• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

Қазақстанның құндылықтары

2605 рет
көрсетілді

ЕҢ БАСТЫ ҰЛТТЫҚ ЖОБА Тәуелсіздік жылдарында, әсіресе, мәдениет саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Ол үшін көп мысал іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Бұған Астананың сәулетіне өзгеше сән берген небір әсем де зәулім сарайлардың, мәдениет ошақтарының ашылуы-ақ айнымас дәлел болмақ. Күллі әлем сүйсіне көз тіккен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Ұлттық музейден бастап, күні кеше ғана бой көтерген Қазақ ұлттық хореография академиясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры, Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры, «Қазақстан» Орталық концерт залы, Тұңғыш Президент кітапханасы сияқты ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес, заманауи үлгіде салынған сандаған мәдениет пен өнер ошақтары Қазақ елінің арайлап атқан ақ таңымен жараса бүр жарған шұғылалы өрнектеріміз болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асырылған 2004-2011 жылдарғы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша рухани қайнарымыз бүтінделіп, мәдени көкжиек әсем әуен рухымен биіктеді. Бұл жоба отандық мәдениет пен ғылымды жаңа деңгейге көтерген һәм тартылған айдынымызды қайта толтырып, шығармашылыққа даңғыл жол ашқан Қазақстан тарихындағы айтулы гуманитарлық акциялардың бірі ретінде ұлттық брендімізге, тарихи шежіремізге айналды. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бағдарлама аясында Отанымыздың тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті бойынша 600-ге жуық кітап түрлері бір жарым миллион данадан астам таралыммен басып шығарылса, олардан бүгінде «Бабалар сөзі», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Ежелгі уақыттан біздің күнімізге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы»,«Қазақ әдебиетінің тарихы» тәрізді құнды еңбектер халқымызды баға жетпес алтын қазынасы ретінде бағалануда. Ал, «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» альбомдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қол жеткізілген ең ауқымды жоба саналады. Алғаш рет елдегі ескерткіштерді түгендеу жұмысы қарқынды жүргізілді. Республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдері бекітілді. Соның нәтижесінде Қазақстанның бірнеше облысының (Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар т.б.) және Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы жарық көрді. «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында 105 тарих және мәдениет ескерткішінде сәулет құндылықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, 1991-2015 жылдар аралығында 136 тарих және мәдениет ескерткіші қалпына келтірілген. Осы күнге дейін жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 11266 нысан, республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 219 және халықаралық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 10 тарих және мәдениет ескерткіші қосылып отыр. Мұның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (2003 ж.) де, ал екіншісі, Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтері (2004 ж.) және «Жібек жолы» аталымы бойынша Жетісу бөлігіндегі 8 ескерткіш (Талғар, Қарамерген, Қаялық, Ақыртас, Құлан, Мерке, Өрнек және Қостөбе қалашықтары) ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енгізілген. Еліміз аумағында республикалық екі қорық-мұражай бар десек, оның бірі – Алматы облысындағы «Есік» (2010), екіншісі Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» (2008) қорық-мұражайлары. Әлемге «Алтын адам» табылған орын ретінде мәлім мұндай тарихи мекендер бүгінде еліміздегі туризмді дамытуға айтарлықтай  үлес қосып отыр. САХНА САЛТАНАТЫ Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерзімінде жаңадан 18 театр ашылыпты. Атап айтсақ, бұлар  2 – опера және балет, 5–  музыкалық-драмалық , 3 – драмалық, 3 – сатиралық, 1 жасөспірімдерге арналған театрлар, 1 –Жастар, 3 – қуыршақ театры еді. Бұларда жыл сайын түрлі жанрда шамамен 12 мыңға жуық спектакль қойылады. Тек қана осы аралықта 80-ге тарта жаңа қойылым сахналаныпты. Атап айтсақ, 33 балет, 47 опера дүниеге келген. Қазақстанда жалпы 52 мемлекеттік театр бар. Олар – 3 опера және балет театры, 4 балалар мен жасөспірімдерге арналған театр, 7 қуыршақ театры, 18 қазақ драма және музыкалық-драма театрлары, 10 орыс театры,  3 қазақ және орыс труппасы бар драма театрлар, 1 Жастар театры, 2 сатира және 4 ұлттық (ұйғыр, корей, неміс және өзбек драма театрлары) ұжым бар. Соның үшеуіне күні кеше ғана Елбасы ықыласымен «академиялық» мәртебесі берілді. Өнерлі жастарды ынталандыру мақсатында Республикалық театрлар фестивалін тұрақты өткізіп тұру дәстүрге айналған. Мұнымен бірге, шетелдік өнер шеберлерінің қатысуымен өтетін театр қайраткерлерінің Республикалық практикумы өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілік арттыруда үлкен рөл атқаруда. Мемлекеттің қолдауымен жетекші опера және балет солистері «Ла Скалада», Мария театрында, Италия Опера мектебінде, т. б. әлемдік деңгейдегі театрларда тағылымдамадан өтуде. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары С.Байғожин, Б.Әндіржанов, Ж.Ғабдуллина, С.Ахметова, М.Шотабаев, М.Басбаева, А.Бекетаева, Е.Рахматуллаев, Б.Адамжан өнерлері бүгінде өз елімізде ғана емес, шет елдік сарапшылар тарапынан да жоғары бағаға ие. ОТАНДЫҚ КИНОНЫҢ ОЛЖАСЫ 1991 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта «Қазақфильм» киностудиясы 479 бірлік көркем, деректі және анимациялық фильмнің, оның ішінде 115 толықметражды көркем фильмнің өндірісін аяқтаған екен. Тәуелсіздік рухымен дарынды режиссерлер, сценаристер, қоюшылар және басқа да көптеген кәсіби мамандар шоғыры тәрбиеленді. «Қазақфильм» киностудиясының 200-ден астам картинасы (көркем, деректі, анимациялық, қысқаметражды) әлемнің 52 еліндегі 214 фестиваль мен халықаралық көрсетілімдерге қатысты. Олардың ішінде «А» санатына жататын фестивальдерге – 18, «А» санатына жататын және оларға теңестірілген фестивальдерге – 9 (Канн, Берлин, Венеция, Мәскеу, Локарно, Роттердам, Сан-Себастьян, Монреаль, Бусан) фильм қатысса, халықаралық кинофестивальдерден 137 туынды жүлде иеленген. Отандық киностудия әлемнің жетекші кинематографиялық ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. «Жаужүрек мың бала», «Шал», «Елбасы жолы» киноэпопеясы, «16 қыз», «Құнанбай» фильмдері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Құнанбай» фильмі тәуелсіздік жылдарында Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бірден-бір картина болып саналады. Нұртас Адамбаевтың «Тараз» фильмі АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өткен «Genre Celebration Film Festival» фестивалінің екі бірдей негізгі жүлдесін иеленсе, режиссер Эмир Байғазиннің «Жаралы періште» фильмі Германияда өткен «Funf Seen Filmfest» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін, Кошицедегі «Art Film Fest» халықаралық фестивальде «Ең үздік режиссер» жүлдесін қанжығасына байлады. «Мәңгілік аспан астында» фильмі Қытайдағы халықаралық фестивальде бас жүлдені, Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмі Анапада өткен ТМД және Балтық жағалауы елдерінің кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫ Бүгінгі таңда шамамен 31 мемлекеттік концерттік ұйым бар. Олардың ішінде республикалық  –  Қазақтың мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, Қазақтың мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясы, мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі, Мемлекеттік академиялық би театры, тәуелсіздік жылдарының жемісі – «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі, «Астана Балет» театры және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымдары бар. «Астана Балет» труппасының Токиодағы 2 мың адамға шақталған Бунка Кайкан сахнасындағы концертін тамашалаған Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Ясуо Фукуданың қазақстандық өнер ұжымының би техникасы мен динамикасы туралы пікірін білдіргенде: «Мен Қазақстанның балет өнеріне сондай сүйсіндім. Өйткені олар ғажайып өнер көрсетті» деп тамсануы шетелдіктердің жалпы қазақ театр өнеріне деген ортақ бағасындай түйілуде. Тәуелсіздіктің жемісті 25 жылында елімізде айтулы өнер ұжымдары мысалы,  «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік трио, Еуразиялық жастар симфониялық оркестрі, М.Бейсенғалиевтің жетекшілігімен Алматы симфониялық оркестрі, А.Аблаевтың жетекшілігімен Астана эстрада-симфониялық оркестрі және т.б. жоғары кәсіби шығармашылық ұжымдар дүниеге келді. Әсіресе, өңірлердегі бұлақ көздерін ашып, балауса жастарды қолдауда Құрманғазы атындағы, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі орындаушылардың, «Жас қанат» байқауларының, сондай-ақ ақындар айтысының, «Тәуелсіздік толғауы», «Елім менің», халықаралық вокалистер, скрипкашылар, пианистер арасындағы бәйгелердің, «Өнеріміз саған – Қазақстан!», «Ұлы Дала әуені», «Опералия», Ш. Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивальдерінің сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Рухани қазына Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басқан кезде, әлемді интернет билеген заманда кітап деген нәрсе мүлде болмайды деген асығыс болжамдардың қазір күлі көкке ұшып, мәдени құндылықтардың қайта күш ала бастағаны, руханияттың алға озып шыққаны шындық.  Қысқасы, технологиялардың өзі кітапқа қызмет ететін кезең туды. Бүгінде оқырман кітапханаға келмей-ақ ақпаратқа қол жеткізе алатын мүмкіндікке ие. Соған орай ХХІ ғасырдағы дәстүрлі кітапхананың қызметі қандай болуы керек, болашақ болмысын көзімізге қалай елестетеміз деген сұрақтың туары сөзсіз. Мән берсек, тәуелсіздіктің алдында еліміздегі кітапханалардың саны 10 мыңнан асыпты. Бірақ 1994-95 жылдары талайы жабылып, бұлар 2 мыңға әзер жетіп қалған. Рас, қазір көпшілік кітапханаларды қайта қалпына келтіру мақсатында қыруар іс-шаралар атқарылуда. 2001 жылы елімізде кітапханалар саны 3220 бірлікті құраса, бүгінгі таңда оның саны 4168-ге жетіп отыр. Оның қорында негізінен баспа түріндегі, сондай-ақ электрондық кітаптар сақтаулы. Баспа түріндегі кітапхана  қорында шамамен 150 мыңға тарта кітап бар десек, ал оның 120 мыңы «Астана-кітап қазынасы» акциясы бойынша алынған. Елбасының тікелей тапсырмасымен Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы – ҚазҰЭК дамып, жыл сайын электронды кітапхана 3000 көшірмемен толығуда. Бүгінгі таңда оның қорларында 23 мың құжаттың электронды көшірмесі сақтаулы. Әлемнің 130 елінің өкілдері ҚазҰЭК порталының қонақтары болып табылады. 2005 жыл Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ашылуымен мәдени өмірдегі ең елеулі жыл ретінде шежіреге енді.  Мұның қорындағы қатталған қағаз томдармен қатар электронды кітаптар да халықтың игілігіне қалтқысыз қызмет етуде. Тағы бір елеулі оқиға –  2014 жылдың 4 қарашасынан бастап Мәдениет және спорт министрлігінде    мәдениет және өнер  құрылымы бойынша  түрлі Көркемдік кеңестер құрылған болатын. Көркемдік кеңестер не үшін қажет? Оның мақсаты сол, театр, музыка, цирк, хореография өнері, киноөндірісі, музей ісі, кітапхана, дизайнерлік өнер, әдебиет және кино саласы бойынша атқарылған жұмыстар білікті мамандардың сұрыптауынан өткізіледі. Қазір оған қажеттілік бұрынғыдан да арта түспесе, кеміп отырған жоқ. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, не мәтіні, не әуені көңілге қонбайтын шикі, түйткілді дүниелер қаптап кетті. Телеарналар мен радиодан ешқандай талғамға сай келмейтін күлдібадам шығармалардың орындалуы  қалыпты жағдайға айналды. Сол сияқты, мұндай сын театр саласына да қатысты айтылып қалып жатады. Көркемдік кеңестердің алдындағы атқаратын міндеттері, соған қарағанда, орасан зор деп есептейміз. ...Ел Тәуелсіздігін жырламаған, толғанбаған, қалам тартпаған қаламгер жоқтың қасы. Құдіретті сөз өнері масатыдай құлпырып, қаншама рухты, отты туындыларды дүниеге әкелді. Жетпіс жыл бойы кеудеде шемен боп қатқан ащы шер Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімімен қосыла өрілді. Әдебиет тәуелсіздіктің жемістерін жырлаудан, толғаудан ешқашан танған емес және сол бағытта ең басты миссиясын атқарып келеді. Ол әлі де даму, толысу үстінде. Тәуелсіздік жылдарында сөздің қолданыс аясының кеңдігі мен көркемдік ойлау жүйесінде өзгерістер болды десек, шығармашылық адамдары да ұлт әдебиетінің келешегі үшін тер төкті. Әдебиет әдет пен әдепті түзеуге қызмет етті. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деп айтқанындай, халық тұтастығының тұтқасына айналды. Өткеннің өршіл үні, өрісті сөзі – оның тілінде! Қазақтың көркем ойы мен көсем сөзі – ата-бабалар сарынымен сабақтастықтың жемісі, ұрпақтар жалғастығының өнімі десек, әдебиеттің олжасы – тәуелсіздік! Санадағы бұғау мен шідерді шімірікпей үзіп берген әдебиет рухы сонысымен де асқақ, қымбат саналады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»