• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Президент бата берген перзент

342 рет
көрсетілді

Атырауда Берік Уап деген жігіт тұрады. Оның есімі көп­шілікке 2000 жылдан бері жақсы таныс. Сол кезде 7 жаста болатын. Бұл – теңіз төріндегі алғашқы әрі ең ірі кеніш – «Қашағаннан» «қара алтын» табылып, еліміздің экономикалық әлеуеті әлемге тағы бір рет кеңінен танылған кез. Шіліңгір шілденің бастапқы күндерінің бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келіп, Каспий теңі­зіндегі «Қашағаннан» тұңғыш мұнайын көру үшін кен ор­нындағы «Сұңқар» бұрғылау қондырғысына барды. Сол бір тарихи сәтке тәуелсіз қазақ елінің мұнай-газ өнеркәсібін дамытушылардың бастауындағы танымал тұлға, «ҚазақОйл» ұлт­тық компаниясының прези­денті Нұрлан Балғымбаев және облыстың сол кездегі әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовпен бірге еркін елдің ертеңіне сенімі зор жеті жасар Берік Уап та куә болды. – Мен үшін бәрі аяқ асты­нан болды. Ойын баласымын ғой, бүгін соның бәрін ой еле­гінен өткізсем, көрген түсім секілді көрінеді. 1994 жылдан бері Сол­түстік Каспий жобасына атсалысқан әкем Сәр­сенбай Жағипашов «Қашағанға» жұ­мысқа кетіп барамын деуші еді. Біз оның жұмыстан келуін күтіп жүреміз. Негізгі мамандығы – гео­дезист-картограф. Бір күні мені өзімен бірге Атыраудағы әуе­жайға алып барды. Сол жерде Нұрлан Балғымбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев және Иманғали Тасмағамбетов ағаларыммен әңгі­мелестім. Олар менің бетімнен сүйіп, өздерінің ұлдарындай сөйлесті, – деп еске алады 16 жыл бұ­рынғы тарихи оқиғаға айналған сәтті Берік Уап. Белгіленген күні, яғни, 4 шіл­деде компанияның мамандарымен бірге Берік Уап «Қашағанға» тікұшақпен ұшып жетті. Көп ұзамай кен орнына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Ком­пания мамандары «Қашаған» туралы техникалық мәліметтермен таныстыра бастаған. Елбасы ше- т­елдік, отандық мұнайшылар арасында тұрған кішкентай Берікті көріп, бірден қасына шақырыпты. Аты-жөнін, болашақта қандай мамандық иесі болатынын сұрап­ты. – Президент арнайы ыдыс­­қа құйылған мұнайды «Қазақ­станның болашағы үшін!» деп бірінші менің бетіме жақты. Сол жерде маған «Тәуелсіз елің­нің болашағына адал қызмет ететін абыройлы азамат бол!» деген батасын берді, – дейді Берік Уап. – Сонан соң «Сұңқармен» танысу барысында мені қолымнан ұстап, өзімен бірге жетелеп жүрді. Бала болсам да Нұрсұлтан Әбішұлының алақанының ыстық табы бойым­а айрықша бір күш бергенін сездім. Осынау тарихи сәттен соң Берік Уаптың тағдыры «Қаша­ғанмен» біте қайнасты деуге болады. Бәлкім, бұған Елбасының «Қашағанда» берген батасы да, геодезист-картограф маман­дығын меңгерген әкесі Сәрсенбай мен жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан анасы Нұрияның тәрбиесі де әсер еткен болар. Қалай дегенде де Берік мек­теп жасынан болашағын «Қаша­ғанмен» байланыстыруды ұйғарды. Сөйтіп, 2010 жылы Атыраудағы қазақ-түрік лицейін «Үздік аттес­татпен» бітірген соң, бірден шетелде білім алу үшін Ұлыбританияға жол тартты. Сол елдегі Манчестер университетінде төрт жыл «Мұ­най-газ ісі» бойынша толық­қанды білім алды. Кейін бір жыл Шотландияның астанасы – Эдин­бургтегі университеттің магист­ратурасында оқыды. Шетелде білім алғанда Бе­рік өз тағдырына оң әсер еткен «Қашаған» кенішін ұдайы есі­нен шығармапты. «Нұрсұлтан Әбішұлының батасы да жадымда жүрді. Жоғары білім алып, елге ораламын деп өзіме серт те беріп қойдым. Өйткені, «Қашаған» кеніші тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін ашылды. Осы мақсат үшін Елбасынан бастап, мұнай-газ өнеркәсібінің танымал тұлғалары еңбек сіңірді. Бәрінің көздегені бір ғана ізгі мақсат – Қазақстанның экономикасын өркендету! Осы мақсатты іске асыруға мен де үлесімді қо­суым қажет», деп толғанған Берік былтыр Атырауға оралды. Бір жылдан бері «Қашаған» жоба­сының операторы – NCOC компаниясында инженер болып жұмыс істейді. – Нұрсұлтан Әбішұлы «Қаша­ған» жобасына байланысты кездесулерден мені қалдырған емес. 2013 жылы Ұлыбританияның Премьер-министрімен бірге «Қа­­шаған» жобасының таныс­тырылымына келгенде де, мені жанына шақырып алды. Хал-жағдайымды, оқуымның барысын сұрады. «Біліміңді жетілдіре бер, осы жобада жұмыс істейтін мықты маман болуың қажет», деп батасын берді. Ал жақында ғана Атырауға келген сапарында да «2000 жылы «Қашағанның» алғашқы мұнайын «Бұл елеулі оқиға болады» деп, жеті жастағы жас баланың бетіне жағып едім. Қазір сол бала шетелде білім алып, мұнай саласында жұмыс істейді. Сол кезде де саған бата беріп едім, қазір де батам­ды беремін» деді. Мұны маған артылған үлкен сенім деп ұқ­тым, – дейді өзінің болашағына ақ­жолтай болған жобаға жұмысқа ор­наласқан жас мұнайшы. Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінен үш рет бата алған еркін елдің перзенті көп емес. Бірі де бірегейі болған Берік Уаптың күн сайын ертелетіп жұ­мысына барар алдында жа­ңыл­майтын бір дағдысы бар. Ол – 2000 жылы Елбасының атынан сый­ға берілген компьютердің ал­дына бес минут отыру. «Бұл – мен үшін тарихи жәдігер. Елба­сы­ның сыйлығы ретінде оны көз­дің қарашығындай сақтап жүр­мін. Өйткені, оны мектепте оқып жүргенде көп пайдаландым. Шотландияда мұнайшы ма­мандығын оқып жүрген інім Ау­хат та осы компьютерді қол­да­нып еді», деген Беріктің еліміз ке­­лешегінің өркендеуіне сенімі мол. Халқымызда «Баталы ұл арымас» деген нақыл бар. Әлбетте, дуалы ауызды адамның батасы қабыл болады. Соның дәлеліндей, бұдан он алты жыл бұрын Пре­зиденттен «Қашағанның» төрінде бата алған қаршадай ғана бала енді бәсекеге қабілетті жас маман ретінде осы жобаның ел игілігіне жаратылуына үлесін қосуға оң қадамын жасады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ