• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Төзім – тамаша қасиет

445 рет
көрсетілді

Ұстаздық ету  – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ

Тәуелсіз Қазақстанның өркениетті елдер қатарында гүлдену мақсатын жүзеге асыруда қойылатын талап­тардың бірі – қазақ жеріндегі татулық пен имандылық. Осы татулық пен имандылықты сақтай отырып, еліміздің кемелденуіне, ғылым мен техниканың, мәдениет пен әдебиеттің әлемдік дамудан кенже қалмай қарқынды дамуына түбегейлі үлес қосатын – жастар. Сондықтан мемлекет жастарға ерекше қамқорлық жасауда. Өз елінің жастарына сенім артқан ұлт қана алға қойған мақсат, мүдделеріне қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түсе алатынын нақты сеніммен айтуға болады. Білім беру жүйесінде әлемдік дең­гейге жету үшін оқытудың инно­ва­циялық технологияларын пайдалана отырып жасалып жатқан іс-шаралар терең білімді, ізденімпаз, шығар­ма­шыл да толерантты тұлға тәр­бие­леу­ге бағыт­талған. Болонья про­цесі кон­тексінде білім беруді жаң­ғыр­­ту жүйе­сін қалыптастыру білім бе­ру үде­рісінің негізгі мақсаты етіп қойылған. Мемлекеттік жастар саяса­ты­ның 2020 жылға дейін­гі тұжы­рым­да­ма­сында «Елбасы­ның этно­с­аралық және конфес­сия­ара­лық келісімі­нің теңдес­сіз үл­гісі жас ұрпақ­тың толерантты­лығын қалып­тасты­ру­дың, олар­дың этнос­тық және діни ерекше­лік­терін түсі­ністікпен қарауының және құр­метпен қабылдауының негізіне айналуы керек», деп атап көрсетілген. Толеранттылық – барлық елдер үшін ең маңызды мәселе, еркін қоғам мен мемлекеттік тұрақ­ты­­лық­тың белгісі. «Толе­рант­тылық» (лат. «tolerantia» – шыдам, төзім) бас­қалардың пікіріне, на­ным-сеніміне, жүріс-тұрысына, өмір сүру жағ­дайына түсіністікпен қарау, адамды сол қалпында қабыл­дау. Толе­­ранттылық – интегралды қасиет. Егер ол қалыптасқан болса, онда ол бар­лық өмірлік жағдайларда және барлық адамдарға қатысты көрініс табады. Жалпы, толеранттылық дамы­ған елдерге тән құбылыс. Мұн­дай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халық­тың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгендігінің айқын көрінісі. Қазіргі уақытта әлемде ұлт­ара­лық қақтығыстар мен діни төз­беушілік таныту жиі орын алған жағ­дайда өзге ұлт өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүру­дің үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақ­стан халқының толеранттылы­ғын көп­­теген мемлекеттер мен діни конфессиялар да мойындап, еліміздің тәжірибесіне қызығушылықтарын білдіруде. Мемлекетіміз ұлт­ара­лық келісім мен бірлікті дамы­туды бас­ты саяси бағыт ретінде ұстанады. Ел Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан хал­қына арнаған Жол­дауларында осы мәселеге ерекше мән беріп, халық­ты бірлік пен татулыққа шақы­рады. Бұл мәселеде Елбасы­мыз жастарға үлкен сенім артатынын баса айтып, жастар тәр­биесіне назар аударуымыз керек­­тігін ескертеді. Елбасының «Нұр­лы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық аза­мат­тарға тең мүмкіндік беру ар­­қы­лы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – делін­ген. Бар­лық халықтар өркениетке бет бұрған бүгінгі әлемде адамдар ара­­сындағы, этносаралық және кон­фес­­сияаралық өзара түсініс­­тік пен төзімділікті қалып­тас­тыру қоғамның бейбіт те орнық­ты дамуының кепілі ретін­де баға­ланды. Президент­тің мем­лекеттік бағдарлама­сын­да көретіл­гендей, бүгінгі басты міндет – ұлттық, гео­линг­вис­ти­калық, тарихи, этностық, этнолин­гвисти­калық, мәдени-көр­кем­дік, эстети­калық құқықтық сананы, діни тағылым­дарды, өнегелілік қасиет­терді адамдардың бойында қалып­тастыру, ұлттық диаспорлардың татулығы мен бірлігін нығайту, дін­сіздікті тоқ­тату, әдепсіздік пен азғын­дықты ауыздықтау, адамдардың сали­қа­лы, саламатты өміріне жол сілтеу. Толеранттылықты оқушылар­дың санасына енгізу және қалып­тастыру, оны негізгі құнды­лық­тардың біріне айналдыру білім беру жүйесінің маңыз­ды міндеті болып табылады. Азаматтық ұстанымды қа­лып­тас­­­тыру пән сабақтарында, сондай-ақ, оқу­шымен жүргізі­ле­тін әртүр­лі сабақтан тыс таным­дық және тәр­бие­лік іс-шараларда да тиімді шеші­мін табады. Оның басты мақса­­ты – түрлі тәрбиелік шаралар арқы­лы оқушы қабілетін дамыту, оның мә­дени және рухани жағынан өсуін қам­тамасыз ету. Осындай іс-шаралар­дың қатарына экстремистік және ұлт­шылдық мәселелері бойынша білім алушы­лардың пікірлерін білу мақса­тында оқушылар арасында сауалнама жүргізу, осы салада белгілі бір ақпараттық базаны құру үшін мәдени кештерді өткізу, саясат, экономика саласындағы ең маңызды мәселелер бойынша дөң­гелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыруды жатқызуға ­болады. Оқушылардың бойында толе­ранттылық қасиеттерді қалып­тасты­рудың тиімділігі ұлттық және ұлт­ара­лық қатынастардағы мінез-құлық дағдысының, сені­мінің, білі­мінің қалыптасуы тұрғысы­нан қарастырылуы керек. Оқу­шы­ларды толеранттылыққа тәр­биелеу ісінде сынып жетек­шісінің атқаратын жұмысы ма­ңызды. Сынып жетекшілері сы­ныптағы оқушылардың жас ерекше­ліктерін, ұлттық жеке бас қасиеттерін бағалап, түрлі дәстүрлі және дәс­түр­лі емес формадағы, яғни дөңгелек үстел­дер, пікірсайыстар, дис­путтар, конкурстар, тренингтер өткізу әдістері арқылы әрбір оқу­шы­ның сынып­тастарымен қарым-қаты­на­сын ұйым­дастыруға ықпал етеді. Тәуелсіз Қазақстанның өмі­рін­дегі жаңару үрдісі адам факторы маңызын күшейтумен қоса қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәнінің артуына әкеледі. Тіл атаулы, оның ішін­де, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің бай­лығы да елімізде тұратын өзге ұлт өкілд­е­рінің терең ойлары мен шек­сіз сезімдерін еркін білдіруіне мүм­­кіндік береді. Тілдің білімдік, тәрбиелік мақсаттары да басқа пән­дермен тығыз бірлікте, байланыс­та болады. Қазақ тілінде салт-дәс­түр­лерге байланысты өткізілетін іс-шара­­ларға өзге ұлт өкілдерінің оқу­­шы­лары да шақырылады. Осын­дай іс-шаралардан оқушылар қазақ хал­қы­ның салт-дәстүріне байланыс­ты білім­дерін толықтырып, са­бақ­тар­дан алған мәліметтерін өз ұлты­ның салт-дәстүрлерімен салыс­тыра отырып әңгімелейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мен басқа ұлт өкілдерінің мәдениеті­нен, ұлттық ерекшеліктерінен мәлі­мет­тер беретін өлкетану, этно­графия­лық мұра­жай­ларға бару­дың да маңызы зор. Бұл мұра­жайларда оқушылар әр халықтың мәдениетін, салт-дәс­түрін бейне­лейтін экспонаттарды өз көзде­рі­мен көріп, қосымша мағлұматтар алады. Патриот азаматты экстремизмге, терроризмге қарсы тұра алатын толе­­ранттылық рухында тәрбиелеу мәсе­лесі қазіргі жағдайда үлкен маңыз­ға ие. Сондықтан ұлттық мәдени құн­дылықтарды негізге ала отырып, оқыту үрдісінде және сабақтан тыс уақытта іс-шараларды өткізу барысында оқу­шы­лардың бойында толеранттылық қасиет­тердің қалыптасуы жүзеге асырылады. Осындай іс-шаралар жүйелі және кешенді түрде іске асырылса, тәрбие жұмыстары мақсатына жетіп, нәтижелі болмақ. Исабек СЕЙДУЛЛА, Жетісай қаласындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы