• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

«Айқараңғы» ақиқаты

846 рет
көрсетілді

Жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Қилы тағдыр» атты романдар топтамасының «Айқараңғы» атты алғашқы томы Желтоқсан оқиғасына арналған. Тәуелсіздік алғалы бері түрлі жанрда жазылып жатқан Желтоқсан тарихы, сол кезеңдегі саяси, қоғамдық құбылыстар, өмір сабақтары уақыт-төрешінің таразысында қорытылып, сөз өнерінің көркемдік талап-шарты бойынша қайта өңделіп, бүгінгі әдебиет биігінен баяндалуда. Т.Сәукетаевтың «Айқараңғысы» – соның дәлелі. «Ай­қараң­ғыда» әділетсіздік пен өктем­шілдікке, отаршылдық саясатқа, бюрократизмге құрылған қоғамның шындығы бейнеленген. Желтоқсан оқиғасы кезінде тарих сахнасына шыққан тұлғалар мен қалам қайрат­керлерінің тағ­дыры нақты фактілер негізінде сурет­теліп, сол кезеңнің саяси-пси­хо­логиялық атмосферасы нанымды да терең талданған. Шығарма кейіпкерлері Сәбира (Мұха­мет­жанова) мен Әзиз-Сұлтанның (Қайрат Рысқұлбеков) бақыты Шым­­бұлақтағы шуақты сәттерімен шо­­лақ қайырылады. Одан әрі оқыр­­ман желтоқсан айының ыз­ғар­лы аязын Сәбирамен бірге сезі­­ніп, өз басынан кешкендей күйге енеді. Қаламгер көпшілік білетін тари­хи деректер мен суреттерден сырт кетпеген. Желтоқсан көтері­лісі­не қатысқандар туралы көп­те­ген ес­теліктер, зерттеулер, түр­лі құжат­тық-деректік кітаптар жазы­лып, фильмдер түсірілді.Алайда, күрделі жанрдағы бірнеше кітаптан тұратын алғашқы кесек шығарма осы Т.Сәукетаевтың «Қилы тағ­дыр» атты романдар топтамасы болса керек. Қаламгер өзіне дейінгі жазушылар бейнелемеген оқиғаны, қазіргі заман тудырған типтік бей­нелерді сомдап, қоғамның құпия сырлары мен саяси астарларын анықтауға ден қояды. Осы ретте түрлі әдеби тәсілдерді түрлендіріп, ащы ақиқаттарды бірде жолсеріктің аузына салса, бірде жұмысшы жігіттерді, студенттерді сөйлетеді, енді бірде Елесті (ақын Сәкеннің, Сәбираның, анасының, бабасының) тілдестіреді, әйтеуір, не керек автор айтпағын әр кейіпкеріне теліп, сол кезеңнің саяси-әлеуметтік ахуалын тұтастай бейнелейді. Шымбұлақтан оралған күні ше­шесінен «Әкең әл үстінде.Тез жет!» деген жедел хат алған Әзиз-Сұлтан Желтоқсан оқиғасы жай­лы кеш біледі. Әл үстінде жат­қан әкесінің халін білуге ауылға суыт аттанған Әзиз-Сұлтанды өмір­бақи қой соңында жүрсе де пенде ретінде рахаттанып күй кеш­пе­ген ата-анасының азапты өмірі, қиын­шылықта қол ұшын беру­ге жарамаған ағайындардың, бас­шы­лардың безбүйректігі, бұрынғы сүт­тей ұйыған берекелі де бауырмал ауыл, ағайын атты киелі ұғымның ұмытылып, ұлттық рухтың аза бас­тауы қатты қапаландырады. Қалам­гер шешесіне болысамын деп мектепке бармай қой баққан екі баланың тағдыры арқылы қазақтың келешегінің үзілгелі отырғанына ой жібереді. Азып-тозған ауыл өмірі, келешегі күңгірт ұрпақ тәр­бие­сі, ұлтымыздың ішкі діл, рухани тірегінен айырылып, «ұша­рын жел, қонарын сай біле­тін қаң­бақтай» қауқарсыз халі Әзиз-Сұл­танды алдағы үлкен күрес­ке пси­хологиялық тұрғыдан даярлайды. Көркем мәтіннің баяндау құры­­лымында бастан-аяқ автор-баян­дау­шы бейнесінде көрінген Тұрыс­бек Сәукетаев өмірлік шындықтың көр­кем материалға ауысу барысын қаламгерлік қабілет-қарымына қарай ұтымды ұйымдастыра біл­ген. Туындының өзі бірнеше кі­тап­­тан тұратын күрделі дүние бол­­­ған­­­дық­тан, кең тынысты, өріс­ті өлшем­ді, көп компонентті, мол фак­тор­лы құбы­лысты бірден сезінесіз. Қаламгер нақты тарихи деректер мен өз замандастарының бейнесін сомдай отырып, олар­дың көркем шығармадағы образын жасайды. Яғни өмірдегі ақиық ақын Олжас Сүлейменов, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев, МҚК-ның бастығы Миро­нин, Айтуаров, Шымкент облыстық пар­тия комитетінің секретары Ардабеков (Асанбай Асқаров), Михаил Сергеевич Горбачев, жел­тоқсан қаһарманы Әзиз-Сұл­тан (Қайрат Рысқұлбеков), Сәбира (Мұхаметжанова), т.б. бей­не­лері бар болмыстарымен шы­найы кескінделген. Кейбір кейіп­керлердің есімдері аталмаса да про­тотиптері көркем мәтіндегі тарихи деректер мен іс-әрекеттері арқылы айқындалып отырады. Оқырманға ой салып, көңіл-күй сыйлау, жанын қозғап, санасына сәуле түсіру осындай күрделі тағдырлар табиғатын ашып, кезең­дік кеңістікті кескіндеп, тарих­тың қай сынына да жауап бере ала­тын көркемдігі жоғары әдеби туын­дыларға ғана тән құндылық болса керек. Түрлі жанрларда жазылып, бей­неленіп жүрген Желтоқсан тақы­рыбы, ондағы қанды қасіреттер мен қилы тағдырлар осындай көр­кемдік тұтастықта көрінуінің өзі қазақ әдебиеті үшін үлкен үлес. «Айқараңғыдағы» Әзиз-Сұл­тан­­ның ұлттық намысы оянуына жан-жағын қоршаған әділетсіздік, әсіресе, ауылдық жердегі жергілікті халықтың азып-тозған жағдайы, жол бойы көрген сұрқай көріністер де қатты әсер етеді. Даладан келіп қала көрген студент енді өмірге өзгеше, саналы көзқараспен қарай бастайды. Жан-жағы толған қасі­рет, бұл қазақ қалай күн кешпек? Басы­мыздан неше зұлмат өтсе де жері мен тілін, мәдениеті мен өнерін найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана емес, туа біткен таби­ғи дарындылығымен де қорғап, дәріп­теп келген баба дәстүрі неге нілдей бұзылды? Отаршылдықпен келген алауыздық, бір-біріне деген сенімсіздік, әкесі баласына, қызы шешесіне шаптығатын дерт бүкіл ұлттық ділімізден айырылуға алып келді. Коммунизм, теңдік, ин­тернационализм, әділеттік дегені­міз тек баспасөз беттерінде ғана екен. Әзиз-Сұлтан өз діні мен діліне берік көрші өзбек ұлтының тәрбиесін алған Әбдімомын есімді жолсерікпен пікірталасқа түсу ар­қылы талай ақиқатқа көз жеткізіп, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Өз өмірі мен еліндегі жағдайға өзгенің көзқарасымен қарап, көп нәрсенің көлеңкелі тұстарына ой жіберген студент қазақтың руха­ни құлдырауына не себеп деген сауалдарға жол бойы жауап із­дейді. Бірақ, оны талдап, тара­зы­лауға өмірлік тәжірибесі жет­пейді. Жолсерік пен жолаушы диа­логы – шығарма идеясының пісіп-жетілуіне, олардың себептері мен ақиқаттарына жауап іздеу жолын­дағы авторлық шешім. Жазу­­шы жергілікті халықтың жаншыл­ған рухын, алданған арманын, тапталған намысын, тоталитарлық режімнің патшалық Ресейден бері түрін ғана өзгертіп, бөгде жұрт­ты тұқыртып келген сиқын екі ұлт өкілінің пікір­таласы арқылы әшкерелеуді тиімді әдіс деп тапқан. Қоғамдық өмірге деген саяси көзқарастар қайшылығы романда Әзиз-Сұлтанның бөлмелес жігіттері – Ержан, Мұхиттардың пікірталастары арқылы беріледі. Олардың алаңдағы жағдайды тал­даған ой-түйіндері, ашынғаннан айтылған ой қақтығыстары, тіпті, дүниетанымдарындағы ала-құ­ла­­лықтан туатын кереғар пікір­лер кеңес­тік кезеңнің іштей іріген саяси ахуалын, қоғамдық құбы­лыс­тардың бет пердесін ашады. Кеңестік алып империяның іргесін шайқалтқан Желтоқсан рухтың оянуына алғашында стихиялы түр­де басталса да, алаңдағы жас­тар­ға жасалған әділетсіздік, қазақ қыз­дарына көрсетілген қор­лық ұлттық санаға серпіліс беріп, оқиғасы ұласқанын бүгінгі тарих дәлелдеп отыр. Қазақ жастарының бойын­дағы қайтпас қайсарлықты, алға қой­ған айқын мақсатқа жету жолын­д­ағы табандылықты, мұқалмас жі­гер-қайратты біз романдағы Әзиз-Сұлтанның образынан көреміз. Әсіресе, «Шовинизм кәндені» деген тараудағы Әзиз-Сұлтанның көрген қорлығы, түрмедегі баскесер Пахан деген жауыздың айуан­дық іс-әрекеттері жан шошытады. Романдағы Әзиз-Сұлтанның жазықсыз жазалануы, сотталу процесі мен түрмедегі күндерінің сурет­телуі автордың детективтік сюжет­терді пайдаланғанын көрсе­теді. Айыптаушы Аллахбердиевтің айтқанына көнбеген Әзиз-Сұлтан көп кісілік камерадағы Пахан секілді қанды қылмыскердің өмір сүруіне де қоғам, орта кінәлі деп біле­ді. Әсіресе, өзі студент болса да алаяқ­тықтың неше айласын білетін сатқын Қосымхан, түрмедегі бас­кесер Пахан, Шынарбай Әшетович сияқ­ты кейіп­керлердің іс-әрекет­тері ұлттық рухтың азуын, ішкі тіректің тозуын көрсетеді. Азап пен қорлықтан қашып туған еліне, ата-анасына оралған қызды өз ауы­лының иттерінің қапқаны, жанына сая, көңіліне медеу болар асқар тауы әкесінің әйелі өлген шалға бауыр еті баласын қиып бермекші болуы Сәбираның жүрегін аяздай қариды. Шала жансар күйінде Сәбираны тауып алған Зухра мен көмекке келген үш қыздың ерлігі жан сүйсінтеді. Шенеунік жездесі Тасболаттың: «Қылмыскерді үйі­ме паналата алмаймын. Аялап әл­пештеген Отанның жағасына жармасқан опасыздар бұлар. Не жетпейді екен десеңізші. Қазақ осындай деген атқа қалдырып, бүкіл әлем алдында қара бет қылды халқымызды. Құртыңдар қарасын жылдам, әйтпесе, өзім милиция шақырып ұстап беремін!» деген сөзі «Аға» атанған азаматтардың абыройын айрандай етеді. Тасболат – сол кездегі ұлттық қасиет­тен жұрдай мәңгүрт қазақ­тың типтік бейнесі. Әзиз-Сұл­тан мен оның түрмеге бірге түс­кен замандастарының көрген қорлықтары да жан түршіктіреді. «№13 камера»деген тарауда 50 жыл бұрын тап осы камерада жатқан Сәкен Сейфуллиннің аруағымен Әзиз-Сұлтанның сұхбаты берілген. Жазушы ақынның ақталуы арқылы Тарих сотын береді, шындықты тірі пенде емес, тек Аруақтар, яғни тарих қана айта алады деген идея­ны ұстанады. Сәбира мен Әзиз-Сұлтанның бастан кешкен оқи­ғ­а­ларын кезектестіре баяндап, сюжет құрған қаламгер сол кезең­дегі саясаттағы, ел басын­дағы тұл­ға­лардың тағдырын, қай­рат­кер­лік қызметтерін композициялық құры­лымды әрдайым күрделендіре дамы­тып, күрмеуі қиын көркемдік ше­шім­дермен шұрайландыра түседі. Саяси сойқан кезіндегі бір-бірінің бетін ашқан арамзалар, аяқтан шалған шайқасулардың шым-шытырман қақтығыстары әр образ бейнесінде, іс-әрекетінде психологиялық дәлдікпен нанымды бейнеленеді. Қонаевты шақырып алып кешке дейін дәліз­де күттіріп қойған жаңа бас­шы­ның саяздығы, хатшы келін­шек­тің соның бәрін жуып-шаю­дағы адам­гершілік қасиеті, үл­кен­ге деген мүлтіксіз құр­меті, қара­пайым ғана қазақ әйелі­нің пара­сат парқына жетпеген, үркек үй­рек­­тей кабинеттерінен шық­па­ған шенеуніктердің шынайы порт­рет­тері пендешіліктің ең төмен дең­гейін көрсетеді. Айтуаров, Ми­ронин, есімдері жоқ офи­цер­лер мен солдаттар, Орлов, Костя сынды жаналғыш жандайшаптар тек қазақ емес, жалпы адам­зат­қа қауіп төндіретін қасірет егу­ші типтер. Жазушы осындай олқы­лық­тарды барынша шынайы дәл өмір­дегі фактілермен беруге тырысқан. Ең маңыздысы, әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің ауылы алыс­тап, осы отыз жылдың ішін­де сұрып­талып, тарихи деректер­мен дәлелденіп, орнықты ой түюге, тари­хи кезеңнің бүтін бір көр­кем­дік шежіресін тануға деген тал­­пы­ныс­тың жасалғаны және оның ақи­қат­тан алшақтамай нақты мәтін­дер негізінде көркемдік эсте­ти­калық құндылыққа ие болуы дер едік. Түйіндеп айтар болсақ, біз Тәуел­сіздікке қалай жеттік, оның құндылығы мен бағасы қа­н­ша­лық­ты деген сауалдарға Т.Сәуке­таев­тың «Айқараңғысы» атты романынан жауап ала аламыз. Гүлзия ПІРӘЛІ, М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орта­лы­ғының бас ғылыми қыз­мет­кері, филология ғылым­дарының докторы