• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Қарабауда қалың тарих

1090 рет
көрсетілді

Атыраудағы көне дәуір қалалары мемлекет қамқорлығын күтеді Ел тарихының зерттелуін, жинақ­талуын нығайта түсу үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында көптеген тия­нақты істер тындырылды. Осы орайда Атырау өлкесіндегі тари­хи орындар туралы ұсыныс, пікір білдіруді жөн көрдік. Әңгіме арқауы Қызылқоға ауданының Қарабау жеріндегі көне дәуір қалалары мен тарихи орындар туралы болмақ. Қарабау маңы ерте дәуірден адамдардың өмір сүріп, тіршілік етуіне бірден-бір қолайлы аймақ болып саналған. Қарабау – Қазақстанда сирек кездесетін тарихи аймақ. Алайда, осы тарихи аймақ мемлекет назарынан шет қалып отыр. Қазіргі Қарабау селосының төңірегінде ерте дәуірлерде адамдар өмір сүр­ген көне дәуір қалалары орна­ласқан. Атап айтқанда, олар Жұ­май, Қызылқоға, Саркөл, Қорған­ша, Мән, Ақтөбе, Бармақ және Ескі Қарабау немесе Қарабау-1 деп аталады. Айналасы 25-30 ша­қы­рымдық аумаққа осындай сегіз қаланың орналасуы бұл ай­мақ­та ерте дәуірдің өзінде үл­кен мәдениеттің болғандығын көр­сетеді. Қазіргі Қарабау селосының айна­ласы біріне бірі жалғасып жат­қан тарихи орындардың үлкен бір кешенді аймағы десек, артық айтқандық емес. Бұл өлкеде тарихи қасиетті орындар көптеп саналады. Сондай тарихи қасиетті орындардың бірі әрі бірегейі – Жұмай көне дәуір қаласы. Ол Қара­баудың іргесінен басталып сол­түстік-шығыс беткейдегі үлкен алқап­та, зерт­теушілердің жобалауын­ша, ұзын­дығы үш шақырымдай, ені бір ша­қырымдай жерге созылып жатыр. Қарабаудың солтүстік-батыс бетке­йінен басталған көне мәде­ниет іздері солтүстік-шығыс­қа қарай созы­лып, өзенге жақын­дай­ды. Тарихи орынның өн бойында құм­дауыт­ты жерлер, ақ шағыл құмдар кездеседі. Осы аймақта көне дәуір­дегі адамдардың ұста­ған еңбек құрал­дары, ыдыс­тар­дың, керами­калық заттардың сынық­тары жиі кездеседі. Оларды құм­ның арасынан жел үрлеп шығарып тастайды. Бұдан 35-40 жылдай бұрынғы Жұмайдың көрінісі осындай болатын. Бүгінгі уақытта да сол көрініс. Өзгеріс жоқ. Жұмай көне дәуір қаласынан керамикалық бұйымдардың қалдық­тары, шақпақ тастан жасал­ған еңбек құралдары, басқа да тұрмыстық құрал-жабдықтардың бөлшектері табылды. Жұмай қала­сынан табылған ең көне экспонат – ерте дәуірде жасалған қола айна. Қола айнаны Мәскеу археологы Галкин экспедициясы 1983 жылы тауып, облыстық музейге тапсырып кетті. Жасалғанына мыңдаған жылдар өтсе де айна өте жақсы сақталған болатын. Қарабаудан келген қола айна сол жылы көп кідірмей музей экспозициясына шығарылды. Одан бері де, мінеки, отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы қалалардың ішіндегі ең көнесі және көлемі жағынан ең үл­кені, жоғарыда айтып кет­ке­ні­міздей – Жұмай қаласы. Бұл Батыс Қазақстан аймағындағы ең үлкен тарихи қала. Облыстық та­рихи-өлкетану музейіндегі көп­те­ген архео­логиялық экспонаттар, 20-ға жуық шағын-шағын жәшік­терге салынып, Қарабаудан әкелінген. Тарихтың терең қойнауына кеткен, Қарабау маңындағы көне қалалардың екіншісі – Қызыл­қоға. Бүгінгі Қызылқоға ауданы осы қаланың атымен аталады. Бұл қалада тарихта аты қал­ған атақ­ты Қызылқоға базары жұ­­мыс жасаған. База­­рға батыс пен шығыстан, ат тұяғы жететін аймақтардан ар­ты­нып-тартынған саудагерлер, ке­рек-жарағын іздеген жүз­деген, мың­даған қазақтың қалың бұқа­расы жиналып отырған. Мұнда Ресейден, Түрікменстаннан, Қара­қалпақстаннан, Сыр бойынан, Маңғыстаудан, Арал маңынан сау­да керуендері келіп сауда-саттық жасаған. Қалада қазақ­тардан басқа да әртүрлі ұлт өкілдері тұрған. Ел аузында сақ­талған тарихи әң­гімелер Қы­зылқоға қаласы­ның жан-жақ­тан құйылған әртүрлі ха­лық­­тардың сауда-саттығының қызған, қайнаған орталығы бол­ғандығын, ән мен күйдің, жыр мен терменің, жалпы өнердің дамыған ортасы болғандығын баяндайды. Аузына ел қараған талай жыр­шы-жыраулардың таңды таңға ұлас­тырып жыр айтқан, неше түрлі бал таңдай әншілердің ән-мар­жа­нын төгілткен, он саусағынан өнер тамған күйшілердің күй кәуса­рын құйған жері – қасиетті Қы­зылқоға қаласы қазіргі уақыт­та көшкін құмға жұтылып жатыр. Қаланы құм құрсауынан құтқа­рып, аршып, тазартып, зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, тарихи орын ретін­де сақ­тау, көрермен халықтың назарына ұсыну бүгінгі уақыттың өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Қарабау аймағындағы көне қала­лардың үшіншісі – Мән қала­сы. Бұл да осы аймақтағы үлкен қала­лардың бірінен саналады. Мән – белгілі ақын Мұрат Мөң­кеұлының туған, өскен жері. Мән қаласында тарихта аты қал­ған атақты «Қарабала мешіті» орна­ласқан. Қарабала елдің, халықтың жағдайын ойлаған адам болған. Жас ұрпақтың сауатын ашып, бі­лім берген. Мән қаласының орны алыстан көрініп тұрады. Қара­баудан 15 шақырым жерде орна­ласқан. Атырау қаласына қарай жүретін үлкен жолдың бойында. Қарабау аймағындағы көне қала­лардың төртіншісі – Саркөл қаласы. Қарабаудың күншығыс бетінде, Доссор бағытында орна­л­ас­қан. Айта кету керек, осы аймақ­тағы Ақтөбе және Қорғанша қала­ларын Асан қайғы бабамыз салдырт­қан делінеді. Бұған дәлел – ақын Мұрат Мөңкеұлының жырлары. Соны­мен бірге, ел аузындағы әңгіме­лер мен ауызша тарих айтушы­лардың деректері. Мұрат Мөңкеұ­лы­ның жырлары өлкеміздің тарихы­мен тығыз байланысты. Халел Дос­мұ­ха­медов ақын Мұрат Мөңкеұлын «Тарих саласындағы қазақтың бірін­ші профессоры» деп бағалаған екен. Асан қайғы бабамыз – жырау, философ, би, ақылгөй-дана, қо­ғам қайраткері, сондай-ақ, қазақ жерінде сонау ерте дәуірде қала салу ісін жүргізіп, қалалық мәде­ниеттің қалыптасып дамуына өзіндік үлес қосқан тарихи тұлға. Қазіргі Қарабау селосының солтүстік-батыс бағытында екі шақырымдай жерде Бармақ көне дәуір қалашығы орналасқан. Көне дәуірлерде адамдар қоныс еткен Бармақ мекені – энеолит заманынан қалған тарихи мұра. Әр жылдарда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында ерте дәуір адамдарының мекенінен қыш құмыралардың бөлшектері, садақ оғының ұштықтары, басқа да ыдыстардың, еңбек құралдарының қалдықтары табылды. Қарабау селосының солтүстік-шығыс бетінде екі жүз метрдей қа­шықтықта ерте дәуір адамдарының тұрағы болған Қарабау көне мекені орналасқан. Бұл жерден де көне дәуір адамдарының ұстап-тұтқан ою-өрнекті ыдыстары, еңбек құралдарының қалдықтары мен қыш құмыралардың сынықтары, фрагменттері табылды. Ерте дәуірде өмір сүрген қала­лардың өзіндік тарихи маңызы бар. Көне замандардың өзінде біздің өлкемізде қалалардың, үлкенді-кішілі кенттердің болуы бұл аймақтарда отырықшылық өмірдің болғандығынан, қала мәдениетінің қалыптаса бастағандығынан хабар береді. Қалалардың пайда болуының өзі стихиялы түрде емес, тарихи қажеттіліктердің нәти­жесінде туындайды. Белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың бір жерге тығыз шоғырлануынан барып үлкенді-кішілі қалалар пайда болады. Бұл осынау аймақта ерте дәуірлерде, сол уақыттың деңгейіне сай тұрмыстың, қалалық мәде­ниеттің болғандығын дәлел­дейді. Қарабаудағы көне қала­лар біздің еліміздің тарихи құнды­лықтары. Қарабау көне дәуірдегі өлке­міздің тарихи-мәдени дамуы­ның орталығы болған ерекше тарихи аймақ дейтініміз сондықтан. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына орай, көне дәуір­ден қалған тарихи орындарды болашақ үшін сақтап қалу шараларын ұйымдастыру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесінің бірі. Тарихи көне қалалар орындарын шаруашылық немесе өндірістік мақсатта бүлдіріп тас­тамау үшін тұрақты бақылауға алып, қадағалауды ұйымдастыру керек. Мұндай мақсатты жүзеге асыру үшін Қарабау аймағын «тарихи туризм аймағы» деп жариялап, осы реттегі мәртебесін заңды түрде айқындау қажет. Елбасы туризмді дамыту мәселесіне ұдайы ерекше назар аударып келеді. Ал тарихи туризмді да­­мытудағы басты мақсат – мем­лекет­тің өткен өмірін, тарихын қастер­леп, дәріптеп халыққа таныс­тыру, жарыққа шығару. Атырау облы­сы­ның әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, басқа да тиісті орындар бұл мәселеге мұқият­ты­лықпен зер сала қарап, өлкедегі көне тари­хымыздың ізсіз жойылып кетуіне жол бермей, сақтап қалу бағы­тында тиіс­ті шараларын қолға алуы кезек күт­тірмейтін мемле­кеттік маңызы бар мәселе. Қарабаудағы тарихи орындар мен көне қалалар – мемлекет тарихының ескерілмей, еленбей жатқан аймағы. Қарабау аймағында көне дәуір қалаларынан басқа ондаған тарихи орындар бар. Мұндай орындар туралы тарихи әдебиеттерде сирек те болса айтылады. Мұндағы басты тарихи орынның бірі – Исатай, Махамбет көтерілісшілері тұрақтаған жер «Итекі шоқысы» деп аталады. Исатай, Махамбет бастаған көтеріліске қатысушылар Итекі шоқысында бірнеше ай бойы тұрған. Кейін бұл жер «Исатай шоқысы» деп аталған. «Исатай-Махамбет» тарихи дастанының авторы ақын Ығылман Шөрековтің қыстауы да осы маңнан алыс емес. Ақын Нұрым Шыршығұлұлының қыстауы Итекі шоқысының ма­ңында, Әлмұрат деген жерде орна­ласқан. Атақты би, жырау Есет Қараұлының мекені болған жер де Қарабауға таяу маңдағы Борсан – Қарабау жолының бойында. Қарабаудағы бүгінгі күні еленбей, ескерілмей, қаралмай жатқан көне дәуірдегі қалалар мен тарихи орындарды қорғап, сақтап қалудың кешенді шаралары жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын. Қорғаусыз, қараусыз жатқан көне қалалардың орындарына арнайы қоршаулар орнатып, мемлекет қарауына алынғанын білдіретін белгілер қою қажет. Бірінші кезекте, әсіресе, Жұмай және Қызылқоға қалаларын қоршап, оларға белгі қойып, мемлекет қамқорлығына алынғанын қалар едік. Осындағы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу және қорғау бағытында Қарабауда тарихи-мәдени музей кешенін ашу жұмыстарын жедел жүзеге асыруды уақыттың өзі талап етіп отыр. Тарихи-мәдени музей кешенін ашудағы басты мақсат, біріншіден, сан ғасырдан жеткен, алайда, дәл қазір жер қойнауында қалып жатқан тарихты қайтадан жандандыру, екіншіден, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи қалаларды зерттеп, жарыққа шығару, үшіншіден, ең бастысы, бұл өңірде ерте дәуірде үлкен мәдениеттің болғандығын ел-жұртқа, шетелдіктерге танымал ету. Осыған орай, музей кешенінің арнайы штатын бекітіп, тиісті құрал-жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз ету, арнайы ғимарат салу секілді осы бағытта атқарылатын жұмыстардың арнайы жоспары жасақталып, дайындалды. Енді бұл мәселеге мемлекеттік органдардың қолдауы қажет болып тұр. Сонымен қатар, Атырау қала­сынан, басқа да алыс аймақтардан келушілерге арналған арнайы қонақ үй болса, бұл жағдай турис­тердің тарихи орындарға келуіне оң ықпал етер еді. Барлық жоспарлар жүзеге асқанда, туристердің қатынауы үшін Доссор – Қарабау асфальт жолын салу мәселесі туындайды. Себебі, Қарабауға баратын жол екі бағытпен келеді. Біріншісі, Атырау – Индер – Қарабау болса, екінші бағыты Атырау – Доссор – Қарабау арқылы қатынайды. Осы орайда мынаны ескеру қажет: Атырау – Индер – Қарабау бағыты 300 шақырым болса, Атырау – Доссор – Қарабау бағыты 200 шақырымды құрайды. Айта кету керек, Қарабау – Қаракөл – Миялы бағытына баратын жолаушы таситын автокөліктер Доссор арқылы жүреді. Себебі, Доссордың жолы жақын, бірінші бағыттан 100 шақырымға айырма бар. Көне дәуірдегі қалалар мен тарихи орындарға бай Қарабау маңы тарихи туризмді дамытуға сұранып тұр. Атырау, Құлсары қалалары мен аудандарынан, өзге өңірлерден де халықтың Қарабауға қызығушылықпен баратыны анық, оның ішінде шетелдіктер де болады. Сол кезде Доссор – Қарабау асфальт жолының атқарар рөлі зор болары ақиқат. Халықтың көбірек келіп, тарихымызбен танысып қайтуына жан-жақты жағдайлар жасалуы керек. Алыс-жақын шетелдерден келетін туристерге сер­вистік қызмет көрсету үшін Қара­бауда халықаралық деңгейдегі жағдай жасалып, халықаралық байланыс жүйесі орнатылуы керек. Ең басты айтпағым, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, сәті түскенде, Қара­бау­дағы көне дәуір қалалары респуб­лика көлеміне, шетелдерге танылары ақиқат. Көтеріліп отырған мәселеге ел Үкіметі, Мәдениет жә­не спорт министрлігі, басқа да тиісті мемлекеттік органдар назар аударып, Қарабау аймағындағы көне дәуір қалалары үшін тиімді бір шешім қабылдар деген сенімдеміз. Ерсайын ӨМІРОВ, тарихшы Атырау облысы