• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

2016

267 рет
көрсетілді

Ширек ғасыр ішінде Қазақстан қаншама биік белестерді бағындырып, жаһандық бастамаларға ұйытқы болып, әлемдік аренадағы тұғырын биіктете түсті. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын кезеңде ел экономикасы да қарқынды дамып, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай артты. Ал еліміз үшін биылғы жылдың жөні бөлек. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Осы жылдың аясында атқарылған істердің өзі тәуелсіз мемлекеттің тарихында олжалы жыл болғандығын айғақтайды.  

Алашты арманға бастайтын жол

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталып, мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енгендігі мәлім. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген тақырыппен бағдарламалық мақаласын жариялаған еді. Мемлекет басшысы «Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!» деген еді аталған мақаласында. Өз туындысында Президент мерейлі жылдың басында мемлекет алдында тұрған асқаралы міндеттерді, Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы орны мен беделі жөніндегі сарабдал ойларын ортаға салған. «Біз Тәуелсіздіктің 25-белесіне жаңа қазақ­стандық арманмен аяқ бастық, оның бас­ты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар. ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманға айналды», деп жазады Мемлекет басшысы. Мемлекеттің тәуелсіздігін алу бар да, оны тұғырлы етіп, келешек ұрпаққа жеткізу бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына ену туралы идеясы да осындай мұрат-мақсаттармен астасып жатыр. Өткен ғасырдың басында алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы айтқандай, «Қазір «мен әлсізбін» деп еш нәрседен таюға жарамайды. Әлсіздің әлді болуы, әлдінің әлсіз болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек». Әсіресе, бұл қазіргі жанталасқан жаһандану заманында керек кесек мінез. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларға ұйытқы болып жүргені де сондықтан. Қазақ елінің бейбіт мақсаттағы игі идеялары төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен қолдау тауып, Елбасының қайраткерлігін, парасаттылығын алпауыт елдер басшыларының өзі мойындап отыр! «Ұлы халық болу үшін ұлы мақсат қоя білу керек» (Қадыр Мырза Әлі). Ел Президентінің ерен стратегиялық жобаларды арқау етіп, Қазақстанның алдына биік мақсаттарды қоятыны осыдан да болса керек. Әлемдегі маңдайалды отыз елдің қатарынан көріну үшін де елдің экономикасы еңселі, халықтың әлеуметтік жағдайы әлеуетті болуы тиіс. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайту, индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыру сияқты реформалардың қай-қайсысы да заманауи мемлекеттің басты құндылықтары болып табылады. Елбасының мемлекеттің алдағы уақытта іске асыруға тиіс реформалары осындай ірі-ірі дүниелерді қамтиды. Аталған экономикалық реформа жүзеге асқан жағдайдағы мысалдың біріне ғана тоқтала кетелік. Елдегі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының нәтижелері бойынша-ақ бірқатар биік көрсеткіштерге қол жеткізілмек. Бизнестің инновациялық белсенділігі ІЖӨ-нің 20 пайызына дейін, инновациялық өнімдер үлесі 2,5 пайызға дейін артады. Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылады. Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған. 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд теңгені құраса, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды. Қазақстанды халықаралық көліктік-коммуни­кациялық ағындарға интеграциялау мақсатында мультимодальды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» құру жобасы басталды. Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етіп, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмен­дететін болады. Міне, бұл бір ғана индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге байланысты деректер. Олай болса, сан саладағы реформалар жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы отыз елмен иық тірестіретіні анық. Негізі, «Ұлт жоспары – Қазақстанды кең ауқымды жаңғырту жобасы» деп Елбасының айтып отырғаны елдің алдында тұрған міндеттердің асқақ екенін көрсетеді. Яғни, Мемлекет басшысы осындай қадау-қадау реформаларды жүзеге асыру арқылы Қазақ елінің мерейін асырып қана қоймай, қазіргі өркениеттің төрінен оның өзіне лайықты орнын алуға ықпал ететіні айқын. Басқалай айтқанда, бағзы бабаларымыз армандаған Мәңгілік Ел осындай игілікті шаруадан, бүгінгінің тілімен айтқанда, реформаларды жүзеге асырудан тұратыны тағы белгілі. Ендеше, биылғы жылдың үлесіне кіретін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласының маңызы жоғары. «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз», деп түйіндейді мақаласының соңын Мемлекет басшысы. Ұлы Дала елі. Ұлт жоспары. Ұлттық Өрлеу Дәуірі. Қазақстан Президенті осы ұғымдарды бабалардың ұлағатын балаларға, яки алаштың болашақ ұрпағына аманат ретінде жеткізіп отырғаны тағы да ақиқат. Сенімнің биік-биік белестерге құлшындырары тағы да мәлім. «Әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кемде-кем» болғанымен, Елбасы айтқан жалпыұлттық арманның жүзеге асатынына сеніміміз кәміл. Елудікті еңсерген елдің отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алатыны да сөзсіз.  

Жаһандық бастамалар аралығында немесе Үндеу һәм сайлау

Жылдың басында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерген Үндеуі жарияланды. «Елбасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұруы жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы  стратегиясы мен нақты Ұлт жоспары бар. Бүгін – кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Қазірден бастап тың реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді орындау үшін біз бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз», делінген Мәжіліс депутаттарының Үндеуінде. Әлбетте, сайлау өткізу туралы шешімді Елбасы бірден қабылдай салған жоқ. Елдің игілігін, мемлекеттің орнықты дамуын бірінші орынға қоятын Президент осы жолдағы келелі мәселені жұртшылықпен, үзеңгілестерімен кеңінен талқылап, өз ақыл таразысынан өткізіп барып бір тоқтамға келетін. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Роговпен консультациялар өткізіп, олардың пікірлерін тыңдады. Конституциялық кеңес төрағасы Мәжіліске кезектен тыс сайлауды алдағы барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауымен бір мезгілде өткізу Конституциялық нормаларға толық сай келетінін атап өтті. Бұл кезде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында, сарапшылар арасында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатқандықтан, бұл орайдағы пікірлер де бір арнаға тоғысып қалған еді. Осының бәрін сараптай келе, Елбасы Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату және Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жариялады. Соның негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 21 наурызда өтті. Әлемдік қаржылық дағдарыс белең алып тұрғанына қарамастан, Қазақстан халқы тұтастығын көрсетіп, кезектен тыс сайлауда дауыс беруге белсене қатысты. Сонымен, 20 наурызда партиялық тізіммен өткен сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясына – 82,20, Қазақстан коммунистік халық партиясына – 7,14, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 7,18, «Бірлік» саяси партиясына – 0,29, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына – 1,18, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 2,0 пайыз сайлаушылар дауыс берді. Сөйтіп, партиялар арасындағы мандаттар бойынша «Нұр Отан» партиясы – 84, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7, Қазақстан коммунистік халық партиясы 7 мандатты иемденді.  

Елбасының бейбітшілік бастамасы

Қазақстан Президенті қырық жылға жуық тажал эпицентрі атанған әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының туған халқына қаншалықты қасірет әкелгенін жақсы біледі. Сондықтан да, ядролық қаруланудың ақыры жақсылыққа апармайтынын халықаралық мінберлерде үнемі айтып, ажал себетін қаруды таратпау туралы шарт міндеттерінің орындалмауына байланысты алаңдаушылығын білдіріп келеді. Елбасының бұл орайдағы тағы бір аса маңызды жаһандық үндеуі – биылғы сәуір айының басында Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі болды. Қазақстан Президенті осы манифест арқылы халықаралық қоғамдастықты келешекті ойлауға, пленетамызды радиоактивті материалдардың үйіндісіне айналу қатерінен сақтауға шақырып, нақтылы ұсыныстарын да алға тартты. Расында да, бүгінгі әлемді түрлі қайшылықтар мен державалық текетірестермен бірге, терроризм қатері де меңдеп барады. Ең қауіптісі – ядролық қару жасау технологиясының террористер қолына түсу ықтималдығы күннен-күнге артып келеді. Сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Вашингтондағы саммит аясында ғана емес, кейін де талай-талай беделді басқосудың темірқазығына айналды. Көптеген шетелдік тұлғалар бұл манифесті жоғары бағалады. Соның бәрінен биігі – манифестің БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алғаны еді. Онда айтылған жайттар мен ұсыныстар бүгінгі әлем халықтары үшін аса өзекті екендігінің жарқын дәлелі осы болса керек. Қауіпсіздік Кеңесі демекші, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануының өзі биылғы жылдың еншісіндегі ерекше олжа деп айтар едік. Бұл туралы 2016 жылғы 26 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жариялады. «Қазіргі заманғы шетін проблемаларды шешуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен және өңірлермен қарым-қатынастарымызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының еңбек сіңірген табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші», деп Елбасының үндеуінде айтылғандай, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы биік беделін, қазақ халқының жаһандық саясаттағы өзіндік орнын әйгілейді. Сонымен қатар, Елбасымыздың адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары, жер бетінде тыныштық орнатуға, әлем халықтарын бейбіт әрі бақуатты өмір сүруге шақырған үндеулері халықаралық қоғамдастық тарапынан дұрыс қабылданғанын және осы орайда белгілі бір дәрежеде Қазақстанға әлемдік қауіпсіздікті сақтау ісіне ілкімді үлес қосу мүмкіндігі беріліп отырғанын байқатады. Реті келгенде айта кетейік, Елбасының манифесі 29 тамызда төрқалада өткен Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияның көкейкесті және маңызды екенін көрсетті. Бұл конференцияға да әлемнің көптеген елдерінен жоғары лауазымды өкілдер қатысып, Қазақстанның бастамаларына қолдау білдірді. Мәселен, Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі Мотоме Такисава: «Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған конференция ядролық сынақтардың радиоактивті сәулелерінің зардаптары жайлы шындықтың барша әлемге кеңінен таралуына үлес қосады. Мен аталған конференцияның өткізілуін құптай отырып, Қазақстанның осы мәселедегі көшбасшылық рөліне құрмет сезімімді білдіргім келеді», деп атап көрсетті. Қыркүйек айының басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммитіне қатысты. Бұл ұйымға жер жүзіндегі халықтың 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын қамтитын мемлекеттер кіреді. Сондықтан «Үлкен жиырмалық» аталатын әлемдегі іргелі ұйымның басқосуына қатысу, оған қоса, саммитте Елбасының сөз алуы – Қазақстан үшін үлкен оқиға. Қазақстан Президенті Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммиті туралы ойын төмендегіше түйіндеген болатын. «Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым». Осылайша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігі арқасында Қазақстан бес құрлық атаулыға бейбіт бастамасымен танылды. Елдің атын ері шығаратыны әлімсақтан мәлім. Мемлекет басшысының озық идеялары арқылы Қазақ елінің де мәртебесі биіктей түсті.  

Жетістіктер жылнамасын жазған жыл

Отандық жылнамада 2016 жылы Риода өткен олимпиялық ойындар да өз орнын алады. Рио олимпиадасы сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Еліміз атынан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер санынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл Алматы қаласының мыңжылдық мерекесі тойланды. Кеңес дәуірінде қаланың тарихын әрі тереңдетпей, бертіндегі Верныйдан бастап, шаһардың шежіресін былтырғы ғасырдан таңбалаған-ды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшыларымыз бүгінгі мегаполистің мыңжылдық тарихы бар екенін әйгіледі. Мың жыл бұрын Алматы сияқты қаланың іргетасын қалаған бабаларымыздың арқасында биыл мегаполистің мерейтойын да тойладық. «Алматы – мәңгілік көктем қаласы, Орта­лық Азияның інжу-маржаны. Бұл мегаполис – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі, респуб­ликамыздың жаңа тарихы басталған жер». Тұңғыш рет Тәуелсіздік туы желбіреген шаһар туралы ел Президенті осылай деген болатын. Мыңжылдық тарихы бар мегаполис бүгінде Қазақстанның аса ірі экономикалық орталығы саналады. Соңғы кездегі әлемдегі қаржылық дағдарысқа қарамастан, Алматы бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала беретіні айқын. Алматы елдегі ІЖӨ-нің 20,9%-ын, барлық салық және салықтық емес түсімнің 32%-ын, барлық сауда операцияларының 41%-ын құрап, еліміздегі жұмыс істейтін халықтың шамамен 15%-ын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қаланың үлесіне бөлшек және көтерме сауда тауар айналымының барлық депозиттер көлемі мен несиелерінің 40%-ы тиесілі екенін де еске салғанның өзі жеткілікті шығар. Осының өзі шаһар әлеуетінің қай деңгейде екенін көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала халқының жан басына шаққандағы тиесілі жалпы өңірлік өнім 29 мың АҚШ долларын құрады. Бұл – Орталық және Шығыс Еуропаның астаналары мен ірі қалаларының деңгейімен шамалас деген сөз. Жыл сайын адамдардың өмір сүру көрсеткіші жақсаруда, Алматы бойынша адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасты құрады.  

Тәуелсіздік Декларациясы

Биылғы жылдың, әсіресе, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияның орны бөлек. Ширек ғасырдың қорытынды құжаты іспетті. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі бұл да бір белес. Бұрынғы кеңестік кеңістік аумағындағы республикалар арасында 25 жыл ішінде етек-жеңін жинай алмай есеңгіреп, мемлекеттіліктің толық белгісін түгендей алмай жатқандары қаншама?! Ал Қазақ елі Елбасының сарабдал саясатымен мемлекетін мығым, тәуелсіздігін тұғырлы етіп, әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Сол себепті де Парламент депутаттарының қабылдаған Декларациясын өткен кезеңнің нәтижесі, болашақтың бағдары деп айтуға толық болады. Декларацияда «Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мүмкін болды. Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды» деп айтылады. Ердің еңбегін лайықты бағалар болар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында талайлар ақырзаман орнатып, қырық құрақтан құралған Қазақстан алакөздік пен алауыздықтың мекеніне айналады деп сәуегейлік танытқаны бар. Мұндай «көріпкелдердің» көш басында басқа емес, әлемге танымал қайраткерлер болғаны тағы белгілі. Ондайлардың болжамын сұңғыла саясаткерлер ғана жоққа шығарды. Қазақстан Президенті солардың санатынан. Пәленбай ұлт пен ұлыстан құрылған жұртты уыздай ұйытып, Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұйым аясына біріктіріп, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруге бейімдеуі сұңғылалықтың белгісі екені талас тудырмаса керек. «Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Назарбаевтың тарихи жетістіктері болып табылады». Елбасының табандылығының, ерік-жігерінің арқасында Тәуелсіз елдің төрт тарапы түгелдей шегенделді, халықаралық деңгейде мойындалды. Ресми құжат жүзінде таңбаланды. Сол себепті бұл тұрғыда Мемлекет басшысының еңбегі орасан. Бүгінде Қазақстанның аты дүниенің бұрыш-бұрышына танымал болып жатса, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі екеніне сөз жоқ. Өйткені, Кеңес Одағының шекпенінен шыққан қай республиканы әлем таниды дейсіз? Таныса, Нұрсұлтан Назарбаев сынды халықаралық деңгейдегі қайраткер басшысы бар Қазақстанды ғана біледі! Сол себепті Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Декларацияда айтылған баға – нағыз баға! Оны «Егемен Қазақстанның» электронды поштасына келіп түсіп жатқан хаттар да айғақтайды. Осы тұста мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің Елбасының «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа туындысы жайында жазған «Тәуелсіздік толғауы» атты мақаласынан бір үзік ой келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. «Ұлан-ғайыр қазақ даласында небір хандар мен көсемдердің де, билер мен шешендердің де, жыраулар мен даналардың да, батырлар мен ақындардың да өткені рас, бірақ арғы-бергі тарихымызда Нұрсұлтан Назарбаевтай кісі болған жоқ. Өйткені, Назарбаев – тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен; халқын қылкөпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шыққан; бабалар аманатын жүзеге асырған; қирандыдан тәуелсіз мемлекет орнатқан; оның мектебін, дәстүрін қалыптастырған; Қазақстанның өз жолын тапқан; елін әлемге танытып, мойындатқан; қазақтың есіктегі басын төрге шығарған; ынтымақ-бірлігі жарасқан халқын сүттей ұйытып отырған жасампаз қайраткер, Ұлы Даланың тарихын қайта жазып жатқан ғұлама; тәуелсіздігіміздің архитекторы, реформатор; ел-жұртының панасы, жанашыры; туған халқының тірегі, Бәйтерегі, алтын діңгегі; Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропаның, мұсылмандар мен христиандардың үмітін жалғаған, Еуразия кеңістігінде тұрақтылық орнықтырған, адамзат тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын әлемдік тұлға. Ол экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы ұйқыда алаңсыз жататын, ертеңіне сенетін еңселі ел орнатты; аласапыран дәуірдің ауыр жүгін кәтепті нардай көтерді, халқының сөзін ұстады, ақиқаттың ақ семсері, ұлтының ұраншысы болды, қара қылды қақ жарды; үнемі елдікті, береке-бірлікті ту етіп келеді». Елбасының үзеңгілес серігі, ел тәуелсіздігін тұғырлы етуге өзіндік үлес қосып келе жатқан Мырзатай аға Жолдасбековтен асыра айту қиын. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қорытындылаған 2016 жыл да өзінің жеңімпаз үрдістерімен, жасампаз жетістіктерімен Мәңгілік Ел мұратындағы мемлекетіміздің тарихи жылнамасына енді. Оның барлығы ғасырлық межесіне жақындаған бас басылымның бетінде кеңінен көрініс тауып, тасқа басылғаны газет үшін үлкен мәртебе, біз үшін зор қуаныш. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай... Дархан ҚЫДЫРӘЛІ