• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Көшбасшы мен ұлттың ғажайып бірлігі

342 рет
көрсетілді

Қазақ елінің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлемдік аренада кеңінен танылуына алғышарт жасап отыр Қазақстан бұл күндері өз тарихындағы нышандық дата – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауда. Бұл барлығының қалай басталғанын еске түсіріп, артта қалған жолды ой елегінен өткізу үшін, оған баға беру үшін жақсы себеп. Әрине, егер оны ширек ғасыр бұрын болған оқиғаларға қатысы бар адамдар жасар болса, әлдеқайда құндырақ болмақ. Әр жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты лауазымдар атқарған Қазақстанның белгілі қоғам және саяси қайраткері Қанат САУДАБАЕВПЕН біздің әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді. – Сіз Қазақстанның тәуелсіздігін Мәскеуде Қазақ КСР-нің КСРО-дағы өкілетті өкілі лауазымында қарсы алдыңыз. Сондықтан, осы оқиғаға шетел мемлекеттерінің алғашқы реакциясын сіз өзгелерден гөрі ерекшелеу сезінген шығарсыз, өйткені олардың елшіліктері тек Мәскеуде ғана болды ғой. Оқиға қалай болып еді? – Ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының елдің жақындап келе жатқан тәуелсіздігін өзгелерден әлдеқайда ертерек болжағанын атап өткім келеді. 1991 жылдың 22 тамызында мені өкілетті өкіл лауазымына тағайындай отырып, ол «Енді Мәскеумен біздің қарым-қатынасымыз өзгеше болады. КОКП болмайды, Кеңес Одағының да көп ұзамай болмай қалуы мүмкін. Осындай күрделі уақытта маған Мәскеуде Орталықтағы ахуалдың дамуын шұғыл хабарлап отыратын және қажет болған жағдайда Михаил Горбачевпен, Борис Ельцинмен және шетелдік мемлекеттер елшілерімен тікелей байланысты қамтамасыз ететін сенімді өкіл қажет», деді. Сондықтан, жұмыстың бірінші күнінен бастап біз шетелдердің елшілерімен байланысты жолға қоюға кірістік. Бірінші кездесу Қазақстан аумағындағы орасан зор ядролық әлеуетке байланысты айрықша алаңдаушылық білдірген ядролық державалар өкілдерімен болды. Бұл елдер кеңестік ядролық қарудың ұлттық пәтерлерге тарап кетуін қалаған жоқ және ол ойларын анық жеткізді. 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде біздің егемендігімізді мойындаудың нағыз шеруі басталды. Қазақстан тәуелсіздігін мойындағандардың алғашқы сапында Түркия мен АҚШ болды, олардың президенттері Тұрғұт Озалмен және үлкен Джордж Буш пен Нұрсұлтан Назарбаев жеке қарым-қатынас орнатып үлгерген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының Мәскеуге келген сапарының бірінде біз Президент атынан КСРО СІМ-нің әйгілі Қабылдау үйінде алғашқы ресми қабылдау ұйымдастырдық. Оған іс жүзінде Мәскеуде аккредиттелген барлық елшілер және ресейлік саяси элита өкілдері қатысты. Өзінің қысқа, бірақ мейлінше мазмұнды сөзінде біздің Президентіміз Тәуелсіз Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынасының негізгі қағидаттарын баяндап берді. Олар бейбітшілік, тең құқылық және өзара тиімділік қағидаты болатын. Дәл осы қағидаттар осы күнге дейін 25 жыл ішінде бұрынғы кеңестік империяның ешкімге белгісіз сынығынан әлемдегі беделді де құрметті өңірлік державаға айналған біздің мемлекетіміздің табысты сыртқы саясатының сенімді іргетасы болып келеді. –  Елдің ең тәжірибелі дипло­мат­тары­ның бірі бола отырып, сіз, Қазақстанға әлемде осындай мойындауға, сенім мен құр­метке қол жеткізудің қандай күш-жігер­ге түскенін өте жақсы білетін шы­ғар­сыз? – КСРО тарағаннан кейін Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі өз дамуының бастапқы кезінде ең ауыр жағдайларға ду­шар болғаны белгілі. Әлемдік сарапшылар Қазақстанның егемен мемлекет ретінде өмір сүруіне қатысты айтарлықтай пессимистік болжамдарға бейім болды және ол үшін объективті себептер де аз емес еді. Бірақ осынау қара аспанды жаудырған болжамдарға кереғар Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің халқымыз бүкіл әлемге керісінше жағдайды дәлелдей білді. Сирек кездесетін стратегиялық көре­гендігінің, таңғажайып интуициясының, дипломатиялық талантының және ғаламат жұмыс қабілетінің арқасында Мемлекет басшысы ахуалды бақылауда ұстай біліп қана қоймай, сонымен бірге, барынша қолайлы сыртқы жағдайларды, ең алдымен, халықаралық қоғамдастықтың сенімін қамтамасыз ете отырып, елді сенімді әлеуметтік-экономикалық даму траекториясына шығара білді. Осы орайда, мен сыртқы саясатта тек Президенттің ғана басымдыққа ие екенін, оны жүзеге асырушы құрал СІМ болып табылатынын, ал ел басшылығы тағайындаған елшілердің алаңдағы ойыншылар екендігін айрықша атап көрсеткім келеді. Елші және Сыртқы істер министрі ретінде тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мен Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың, ірі трансұлттық корпорациялардың басшыларымен өткізген көптеген келіссөздерге қатыстым. Алғашқы кездесуден-ақ әлі де ешкімге белгісіз елдің Президенті өзінің лайықты тұлғасымен, келіссөздер тақырыбын терең білуімен және сирек кездесетін адами тартымды қасиетімен әңгімелесушінің құрметі мен сенімін тудыратын. Тәуелсіздіктің 25 жылы бойына оған әлемдегі шешуші мемлекеттер басшы­ларының төрт буынымен жұмыс істеуге тура келді және солардың бәрімен де лайықты, тең дәрежелі және сенімді, көп жағдайда достық қарым-қатынастар орната білді. Тәуелсіздіктің барлық жылдарында біздің Президентіміз Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету саясатын сыртқы әлемге қарай бағыттауға ұмтылумен келеді. Бүгінде әлемдік лидерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан айтулы жеке үлесін жоғары бағалай отырып, көптеген дағдарысты жағдайларда біздің Мемлекет басшысына өтініш білдіреді. 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстандағы аса ауыр дағдарыс уақытында осылай болды. Көршілес елдегі қарсы тұрушылық шырқау шегіне жеткен кезде АҚШ пен Ресей президенттері дағдарысты реттеу жөніндегі, Қырғызстанда азамат соғысының алдын алу жөніндегі ең ауыр миссияны өзіне алу жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш жасап, оған осы жұмысты АҚШ пен Ресей атынан жүргізу құқығын берді. 2010 жылдың сәуіріндегі осынау үрейлі күндер мен түндерде біздің Мемлекет басшысының жоғары халықаралық беделі ғана айқын көрініп қойған жоқ, сонымен бірге, оның қарсы тұрған жақтарды сендіре білу, ең бір қызба бастарды да сабырға шақыру дарыны көрініс тапты. Күндер мен түндер туралы айту арқылы мен оқиғаны әсіре ұлғайтып отырған жоқпын. Қырғызстанда жағдай шиеленіскен сәтте біздің президентіміз Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші саммитке қатысып жатқан болатын. Ол күндіз саммит жұмысына қатысып, сөз сөйледі, өзге мемлекеттер басшыларымен кездесті, ал түнде (ол уақытта бізде күндіз ғой) телефон арқылы Астанамен, Бішкекпен сөйлесті, тиісті тапсырмалар берді. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ пен Ресей президенттерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Қырғызстанда азамат соғысының туып кетуінің алдын алып, процесті жалпыұлттық үнқатысу арнасына қарай бұрудың сәті түсті. Украинадағы оқиғаға байланыс­ты әлемнің бүкіл шешуші елдері лидерлерінің дағдарысты реттеу бойынша Қазақстан Президентімен консультациялар өткізуді маңызды деп шешуі табиғи нәрсе. Кремльден, Ақ үйден, Даунинг-стрит-10-нан, Парижден және Берлиннен Ақордаға соғылып жатқан телефон қоңырауларының жиілігі біздің әлі де есімізде. Бұл ежелгі римдік Квинт Гораций Флактың «егер сенің көршің өртеніп жатса, саған да қатері төнеді» деген сөзінің әділдігі мен бүгінгі көкейкестілігін жақсы түсінетін біздің еліміздің Көшбасшысы үшін жоғары құрмет, сонымен бірге, орасан зор жауапкершілік. Халықаралық қоғамдастық Иран ядролық проблемасын бейбіт жолмен шешудегі Қазақстан Көшбасшысының бір ізді де сындарлы рөлін жоғары бағалайды. Біздің Президентіміз екі жақтың да халқы бізге бірдей жақын болып табылатын, таяудағы Ресей-Түркия қарым-қатынастарындағы терең дағдарысты реттеуге көптеген күш-жігері мен уақытын жұмсады. Президенттер В.Путин мен Р.Ердоғанның Қазақстан Көшбасшысына осынау аса ауыр оқиғаны шешудегі кемеңгерлігі мен ерлігі үшін алғыс сөздерін айтуы өте әділетті іс болды. Мұның өзі қымбат дүние, біздің отандастарымыз өз Елбасының тиімді бітімгершілік қызметін заңды түрде мақтан тұтады. Дегенмен, осынау дағдарысты жағдайлардың бәрінде де біздің Мемлекет басшысы ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүдделерін басшылыққа алды. – Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен әріптестік қарым-қатынастар орнатудың, олардың Қазақстандағы мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етудің сәті қалай түсіп жатады? – Маған бұл сұрақты АҚШ-та да талай рет қойған болатын. Және Нұрсұлтан Назарбаев қандай, бүйрегі Ресейге бұра ма, Қытайға бұра ма, әлде Америкаға бұра ма деп те сұрайтын. Менің жауабым біреу ғана еді: «Біздің Президенттің бүйрегі Ресейге де, Қытайға да, Америкаға да бұрылмайды. Ол тек Қазақстанның мүддесін ғана көздейді». Жаңа буын лидерлерінің мойындауынша, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясаттың танылған және өте беделді патриархы бола отырып, бүгінгі күні де таңғаларлық іс-қимылымен және заманауилығымен ерекшеленеді. Сондықтан да,  ол Владимир Путинмен, Си Цзиньпинмен және Барак Обамамен және Шығыс пен Батыстағы басқа да жаңа формация басшыларымен жақсы әріптестік қарым-қатынастар орнатқан. Біздің Президентіміздің АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың келіссөздер жүргізген әлемдік лидерлердің алғашқы ондығында болуының өзі Н.Назарбаевтың қазіргі заманғы әлемдегі аса көрнекті рөлі мен айрықша орнын тағы бір рет дәлелдей түседі. Президенттің елді әлеуметтік-эко­номикалық дамыту, Қазақстанның беде­лін халықаралық аренада нығайту, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамта­масыз ету жөніндегі көп жылғы дәйекті де жасампаз қызметінің нәтиже­сінде Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше 56 мем­лекет осы беделді халықаралық ұйымға Қа­зақстанның төрағалығы туралы бірауыз­дан шешім қабылдады. Екінші жағы­нан бұл біздің Президентімізге деген жеке се­нім мен құрметтің айқын көрінісі болды. Төрағалықтың ел үшін қаншалықты маңызды екенін Елбасының өзі объективті тұрғыдан және жан-жақты айқындап берді: «Бұл тарихи шешім тәуелсіз Қазақстанның қол жеткен табыстарына әділ баға болып табылады. Бүгінде Қазақстан жаһандық қауіпсіздіктің белсенді қатысушысына, бейбітшіліктің, келісім мен тұрақтылықтың орталығына айналды. Өзінің әділеттілігімен белгілі қазақ халқы Азия елдері мен Кеңес Одағынан кейінгі кеңістіктегі мемлекеттер арасынан алғаш болып өзінде осындай беделді ұйымның саммитін қабылдайды. Қазақстан мұндай танымалдылыққа ешқашан жетіп көрген емес». Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше энергетикасының, терең эрудициясының, мұ­қалмас саяси ерік-жігері мен дипло­матия­лық шеберлігінің арқасында Қазақстан соңғы 11 жыл бедерінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Саммитін аса жоғары дең­гейде өткізіп, Ұйымға қатысушы бар­лық 56 мемлекеттің Астана Декла­ра­циясын бірауызды шешіммен қабыл­дауын қамтамасыз етті. Бұл, шын мәнінде, Қазақстанның жұлдызды сәті, Мем­лекет басшысының жеке триумфы, бүкіл әлемге қазақ халқының, қазақ­стан­дықтардың бірлігі мен жұдырықтай жұ­мылғандығының жарқын көрінісі болды. Біздің Президентіміздің бағындырған осындай асуларының – тарихи табыстарының қатарында Семей ядролық сынақ полигонын жабу, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркінен бас тарту, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру секілді жаһандық деңгейдегі бастамалары бар. Қазақ халқының көпғасырлық тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы халықаралық-құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл жерде, әрине, тәуелсіз мемлекеттің жаңа елордасын салу секілді тарихи шешім де тасада еш қалмауы тиіс. Осы қатарда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқын жеңіп алғанымызды, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымызды үлкен қанағат сезімімен атап өте аламыз. – Қазақстанның 25 жыл ішінде қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық табыстарының басты құрамдасы ретінде нені атаған болар едіңіз? –  Бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаев біздің көп ұлтты елімізде тұрақтылық пен бейбітшілікті және келісімді қамтамасыз етті. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Президент жас тәуелсіз мемлекетті дамыту үшін қажетті оңтайлы да белсенді және дәйекті сыртқы саясат қалыптастыра білді. Сөйтіп, еліміз шекарасының бүкіл периметрі бойынша сенім мен ізгі көршілестік белдеуі құрылып, шетелдік инвестициялар үшін тартымды ахуал қалыптастырылды. Елдің айтарлықтай күрделі геосаяси жағдайына байланысты Президент біздің өмір шыңдығымызбен қабысатын тәуелсіз Қазақстанның жалғыз ғана оңтайлы сыртқы саясатының стратегиясын айқын­дады. Ол көпвекторлылық пен центризм еді. Назарбаевтың мінез-құлқы және іс-әрекеті бойынша центрист екенін айта кеткен жөн. Осы жылдардың бәрінде, күрделі сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, Мемлекет басшысы адам айтқысыз төзім­ділік, даналық пен қайсарлық көрсете оты­рып, ел ішінде де, халықаралық аренада да қандай да бір кемшіліктерге жол берген жоқ. Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан за­манда дәл осындай ұстаным ғана еркін қимыл­дауға, әрбір нақты жағдайда дұрыс және дер кезінде шешім қабылдау­ға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Назар­баев­тың келесі бір тамаша дарыны оның оқиғалар ағыны арасынан әлемдік даму трендінде айқындаушы рөл атқара­тын басты нәрсені көре білу қабілеті болып та­былады. Мәселен, ол қазіргі жаһан­дану заманында мемлекеттердің өзара бай­­ла­ныстарынсыз дамудың мүмкін бол­май­­тынын алғашқылардың бірі болып түсінді. Осындай жағдайда кез келген мемлекеттің әлем айдынында жалғыз жүзуі айтарлықтай проблема туындатады. Оның үстіне, жағдай әлемдік мұхитқа, демек, әлемдік нарықтарға тікелей шығатын жолы жоқ біздің еліміз үшін қиындай түсетіні белгілі. Сондықтан Қазақстан Еуропалық одақпен және АСЕАН елдерімен ынтымақтастығын кеңейте отырып, ДСҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Дәл осы себепті Нұрсұлтан Әбішұлы ШЫҰ құрудың бастамашысы атанды және кеңестен кейінгі кеңістіктегі интеграциялардың берік жақтаушысы болып келеді. Бұған қоса, біздің Көшбасшымыз осы мәселелердің бәрінде әуел бастан өз ұстанымына аса берік әрі адал болды және мұнысын ашық мәлімдеді: «Қазақстан өзінің бүкіл тарихында алғаш рет тәуелсіздігін алды, біздің халқымыз алғаш рет азаттықтың тәтті дәмін сезінді және біз ата-бабаларымыз атам заманнан аңсаған тәуелсіздігімізді ешкімге де бермейміз. Егер қандайда бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігіне, Конституциямызға қысым көрсететін болса, біз ол ұйымды дереу жайына қалдырып, оны тастап шығамыз», – деп атап көрсетті Президент. Осындай ұстанымынан Нұрсұлтан Әбішұлы күні бүгінге дейін айныған емес. Сонау 1992 жылы Анкарада өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан президенттері қол қоюлары тиіс болатын Түркітілдес мемлекеттер достастығын құру туралы келісім жобасы іс жүзінде келісіліп қойылған еді және мен сол оқиғаның тікелей куәгері болған едім. Осы жобада Түркияның белгілі бір деңгейде көшбасшылық рөлі айқын көрініп тұрған-тын. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы былай деп мәлімдеді: «Біздің бұған дейін де үлкен ағамыз болған. Енді Қазақстан ешқашан ешкімнің інісі бола алмайды. Және мұндай декларацияға біз қол қоймаймыз». Таза достық рәуіште өтіп жатқан саммитке қатысушылар үшін біздің Пре­зиден­тіміздің осындай қатаң ұстанымы мүлдем күтпеген жағдай еді. Барлық газеттер мен ақ­парат агенттіктері Анкарадағы басты жаңа­лықты «Түркітілдес мемлекеттер саммитінде Назарбаев өрекпіген көңілдерді су сепкендей басты» деген тақырыптармен таратып жатты. Және де бұл Мемлекет басшысының тек сая­си ұстанымы ғана емес, сондай-ақ, тәуелсіздік өзі үшін аса жоғары құндылық болып табылатын өз халқының адал перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табиғи таңдауы болғанын атап көрсеткен абзал. Бүгінгі ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда заманда, экономиканың тұрақты өсу үрдісі байқалып отырған шақта біздің жас отандастарымызға – тәуелсіздіктің құрдастарына – 90-шы жылдардағы эко­номикалық коллапсты көз алдарына елестетудің өзі қиын. Осындай күр­делі кезеңде Президент елді жедел демо­кратияландырудың жалпыға ортақ эйфо­риясына берілмей, нақты және шынайы түрде былай деп мәлімдеді: «Біз­ге бірінен кейін бірі жүруі үшін басым­дықтарымызды айқындап алу керек: әуелі – экономика, содан кейін – саясат». Осы жылдардың бәрінде Қазақ­стан эко­номикалық реформаларды озық қар­қынмен жүргізіп келеді. Отандастарының толық қолдауына арқа сүйей және өз халқының жасампаздық әлеуетіне жан-жақты сене отырып, Президент өзінің тереңдігі мен қарқыны жөнінен теңдессіз экономикалық және саяси реформалардың табысты жүзеге асырылуын қамтамасыз етті. Бұған қоса, өзге жаңа тәуелсіз мемлекеттер тек ағымдағы мәселелерін шешіп жатқан кезде біздің еліміз өзінің 2030 жылға дейінгі мақсаттарын айқындап алып, ұзақ мерзімді стратегия бойынша дами бастады. 1990-жылдарды ел экономикасының үдемелі дамуына дайындық жасалған қалыптасудың онжылдығы деп нық сеніммен айтуға болады. Осы кезеңде Қазақстан өз Көшбасшысының басшылығымен кеңестен кейінгі аса ауыр транзиттік кезеңнен өте қысқа мерзім ішінде өтіп, түбегейлі құры­лымдық жаңғыртуларды жүзеге асыра алды. Сол жылдары Қазақстан ІЖӨ өсімінің қарқыны жөнінен «Азия жолбарыстарын» басып озды. Тарихи қысқа мерзім ішінде еліміздің жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 700 доллардан 13 мың долларға дейін өсті. Бүгінде Дүниежүзілік банктің классификациясы бойынша еліміз табысы орта деңгейлі елдер санатына енеді. Экономикалық даму қарқыны мен халқының өмір сүру деңгейі бойынша мұндай көрсеткіштер – әлемде көп байқала бермейтін құбылыс. Тіпті, «Азия жолбарыстары» – Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де мұндай көрсеткіштерге жету үшін 50 жыл қажет болды. Інжіл патшасы Сүлейменнің бір тәмсілі былай дейді: «Егер сен кесапат кезінде әлсіз болсаң, демек, сен шын мәнінде әлсізсің». Елбасының әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігі, әсіресе, соңғы кездері айқын көрінді. Бұлай деп отырған себебіміз, аса ауыр әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан, тіпті, аса дамыған елдердің өзінде әлеуметтік шығындар азайтылып, кәсіпорындар жабылып жатыр, осыған сәйкес жұмыссыздық та өсе түсуде. Қазақстанда, керісінше, жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындар, жолдар мен мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлер салынуда, стипендия мен еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақы тұрақты өсіп келеді. Жастар үшін білім беру гранттарының саны ұлғайтылып отыр. Отандық білім беру және денсаулық сақтау салалары серпінді даму үстінде және олардың деңгейі мен сапасы арта түсуімен ерекшеленеді. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы да айтарлықтай ұзарып, ана мен бала өлімі де біршама азайды. Және бұл – мемлекет қуатының ең объективті белгісі, Елбасының халық алдын­дағы жауапкершілігінің нәтижесі. Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы пре­зиденттік сайлаудағы теңдессіз жеңісі қазақстандықтардың өз Көшбасшысына деген жоғары сенімін кезекті бір мәрте айғақтап берді. Өйткені, қазақстандықтар тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы сияқты өздерінің бүгіні мен болашағын Елбасымен байланыстырады. Кейбір елдерде электораттық үдерістер адамдарды бір-бірінен алшақтатса, Қазақстан халқы президенттік сайлау кезінде өз Көшбасшысының төңірегіне топ­тасып, аса сирек кездесетін үлгі көрсетті. Өз халқын жоғары мақсаттар жолын­да жұдырықтай жұмылдыра білу қабілеті Нұрсұлтан Назарбаев феноменінің артықшылығын айғақтайды. Және Елбасы мен ұлттың ғажайып бірлігі Қазақстанның жаңа тарихындағы 25 жыл ішінде еліміздегі және халықаралық аренадағы табыстарының айқындаушы факторы болып табылады. 25 жыл – тарих үшін қас-қағым сәт, бірақ біздің еліміз үшін жаңғырулардың тереңдігі мен түбегейлілігі тұрғысынан келгенде тұтас бір дәуірге теңеседі және бұл әділетті түрде Қазақстанның шынайы Ренессансы деп аталады. Әңгімелескен Самат Мұса, «Егемен Қазақстан»