• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

Күміс көмей

1642 рет
көрсетілді

Бабадан қалған текті өнер

 «Адамға бақ қонады, қыдыр дариды, ал қасиетті өнер тамыр жаяды, ұрпақтан ұрпаққа жал­ға­сады» деген халықтық қағида бар... Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын бозбала Каналбайға немере ағасы Асабай сырнай, дом­быра тартуды үйретті. Шежі­ре қариялардың айтуынша, атасы Қарынбай ауыл-аймаққа бел­гілі айтыскер ақын болған кісі. Оның кіндігінен тараған бала­лары Сейілбек, Досыбай, Аса­бай­лар да бірі суырыпсалма ақын­дығымен, енді бірі күміс көмей әншілігімен танылған жандар еді. Немере ағасы Досыбай­дың шыр­қай салған әсем әні алты қыр­дан асып, жезтаңдай өнер­паз­дың ғаламат даусына тамсан­ба­ған жан болмаған екен. Той-жиын­ның гүліне, әсіресе қыз-келіншектермен айтыста дүл­дүлге теңелген оның ел арасында «сері» аталып кетуінің басты себебі осындай өнерімен тығыз байланысты болса керек. Көнекөз қариялардан қалған: «Досыбай ақын Шәби есімді өмірлік қо­са­ғын айтыста жеңіп алған» деген әңгіме тағы бар. Ақындар айты­сын­да алдына жан салмаған өнер иесі 1943 жылы Ленинград қаласын неміс басқыншылары­нан қорғау кезінде ерлікпен көз жұмады... Ал оның ағасы Асабай кезінде Майлықожа мен Айман қыздың, Әкімкерей мен қызыл ақын Мырзабектің, Молда Мұса мен Манат қыздың айтыстарын жатқа айта алатын құйма құлақ, зерек жан болған екен.  

Мәскеуде шырқалған Шегенің ариясы

Білмегенін білуге, көрмегенін көрсем деп талпыну – талантқа тән табиғи құштарлық. Жастайынан үнемі жаңа ән мен термеге әуес Каналбай Сейілбекұлының өнер жолы несімен ерекшеленеді дегенде, менің алдымен көкейге түйген әсерім: оның халықтық тың туындыларды жырлап, кеңі­нен таратудағы рөлі мен өзгені қай­та­ламайтын орындаушылық қыры болатын. Сондықтан әр шы­­­ғар­­­маны нәшіне келтіріп, шы­райын шырақтай жарқыратып жібере алатын талантын байқаған сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің мамандары жас жігіт­ті қызметке аттай қалап өздері шақы­рады. Талант иесі мәдениет үйі­нің автоклуб меңгерушісі бо­лып ұзақ жылдар жемісті ең­бек етті. Дала қостарында ди­қан­дарға, құм қойнауында малшы­ларға әуезді ән мен маржан жыр­дан шашу шашқан дүлдүл ән­ші­нің өмір мектебі өнерге жаңа­дан келіп жатқан кейінгі жас­тар үшін бүгінде үлкен өнеге боларлық. Аудандағы ірілі-ұсақты шаралардың қай-қайсысы да онсыз өткен емес. Жезтаңдай әнші үлкен сахнаға алғаш рет 19 жасында шығып, өнерпаздардың облыстық байқауында жүлделі орынды иеленіпті. Мұнан соң республикалық сайысқа жолдама алып, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өт­кен көркемөнерпаздардың рес­пуб­ликалық сайысында бірін­ші жүлдені қанжығасына бай­лаған. Ал 1963 жылы көркемөнер­паз­дардың облыстық байқауында Киров ауданының өнер ұжымы халық театры, халық оркестрі атақтарын жеңіп алды. Бұл бір қарағанда, айтуға жеңіл болғанмен, көп тер төгумен қол жеткізілген айрықша олжа еді. Осынау табыстың сырына үңілсеңіз, К.Сейілбекұлының ора­сан зор еңбегін қайталап айтуы­мызға тура келеді. 1964 жылы Құрманбек Жандарбеков­тің жетек­шілігімен аудандық халық театры Мәскеудегі Кремль сах­насында жазушы Ғабит Мүсі­реповтің «Қыз Жібек» спек­таклін ұсынды. Өңірлік театр­лар тарихында бұл оқиға ұмы­тыл­мас ғибратқа айналды. Осы қойылымда Каналбай Сейіл­бекұлы Шегенің рөлін сом­дады. Әлі күнге дейін ұлттық клас­­­сикалық туындыда Шеге­нің ариясына айрықша маңыз бері­леді. Оған кез келген әнші таң­дал­майды. Дауыс диапа­зоны лайық жанға ғана сенім арты­лады. Соған орай Шегенің рөліне таң­­далуы саңлақ тұлға тара­пынан өнер шеберіне көрсетілген сенім­нің шынайы белгісі болатын... Ансамбльдің құрамында Мәс­кеудегі халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесінде өнер көрсетті. Осы сапар барысында Канекең «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын, халық әні «Он алты қызды» нәрлі сарында, нәшіне келтіре орындап, ұжымның ме­рейі үстем болды. 1967 жылы Киров аудандық халық театры Самарқан қаласында өт­кен бү­кіл­одақтық театрлар фести­валіне Б.Майлиннің «Жалбыр» қойылымымен қатысты. Осы туындыда өнерлі жан Қайрақ­байдың бейнесін сомдап, Бүкіл­одақтық фестивальдің лау­реаты атанды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өз білімін, кәсіби шеберлігін шыңдаған әнші 1973 жылы Ташкенттегі театр және өнер институтын театр және кино актері мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады. Мұ­нан соң Жетісай мәдени-ағар­­ту техникумында сахна ше­бер­­лігі бойынша жастарға дәріс бере­ді, саналы ғұмырын аудан­ның мәде­ниет саласын дамы­туға арнайды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Канекең тәр­бие­леген өнерпаздар қаншама. Олар­­дың ішінде танымал әнші-тер­ме­ші­лер­ден Е.Алданов, М.Бек­баев, К.Айтбаев, Ө.Сұлтан­­мұ­ратов, С.Қошқаров және т.б. бар. ...Бір ғана кісінің бойына үш бірдей – әншілік, термешілік және жыршы-жыраулық өнердің тоғы­суы некен-саяқ кездесетін жағ­дай. Мемлекет тарапынан өнері ес­ке­ру­сіз қалдырылған жоқ, ән­ші әр жылдары өзінің лайықты баға­­­сын алып отырды, халықтың құр­­­меті мен сүйіспеншілігіне бө­лен­­ді. Бүгінде Мақтаарал ауданы­­ның құр­метті азаматы. Одақ­тық дең­гей­дегі медальдары мен мара­пат­тарын өнер иесінің сан жылдар бо­йы төк­кен терінің жемі­сі деп білеміз.  

Жүрекпен жететін жанр

 Канекең көнеден келе жатқан жыр-термелерді тыңдаушысын жалықтырмай, жұмсақ мақам­мен, жүрекке жеткізе орындайды. Әуелетіп ән салғанда, әупілдектей әсерленесіз. Еліміз тәуелсіздік ал­ған алғашқы жылдары Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Прези­денті Ис­лам Каримов Мырзашөлге іс­сапармен келген болатын. Сонда қос Президенттің алдында Кане­кең Ақтан Керейұлының тер­ме­сін шырқады. Екі елдің бас­шы­­лары сахна саңлағына риза­шы­­лық­тарын білдірді. Кеште Нұрсұлтан Әбішұлы өнер иесі орын­­даған әндерді сүйсініп тыңдады. 1986 жылы Қазақстан теле­­ар­­насы өткізген респуб­лик­алық ақындар айтысында Шымкент пен Семей ақындары сайысқа түсті. Осы байқауда Канекең Ақтан Керейұлының «Жайық деген жан­ды су» атты термесін орындап, көрермен­нің сүйіспеншілігіне бөленді. «Сөй­леп қал, сөйле, тілім, дем барында» деп қарияның өзі жыр­лағандай, бұл күндері К.Сейіл­бекұлы қазақы тәрбиенің бұлақ бастауы – жауһар жырлар мен тағылымды термелерді, әуез­ді әндерді талмай орындап жүр. Бұқар жырау Қалқаманұлы, Тұр­мағамбет Ізтілеуов, Кенен Әзір­баев, Құтбай Дүрбаев, Нар­тай Беке­жанов, Майлықожа Сұл­тан­қо­жаұлы, Құлыншақ Кемел­ұлы, Ыбырай Алтынсарин, Қайып­назар Әйтпенов, Қадыр Мырза Әлі, Нәмет Сүлейменов, Тоқтағұл Сатылғанов және басқа да танымал ақындардың ақыл, нақылға толы ғибратты туындыларын талмай насихаттап келеді. Ақсақалдың айтуынша, әнші, термеші болу оңай емес, бұл – үлкен еңбекпен келетін, үзбей дайындықты қажет ететін кәсіп. Дауысты бабында ұс­тай білу үшін әншіге өте жоғары талап қойылады. Каналбай ақсақал бүгінде «Қазақ­стан-Шымкент» теле­арна­сынд­ағы «Ғибратнама» теле­хабарына белсене қатысады, тәр­бие­нің қуатты құралы – тағы­лым­­ды термелерді орындап, руха­­ни қазынаны халық арасына кеңі­нен таратуда айтарлықтай ең­бек сіңіруде. Өнер саңлағы са­на­­л­ы ғұмырын қазақтың қа­сиет­­­ті қара домбырасына ар­нап, оның орындауындағы әндер мен жыр-термелерден арнайы аудио­­дискілер жарық көрді. Сон­дай-ақ, әнші орындаған шы­ғар­малар Қазақ радиосының, «Қаза­қ­стан-Шымкент» теле­арна­сы­ның дыбыс және бейнежазу қор­ларында сақтаулы.  

Өнер қонған шаңырақ

 Канекеңнің отбасына келсек, қызы Күләйхан Алматыдағы қыз­дар педагогикалық инс­ти­ту­ты­ның музыка факультетін бітір­ген. Кезінде білім ордасы­ның «Ұлар» этнографиялық ансамблі құрамында өнер көрсетіп, қазақ әнін шартарапқа паш етті. Бүгін­де Шымкенттегі мектеп-гим­­­на­зия­да ұлағатты ұстаз. Ән мен тер­мені талғампаздықпен ба­бы­на келтіріп орындайды. Ш.Қалдаяқов атындағы халық­ара­­лық ән байқауының лауреаты. ҚХР Іле ауданында дүние жүзі қазақ­­тарының алдында тамыл­жыта ән салып, әлем қазақтары қауымдастығының Алғыс хатын иеленді. 2000 жылы ұлы компози­тор Н.Тілендиев атындағы «Аққу» байқауының дипломанты атанды. Ал әке өнерін жалғастырған Үрәлхан Сейілбекқызына келсек, өткен жылы Польша сим­фо­ниялық оркестрінің сүйемел­деуімен Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін шырқап, поляктардың қоше­метіне бөленді. Халықаралық өнер додасында қарапайым қазақ қызы «Славян әндерін үздік орын­даушы» аталымы бойынша лау­реат атанды. Бүгінде Үрәл­хан – Шымкенттегі облыстық опера және балет театрының белді соли­сі. Қазыналы қарияның неме­ресі Жанғали да өнер бәйгесіне қосы­лып үлгерген өнерпаз... Өмірі өнермен өрілген Канал­бай Сейілбекұлы мен зайыбы Тұрған апаның балалары мен немерелері ортасындағы жарқын жүзі мен жарасымды сәтіне біз де сүйсініп, өнерді өнеге тұт­қан мерейлі отбасының шуағына бөле­ніп қайттық. Уәлихан ҚОЖАҚ Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы Суретте: Каналбай ақ­са­қал мен Тұрған апа немерелерімен бірге