• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Израильмен байланыстарды әртараптандыру – біз үшін маңызды

205 рет
көрсетілді

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Қазақстанға тұңғыш сапары қарсаңында сол елдегі Төтенше және өкілетті елші Дулат ҚУАНЫШЕВПЕН кездесіп, әңгімелескен едік. – Дулат Оразбекұлы, сіз­бен Қазақ­стан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қарсаңында кез­десіп отырмыз. Сол ширек ғасыр уақыт ішінде Қа­зақстан мен Израиль ара­сындағы байланыс­тарда қандай нәтижелерге қол жет­кі­зілді? – Алдағы жылдың көктем айында Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 25 жыл болады. Сол уақыттан бері біздің елдеріміз арасындағы саяси диалог пен кездесулер, пікір алмасулар жоғары деңгейде өтіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Израильге екі рет ресми сапармен барды. 2009 жылы Израиль президенті марқұм Шимон Перес ресми сапармен Қазақстанға келді. Әрине, бұдан өзге де түрлі кездесулер болды. Бірақ Из­раиль Премьер-министрі бұ­рын-соңды біздің елге келген емес. Бұл – Израильдің осындай жоғары лауазым иесінің Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапары. Ал Б.Нетаньяхудың осы са­пары мем­лекетаралық бай­ла­ныстарға тың серпін беруі тиіс деп ойлаймын. Се­бебі, бұл жолы күн тәрті­бінде Эко­номикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы мен халықаралық құрылымдар шеңберінде екі жаққа да тиімді мәселелер талқыланады деп күтілуде. Сондай-ақ, «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, ауыл шаруа­шылығы, медицина, туризм сияқты салаларға қатысты мәсе­лелер сөз болуы ықтимал. Б.Нетаньяхудың Астанаға сапары кезінде екі ел іскер топ өкілдерінің бизнес-форумы өтеді. Онда Израиль Премьер-министрінің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде қол қойылған келісімшарттарға байланысты екі елдің бизнес капитандары өздерінің түйінді сөздерін айтатын болады. Сондай-ақ, елдеріміз арасында алдағы жылдарда қол қойылуы ықтимал келісімшарттардың тақырыптары талқыланады. Израиль – еліміздің Таяу Шығыстағы маңызды әріптесі. Сондай-ақ, Қазақстанның ха­лықаралық деңгейдегі бастам­аларына әркез қолдау көрсетіп келеді. Израильмен мемлекетаралық байланыстарды әртараптандыру біз үшін маңызды. Себебі, бұл ел қазіргі заманғы агротехнология, жоғары технология және ки­бер­қа­уіп­сіздік секілді салаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. – Қазақстан мен Израиль арасында визасыз жүйе мәселесі бірнеше жылдан бері мемлекеттік деңгейде тал­­қыланып келеді. Біздің ел Из­раиль азаматтары үшін виза­сыз жүйе енгізді. Сіз елші бо­лып жүрген ел­­дің осы мә­селедегі ұстанымы қан­дай? – Қазақстандықтар үшін Израильге визасыз жүйе енгізу – біздің дипло­матиялық корпустың басым бағыт беретін негізгі мақсаттарының бірі. Осы мәселе Нетаньяхудың Қазақ­станға сапары кезінде тағы да бір пысықталады деп ойлаймын. Себебі, нақ осы мәселе бойынша тиісті құры­лымдар арасында бірнеше жылдан бері келіссөздер жүргізіліп келеді. Қазақстан мен Израиль арасын жал­ғайтын әуе байланысын жаңғырту жайы да көптен айтылып келеді. Визасыз жүйе тәрізді әуе байланысының жоқ­тығы елдеріміздің турис­тік әлеуетін жеткілікті пайда­ла­нуға, екі елдің бизнес капи­тан­дарының бір-бірімен жоғары деңгейде араласуына, тәжірибе алмасуына кедергі келтіруде. – Қазақстандық студент­тер мен мамандар Израиль­дің «МАШАВ» (Израиль­дің халықаралық ынты­мақ­тастық орталығы), сондай-ақ, біздің «Болашақ» бағдар­ламамыз бойынша Израиль­дің ЖОО-ларында оқып жа­тыр. Алдағы уақытта бұл бағыттар қандай жаңа­лықтармен толығуы мүмкін. Аталған бағдарламалар бо­йынша қазақстандық студенттер үшін жаңа мамандықтар қосу жоспарда бар ма? – Израильдің «МАШАВ» бағ­дар­ламасы бойынша 1993 жылдан бері 302 қазақстандық білім алды. Негізгі салалар – ауыл шаруашылығы, білім беру технологиясы, кәсіп­керлік және су ресурс­тарын басқару. «МАШАВ» бағ­дар­ла­масымен байланыс Қазақ­станда бір­лескен жобаларды жүзеге асыруды көзейді. Бұл бағыттағы нәтижелі бас­та­ма­­лардың бірі – Алматы облы­сының «Үшқ­оңыр» аймағын­да Қазақстан-Израиль оқу орта­лығының жобасын жүзеге асыру. 2015 жылы «Үшқоңыр­дағы» оқу базасында тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін израильдік ауыл ша­руа­­шылығы технологиясы орна­тылған болатын. Менің қолымдағы соңғы деректер бойынша «Болашақ» бағдарламасының 87 стипендиаты Израильдің меди­ци­налық орталықтары мен клиника­ларында тағылымдамадан өтті. Осын­дағы білім ордалары әлемдік ЖОО рейтингінде көш басында тұр. Демек, бұл салада да байланыстарға басымдық беру керек. – Әлем бойынша жоғары тех­нологиялардың флагманы болып табылатын Израильдің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы біздің еліміз үшін қаншалықты маңызды? – Израиль энергия көз­дерін қайта жаңғырту бойынша әлемде жетекші орында тұр. Демек, бұл ел ком­па­ния­ларының ЭКСПО-2017-ге қатысуы инно­вациялық техно­логиялар трансферті сала­сына жаңа тыныс береді. Сондай-ақ, Израиль кәсіпкер­лерінің Қазақстан жерінде инфра­құрылымдық жобалар­ды жүзеге асыруына жол аша­ды. ЭКСПО-2017 Израиль ту­ристері үшін Қазақстан­ның инвестициялық тартым­ды­лығын арттырады ғой деп үміт­тенеміз. Себебі, израильдіктер әлемдегі ең белсенді туристер саналады. – Қазақстан мен Из­раиль арасында сауда-эконо­ми­калық байланыстар бойын­ша үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Оның елара­лық байланыстар деңгейін көтеруге ықпалы бар ма? – Рас, 1992 жылдың қыр­күйек айы­нан бастап үкі­мет­аралық келісім негізінде Қа­зақстан мен Израильдің үкі­метаралық комиссиясы (ҮАК) жұмыс істейді. Бұл комиссия – екі ел арасында қос тарапқа да тиімді келісімшарттарды орындаудағы ең тиімді алаң. ҮАК-тың мақсаты – екі ел ара­сындағы сыртқы экономикалық байланыстар үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру, қазақ бизнесінің, кәсіпкер­лері­нің израильдік әріптес­терімен кездесулерін ұйым­дастыру. Комиссия жұмы­сының нәтижесінде инвес­тициялық-иновациялық жә­не ғылыми-технологиялық бай­ла­ныстардың керегесі кеңіді, екі ел­дің ауылшаруашылық секторы ара­сындағы байла­ныстардың буыны бекіп, инновация саласындағы алыс-беріс жаңа деңгейге көтерілді. – Екі ел арасындағы сау­да-экономикалық байланыс­тар жөнінде не айтасыз? Бай­ланыстардың жаңа күш алуына қандай жағдайлар себеп болып отыр? – Шикізат бағасының және энергия көздері бағасының төмендеуі, сондай-ақ, қаржы нарығындағы тұрақсыздық екі ел арасындағы алыс-беріс­ке кері әсер етті. Сауда айна­лымының 2014 жылғы көрсет­кіші 1,5 млрд АҚШ доллары еді. Өткен 2015 жылы бұл сома 311 млн АҚШ долларына тө­мендеді. 2014 жылмен салыс­тырғанда, экспорт 80 пайызға, импорт 35 пайызға азайды. ЕАЭО шеңберіндегі инте­гра­циялық үдерістердің оң динамикасы екі ел арасындағы сауда айналымына да оң әсер етеді деп күтіліп отыр. Жалпы, жаһандық экономикалық конъюнк­тураның бәсеңдеуіне қарамастан, екі ел ынты­мақ­тастығының әлеуеті кең. – Израиль экономи­касы­ның қай саласы қазақ бизнесі үшін тартымды? Керісінше, Израиль кәсіпкерлері Қа­зақ елі экономикасының қай салаларына қаржы салу­ға ниетті? Екі ел кәсіпкер­лерінің бірлескен жобалары туралы не айтасыз? – Дәл қазір бәсі басым сала – ауыл шаруашылығы. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев Из­раильдің инновациялық техно­логиясын ауылшаруа­шы­лығына кеңінен қолдану қа­жеттігі туралы жиі айтады. Из­раильдің ауылшаруа­шы­лық секторындағы тәжіри­бесі мен кооперация­сы екі ел аграршыларының бір­лескен кәсіпорындар құруына жол ашады. – Қазақстанда жұмысын тамыр­ландырып үлгерген екі елдің бірлес­кен компаниялары туралы не айтасыз? – Израиль технологиясымен жа­сақталған қазақ-из­раиль компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысында 2006 жылдан бері жұмыс істей­ді. Оңтүстік жерінде құс шаруа­шылығы, қызанақ өнім­дерін қайта өңдеу-шығару зауы­тының жұмысы дұрыс жолға қойылған. Өндірістік қуаттылығы жылына 10 мың тонна күркетауық етін қайта өңдеуге және өндіруге жететін Қазақстанда тұңғыш ашылған «Ордабасы құс» компаниясы бүгінде өз өнімдерін ТМД елдеріне шығарып жүр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист АЛМАТЫ