• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

Ақтөбеде жаңа құс сою цехы іске қосылды

452 рет
көрсетілді

Бестамақ ауылындағы «Көктас — Ақтөбе» АҚ-ға қарасты «Ақ құс» фабрикасының жұмыс істей бастағанына он жылдың жүзі болды. Бұл фабрика Батыс өңіріндгі бройлерлік бағыттағы бірден-бір құс фабрикасы болып табылады. Мұнда өндірілген құс еті өз өңірімізге, сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына өткізіліп келеді. Таяу уақытта фабрика құс етін Ресей және Қытай нарығына шығаруға қадам жасауда. Жақында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында кәсіпорында жаңа құс сою цехы пайдалануға берілді. Мұның өзі фабриканың өндірістік қуатын арттырумен бірге, құс етін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік берері сөзсіз. «Ақ құс» фабрикасындағы жаңа құс сою цехының  салтанатты ашылуына арналған жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа өндірістік желінің пайдалануға берілуімен құттықтай келіп, елімізде құс етіне деген сұраныстың артып отырғанын жеткізді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өз өнімдерімізді көбейтіп, импорттың үлесін азайтуымыз керек. Басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Ақ құс» фабрикасында жаңа құс сою цехының ашылуы үлкен іске қосылған үлес болып табылады. Ақтөбе өңірі тұрғындарының құс етіне деген сұранысының 68 пайызын осы фабрика береді. Фабрика осы кезге дейін жылына 3 мың тонна шамасында тауық етін өндіріп келсе, жаңа цехтың қуаттылығы  жылына 10 мың тонна құс етін шығаруға мүмкіндік береді. Яғни, цех толық қуатында іске қосылған кезде, «Ақ құс» фабрикасы өңір тұрғындарының сұранысын толық өтеп қана қоймай, өз өнімдерін көрші өңірлер мен сыртқы нарыққа да де шығаратын болады. Сондай-ақ, бюджетке салық түседі», – деді өңір басшысы. Жаңа цехта 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның құны 1 млрд 440 миллион теңге тұрады. «Ақ құс» фабрикасы басшыларының айтуынша, жұмсалған қаржы үш жыл мерзімде өтелетін болады. Фабрикадағы негізгі технологиялық үдерісі – инкубациялау. Айына үш-төрт рет 31 мың жұмыртқа арнайы шкафтарға қойылады. Әзірге жұмыртқалар Ресейден жеткізілуде. Бұл жоба өнімнің өзіндік құнынын кемітуге қол жеткізеді деп күтілуде. «Көктас - Ақтөбе» АҚ басшылары болашақта мекиендер өсіріп, жұмыртқаны да өздері өндіруді ойластыруда. Сонда кәсіпорынның өнімдері анағұрлым молаяды, табысы да артады. Осы жобаны жүзеге асыру барысында кәсіпорынға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, жалпы ауданы 1 гектар болатын, инфрақұрылымдармен жабдықталған жер телімі бөлінген. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»