• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Берекелі өңірлер, мерекелік көңіл-күй

176 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын атап өтетін күн жақындаған сайын аймақтардағы жарқын еңбек пен айтуға тұрарлық оқиғалардың көрінісіне толы шаралар легі де арта түсуде. Бұл – өңірдегі өндірістің ілгерілеуі мен еңбек өнімділігінің айқын мысалы. «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшілері берекелі өңірдегі мерекелік көңіл-күйдің нағыз ортасында жүргендіктен, аймақтардағы айтулы істердің жарқын нәтижесіне куә болып келеді. Өңірлер тынысының бір сәтін «Тәуелсіздік тартуы» айдарымен топтап беруді жөн көрдік.

Ақмола облысынан – Бақберген АМАЛБЕК:

Степногор қаласында шағын мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. «Нефтяной Дом Астана-Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты кәсіпорын облыста тұңғыш рет жоғары сапалы дизель отынын шығара бас­тайды. Биылғы мерекелі жылда серіктестік өндірілген өнімнің өзіндік құнын арзандату және оның сапасын жақсарту мақсатында 1,5 миллиард теңгенің инвестициялық жобасын ойдағыдай жүзеге асырып шықты. Ақмола облысының кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізілген айрықша жоба жылына 150 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Мұнай еуростандарттар талабына жауап беретін озық инновациялық технологиямен өңделеді. «Нефтяной Дом Астана-Ойл» ЖШС басшыларының айтуынша, өңірдің дизель отынына жылдық сұранысы 400 мың тонна болса, мұның 150 мың тоннасы Степногордағы кәсіпорында өндірілетін болады. Сондай-ақ, шағын зауыттың ашылуына байланысты қосымша 15 жұмыс орны құрылып отыр. Кәсіпорынның құрылтайшысы Владимир Грищенко кәсіпорынның технологиялық жабдықталуына, түпкі өнімнің сапасына сипаттама бере келе, «Нефтяной Дом Астана-Ойл» ЖШС жолаушыларға тиімді бағамен өз май құю стансасын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.  

Қарағанды облысынан – Қайрат ӘБІЛДИНОВ:

Қарағанды облысының Сарышаған елді мекенінде жаңа темір жол вокзалы ашылды. Мұнан бөлек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Сарышаған кентінде үстіміздегі жылы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осындай инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде енді жаңа темір жол пайдалануға берілді. – Қос қабатты жаңа нысанда жо­лау­­шыларға керек жағдайдың бәрі де жасалған, – дейді станса бастығы М.Қонысбаев. – Ана мен балаға арналған де­малыс бөлмесі, жолаушылар залы, асханасы бар, компьютерлік зал қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, пойыздардың келіп-кететін уақытын көрсетіп тұратын заманауи электронды тақта орнатылған. Нысан бір мезетте 1500 жолаушыға қызмет көрсете алады. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында ашылған жаңа вокзал сарышағандықтар үшін тамаша мерекелік тарту болды.  

Қостанай облысынан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА:

«Қостанай облысында елді мекендерді газдандыру және газ тарату желісін жаңғырту» инвестициялық жобасының ұлт­тық операторы «ҚазТрансГаз» ак­ционерлік қоғамы Рудный қала­сы­ның Качар кентіне газ құбырын кіргізу жұмыстарын аяқтады. Мұнда автоматтандырылған газ тарату стансасы, газ реттеу блогы бекеті салынып, 30 шақырым құбыр жүргізілді. Көгілдір отын кенттегі 56 ірі панелді тұрғын үйлерге, жиырма шақты жеке үйлерге және 35 ірілі-ұсақты коммуналдық-әлеуметтік нысандар орналасқан ғимараттарға кіргізілді. Соның арқасында Качардың 12 мың халқы қолын жылы суға малып, өркениет жемісінің рахатын көріп отыр. Қостанай өңірін газдандыру жұмысы үзіліссіз жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда облыс өңірінде 600 шақырым газ құбыры тартылды, 50 мың тұрғыны бар 8 елді мекен – Әулиекөл ауданындағы Әулиекөл, Аманқарағай ауылдары, Рудныйдың Качар кенті, Қарабалық ауданындағы Тоғызақ стансасы, Денисов ауданындағы Антонов, Алчанов селолары, Лисаков қаласына қарасты Октябрь поселкесі және Федоров ауданының орталығы көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Облыс тұрғындарының табиғи газға қолы жетіп, пайдалануы 10 пайызға артты. Бұл жұмыстар инвестициялық жобалар аясында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.  

Жамбыл облысынан – Оралхан ДӘУІТ:

Ирандық инвесторлар полиэтилен құбырлар шығаруды қолға алмақ. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін арнайы келісімшарт та жасалды. Ирандық инвесторлар Жамбыл об­лысының экономикалық мүм­кін­дік­те­рімен танысуға арнайы келіпті. Олар алдымен инвестиция салуға сұранып тұрған бірқатар жобалармен танысып, соның ішінде диаметрі 3 см-ден 3 метрге дейін жететін полиэтилен құбырларын шығаруға арналған кәсіпорын ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Мұндағы басты ерекшелік – құбырлардың құрамына шыны араластырылады. Ол төзімділігімен ерекшеленбек. Кішкентай көлемді құбырлар жылыжайларда пайдаланылады. Ал үлкен құбырлар құрылысқа қолайлы. – Инвестиция салу үшін Жамбыл облысына делегация­мызбен екінші рет келдік. Аймақтың мүмкіндіктері өте мол екен. Әсіресе, бұл аймақ ауыл шаруашылығы үшін өте қолайлы. Мәселен, біз қолға алып отырған поли­этилен құбырлар тамшылатып суару технологиясы үшін өте қажет. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы, оның ішінде ет экспортын арттыруға көмектескіміз келеді. Ираннан әкелген арнайы құрылғылар арқылы етті вакуумдауға болады. Етті вакуумдау арқылы оны 72 сағат ішінде әлемнің кез келген жеріне тасымалдауға мүмкіндік бар, – дейді ирандық инвестор Хоссейн Хасан Комали.  

Павлодар облысынан – Фарида БЫҚАЙ:

Облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында тағы да бір жаңа үй бой көтерді. Бұл жолы жарқыраған жаңа шағын ауданда 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер алғандар бұрынғы «Алюминстрой» шағын ауданының бұрынғы тұрғындары қалада 50-ші жылдары салынған екі қабатты апатты үйлерде тұрып келді. Осының алдында ғана «Сарыарқа» шағын ауданындағы Ломов көшесінде 12 қабатты биік үй пайдалануға берілген еді. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бұл аудандағы қалған ескі үйлер де алдағы уақытта сүріліп, содан соң жаңа үйлер бой көтереді. Биыл жазда «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі пайдалануға беріліп, жаңа пәтер кілтін 105 отбасы алса, Ш.Шөкин көшесінде орналасқан тағы бір жаңа үйден 52 отбасы пәтер алды. Ал алдағы жылдары облыс орталығында 22 жаңа үй салынады деп жоспарлануда. Желтоқсан айында 9 үй кешені пайдалануға беріліп, 900 отбасы жаңа пәтер алады.

Шығыс Қазақстан облысынан – Думан АНАШ:

Еліміздегі шекаралық өңірлердің бірі саналатын Тарбағатай ауданы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын жоғары табыстармен қарсы алып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер көп. Соның бірі – әрине, мал шаруашылығы. Айта кетелік, ауданда 150 мыңға жуық ірі қара, 450 мыңға жуық қой-ешкі және 25 мыңдай жылқы бар. Соңғы 3 жыл көлемінде 60-қа жуық асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істеуде. Мал басын түрлендіру бойынша аудан үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орынды иеленіп отыр. Қазіргі таңда 26 512 мал басы тұқым түрлендіруге қатысуда. – Елбасы барлық деңгейдегі әкімдерге ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында отбасылық мал бордақылау алаңдары мен сүт қабылдайтын тірек пункттер ашу жөнінде тапсырмалар берген болатын. Әлбетте, бір отбасы 5 бастан 50 басқа дейінгі малды бордақылай алады. Сондықтан тарбағатайлықтар шағын отбасылық бордақылау алаңын ашуға бірден бел шеше кірісті. Қазір ауданда 400-ге жуық мал бордақылау алаңы бар, – дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.