• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Авиация қызметін жетілдіретін заң

213 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда депутаттар төрт мәселе қарады. Соның ішінде кейбір заңнамалық актілерге әуе кеңістігін пайдалану және авиа­ция қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, заң жобасы азаматтық авиация саласындағы заңнаманы Халықаралық азаматтық авиа­ция ұйымының (ХААҰ) стандарттарына сәйкестендіруді көздейді. Сонымен қатар, әуежайлардағы қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге заңнамалық мүмкіндіктер тудырады. Авиация саласының медициналық сарапшылары мен аэронавигациялық қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыру да заң жобасында қарастырылған. Еліміздегі шағын авиацияны дамыту үшін заң жобасы жеңіл және өте жеңіл ұшу аппараттарын пайдаланушыларды аэронавигациялық қызмет көрсетудің алымдарын төлеуден босатуды да қамтыған. Заң жобасы Салық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­терге және бес заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынған. Сұрақ беру рәсімі басталғанда депутат Сапар Ахметов жеңіл ұшу аппараттарының ұшу қауіпсіздігіне қандай қызмет жауап беретінін сұрады. Оған министр ұшу аппараттарының сертификаттаудан өтіп, тіркелетінін айтты. Егер аппараттан ақау шығып, апатқа ұшырайтын жағдай бола қалса, сертификаттаудан өткізген ұйым жауап береді. Бұдан әрі де бірнеше депутат министрге өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Соның ішінде Н.Нығматулин жекеменшік шағын ұшақтардың ұшып-қону жұмыстарын бақылау коммерциялық емес ұйымдардың құзырына берілетіндігі өзін алаңдататынын білдірді. Олар қауіпсіздік талаптарын қаншалықты талап ете алады, басқа ұшақтардың ұшып-қонуына кедергілер болмай ма? – деп сұрады Төраға. Оған мұндай үлгінің халықаралық тәжірибеде қолданылатындығы туралы жауап берілді. Жалпы, жекеменшік жеңіл ұшу аппараттарының қауіпсіздігі туралы мәселе көптеген депутаттарды толғантатыны көрініп тұрды. Министр екінші оқылымға бұл сұрақтарға толықтай жауап беретін болды. Осындай талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымда қаралу үшін әзірленуге жіберілді. Сонымен қатар, кешегі жалпы отырыста кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Басқа өзгерістермен қатар, ол Кәсіпкерлік кодексіне, тарифтерді негізсіз көтеруді болдырмас үшін, қоғамдық маңызы бар рыноктарды реттеу жөніндегі жаңа тарау енгізуді қарастырған. Ал қоғамдық маңызы бар рыноктар қатарына электр қуатын, газ, темір жол мен әуежай қызметтері және т.б. пайдаланатын тұтынушылар рыногы жатады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында заң жобасы Кәсіпкерлік кодексінің 92 және 94-баптарына, сонымен бірге, «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңға тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау тетіктерін қамтамасыз ету бойынша түзетулер енгізген. Күн тәртібіне сәйкес қаралған мәселелердің арасында Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да болды. Бұл заң жобасы туралы баяндама жасаған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельге көптеген сұрақтар қойылды. Ратификациялауға ұсынылған келісім 2016 жылдың 11 сәуірінде Тегеран қаласында жасалған. Атынан көрініп тұрғандай, келісім Иранда сотталған Қазақстан азаматтарын, Қазақстанда бас еркінен айырылған Иран азаматтарын жазаларын өтеу үшін өз елдеріне қайтаруды қарастырған. Бір қызығы, осындай келісім әлі күнге Қазақстан мен Өзбекстан арасында жасалмаған болып шықты. Баяндамашы бұл жұмыстың енді ғана қолға алынып жатқанын жеткізді. Біршама талқыдан өткен соң, келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Сонымен бірге, осы күні Мәжіліске келіп түскен Қазақстан мен Түркия арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы меморандумды ратификациялау жөніндегі заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, бірнеше депутат орталық билік органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»