• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Ақордалы Астана

393 рет
көрсетілді

Ерек тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан­дай «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуел­сіздігіміздің тірегі». Ежелгі Есіл жұртта еңсе көтер­ген елордамыздың ең айшықты анықтамасы осы. Алаштың алтын қазығы. Қазақтың кіндік қаласы. Еуразияның эпицентрі. Бейбітшілік бесігі. Мейірімді мегаполис. Қазақстанның құтты ордасына қатысты қанатты тіркестердің қай-қайсысы да құлағымызға жылы тиіп, қашанда көншуге құштар көңілімізге қуаныш нұрын құяды. Кеудемізді мақтаныш кернеп, төбеміз көкке тигендей керемет күй кешеміз. Бас шаһар бүгінде ұлы мұраттарға ұмтылған елі­міз­дің айрықша символына айналды. Алтай мен Атырау арасындағы ұшқан құстың қанатын тал­дыра­тын ұлан-ғайыр Ұлы Дала Ақордалы Астана­­ның абыройы асқанын тілейді. Өйткені, ол рес­пуб­лика­ның ресми орталығы ғана емес, барша хал­қы­мыз­ды іргелі істерге жұмылдыратын бағалы бас­та­ма­лар­дың, үлгі алар үрдістердің қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік-экономикалық және мәдени-рухани құбылысы. Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына байла­нысты салиқалы шешімдердің барлығы осында қабылданады. Өркениет үрдісімен өркендеген еліміздің өзге өңірлеріне өнеге көрсетеді. Өйткені, ол – Отаны­мыздың басты ордасы. Елбасы ерлігі мен өрлігінің өшпес белгісі.  

Елбасының ерлігі, Тәуелсіздік таңдауы

Тәуелсіз Қазақстан 1997 жылдың 10 желтоқ­санында өз астанасын жер ұйығы – Жетісудың өрінен сайын Сарыарқаның төріне көшірді. Бұл ұлттық тари­хы­мыздағы ұмытылмас күндердің бірі болуға тиіс. Әлемдік қауымдастық алдында мерейімізді өсірген Астана аңызы қалай басталғанын қайта бір еске түсірудің артықтығы бола қоймас. Алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде Ақмоланы астанаға айналдыру қажеттігі туралы көлемді мақала жарық көргенде қалың көпшіліктің сыңар езулеп күлгендей сыңайда сылтың қылғаны жасырын сыр емес. Демократия демеуімен, жариялылық желеуімен желіккендер не демей жатқан кез еді ол. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын аңғармаған аңқау басымыз мұны осы тақырыпта қалам тербеген әріптесіміз әрі университетте бірге оқы­ған курстасымыз Досымхан Қапасовтың аяқ асты­нан Америка ашқандай орынсыз ой-ұсы­нысына балап қоя салғанбыз. Мәселенің мәнісін кейін Парламент талқы­лағанда бір-ақ білдік. Сөйтсек, алғашында алуан пікір тудырғанмен, артынан амалсыз мойындалған тағдыршешті игі идеяның нағыз иесі парасатты Президентіміз екен. Жаңаға қашанда жатырқай қарайтын әлеумет әубаста әртүрлі әңгімелерді желдей естірмей қалған жоқ. – Егемендіктің елең-алаңында, экономикамыз әлі түзелмеген тұста кем-кетігімізді бүтіндер басқа шаруалар құрып қалғандай... – Арудай сыланған Алматыны жазда маса жайлап, қыста аяз буған Ақмолаға айырбастап... – Айға шапқан арыстандай... Досқа күлкі, дұшпанға таба болмасақ жарар еді. Ал енді басқаны былай қойғанда көршілес кейбір мемлекеттердің керауыз ақпарат құралдары бізді құлашы жетпесті құшақтауға құмартқан әумесер кейпінде бейнелеп, кекетіп-мұқатқан кездерде өзара ішкі айтыс-тартыстардан іркіліп, сырттан сынаушыларға қарсы біріге қалғанымызды қайтерсіз. Намысын қайраған Назарбаев алған бетінен қайтпады. Алла қолдап, бастаған ісін баянды етті. Ойдағы арманын орындады. Дүние жүзіне қазақтың қайсар мінезін танытты. Татулық пен береке-бірлікті, тұрақтылықты ту еткен қазақстандықтардың қажыр-қайраты арқасында алынбас асудың жоқ екендігін дүйім дүниеге дәлелдеді. Астана – Елбасымыздың ерен ерлігінің айғағы. Тәуелсіздігіміздің таңдауы!  

Ерте есейген елорда

Елорда тез есейді. Баяғы батырлар жырының кейіпкерлеріндей сағат санап өсті. Арғы тарихы анау ғұн заманындағы көне қамал-қорғандардан, қасиетті Қараөткелден басталып, Ақмоламен астасатын Астана даңқы жаһанға жылдам жайыл­ды. Осындайда кешегі Кеңес Одағына кеңінен танымал болған грузиннің әнші-актері Вахтанг Кикабидзенің баспасөзге берген интервьюінде «Астана – бұл фантастика! Даму динамикасынан адамның басы айналады», деп ағынан жарылғаны ойға оралады. Ерке Есілдің екі жағасында ертегідей жайнаған қала орнады. Әкімшілік шекарасы бұрынғымен салыстырғанда 3,5 есе өсіп, 0,7 мың шаршы кило­метрге жетті. Көрікті көшелері мен ғажайып ғимараттары, түкті кілемдей түрленген гүлзарлары көз сүріндіреді. Келген-кеткен қонақтар еріксіз таңдай қағып, бас шайқайды. Шамшырақ шаһар­дың сәулеттік концепциясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясына негіз­делген. Тіпті, кейбір кескін-нобайларды өз қолымен сызып бергені белгілі. Себебі, Астана келешекте осынау апайтас кеңістіктің орталығына айналуы керек. Оған географиялық тұрғыдан тиімді жағдайы да мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда алыс-жақыннан ат арытып жеткен меймандар абат қаланың архитектурасынан еуропалық та, азиялық та нақыштарды көріп, өзінің туған жерінде жүргендей әдемі әсерге бөленсін деген ниет те байқалады. Алып құрылыс алаңы іспетті елордада салын­ған ірі нысандарды тегіс түгендемей-ақ, кейінгі жылдары іске қосылғандарын сана­малағанның өзінде біразға кетеріміз анық. Мәсе­лен, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Оқушылар сарайы, Ұлттық музей, Тұңғыш Президент кітапханасы, «Астана Опера» театры келісті сәулеттік сән-салтанатымен сүйсінтеді. Сондай-ақ, әлемдік рейтинг бойынша 6-шы орындағы «Алау» мұз сарайы, аумағы 10000 шаршы метрді алып жатқан төбесі ашы­лып-жабылатын «Астана Арена» стадионы, құмырсқаның илеуіндей құжынаған келу­ші­лер­ге қызмет көрсететін «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық кешені де көпшіліктің көзайымы­на айналғалы қашан. Айрықша атап өтерлік тағы бір жайт, «Ақорда» рези­денциясы дүние жүзіндегі ең әдемі прези­дент­тік сарайлардың үздік ондығына енеді. Астана 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Аралас-құраластық пен алыс-берістің ауанымен интеграцияға түскен Астана қазіргі таңда 29 шет мемлекеттің 43 ірі қаласымен бауырластығын айғақтайтын Мемо­ран­дум­дарға қол қойған. Бес бірдей беделді халық­ара­лық ұйымның мүшесі. Астана ажар-көркімен ғана баураса аздық етер еді. Ол өзінің жастығына қарамастан, айнала­сына арғы-бергінің бәрін білетін ақ сақалды абыз­дың ақылын айтады. Шартараптан небір сая­сат серкелерін, ғұлама ғалымдарды, қоғам қайрат­кер­лерін шақырып, жиі-жиі алқалы жиындар өткізіп, сан алуан толғақ­ты мәселелерді саралайды. Халық­аралық спорт жарыс­тарының жалауын көтеріп, байрақты бәсекелердің көрігін қыздырады. Ұзын саны 38 мемлекеттің басшысы қатысқан ЕҚЫҰ-ның саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, VІІ Қысқы Азия ойын­дары, жыл сайын ұйымдастырылатын Астана эко­­но­микалық форумы және басқа байыпты бас­қосу­­лар бейбітшілік туын берік ұстанған еліміз­дің беделін биік белестерге көтергені әмбеге аян. Енді міне, бұйырса ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушыларды қабылдайтын уақыт та жақын қалды.  

Өркенді өзгерістер өзегі

Астана өміріндегі ауқымды өзгерістер әлеу­меттік-экономикалық көрсеткіштерге тікелей бай­ланысты екендігі өзінен-өзі түсінікті. Өйткені, өндірісі өрге баспай қала тұрғындарының тұрмысы жақсармайды. Осы орайда оқырман назарын мына деректерге аударғанымыз дұрыс сияқты. Жалпы өңірлік өнім көлемі 187 есеге артып, оның ақшаға шаққандағы құны 4809 млрд теңгені құраған. Елорда экономикасын көтеру мақсатында 6168 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бар­лығы 16180 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­ланылуға берілген. Қазір Қазақстандағы жаңа тұр­ғын үйлердің әрбір бесінші шаршы метрі Астана­ның үлесіне тиеді. Соның арқасында елорда­лық­тардың баспанамен қамтамасыз етілуі екі есеге артқан. Дүкендердің сауда алаңдары 3 еседен асып, халықаралық сауда-саттық мөлшері 24 есеге ұлғайған. Жолаушыларды тасымалдау айналымы 58, электр қуатын өндіру 1,9 есеге көбейген. Жағымды жаңалықтар легін жалғастырсақ, төмендегі көңіл тоғайтарлық мәліметтерден аттап кете алмаймыз. Алдымен айтарымыз, биыл жазда астаналықтар саны 1 миллионға жетті. Бұл әрине, жақсылықтың нышаны. Ал елорда тұрғындарының жасы 6 жылға ұзарып, 75-тік межеге тұрақтапты. Жоғары оқу орындарының саны облыс орта­лығы кезіндегі 4-тен 13-ке жетіп, оларды 13 600 студент бітірген. Іске қосылған ірі әлеуметтік маңызды нысандар туралы да нақты ақпарат бере кеткеніміз абзал. Олардың қатарына 33700 оқушыға арналған 43 мектепті, 9056 орынды қамтитын 41 балабақ­шаны, 26 денсаулық сақтау, 10 спорт, 7 мәде­ниет объектілерін жатқызуға болады. Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласындағы оң өзгерістер де көп нәрсені аңғартады. Астана атанған 18 жылдағы өнеркәсіп өндірісі едәуір өрге басып, 343,6 млрд теңгенің тауарлары шыға­рыл­ған. Толайым табыстары негізінен жаңа жоба­ларды игеру нәтижесінде қол жеткізілді. Ілкім­ді іскерлік байланыстардың жемісі ретінде бұрын-соңды болмаған дизельді локомотивтер, жолау­шы­лар вагоны, электрожетектер, диотты шам­дар, тікұшақтар, фотоэлектр модульдері, бетон бұйым­дары және т.б. өнімдерді шығару қолға алынды. Қазақстан Республикасының 2010-2016 жыл­дарға арналған Индустрияландыру картасы аясын­да Астанада 24 жоба сәтімен игеріліп, соның қоры­тын­дысында 3000 жұмыс орны ашылды. Атал­мыш бағыт бойынша 302 млрд теңгенің өнімі шыға­рылды. Астана экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік айрықша орын алады. Аталған салада экономикалық жағынан белсенді санатқа жататын елордалықтардың екіден бір бөлігі еңбек етеді. Бұл республикалық көрсеткіштің 11 пайызын құрайды. Қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері еліміздегі осы секторда атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің 23,5 пайызын еншілейді екен. Бұлардың өнімін қаржылай бағамдасақ 3,2 трлн теңгені құрайды. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш Алматыдан 1,7 есе, ал орташа республикалық мөлшерден 5 еседей артық. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін «Бизнестің жол картасы-2020» мемле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында 542 жоба мақұлданып, өндіріске жолдама алды.  

Арнайы экономикалық аймақ

2001 жылы Қазақстан Республикасының  Пре­зи­денті Жарлығымен құрылған «Астана – жаңа қала» арнайы эконо­микалық аймағы елорда құрылысына инвестиция тарту жүйесінде ерекше маңызға ие екені мәлім. Ол инвестиция ағымын арттыру құралы ретінде әрекет етеді. АЭА-ның негізгі мақсаты – құрылыс жұмыстарында озат технологияларды пайдалану және инвестиция тарту арқылы Астана қаласының дамуын жеделдету; заманауи инфрақұрылым жасау; тиімділігі жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті кәсіпорын­дар қалыптастыру, жаңа өнім түрлерін шығаруды меңгеру. «Астана – жаңа қала» АЭА әкімшілік-іскерлік аумағында бүгінге дейін 371 нысан тіркеліпті. Қазір олардың 296-сы іске қосылған көрінеді. Бәріміз білетін Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайлары, «Нұржол» сулы-нулы бульвары, «Нұр-Астана» мешіті солардың тізіміне кіреді. №1 индустриялық паркте 62 инвестициялық жоба (құны 201,1 млрд теңге) бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақтылай түссек, 33 өндіріс орны ашылып, 18 нысанда құрылыс қарқын алуда, ал 11 жоба әзірлену үстінде. №2 индустриялық паркте де басы қайырылған шаруалар баршылық. Ондағы түзілген жоспарға сәйкес өнеркәсіп саласындағы тың идеяларға жол ашылған. Бәрі ойдағыдай болса, 18000 жұмыс орнын құруға негіз қаланбақ.  

«Ақылды қала» айшықтары

Президент тапсырмаларын орындау мақ­сатында қала әкімдігі Астананы әлемдегі 50 «ақылды қаланың» қатарына енгізуге бағыттал­ған шаралар жоспарын бекітті. Соған сәйкес Pricewaterhouse Coopers компаниясы тиісті инфра­­құры­лымдар түзудің Жол картасын жасаған бола­тын. Оның міндеті – озат технологияларды ен­гізе отырып, тіршіліктің басым бағыттары бойын­ша Астананың жүйелі дамуын қамтамасыз ету. Аталмыш бағдарлама аясында білім, денсау­лық сақтау, инфрақұрылым, қызмет көрсету, қауіпсіздік салаларында қанатқақты Smart-жоба­лар тәжірибеде қолданыла бастады. «Ақылды қала» адымдары жайында газетімізде жан-жақты жазылғандықтан кеңге көсілуді жөн деп таппадық. Тек, мектепте, емханада, көшеде, қаладағы басқа да тірлігімізге тікелей қатысты орындардағы істеріміздің алдыңғы қатарлы елдердегі бар тиімді тәсілдерді пайдалану арқылы жеңілдетуге қолайлы мүмкіндіктер туғызатын Smart-жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына тілектестігімізді білдіреміз. Таяуда ғана ұйымдастырылған халықаралық Astana Smart City форум-көрмесінде шет елдерден келген 700-ге жуық делегаттың қатысуымен «Ақылды қалалар» тақырыбындағы талқылауға қатысып, сөз сөйлеген елорда әкімі Әсет Исекешев Мемлекет бас­шы­сының бірқатар тапсырмаларын және Ұлт жос­парындағы 69-қадамды ескере отырып, Астананы Еура­зия кеңістігіндегі ғалам­дық  дәрежедегі қала ретін­де өркендету міндетін орындауға кіріскендерін жет­кізді. Бұл үшін алдыңғы кезекте атқарылуға тиіс бір­қа­тар жобалар белгіленіпті. Олай болса, іске сәт демекпіз.  

Мәдениет мәйегі

Астананың мәдени-рухани келбеті де қысқа мерзімде қалыптасқанын мойындауға тиіспіз. Әрине, мәйекті мәдениет ошақтарына бай, сарсүйек зиялылары самсаған, қалалық дәстүрлер қанатын кеңге жайған Алматының жөні бөлек. Бірақ біздің жас Астанамыз да біраз биіктерді бағындырып үлгергені рас қой. Мұнда қазір 7 сарай мен концерт залдары, 5 мұражай, 7 театр, 20 кітапхана, 1 цирк, 6 кинотеатр, 4 көркемсурет галереясы, 8 мәдениет және демалыс саябағы бар. Демек, астаналықтар мен қала қонақтары рухани ләззат аларлықтай мәдени орындар жетерлік. Оның үстіне елорда төрінде екі күннің бірінде өнер бәйгелері өтіп, тың туындылардың тұсауы кесіліп жатады. Атақтары аспандаған ақын-жазу­шы­ларымыз, сахна саңлақтары, қылқалам шебер­лері, ғылым қайраткерлері қаншама. Теңдессіз «Астана Опера» театрында жаһандық клас­си­каның небір жауһарлары қойылғаны, соларды сах­налауға аттарынан ат үркетін тұғыры биік тұлға­лар­дың шақырылуы, әлемге әйгілі өнер ұжым­дары­ның осында гастрольдік сапармен келуі, өзіміздің әртіс­тердің шет елдерге шығуы ауыз толтырып айтар­лықтай жетістіктердің алғышарты емей немене. Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірттері арасынан әртүрлі конкурстарда топ жарған тай жүйріктерді айтып тауыса алмайсыз. «Дайдидау-латқан» дара дауысымен «Славян базарын» шулатып, бас жүлдені қанжығасына байлаған Димаш Құдайбергеннің өзі ғана талай көрерменнің жүрегін жаулағаны талассыз. Елбасының қолдауымен Астанада Хорео­графия академиясының кереге керіп, оның ректорлығына Ресейдің халық әртісі, қазақтың атын балет әлеміне танытқан жарық жұлдыздардың бірі Алтынай Асылмұратованың тағайындалуын да жақсы­лық­тың жоралғысындай қабылдадық. Белгілі режиссер Талғат Теменов жетекшілік ететін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ акаде­миялық театрының да бірнеше республи­калық, халықаралық байқауларда бағы жан­ғанынан жалпақ жұрт хабардар. Астана өнерпаздарының асығы әмісе алшы­сынан түсе береріне сеніміміз нық. * * * Елбасы және елорда – бұл екеуі бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Астана – мерекелі, берекелі біздің ел жетістіктерінің жиынтық бейнесі. Астана – әдемі, таза, қауіпсіз, сондықтан адамның тұрғысы келетін қала. Мейірбан жандар мекені. Айналасына татулық аурасын таратады. Бейбітшілік іргетасын бекемдейді. Бес құрлық мойындаған беделі бар. Ендеше, ертеңі нұрлы елордамыздың еңсесі биіктей бергей!  

Аз-кем анықтама

* Астана – Мұзды мұхит бассейнінде қоныс тепкен екі астананың бірі. * Елорда экономикасына 6168 млрд теңге инвестиция тартылған. * Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанған. * 2010 жылы Астанада 38 мемлекет басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ саммиті өткен. * Астана шет елдің 43 ірі қаласымен бауырлас. * Елордада бүгінге дейін 16180 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілген. * Астана тұрғындарының саны биыл 1 миллионға жетті. * Бас қалада 13 ЖОО бар. * Елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының екіден бір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. * Қаланың көгалдандырылған аумағы қазіргі таңда 1285,4 гектарды құрайды. * Алдағы жылы Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі болады. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»