• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Отансүйгіштік сезім әр азаматтың бойында болуы тиіс

216 рет
көрсетілді

Шыны керек, алыс та жақын жерлерге сапар шеккен жолаушы үшін көліктің ең ыңғайлысы – темір жол мен әуе көлігі. Тіпті, жүктерді бір нүктеден екінші нүктеге тасымалдауда да осы көлік түрлері тиімді. Десек те, вокзалдар мен перрондардың құқық бұзушылыққа неғұрлым бейім жерлер екендігін де жасыра алмайсыз. Сондықтан, осы көлік нысандарында қоғамдық тәртіп пен заңдылықтардың сақталуы, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі – аса маңызды міндет. Ал бұл міндетті атқару көліктегі ішкі істер органдары қызметкерлеріне жүктелген. Көлік полициясы органдарының құрылу тарихы тереңнен бастау алады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның көлік милициясының іргетасы Бүкілресейлік орталық атқарушы комитетінің 1919 жылы 21 ақпандағы «Темір жол милициясы мен темір жол күзетін ұйым­дастыру туралы» қаулысына сәйкес қа­лан­ды. Ең алғашқы желілік милиция органдары Қазақстан аумағы арқылы Илецк стансасынан Арыс стансасына дейін өтетін Мәскеу – Ташкент темір жол магистралі учаскесінде ашылды. Бұл КСРО-да индустрияландыру жоспары жүзеге асырылып жатқан кезбен тұспа-тұс келеді. Дәл осы жылдары Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірі – Түркістан-Сібір те­мір жолын салу қолға алынған еді. Кеңес милициясының құрамында болған Қазақ­стан­ның темір жол милициясы стансалар мен те­мір жол көлігіндегі қауіпсіздікті сақтау бойынша арнайы міндеттер атқарды. Ал қазіргі күнге оралсақ, жыл өткен сайын қылмыстың түрлері жаңа сипат алу­да. Қылмыскерлерді дер кезінде ұстау сақшылардан үлкен қажырлылықты талап етеді. Бұл ретте, жеке құрам қылмыскерлерді құрықтау жұмыстарына бір кісідей жұмыл­ды­рылып отыр деуіміз керек. Дәл бүгінгі күні қылмысқа қарсы күрес, әсіресе, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу басымдыққа ие. Олай дейтініміз, бүгінгі күні лаңкестік әрекеттер, ұйым­дас­қан қыл­мыс пен есірткі бизнесі сияқты қылмыстар әлем мемлекеттерінің алаң­дау­шылығын тудырып отыр. Біздің елімізде де лаңкестік көріністердің ұшқыны бай­қал­ғаны белгілі. Бұған қарсы күреске біздің дай­ын­дығымыз өз деңгейінде. Мәселен, депар­та­менттің қызмет көрсету аумағы 16 мың шақырымнан асады. Ел аумағында 18 әуежай, жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған 500-ден аса бекеттер және 303 темір жол вок­залы бар. Бұған Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстан және Түрікменстан мем­лекеттерімен шекаралас орналасқан 13 түйісу бекеттерін қосыңыз. Осы аумақта көлік сақшылары әуе және темір жол көлігіндегі жолаушылардың қауіпсіздігін, тасымалданатын жүктердің діттеген жеріне аман-есен жеткізілуін қам­та­масыз етеді. Оған қоса, бас қаламыз Астанада және Алматы қаласында саяси маңызы бар шаралар жиі өткізіліп жүр. Алыс та жақын шет мемлекеттердің басшылары, үлкен делегациялар елімізге көбінесе әуе көлігімен келеді. Соларды ең алдымен қарсы алатын да біздің қызметкерлер. 2017 жылғы 28 қаңтар мен 8 ақпан күндері Алматы қаласында Қысқы универсиада өткізілмек. Оған 30 мың­ға жуық қонақ, 2 мың спортшы келеді деп күтілуде. Қазір осы шараны өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылы Астанамызда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­ды­рыл­­­ған көрмесіне дайын­дық­тарымызды да күшейте түстік. Қысқасы, халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін өткізу кезінде бас қаламыздың қоғамдық тәртібіне баса көңіл бөлінбек. Өйткені, шараға алыс және жақын шетелдерден қонақтардың көптеп келетіні белгілі. Көлік полициясы Астананың темір жол вокзалы мен әуежайында қауіпсіздік шараларын нығайтып, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Өт­кен жылы да, биыл да еліміздің ондаған көлік полицейлері білімдерін жетілдіру, тә­жірибе жинақтау мақсатында шетелдерде оқып келді. Жаһандық жетіс­тіктер көрмесі басталып, аяқталғанға дей­ін департаменттің жеке құрамы қызмет өтке­рудің күшейтілген режімінде жұмыс іс­тейтін болады. Жоғарыда қызмет көрсету аумағында бірнеше мемлекетпен шекаралас орналасқан түйісу бекеттері бар екенін айттым. Осы орайда, көрші елдердегі әріптестерімізбен де тәжірибе алмасып тұрамыз. Өйткені, қай салада болсын халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың тиімділігі орасан. Соның ішінде ішкі істер органдарының орны бөлек. Әсіресе, аса ауыр қылмыстар санатына енетін лаңкестікке, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі контрабандасына қарсы белсенді күрес жүргізуде өзге елдермен ықпалдастықтың берері мол. Соңғы 3-4 жылда Ресейдің, Қырғызстанның көлік полицейлерімен өзара байланыс артқан. Ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекарасы бар Қазақстан мен Ресей үшін қылмыспен бірлесе күресу мәселесі зор маңызға ие. Өткен жылы біздің қызметкерлер Мәс­кеу­де Ресей Федерациясы ІІМ Бас кө­лік бас­қармасының басшылығымен кез­десті. Онда ресейлік көлік полицейлерінің кө­лік нысандарын лаңкестік әрекеттерден қор­­ғау, халықаралық іздестіруде жүр­ген қылмыскерлерді ұстау бойынша тәжіри­бе­лерімен алмасты. Қазіргі күні еліміздің ішкі істер орган­дары қызметкерлеріне қойылатын талаптар да артып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Форма киген адам мем­ле­кет­тің айрықша қорғауында болуы керек, қыз­меттік міндетін орындау барысын­да оның өміріне қолсұғылмаушылықтың қам­тамасыз етілуіне кепілдік берілуге тиіс. Бұл ретте полиция өкілінің өзі де соған сай болуы керек», – деп нықтап айтты. Бұл дегеніңіз, біріншіден, Мемлекет бас­шы­сының ішкі істер органдарына көрсеткен үлкен қолдауы болса, екіншіден, бізге артыл­ған үлкен жауапкершілік. Демек, кадр­ларды іріктеу мәселесіне, мейлінше, байыппен қарағанымыз абзал. Сондай-ақ, Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ішкі істер органдары қыз­меткерлеріне зор міндет жүктеді. Мәселен, осы страте­гиялық құжаттың 28-қадамы полиция қыз­меткерлерін іс­кер­­лік қабілеттері негізінде ірік­теу жүйе­сін жақсартуға бағыт­талады. Онда кә­сіби дағдыларын және жеке тұлғалық қа­сиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметкерлікке кандидаттарды тестілеудің арнайы жүйесін енгізу тапсырылды. ІІО қызметкерлерін кезекті аттестаттау да өте өзекті болып отыр. Бұл – заман талабы. Санға емес, сапаға маңыз беру қажет. Бір сөзбен айтқанда, полиция қатарына арнайы кәсіби дайындығы бар, моральдық тұрақты, тиісті сынақтардан сүрінбей өткен әрі денсаулығы мықты азаматтар ғана қа­былдануы шарт. Мен талай жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқандықтан, азаматтардың полицейлерге деген се­нім­дерін қалай арттыруға болады деген сұрақ жиі қойылады. Жалпысында, Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмыс сапасы мен оларға деген халықтың сенімін арттыру әр қызметкерден әділдікті, жоғары құқықтық мәдениетті талап етеді. Кез келген азамат басына қауіп төнген кезде, ең алдымен, билік өкілі ретінде полиция қызметкеріне жүгінеді. Демек, әрбір шағымның артында – арызданушының жан дауысы тұрғандығын ұғынған абзал. Ең бастысы, келіп түскен өтініштерге жіті мән беріп, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ету керек. Сонда ғана халықтың билік өкілдеріне сенімі артады деп ойлаймын. Сайып келгенде, азаматтарымыз полицияны жазалаушы орган ретінде емес, басына іс түскенде қолұшын беретін билік өкілі ретінде қабылдауларына жағдай жасауымыз қажет. Баршаға мәлім, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 31-қадамында этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азамат­тардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету айтылды. Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында Көліктегі ІІД-де Консуль­тативті-кеңесші орган құрылды. Кеңестің басты мақсаты – ішкі істер органдары қызметінің мөлдірлігін арттыру. Қазір айтулы кеңес жұртшылықпен байланыс орната отырып, азаматтарымыздың полицейлерге деген сенімін арттыруға үлес қосуда. Қызметкерлер арасында заңсыздық­тарға жол бермеу үшін де мақсатты іс-шаралар жүргізіп отырамыз. Тұтастай алғанда, жеке құрам арасында заңдылықтарды сақтау мен тәртіпті нығайту мәселесі департамент басшы­лы­­ғының ұдайы назарында. Қыз­меткер­леріміздің заңсыздықтарға жол бермеуі үшін үнемі алдын алу шаралары өткізіліп тұрады. Департамент жеке құрамның әскери дайындығын шың­дау, жемқорлықты болдырмау, жас маман­дар­дың бойына отансүйгіштік қа­сиеттерді қа­лыптастыру бойынша да іс-ша­ралар қа­былдап отырады. Жұмыс сапасы мен кәсіби шеберлікті көтеруге бағытталған нақты жоспарларымыз бар. Сөзімнің соңында, ұлы мереке – Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығы қарсаңында мынадай тілегімді білдіре кеткім келеді. Батыр бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр даламызды ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап, бүгінгі ұрпаққа мирас етті. Ғасырлар бойы егемендік аңсаған бабаларымыздың асыл мұраты орындалды. Ендігі міндет – аталарымыздың қаны, аналарымыздың көз жасымен келген тәуелсіздікті баянды ету. Ол үшін әрбір азамат туған еліміздің кемел келешегі жолында аянбай тер төгіп, адал қызмет етулері керек. Отансүйгіштік қасиет еліміздің әрбір азаматының бойында болса екен деймін. Аманжол ҚАБЫЛОВ, Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі