• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Бастамалар биігінде

201 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бітім­гер­ші­лік әрекеттері, ядролық қаруды ауыздықтау, ядро­сыз әлем құру бағытындағы еңбектері ­орасан. Атап айтатын болсақ, Елбасының адамзатты жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартуы да адамды сүйетін, бағалайтын, қорғайтын ықыласынан екені даусыз. Алдымен ол Семей ядролық полигонын өз Жарлығымен жапты. Одан кейін ядролық қарудан бас тартты. Мен әскери адам ретінде бұл істі зор қанағатпен қабылдадым. Өйткені, ядролық қару қолданылған соғыс болса, онда ешкім де жеңіске жете алмайтынын жақсы білдім. Сондықтан, Президенттің батыл қадамын жан-жүрегіммен қолдадым. Сонымен қатар, басқа елдер де аждаһадан бас тартатын шығар деген үміт оты оянды. Алайда, оны шоқпар ретінде қолданып, қарсыластарына қыр көрсету мақсатында жайқап отырғандар да бар. Бүгінгі таңда адамзатқа, оның ғасырлар бойы қалыптас­тырып келе жатқан өркениетіне ең үлкен қауіп – осы жаппай қырып-жоятын ядролық қару. Оның қасіретін тізіп шығудың өзі адамның төбе құйқасын шымырлатады. Адамзаттың ақыл-ойы ғасырлар бойы дамып, ақырында өзін жаппай жойып жіберуге соқтыратын қару ойлап табуға алып келді. Қазір әлемде оның орасан зор арсеналы жинақталып отыр, ол жа­уапсыз адамдардың, экстремистер мен террористердің қолына түссе, дүниені тегіс отқа орауы мүмкін. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағы текетіресте бір-біріне қарсы тұрған әлемнің екі жүйесі ондаған жылдар бойы өздеріндегі осындай қаруларды жетілдірумен болды. Оның зардабын айтып, ешқандай перспективасының жоқ екенін көптеген ғалымдар көрсетіп, ядролық оқтұмсықтарды өндіруді шектеуге, тіпті, жоюға шақырса да саяси ерік-жігері жоғары болмаған мемлекет басындағылар бұл іске бара алмады. Соның кесірінен, БҰҰ-ның 2015 жылғы деректеріне қа­ра­ғанда, әлемде қазір 15 700 ядролық оқтұмсық сақталып отыр. Осынау әлемдік қатерден дүние жүзін арашалап қалудың алдыңғы шебінде бүгінгі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Елбасының білікті бастамалары мен белсенді әрекеттерін дүние жүзіндегі прогресшіл адамдардың бәрі де қолдауда. Қазақстан өзінің 25 жылдық тарихында осындай жаһандық проблемаға баса назар аударып, оған қарсы бірлесуге шақырып отырған белсенді мемлекет ретінде танылды. Президент Н.Назарбаев ядролық қаруды адамзаттың өзіне өзі ажал шақыруы деп дөп басып айтты. Егер тек соңғы жылдардағы бастамаларына тоқталатын болсақ, ол ядролық қаруға қарсы күресті үнемі жаһандық ауқымда жүргізу қажеттігін айтып келеді. 2006 жылы «Ядролық қауіпті азайту жөніндегі бастама» атты халықаралық қор МАГАТЭ-нің шеңберінде құрылуға тиісті «Төмен байытылған ядролық отынның халықаралық банкін» жарақтау керектігін айтқан еді. Елбасы сол банкті Қазақстан аумағында құруға болатынын жариялады. Жуырда Мәжіліс мақұлдаған осы банк туралы заңды Сенат та қарап, қабылдады. Осының өзі Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан нақты, зор қадамдарының бірі болды. Бұл істі әлемдік сарапшылар мен мамандар жоғары бағалады. Төмен байытылған уранды МАГАТЭ-нің бақылауымен қажет ететін мемлекеттерге бейбіт мақсатта қолдану үшін енді Өскеменде орналасатын осы банк таратып отыратын болады. Елбасының ядролық қаруды таратпау және оның қазіргі арсеналын жою жөніндегі ұсыныстары бейбітсүйгіш адамзат, халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау табуда. Соның бір айғағы ретінде 2009 жылы Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп атау туралы көтерген бастамасының БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан қолдау тапқандығы. Қазір бұл күнді бүкіл әлем атап өтетін болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық қозғалысқа қосқан үлесінде 2010 жыл ерекше болды. Осы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Іс басындағы төраға болуын пайдаланған Президент аждаһаны ауыздықтау саласында барынша белсенді әрекеттер жасады. Сәуір айының басында Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі келіп, Семей ядролық сынақ полигонының орнын көрді. Осындай аждаһаны ауыздықтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы күрестің басында тұруы заңды екенін ол мойындап, ашық мәлімдеген еді. «Ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қарудан арылу қажеттігін мәлімдеуге ешкім Сізден артық лайықты емес, өйткені, Сіздің халқыңыз сынақтардың құрбаны болып саналады», деген еді Пан Ги Мун. Президент Н.Назарбаев АҚШ басшысы Барак Обаманың бастамасымен ұйымдастырылған Жаһандық антиядролық саммиттерге де белсене қатысты. Алғашқы саммитте-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық қозғалысқа қосқан үлесіне жоғары баға берілді. Өзінің саммиттегі сөзінде Б.Обама Н.Назарбаевқа қарап: «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және ядролық қауіпсіздік ісінде Сіз әлемдік басқа лидерлердің бәріне үлгісіз», деді. Осы саммит шеңберінде Н.Назарбаевқа АҚШ-тың «Шығыс-Батыс» институты белгілеп, кезінде Вацлав Гавел, Гельмут Коль, үлкен Дж.Буш сияқты алып тұлғалар алған «Бейбітшілік сыйлығы» табыс етілді. Саммитте сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға ортақ ядросыз әлем құру туралы» декларация қабылдау жөнінде бастама көтерді. Қазақстан Президентінің антиядролық бастамалары мен оларды жүзеге асырудағы нақты істері Вашингтонда болған саммиттен кейінгі үлкен жиындардың бәрінде де аталып отырды. АҚШ астанасынан кейін Сеулде болған саммит арасындағы екі жылда ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше маңызды бастамалары іске асты. Мәселен, бүкіл әлемде жоғары байытылған уранның үлкен бөлігі жойылды. Қазақстан осы мәселеде «Үлкен сегіздікпен» (G-8) жаһандық әріптестікке кірісті. Вашингтонда болған антиядролық соңғы саммитте ол «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін де жариялады. Бұл құжаттың маңызы туралы халықаралық шеңберде сарапшылар мен мамандар көп пікір білдірді. Онда Президент ХХІ ғасырда адамзат демилитаризация жағына қарай шешімді қадам жасауы қажеттігін, олай болмаған жағдайда ғаламшар радиоактивті материалдардың орасан зор үйіндісіне айналатынын айта келіп: «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігіне үндеді. Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, армия генерал-лейтенанты