• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Әділ Ахметов. Сыртқы саясатымыздың тарихи бір белесі

243 рет
көрсетілді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына кіретін 56 елдің Сыртқы істер министрлері 2007 жылы Мадридте бас қосып, Қазақстанның осы Ұйымға 2010 жылы төрағалық ететіні жөнінде шешім қабылдаған сәтте, бір жағынан, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы абырой-атағы мен мәртебесінің өскеніне бүкіл ел болып қуансақ, екінші жағынан, бұл шешімнің елімізге көрсетілген үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік екенін де сезініп, терең тебіренгеніміз әлі ұмытыла қойған жоқ. Өйткені, бұлай түйсінуге түрткі болған себептер де ол кезде баршылық еді. Мәселен, сол кездерде 35 жылдық тарихы бар ЕҚЫҰ өзіне төрағаны әдетте тек Батыс Еуропа елдері мен Солтүстік Атлантика аймағындағы АҚШ пен Канада секілді елдердің арасынан ғана таңдайтын. Ал кешегі Кеңес Одағы ыдырап, егемендігін жаңа ғана алып шыққан жас мемлекеттердің біріне Ұйымның төрағалық тізгіні тие қояды деген ой ешкімнің өңі тұрмақ, түсіне де кірмеген болатын. Міне, сондықтан да болар, аталған ұйымға мүше елдердің ұзақ та қызу талқысынан кейін Ұйым дәстүрінің сірескен сеңі бұзылып, консенсуспен қабылданған тарихи шешім мен таңдаудың әрі азиялық, әрі ТМД елдерінің бірі, әрі халқының басым көпшілігі мұсылман, әрі түркітілдес Қазақстан мемлекетіне бұйырған сәтте, әрине, Батыс әлемі қатты таңданып, қайран қалған болатын. Себебі, дәл сол кезде төрағалыққа қол созып, одан дәмелі болған өзге мемлекеттер жетіп артылатын. Ендеше, осыдан тоғыз жыл бұрын Ұйымға мүше елдерді түгелдей елең еткізген әлгі тосын таңдау мен саяси шешімнің астарында не сыр жатыр еді деген жұмбаққа үңіліп, Ұйымның нысаналары мен мақсат-мүдделеріне сол кезде еліміздің қауқары мен жауапкершілік әлеуетінің қаншалықты сай болғанын таразылап көрелік. Біріншіден, атының өзі айтып тұрғандай, ЕҚЫҰ тек Еуропа аумағының шеңберімен ғана шектеліп қалған жоқ. Себебі, жаһандық форумға айналып үлгерген бұл Ұйымның жауапкершілігіне қазір Батыс жарты шардағы Ванкуверден бастап Шығыс жар­ты шардағы Владивостокқа дейінгі еуро­атлантикалық және еуроазиялық алып ай­мақтарда, нақтырақ айтқанда, үш континентте орналасқан 57 мемлекеттің әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты ғана емес, сонымен қатар, халқының саны 1 миллиардтан асатын аталған географиялық кеңістіктегі өркениетаралық, мәдениетаралық, дінаралық және саяси үнқатысу мен сенім шараларын толассыз дамыту міндеті қоса кіреді. Бұл тұр­ғыдан, ЕҚЫҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін­гі екінші орында тұрған алып үнқатысу алаңы. Екіншіден, жоғарыда айтылғандардан бөлек, ЕҚЫҰ өзінің әріптестері саналатын Австралия, Ауғанстан, Жапония, Корея Республикасы, Моңғолия, Тайланд және сол сияқты Жерорта теңізі маңындағы Израиль, Иордания немесе Африкадағы Алжир, Мысыр, Марокко, Тунис секілді мемлекеттердің де қауіпсіздігі мен сенім шараларын тұрақты дамытып отыруды көздейді. Үшіншіден, ЕҚЫҰ Орталық Еуро­па бастамасы, Еуропа кеңесі, Араб мемле­кет­терінің лигасы, НАТО, БҰҰ сияқты ірі халықаралық бірлестіктермен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен де, сол сияқты өзіне қажет білікті мамандар таңдау үшін әйгілі университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және дипломатиялық академиялармен де тығыз байланыс орнатқан. Демек, Ұйымның жаһандық ауқымы мен жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты әрі зор екенін осы айтылғандардың өзінен-ақ біле беруге болады. Ал енді жасы сол кездерде жиырмаға да толмаған Қазақстанның ЕҚЫҰ сынды ал­пауыт ұйымды басқаруға әлеуеті жет­кі­­лікті болды ма деген сауалдың жауабын іздер болсақ, бірден кесіп айту керек, елі­­міз­дің экономикалық күш-қуаты да, сая­си-дип­ломатиялық әлеуеті де, сол уақытқа дейін өзге аймақтық халықаралық ұйымдар­­ды бас­қаруда жинақтаған тәжірибесі де еш­­кім­нен кем емес болатын. Мұны төмен­дегі дәйектер мен дәлелдер толығымен айғақ­тайды. Біріншіден, Қазақстан бұрын Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың бірі болған кездің өзінде де жер көлемі мен қойнауындағы табиғи қазба байлығының қоры жағынан Ресейден кейінгі екінші орынды иеленетін. Екіншіден, экономикасының басты сала­лары болып табылатын тау-кен өнеркә­сібі, ауыл шаруашылығы, металлургия өнді­рісі, ғылым-білім әлеуеті мен адами ре­с­урс­тарының сапасы жағынан да Қазақстан сол кездердің өзінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында нық тұратын. Содан соң Батыс елдері Қазақстанның ұлан-ғайыр байлықтың иесі екендігіне көзі жетпесе, кезінде елімізді Кеңес Одағының «нан себеті» деп атамаған болар еді ғой. Үшіншіден, бүкіл әлемдік қоғамдастық секілді көнекөз Еуропа да Қазақстанның еге­мен­дікке бет алған алғашқы сәтінде Прези­дент Назарбаевтың ядролық сынақ­тарға қарсы әлемде теңдесі жоқ батыл қадам жасап, бұрынғы Кеңес Одағының қырық жыл бойы бес жүзге тарта тажал сынақ өткізген, соның салдарынан мыңдаған адамның өмі­рін жал­мап, қоршаған ортаға өлшеусіз зобалаң әкел­ген Се­мей ядролық полигонын жапқанын да және яд­ролық сынақтарға біржолата тыйым салып, бү­кіл әлемге тың үлгі көрсеткенін де ұмыта қойған жоқ. Төртіншіден, Қазақстанда орналасқан, көлемі жағынан әлемде төртінші орындағы ядролық арсеналдан Президент Назарбаевтың бас тартып, оны түгелдей жойып жіберуге шешім қабылдап қана қоймай, ол шешімін нақты іске асырғанын ғаламшардағы әйгілі саясаткерлер мен мемлекет басшылары да, ең абыройлы халықаралық ұйымдардың санатындағы ЕҚЫҰ да назарынан тыс қалдырмағаны шындық. Бесіншіден, Қазақстан Президентінің сындарлы ішкі саясаты мен көпвекторлы сыртқы саясатының нәтижесінде елдегі инвестициялық климаттың биік деңгейге көтеріліп, әлемді жаппай шарпыған қаржы дағдарысының алдында еліміздің жалпыұлттық ішкі өнімінің жыл сайын 9-10 пайыздан төмен түспей, экономикамыздың үлкен қарқынмен дамып, толағай табыстарға қол жеткізгені сырт көзден таса қалмағаны анық. Алтыншыдан, халқымыздың әл-ауқатының тез көтеріліп, Қазақстанның шет елдермен дип­ло­матиялық және саяси-экономикалық байла­ныстарының қарқынды дамып, сауда-саттықты, әсіресе, Ресей, АҚШ, Қытай сияқты алпауыт елдермен қатар, Еуропалық Одақтың, сол сияқты Азияның ең қуатты мемлекеттерімен де, алыс-жақын мұсылман елдерімен де тез жолға қойып, дамудың демократиялық жолын таңдағаны ЕҚЫҰ назарынан тыс қалмағаны күмән тудырмайды. Жетіншіден, Батыс елдері Қазақстанның қуат көздерінің, нақтырақ айтқанда, мұнай-газ, көмір және ядролық отын қорының өте зор екендігін де, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жоғары сапалы бидай мен ұн экспорттаудағы мүмкіндіктерін көріп, әлемнің энергетикалық әрі азық-түлік қауіпсіздігіне оң ықпал тигізе алатын әлеуетінің жеткілікті екенін де ескерді десек, шындықтан алыс кетпейміз. Сегізіншіден, ЕҚЫҰ Қазақстанның Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қалыптастыруға, оның ішінде Ауғанстанда орын алған шие­ле­ністерді еңсеруге, ай­мақтағы қару-жарақ пен есірткі тасымалдау­ды ауыздықтап, лаңкестік топтарды тізгін­деуге де шамасы келетінінен және ха­лық­­аралық аренадағы мәмілегершілік тәжі­ри­бе­сінің де мол екенінен Батыстың хаба­ры жет­кілікті болды десек, артық айтқандық емес. Тоғызыншыдан, ЕҚЫҰ Қазақстанның әлемдік геосаяси аренадағы орнына да жете мән берді. Төрағалыққа таңдау жасағанда Ұйым Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғастыра алатын мүмкіндігі мол мемлекет екенін де таразы басына салып, оның тоғыз жолдың торабында орналасқан әрі ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпэтносты, көпконфессиялы және ең бастысы, ежелден ешкімді кемсітіп-шеттетпеген, рухани мәдениеті мен дәстүрі терең мемлекет екенін жақсы білетінін анық байқатты. Оныншыдан, ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы болып саналатын әрі құрамына жиырмадан астам ірі-ірі мемлекет кіретін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Президент Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келгенін әрі ол Кеңестің халықаралық беделінің жылдан-жылға өсіп келе жатқанын, сонымен қатар, Қазақстанның ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД сияқты аймақтық халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі екенін, тіпті әйгілі еуразиялық идеяның авторы да Қазақстан Президенті болып табылатынын ЕҚЫҰ өзіне төраға таңдарда біліп отырды. Мұның сыртында ТМД елдерінің Қазақстанның төрағалығына жаппай қолдау көрсеткені де Ұйымға үлкен әсер етті. Демек, кезінде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болып бекітілуіне жоғарыда келтірілген факторлардың бәрі де шешуші рөл атқарғаны дау туғызбайтын шындық. Ал енді төрағалық тізгіні Қазақстанға тиген кезде ЕҚЫҰ-ның алдында қандай жауапкершілік пен міндеттер тұр еді және аталған Ұйымның мүше елдердің алдындағы саяси салмағы мен беделі қандай дәрежеде еді деген мәселеге келетін болсақ, тағы біраз жайттың басын ашып айтуға тура келеді. Біріншіден, Қазақстан тізгінді қолға алған кезде Ұйымның дәстүрлі үш өлшемі болып табылатын әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық себеттерінің қай-қайсысында да түйіні шешілмей, қор­даланып қалған мәселелер жеткілікті болатын. Екіншіден, Қазақстан төрағалығының қарсаңында Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында дүрдараздық пайда болып, соның салдарынан ЕҚЫҰ беделіне сызат түсіп, тоқырау мен дағдарыстың кейбір белгілері сыр бере бастаған. Ол кездерде Ұйымға реформа керек, әсіресе, оның қауіпсіздік архитектурасын қайта жасақтап, оның тиімділігін арттыру үшін міндетті түрде Ұйымның Жарғысын бекіту қажет немесе Ұйым өзінің әскери-саяси өлшеміндегі қауіпсіздікке жете мән бермей, оны тасада қалдырып, экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға басымдық берді, сондай-ақ, гуманитарлық өлшемде адам құқықтарына қатысты демократиялық құндылықтарға назарды көбірек аударып, тек соларды ғана қаузай беретін болды. Алайда, бұл өлшем бойынша, Ұйымның, әсіресе, Венадан шығыстағы елдерге бағытталған сын жебесі шамадан тыс жиілеп кетті деген сияқты өкпе-наздар ТМД елдері, оның ішінде, Ресей тарапынан жиі айтыла бастаған. Сондықтан да, Ұйымның беделін күшейтіп, Венаның батысы мен шығысында орналасқан мемлекеттер арасындағы қиюы кете бастаған сенім шараларын нығайту кезек күттірмейтін мәселеге айналған болатын. Үшіншіден, түйіні шешілмей, қордаланып қалған мәселелердің соншалықты көбейіп кеткендігіне қарамастан, Ұйымның 1999 жылдан бері бірде-бір саммит өткізбеуі оның дағдарыс пен тоқырау алдында тұрғанының айқын белгісі еді. Ал жыл сайын тұрақты өткізіліп тұратын Ұйымға мүше елдер Сырт­қы істер министрлерінің кеңесі үлкен рөл атқарғанымен, өкілеттігінің шектеулі екендігіне байланысты қабылдаған саяси шешімдері міндетті түрде орындауға келгенде тиісті құқықтық мәртебеге ие бола алмай, көбінесе тек декларативтік саяси шешім ретінде қабылданып, жылдан-жылға ауысып, қағаз бетінде ғана қалып қоя беретін. Тіпті, 1999 жылы Ыстанбұл Сам­митінде қабылданған саяси шешім бойынша, ЕҚЫҰ Саммиті әрбір екі жылда бір рет өткізіліп тұруға тиісті болатын. Бірақ одан бері көп жыл өтсе де, Ұйым тым-тырыс жатты. Төртіншіден, 2009 жылдың соңында, яғни Қазақстанның Ұйым төрағалығын қолға алар кезі жақындаған кезде, бүкіл әлем секілді, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер де ғаламшарды шарпыған қаржы дағдарысының құрығына ілініп, экономикалары ауыр күйзеліске ұшырап, тіпті біразы мүлде тығырыққа тіреліп қалған еді. Міне, дәл осындай шақта, 2009 жыл­дың желтоқсан айында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Ұйымның іс басындағы төрағасы Грекияға өз Кеңесінің кезекті отырысына жиналған болатын. Афинадағы Кеңеске Қазақстанның сол кездегі Мемлекеттік хатшысы әрі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев та қатысып, Ұйымның іс басындағы келесі төрағасы ретінде сөз сөйлеп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның кезекті саммитін өткізу туралы бастамасын жария етті. Бұл бастамаға бірінші болып қызу қолдау білдірген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы, әрі Португалия парламентінің депутаты, бүкіл Еуропаға аты мәлім саясаткер Жоао Соарес Қазақстанның мәртебесін көтеретін өте бір маңызды мәлімдеме жасады. Сырт көз – сыншы демекші, өз сөзінде аталған сая­сат­кер ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жұ­мысына өзінің жылдар бойы атсалысып келе жатқа­нын тілге тиек ете отырып, Ұйымның төраға­лы­ғына Қазақстан секілді соншалықты үлкен дайындықпен келген бірде-бір басқа мемле­кетті айта алмайтынын атап көрсетті. Айтса айтқан­дай-ақ, Кеңеске қатысқан министрлердің басым көпшілігі де Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ Саммиті туралы бастамасына қолдау білдірді. Бірақ, бұл алда тұрған одан да зор асуларды еңсеру үшін жасалған іс-шаралардың басы ғана болатын. Себебі, саммиттің қажеттілігіне мемлекет басшыларының көзін жеткізу министрлердің келісімін алудан анағұрлым қиын екені айтпаса да түсінікті еді. Сонымен, 2010 жылдың басында Қазақстан төрағалық міндетін атқаруға кірісіп те кетті. Бітер істің басына жақсы келер қасына демекші, Ұйымның негізгі үш өлшемі бойын­ша іске асы­рылған қыруар да сансыз іс-шаралардың қай-қай­сысында да Елбасының басшылығы мен бағыт-бағдары тайға таңба басқандай сезіліп тұрды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына бағытталған, Қазақстан Парламентінің бастамасымен сол кезде Санкт-Петербургте өткен парламентаралық конференция біздің елдің ғана емес, бүкіл Ұйымның абыройын көтерген ірі қадам екені дау туғызбайды. Ұйымның беделін көтерген және екі үлкен шара – Астанада Елбасының тікелей қатысуымен өткен үшінші халықаралық экономикалық форум мен толеранттылыққа бағытталған кең ауқымды халықаралық конференция. Ал елордада өткен жетпіс елдің басын қосқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы Қазақстанның ғаламшардың рухани жүрегіне айнала бастағанын паш етті. Осы орайда, «Қой асығы демегің, қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демегің, ақылы асса аға ғой» деген аталы сөз ойға оралады. Қазақ елі сол кезде он тоғыз жастағы албырт жігітке тән қайрат-күшімен сақа болуға да, аға болуға да әбден лайық мінез танытты. «Елу жылда ел жаңа» деуші еді дана халқымыз. Ал бүгінгі Қазақстан әлгі аталы сөз­ге түзету енгізіп, ақылмен басқарса, өте қысқа мер­зімде де ел жаңартуға болатынын толығымен дәлелдеді. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері