сайлау заңнама­сымен бірге құқық қолдану тәжірибесі де жақсарды. Сайлаулар аралығында сайлау органдары мүшелерінің білік­тілігі, сайлаушылардың және сайлау үдерісіне өзге де қатысушылардың құқық­­тық және электораттық мәде­ниеті жоғарылады. Электораттық нау­­қан­дардың дағдылы және түсінікті циклдық күнтізбесі қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ел азаматтары екі референдумға,  пре­зиденттік алты сайлауға, бес Пар­ламент Мәжілісінің сайлауына, бес жер­гілікті өкілді билік органдарының (мәслихаттардың) сайлауына қатысты. Сондай-ақ, 2009 жылдан бері жылына екі рет мәслихаттардың шығып қалған  депутаттарының  орнына сайлау өткізіліп келеді. Соңғы бес жыл еліміз үшін элек­тораттық оқиғаларға бай болды. 2011 жылғы сәуірде президенттік сай­лау, 2012 жылдың басында Пар­ла­мент Мәжілісі депутаттарының және жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) сайлауы өтті. 2013 жылғы тамызда Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2457 әкімшілік-аумақтық бірлігінде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округ­тің құрамына кірмейтін кент­тер мен ауылдар әкімдерінің, ал 2014 жылғы қазанда Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының сайлауы өтті. Елімізде сайлау жүйесінің дамуы­ның тағы бір кезеңі 2015 және 2016 жылдардағы сайлау науқандары болды. Бұл қазақстандықтардың электораттық белсенділігін арттырды. Мысалы, 2015 жылғы президенттік сайлауда сайлаушылардың 95%-дан астамы, ал ағымдағы жылғы 20 наурыздағы Парламент Мәжілісінің сайлауында сайлау учаскелеріне сайлаушылардың 77%-дан астамы келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл демократиялық қоғамның және оның электораттық мәдениетінің дамуы­ның айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілгенін білдіреді. Бүгінде осылардың барлығы – тарих. Бірақ олардың әрқайсысы тәуел­сіз мемлекетіміздің даму жолын­дағы межесі болып қана қоймай, жақын болашақта оның қандай биіктікті бағындыратынын айқындап берді. Егер сайлау органдарының рөліне қатысты айтатын болсақ, менің ойымша, ол – айқын және маңызды. Олар өздерінің өкілеттіктерге сәй­кес еліміздің аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын және оның бірыңғай қолданылуын қам­­та­масыз ете отырып, сайлау нау­қан­дарын әзірлеуді және өткізуді ұйым­дастырады. Қазіргі кезде елдің сайлау комис­сияларының жүйесін Орталық сай­лау комиссиясы, 16 облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау ко­миссиялары, 160 аудандық, 37 қала­­лық комиссия, Астана және Алматы қалаларында 11 аудандық комис­сия, облыстық мәслихаттардың депутат­тарын сайлау жөніндегі 550 округтік сайлау комиссиясы, аудандық мәсли­хат­тардың депутаттарын сайлау жөніндегі 2 160 округтік комиссия, қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлау бойынша 625 округтік сайлау комиссиясы және 9 840 учас­келік сайлау комиссиялары құрайды. Барлығы – 13 400. Сайлау комиссияларының құ­рамына барлық саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, яғни қоғам­ның азаматтық және саяси белсенді мү­ше­лері  кіреді. Олардың барлығы сай­лау комиссияларында қоғам­дық не­гіз­де жұмыс істейді. Жалпы саны елі­міз бойынша 93 мың адамды құрайды. Азаматтардың билік органдарына деген сенімінің деңгейі, мемлекеттік істерді басқарудағы және саяси жүйе­нің неғұрлым тиімді үлгісін құру ісін­де, сондай-ақ Қазақстанның тәуел­сіздігін нығайтудағы өздерінің рөлін түсінуі – сайлау органдарының өз мін­деттерін неғұрлым кәсіби орын­дауына байланысты. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының ширек ғасырлық тарихы осы жылдарда құрылған сайлау жүйесі өзінің өмір­ге қабілеттілігін ғана емес, соны­мен қатар, жалпыға танымал демо­кра­тиялық қағидаттар негізінде әрі қарай дамуда зор әлеуеті бар екенін көрсетті. Қазақстан қоғамының жалпы саяси мәдениетінің нығаюына және өсуіне себептескенін дәлелдеді. Берік ИМАШЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы