• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Басымызға бақыт құсы қонған күн

465 рет
көрсетілді

Адам баласы жаратылысынан құлашын кеңге сермеп өмір сүретін еркіндікті, бодан болудан ада бостандықты аңсайды. Әлімсақтан бергі адамзат баласының қанқұйлы соғыстары мен толассыз тартыстарының түпкі мәні де тәуелсіздікте жатыр. Ал енді бүкіл бір елдің тәуелсіздік алуы, жеке мемлекет болып тарих сахнасына шығуы – қасиетті де қастерлі оқиға екені даусыз. Сонау 1991 жылы еліміздің «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» деп жарияланған сәтіне куә болғанымызды біз мақтанышпен еске аламыз. Сол кездегі «Брежнев» алаңына жиналған халық «Менің Қазақстаным» әнін шырқады. Алаң төріндегі президиумға Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет мүшелері шығып, ел Пар­­ламентінің «Қазақстан Респуб­лика­­сының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң­ды қабыл­дағанын, еліміз Тәуел­сіз мемлекет атанғанын хабарлады. Халық ерекше толқып, бойды кернеген қуа­ныштарын жасыра алмай, бір-бірін құттықтап жатты. Еліміздің Тәуелсіздігін өзге мемлекеттерден алғаш болып бауырлас Түркия мем­лекеті танығаны да осы алаңда хабар­ланғаны есте қалып­ты. Желтоқ­санның суық жаңбыры­ның астында тұрсақ та, бойымызды сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерек­ше бір сезім жылытып, «енді біз тәуелсіз, еркін ел болдық» деген көтеріңкі көңіл күймен алаңнан тарқаған едік. Ал енді арада ширек ғасыр уақыт өткенде бүгінгі күннің биігінен өткенге көз жіберсек, еліміз төрт құбыламыз түгел таныған, әлем мойындаған іргелі мемлекетке айналды. Осы жылдар ішіндегі басты жетістіктеріміздің бірі – Сарыарқа төсіндегі Ақмола қаласы елордаға айналып, әлемдік сәулет үлгісімен жаңа қаланың бой көтеруі дер едік. Тәуелсіздіктің төл туындысы – Астанамыз жыл өткен сайын құл­пырып, өресі биік өркениеттің үлгісін көрсетіп тұрғандай. 1994 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Парламент төрінен «ен­­дігі жерде Тәуелсіз еліміздің ас­тана­сын Арқаға көшіріп, жаңа қала салу керек» деген ұсыныс айтқан кезде біреу сеніп, біреу сенбеген болатын. Келмеске кеткен Кеңес үкіметі кезіндегі байланыстарымыз ыдырап, экономикалық жағдайымыз шатқаяқтап тұрған тұста, ел астанасын көшіріп, жаңа қала саламыз деу – Елбасының асқақ арманы мен ерен ерлігі еді! Осы тұста тарих тереңінен ел есінде аңыз болып сақталған мына бір оқиға ойға оралады. ХІV ғасырда Сейхун мен Жейхун аталған қос өзеннің бойындағы Мәуереннахр мемлекетінің билеушісі болған атақты қолбасшы Әмір Темір билікке жеткен күні сарайына уәзірлері мен игі жақсыларды, ақылгөйлерді жинап, «алып елдің астанасы қай қала болу керек?» деген мәселе қояды. Әркім әртүрлі пікір айтып, бір тоқ­т­амға келе алмайды. Сол кезде Әмір Темір қызметшілердің біріне тандырда жабылған бір нанды алдырып, аумағы ат шаптырым кең сарайдың табанына төселген қалы кілемнің ортасына қойдырады да, «кімде-кім аяғымен кілемді баспай, ортада тұрған нанды алып берсе, ерекше сыйлық беремін» деп хабарлайды. Сарайдың еденіне төселген алып кілемді айнала қоршап отырған кілең жақсылар мен жайсаңдар орындарынан қанша ұмтылса да, аяқпен кілемді баспай ортада тұрған нанға қол жеткізе алмайды. Бір кезде есік жақта күзетші болып тұрған жас жігіт Әмір Темірге қарап: «Тақсыр, рұқсат болса, нанды мен алып берейін?» – дейді. «Рұқсат!» – дейді әмірші. Әлгі жігіт үл­кен кілемнің бір шетінен жақын­дап келеді де, екі қолымен кілемді орап, жинаған күйі ортадағы нанға бір-ақ жетіп тоқтайды. Кілемді аяқпен баспай нанды алып, төрде отырған әміршіге апарып береді. Жігіттің тапқырлығына риза болған әмірші: «Міне, менің сендерге қойған сауалымның жауабын мына жас жігіт тапты. Қай елдің болсын астанасы айнала қоршалған қорғаны бар, жау келсе оңайлықпен жете алмайтын елдің ортасында болуы керек!» деп Самарқан қаласын өзі билеп отырған мемлекеттің астанасы етіп белгілеген екен. Ұлы бабалар рухынан қуат алған Ұлы Дала елінің ендігі мақсаты – Мәңгілік Ел болу. Ал Мәңгілік Ел­дің мұраты – Отанға деген шексіз сүйіс­пеншілік, жанқиярлық еңбек, ата тарихқа деген адалдық. Өйткені, өткенге ой жіберу арқылы болашақты болжаймыз. Әрбір қазақстандықтың бойында осы қасиеттер болғанда ғана біз ұлы мұраттарымызға қол жеткіземіз. Әсіресе, ел болашағы – жастарымыздың бойында адам­гершілік асыл қасиеттерді тәрбиелеу аса маңызды. Елбасымыз жастарға арнаған бір сөзінде: «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады», деген болатын. Ендеше, әрбір қазақстандық «Елім маған не істейді емес, мен еліме не істей аламын?» деген мақсатпен өмір сүргенде ғана алынбайтын асу, ба­ғын­байтын биік қалмайтыны сөзсіз. Дүниеде бақыт дегеннің өзі бағалай білгеннің, барға асып-тас­пай, жоққа сабыр сақтай алғанның ғана басына тұрақтайды екен. Тәуелсіздік те бақыт құсы сияқты емес пе, ендеше, тәуелсіздік те бағалағанның басына тұрақтайды деген сөз.  Серік-Ибраһим ОРЫНБЕК, журналист АСТАНА