• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Өмірхан Алтын: Сүйіншілеген сол сәттегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес

1368 рет
көрсетілді

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент еліміздің Тәуелсіздігін жариялаған кезде оны ең бірінші болып күллі әлем жұртшылығына жеткізген және Елбасыдан шетелде алғаш сұхбат алған "Азаттық" радиосының сол кездегі тілшісі Өмірхан Алтынмен сұхбат. – Өмірхан аға, сол сәтке тағы бір оралайықшы. Қалай болып еді өзі? – Мен ол кезде Мюнхенде тұра­мын, «Азаттықтың» тілшісімін. Қазақ бөлімінде 12 адам істейміз. Бас­шы­мыз – Хасен Оралтай. Біздің радио сейсенбіден сенбіге дейін хабар таратып, жексенбі, дүйсенбі күн­дері ұжым демалатын. Дүйсенбі күні кезек­ші редактор мен бір тілші ғана жұмысқа шығатын. 1991 жылдың 16 желтоқсаны дүй­­сен­біге тура келді. Мұхабай Ен­­гін екеу­міз жұмысқа шықтық. Бас­­­­­шы­­­­­мыз­дың орынбасары болып іс­тей­­­­тін Мұха­бай ағамыз – кезекші ре­дак­­тор, мен тілшімін. Күніне 3 рет ха­бар таратамыз ғой, түскі 13.00-дегі ті­ке­лей эфирге дайындалып жат­қан­мын. Әдетте алдымен 5 ми­­нут­тық жаңалықтарды оқимыз. Мәтін дайын, мен де сақадай сай отыр­­мын. Тікелей эфирге тура 10 ми­нут қал­ғанда Алматыдағы тіл­шіміз Қиял Саб­далин хабарлас­ты: «Сүйін­ші, осы қазір, бірнеше минут бұ­рын ғана Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңе­сі ел Тәуел­сіздігін жариялады!». Не іс­теу керек? Мұхабай ағамыз екеу­­міз ті­ке­лей эфирден хабарлау керек деп шеш­тік. Енді ше, өмір бойғы ар­м­аны­мыз ғой бұл! Дереу 5 м­­и­нут­­­тық ақпараттың басындағы ха­бар­­­ды сызып тастап, айтар сөзімді жұп­тап алдым. «Сүйінші, сүйінші, сүйін­­­ші, Қазақ елі Тәуелсіздігін жа­­рия­­­ла­­ды!» – деп бастап, Қиял Саб­­да­лин­­­нен естіген ақпаратымды то­лық ай­­тып шықтым. Хабар біткен соң, жан-жақ­­тан қоңырау жауып кетті. Аме­ри­ка­дан, Қытайдан, Түр­­кия­­дан, Еуро­­па­­ның барлық ел­дері­нен қандас­тары­мыз хабарласып, қуа­ныш­­тарын жеткізіп жатты. – Ол кезде Қазақстандағы ақ­па­рат көздері әлі бұл жаңалықты таратқан жоқ қой? – Жоқ. Ол уақта Қазақстанда мәтін ресми орындармен келісіліп, содан кейін ғана орталық арнадан жұртқа ұсынылушы еді ғой. Кешкі жаңалықтарға дейін әлі бірнеше сағат бар болатын. – Ел Тәуелсіздігін күллі әлемге тікелей эфирден жариялаған тұңғыш қазақсыз! Қандай сезімде болдыңыз? – Ол кездегі менің сезімімді сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұха­бай ағамыз екеуміз бір-бірімізді құшақтап, жылай береміз. Өйткені, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен барлық қазақ осы күнді зарыға күтті ғой. Барлық республикалар тәуелсіздігін жариялап жатқанда біз де ел жаққа алаңдап, сүйінші-хабар күтумен болдық. Тіпті, Германия мен Түркиядағы қазақ­тардың мұрындық болуымен Қазақ­станның тәуелсіздік алуын қолда­п, декларация жарияладық. Қазақ­стан егемендігін жариялап жібер­се, әлемдік қоғамдастық оны қолдай жөнелетінін білеміз ғой. Мен 16-сы күні тікелей эфирде Қазақстанның тәуелсіздік алғаны туралы хабарды оқыдым, ал келесі күні Хасен Оралтай ағамыз тыңдарманға азаттыққа қолымыз жеткенге дейін қандай соқпақтардан өткеніміз туралы байыптаған толымды дүние ұсынды. – Бұрын Қазақстанның қазақ­тарымен араласып па едіңіз? – Араластық қой (күліп). Тек ол кез­де елден барған қазақтар бізді көр­се, бойын аулақ ұстауға тырысатын. – Неге? – Мен Түркияда туып-өстім. Әке-шешеміз бізді атамекен туралы әңгі­мелерге қанық қып тәр­биеледі. 1981 жылы Батыс Бер­лин уни­верситетіне оқуға түс­тім. Германияға бір қазақ кел­ді десе, іздеп баратынбыз. Бірақ олар бізге үрке қарайтын. Сөйтсек, Мемлекеттік қауіпсіздік коми­теті­нің қызметкерлері оларды әбден «оқытып» жібереді екен ғой. Келген­дердің бізді бай-құлақтың баласы деп, ат-тонын ала қашатыны сол екен. Тіпті, қазақтарды көп іздеп келетіндердің тізімін де жасаған көрінеді. Соның бірі – мен. Іссапарға шыққандар «Өмірхан Алтынмен сөйлесуге болмайды» деген нұсқау алып келеді екен. Тіпті, белгілі бір әнші ағамыз менен өздерін іздеп кел­меуімізді сұрап жалынды да... – Міне, қызық. Сіз қайттіңіз? – Қайтейін, іздеуді доғарғаным жоқ. Қазақ келді десе, жолдастарымызбен бірге 200-300, тіпті бір мың шақырым жерден болсын, жетіп жүр­дік. Тілдесіп қалып, қазақтың әде­мі әндерін тыңдағымыз келетін. Ал олар бізді жолатпайды. Кейін бола­шақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, көзіміз ашылды ғой. – Бұл қай жылы? – 1987 жылдың төртінші айы. Авс­трияның астанасы – Вена қаласының маңындағы бір ауданда дәстүрлі мәдениет фестивалі өтеді. Фестивальға сол жылы КСРО құрамындағы Қазақстан ша­қы­­­рылыпты. Делегацияны Үкімет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев бастап келе­­ді екен. Мына хабарды естіп, қалай үй­де жатасың? Қызырхан деген туы­­сым әрі досыма «барайық» дедім. Екеуміз еліміздің беткеұстар өнер­паз­дары келгенде керегіне жарап қаламыз ба деген оймен көлік жалдамақ болдық. Студентпіз ғой, бар ақшамыз ең кіш­кентай, ең арзан ФИАТ автокөлігін жалдауға ғана жетті. Енді әртістер орналасқан қонақүйге жетсек, бізді жолатпайды. Шіркін, қазақша киінген жігіттер қандай әдемі, қыздар қандай сұлу?! Тілдескіміз келіп, өліп барамыз. Ал олар тым салқын. Бір кезде қазақстандық делегация автобусқа мініп, әлгі ауданға қарай тартты. Соңынан ердік. Авто­бустағы құзырлы органның өкілі біз­ді көрсетіп: «Мына Өмірхан, Қызыр­­хан дегендер Отанын сатқан опа­­сыз­­дардың балалары. Көрдіңдер ме, бұлар – капиталистер, жеке көлік мініп алған. Олар – батыстың шпион­дары, жоламаңдар!» – дегенін кейін есті­дік қой. Міне, концерт өтетін Мәдениет үйінің алдында тұрмыз. Қарақұрым ел. Бір кезде бәрінің назары басқа жаққа ауды. Анадай жерге тоқтаған көліктен маңдайы жарқырап бір қазақ түсті. Нұрсұлтан Назарбаев. Келісті кісі екен. Қасында бірнеше адам бар. Адымын ширақ басып, біз­д­ің тұсымыздан өтіп барады. Нар тәуе­кел! Дауысымды қатты шығарып: – Ассалаумағалейкүм, аға! – дедім. Нұрекең кілт тоқтады. Сонсоң: – Уағалейкүмассалам, – деді де, көзімен дауыс иесін іздей бастады. Біз де топтан суырылып шығып, ың­ғайлана түстік. Созған қолымызды ықы­ластана қысып, қай жерден кел­генімізді сұрады. Екеуміз екі жақтан дабырлап, мән-жайымызды айтып жатырмыз. Еуропа қазақтары жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Бауырына тартып сөйлегені ұнап барады. – Қандай бұйымтайларың бар? – деді бір кезде. Біз елден келген қыз-жігіт­термен сөйлескіміз келетінін, алай­да, топ басында жүргендер­дің бізді жақындатпайтынын айтып, ша­ғым­дандық. Нұрекең дереу біреуді шақыр­тып алды да: «Мына Өмірхан мен Қызыр­хан кеткенше бізбен бірге жүр­сін», деп тапсырма берді. Содан соң: – Жігіттер, сендердің өз елдерің бар екенін ұмытпаңдар! Қазақстанға келіп жатсаңдар, тура маған келіңдер! – деп «визиткасын» берді. Міне, сол «визитка». Өмірхан аға әмиянынан алып көрсетті. – Елбасымен кейін кездесудің сәті түсті ме? – Иә. 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Давос форумына келді. Бізде сол кезде КСРО-дан тара­ған мем­­лекеттердің бас­шыла­ры «Аза­т­тық» радиосына сұх­бат бер­мей­ді деген түсінік болды. Алайда, менің Қазақ елінің басшысымен қалай­да кездесіп, әңгімелескім келді. Жұмыс­тан сұранып, жеке көлігіммен форум­ға жеттім. Бірден Қазақстан Пре­зи­денті тоқтаған қонақүйге келіп, есік ал­дынан күттім. Бір кезде көлік келіп тоқтап, ішінен Нұрекең түсіп, қона­қ­үйге қарай беттеді. Қасында бірнеше адам бар. Тағы да даусымды созып: – Ассалаумағалейкүм, аға! – дедім. Президент жалт қарап: – Әу, Өмірхан, сен қайдан жүрсің? – дегені. Ұмытпапты. Мен «Азат­тықта» жұмыс істейтінімді, радиода жоғарыдағыдай пікір бар екенін айттым. Сұхбат алғым келетінін де жасырмадым. – Оу, онда тұрған не бар? Кел, мына орындыққа отыралық. Ал сұра­ғыңды қоя бер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шешен сөйлейді екен. Кез келген сұраққа жауап береді. Әңгі­ме­лесіп болған соң тағы да Еуропа­дағы қазақтардың жайын тәптіштеп сұрады. Нұрсұлтан Әбішұлының әңгі­месінен кейін, тіпті, арқаланып кеттім. Енді Түркияның президенті­нен де сұхбат алғым келді. Сүлеймен Демирел орналасқан қонақүйге жетіп барсам, кіргізбейді. Қулыққа бастым: «Қазақстаннан келген журналиспін. Мені Нұрсұлтан Назарбай жіберді», – дедім. Қазақстан Президентінің атын естігесін күбір-сыбыр көбейіп, дереу маған ілтипат көрсетіле бастады. Бір кезде Сүлеймен Демирелдің алдына алып келді. Ол кісімен түрік­ше амандастым. Түркияда өскен қазақ екенімді, алдына жету үшін аздап қулық жасағанымды айттым. Ол кісі жымиып, сұхбат беруге келісті. Міне, осылайша бір күнде екі президенттен сұхбат алдым. Жұмыста әжеп­тәуір әңгіме болып, қазақ редак­циясының жалы көтеріліп қалды. – Қазір немен айналысып жүрсіз? – Жеке шаруамен. Журналис­тика­ға өкпем жоқ. Елімнің тәуел­сіз­дігін баспасөзден бірінші болып жариялау бақыты маған бұйы­рыпты. Елбасынан шетелде тұңғыш рет сұхбат алған қазақ та мен екен­мін. Енді бір арманым бар. Ол – Елбасы­мен кездесу. 1987 жылы берген «визиткасын» әлгінде көрсеттім ғой. Ол кісінің әлі де мені бірден танитынына күмәнім жоқ. – Арманыңызға жетіңіз! – Әумин! Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ журналист