• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Тарихи бес реформа

582 рет
көрсетілді

қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді «Қазақстан-2050» стратегиясындағы Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ, «болашағымыздың бағдаршамы, ұлтты ұйыстырып ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы». Мемлекет басшысы мұнда татулықты, ішкі тұрақтылықты қалыптастыруды, елімізді мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауды меңзеп отыр. Мәңгілік Ел құндылықтары еңбек­сүй­гіштікке, адалдыққа, отаншылдыққа, патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрлерімізді үлгі етуге баулиды. Ал Мәңгілік Ел болу дегеніміз – ешқашанда бөгденің бодан­дығына түспейтін, халықтығын, ұлттығын, елдігі мен мемлекеттігін әрқашанда әспеттейтін, бар заманда ұлы мен қызының бағы басында тұратын, барша халқының бақыты баянды болатын ел құру. Мәңгілік ел әрбір азаматымыздың отаншылдық сезімін еселеп, қазақ елінің азаматымын деген жауапкершілікті жүктеп, бойына мақтаныш дарытады. Елбасымыздың «ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн» деген ойы бізді жігерлендіреді. Баршамызды мазалайтын тіл турасындағы сауалдардың жауабы: Мәңгілік Ел идеясының үлкен бір арқауы мемлекеттік тілді дамытуда жатқанын жақсы білуіміз керек. Себебі, тілі өркендемеген ел ешқашан ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл бірлігі болмаса не мемлекет, не тәуелсіздік баянды болмайды. Тарихи отанына деген сүйіспеншілігін, мемлекет құраушы ұлтқа деген құрметін қазақ жерін мекен еткен әрбір этнос өкілі мемлекеттік тілден бастауы керек. Осы тұрғыдан түсінісу, бір тілде сөйлесу этносты этносқа жақындастырып, тілімізбен бірге салт-дәстүрімізді бойларына сіңірген олар ұлтымызға сіңісіп, жарасымды болады. Мемлекетіміз Мәңгілік Қазақ Елі деп аталса, бүкіл еліміздің, халқымыздың рухы көтерілмей ме? Біз Қазақстан халқының достығын елі­міз­дің баға жетпес байлығы деп бағалай­мыз. Себебі, түрлі ұлт өкілдерінің өзара ын­тымағы, заң алдындағы теңдігі бол­маса, мемлекеттің өркендеуі болмайды. Еліміздің бүгінгі шыққан биігінде, әлем елдері алдындағы беделінің өсуінде, сөз жоқ, өзге этнос өкілдерінің де үлесі шексіз. Мұны Елбасымыз: «Біздің тәуел­сіздігіміздің тарихы – бұл барлық этнос­тар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері ат салысып келеді», – деп атап өткен-ді. Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Мәңгілік Ел болып қалу­дың, үздіксіз ілгерілеудің 5 реформасын ұсынған болатын. Сөз жоқ, Қазақстан сарабдал көшбасшысының арқасында әлеуметтік-экономикалық, саяси және әкімшілік реформалардың ауқымды жолын еңсергені белгілі. Бірақ, тоқмейілсіп тоқтап қалуға болмайды. Президентіміз ұсынған 5 реформа локомотив іспетті барлық мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етуде. Бірінші реформа негізінде мемле­кеттік қызметтің қазақстандық моделі қалыптасты. «А» және «Б» корпус­тары түзілді. Мемлекеттік қызметте өсетін әрбір басшы төменнен бастап, барлық басқарушылық сатыларын басып өтуі тиістігі бекітілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы этностық тегіне, қоғамдық-әлеуметтік орнына қарамастан, барлық талапты, дарынды, мақсатты адамдарды мемлекеттік қызметке тарту жөнінде тапсырма берді. Ал екінші реформа – Қазақстан Республикасының барлық заңының шынайы түрде қызмет атқаруына бағытталды. Жемқорлық пен жабық келісімдер, шешімдер шығара салу қоғамды іштей ірітетіні бесенеден белгілі. Сот жүйесінің әлсіз тұстарының барлығын күшейтуге арналған бұл реформа тұтастай республика халқының тыныш та бейбіт өмір сүруінің кепілі болмақ. Үшінші реформа – елімізді дамыған елдердің қатарына қосатын маңызды фактор – мықты экономикамыздың болуына арналды. Индустрияландыру, өңдеуші сектор, аграрлық сектор, инвестиция тарту, экспортқа тауарлар шығару салаларына мемлекеттік қолдау жасалатыны нақтыланды. Түйіндей айтсақ, үшінші реформа экономиканы әртараптандыруға бағытталып отыр. Бүгінде осы реформа негізінде атқарылған жұмыстар бойынша тиісті мекемелер қолға алған жобалары бойынша халық алдында есеп беріп жатқанынан хабардармыз. Төртінші реформа – біртектілік пен бірлік. Яғни, бірыңғай болашақ ұлтты қалыптастыру. Шындығында, бүгін­гідей тұрақсыз саяси күштердің кейбір әрекеттерінен туындап жатқан жағдай­ларда ұлттық ынтымақ пен қоғам­дық келісімді сақтау саясаты ерекше маңызға ие. Алыстан болжайтын Ел­басымыз осы бағытта Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалған өзіндік үлгісін қалыптастырды. Ортақ Отаны – Қазақстан болған барша ұлт пен ұлыс өкілдері осы реформа негізінде ынтымақ пен жарасымдықтарын одан сайын берік ете түсері ақиқат. Мемлекет басшысының өз сөзімен айтсақ: «Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады». Жалпыхалықтық реформаның бесін­шісі – транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекетті құру. Мемлекеттің қуаты мен күштілігі халықтың еңбегімен құралады. Сондықтан мемлекет тарапынан орындалып жатқан ауқымды, игілікті істердің барлығының есебі анық көрініп тұруы керек. Қазіргі кезде Елбасы ұсынған бесінші реформаның негізінде Қазақстан қоғамының барлық саласы кезең-кезеңмен біртіндеп, халық алдындағы жариялылыққа бейім­деліп жатыр. «Қуатты мемлекет қалыптас­тырып, либералды дамыған қоғам құру үшін елдің 40-50 жылды қамтитын тұрақты алға жылжуы қажет. Біз де соған бара жатырмыз. Мен ұсынған шаралар Қазақ­стандағы қоғамдық қатынастар жүйе­сін түбегейлі өзгертеді» деген Мем­лекет басшысының жоспары көп күт­тірмей оң нәтижелерін көрсетері анық. Мақсатқа қол жеткізу үшін ҚР Пре­зиденті жанынан бес бағыттағы реформамен түбегейлі айналысатын Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, әр реформаның тиісті мекемелер бойынша жүзеге асырылуы жіті қадағалануда. Себебі, әлемдік дамыған елдердің барлығы да даму жолын айқындап алып, ішкі-сыртқы жағдайларға түбегейлі реформа жасағаннан кейін ғана дамудың даңғыл жолына түскен. Президент ұсын­ған реформалар тәуелсіз еліміздің тәуе­келді өткелі болып, қуатты мемлекетке айналуымызға, Мәңгілік Ел болып қалуы­мызға алғышарт болып табылады. Түйін­дей айтсақ, Елбасымыз ұсынған тарихи 5 реформа – жаһандық түйткілді жайттардан шығатын қазақстандық модель. Бүгінгі біздің басты парызымыз – Алаш қайраткерлерінің армандаған Мәңгілік Ел мұратын жас ұрпаққа насихаттау. Қасық қаны қалғанша шайқасып, атамекенінің сынық сүйем жерін дұшпанға бастырмай, кеудесімен қорғаған батыр бабаларымыздың, қаһар­ман хандарымыздың, елдің бірлігін да­налығымен ұйытқан би-шешендеріміздің ерлік істерін жастарға үлгі ету. Сонау сақ-ғұн, түркілер дәуірінен жеткен алтын аңыздарымен әшекейленген қазақ елінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын ұлықтау. Қазақстанның кең байтақ шекара шебін кірпік қақпай күзетіп тұрған ержүрек жауынгерлерімізге жігер беретін, намысын қайрайтын толғаулар мен дастандар жазып, тарих беттерінде қалдыру. «Мәңгілік Ел» – шынында да ұлы мақсат. Қазақ еліне көз алартып, қызғанышпен қарайтын жат пиғылдардан елімізді қорғау басты парызымыз. Бүгінде жаһан ғалымдары қазақ халқының басқа этнос өкілдерімен бейбіт өмір сүретін ерекше қасиетін толеранттылықтың, яғни төзімділіктің феномені ретінде әлем халқына үлгі-өнеге етіп келеді. Қазір қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқан 5 реформа мен оны іске асырудың 100 қадамы барша қазақ жерін мекендеген ұлт пен ұлыс өкілдеріне тыныш өмір, білімді келешек, бәсекеге қабілетті іскерлікті қамтамасыз етеді. Елбасымыз бекіткен Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы әр азаматтың отан­шыл­дық сезімін еселеп және мемлеке­тіміздің барлық құрылымдық салаларын түбегейлі өзгертіп, ынтымаққа ұйыған, шыншыл да ашық қоғам құрып, Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түсетініміз сөзсіз. Ең бас­тысы, бүгіннен де нұрлы, бүгіннен де кемел болашағы бар Мәңгілік Қазақ елі өркениетті, дәулетті ел қатарында болып, әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құратынына сенеміз. Қазақбай ҚАСИМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор