• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Каспий құбыр консорциумы: экономиканың алтын діңгегі

1180 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап магистральды мұнай құбырлары жүйесін дамыту үшін елімізде көптеген жұмыстар атқарыла бастады. Өйткені, бір жағынан бұған дейін елімізде құбыр көлігін басқару құрылымы болмаған болса, екінші жағынан елімізде ірі жобалармен айналысатын алдыңғы қатарлы халықаралық мұнай компанияларының жұмыс істеуі мұнай құбырлары жүйесінің дамуына алғышарт жасады. Ірі компаниялардың басты жобаларының ішінде Теңіздің алатын орны бөлек. Дегенмен, дәл сол кезеңдерде жұмыс істеп тұрған құбырлардың Теңіздің мол мұнайын тасымалдауға қауқары жетпейтін. Міне осылайша, Каспий құбыр консорциумын құру туралы алғашқы идея пайда болды. Бүкіл әлемде теңдесі жоқ Теңіз – Новороссийск – Каспий құбыр консорциумы экономикалық әріптестіктің алтын көпірі іспеттес. Себебі, бұл маршрут Каспий аймағынан әлемдік нарыққа мұнай тасымалдаудың ең сенімді әрі тиімді жолы саналды. Қазіргі таңда консорциум құрамына әлемнің ірі мұнай-газ саласымен айналысатын 11 акционері кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, LUKARCO B.V., Mobil Caspian Pipeline Company, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited, BG Overseas Holding Limited , Eni International N.A. N.V. – және Oryx Caspian Pipeline LLC. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қазақ­стан­дық мұнайды Қазақстан – Ресей аумағы арқылы транзитпен экспорттау үшін құрылған. КҚК ұзындығы 1,5 мыңнан асатын Теңіз – Но­вороссийск мұнай құбырына ие, ол Қазақ­станның батысындағы кен орындарын Қара теңіз­дің ресейлік жағалауымен байланыстырады. Айта кеткен жөн, өндірілетін мұнай көлемі ұлғайған сайын құбырдың өткізу, тасымалдау мүмкіндігін арттыру кезек күттірмеді. Осы­лайша, 2011 жылы КҚК әу бастағы жобасын кеңейтуді қолға алды. КҚК құбырын кеңейту жобасының біре­гейлігі ретінде оның қуатының артып, құбыр жұмысының тоқтаусыз екі есе іске асырылатынын айтуға болады. Қараша айының қорытындысына сүйенсек, Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалында 4 438 701 тонна (35 151 943 баррель) мұнай тиелді. Бұл Теңіз – Новороссийск мұнай тасымалдау жүйесін пайдалана бастаған уақыттан бергі рекордтық айлық көлем десек, қателеспейміз. Консорциум ақпаратына қарағанда, бұған дейінгі рекорд 2016 жылы наурыз айында белгіленген. Ол кезде бір айда танкерлерге 4 210 000 тонна мұнай тиелген. Консорциумның бүкіл тарихы кезінде Теңіз терминалында 4,3 мыңнан астам танкер тиеліп, олар арқылы 460 млн тоннадан астам мұнай тасымалданды. Оның ішінде қазақстандық өндірушілердің үлесіне 398 млн тоннаға жуық мұнай тиесілі болса, қалғаны ресейлік өнім.  

2016 – КҚК үшін  маңызды жыл

Биыл шетелдік мұнай өндіруші компа­ниялардың консорциумға қосылғандарына тура 20 жыл! Ағымдағы жылы консорциум өзінің тарихында тағы бір мерейтойлық датаны атап өтуде – Теңіз – Новороссийск мұнай құбырының табысты жұмыс істей бастағанына 15 жыл! Сондай-ақ, биыл КҚК-ны кеңейту бойынша көлемді жобаны жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойылғанына 5 жыл толды!  

КҚК: тарихқа шегініс...

Кеңес үкіметі тараған соң еліміздің алдында мұнай өндіру көлемін азайтпау керек деген тапсырмамен бірге мұнай саласының дамуын қамтамасыз ету керек деген мақсат қатар тұрды. 1992 жылы ақпанда Энергетика және отын ресурс­тары министрлігі құрылды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында оның алғашқы министрі Қадыр Байкенов болды. Қадыр Байкеновтің тікелей қатысуымен Каспий құбыр консорциу­мын құру туралы келіссөздер жүргізілді. Егер сол кездегі басты мәселелер туралы айтатын болсақ, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, Теңіз және Қарашығанақ сынды ірі кен орындарын толыққанды игеру үшін технологияның жеткіліксіздігі, сондай-ақ, жоғары кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігі сынды проблемалар өте көп еді. Сондықтан сол жылдардағы негізгі міндет инвестиция тарту болды. 1992 жылы Agip және BG компаниясымен Қарашығанақ кен орнын дамытуға қатысты хаттамаға қол қойылды. 1993 жылы Теңіз кен орны бойынша Chevron ком­пания­сымен «Ғасыр келісімшарты» атанған ірі құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, Каспий құбыр консорциумын құру туралы келісім де сол мезгілде жасалды. Осылайша, қазақстандық шикізатты Қара теңіз арқылы әлемдік нарыққа шығару үшін консорциумның қажеттігін Елбасы Н.Назарбаев жақсы түсінді. Республиканың мұнай саласын басқарудың жаңа бірыңғай жүйесін қалыптастыруға білікті мамандар шоғыры жұмылдырылған еді. Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» демей ме? Кез келген істе тәуекелге бармаса, оң нәтиже күту бекершілік. Ал Қазақстан үкіметі дербес ел ретінде шекарасын бекіте сала осындай халықаралық ауқымды экономикалық жобаға мұрындық болуы талайды таңқалдырды. Сонымен, Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан үшін қандай басымдыққа ие? Бұл еліміздің тарихи даму сатысына қаншалықты әсер етті? «КҚК – Теңіз мұнай кен орнының дамуымен тығыз байланысты. 1979 жылы ашылған Теңіз мұнай кен орны Қазақстан мұнай саласының өркен жаюына өзіндік серпін берді. Алайда еліміз ендігі кезекте мұнайды әлемге тасымалдау мәселесін түбегейлі шешу жолын қарастыруға кірісіп кетті. Теңіз мұнайын экспорттау және қаржы­лан­дыру үшін Қазақстан Оман Республикасымен бірлесіп консорциум құруға 1992 жылы белсене кірісті. Сол жылы шілдеде оған Ресей тарапы қосылды. Консорциум құрылғаннан кейін де бірнеше жыл қатарынан келіссөздер жүріп жатты. Қазақстан тарапы мұндай ауқымды жобаға алғаш рет қатысқандықтан, халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, ортақ мәмілеге келу жаңа тәжірибе алаңы болды. Әсіресе, қаржыландыру мәселесі жөніндегі келіссөздердің ұзаққа созылып, оңай шешілмегендігі әлі күнге дейін есімізде», – дейді Қайыргелді Қабылдин мырза өткенге шегініс жасап.  

Тарихи сәт: 20 жыл бұрын КҚК-ны қайта құрылымдау туралы шешім қабылданды

Сол кезде консорциумның шашбауын көтеріп, табысты жұмыс істеп кетуіне бар күшін салған ел ағалары 1992-1996 жылдар аралығы ең күрделі әрі ауыр кезең болғанын еске алады. Әрине, ауқымды жобаның тұсауын кесу оңайға соқпағаны мәлім. Елбасы осы жобаны ілгерілету үшін Б.Н.Ельцинмен он шақты мәрте арнайы кездесіп, талқыға салғаны бір бөлек, үнемі телефон соғып, мән-жайға қанығып отырды. Мұнай және газ министрі тізгінін ұста­ған Нұрлан Балғымбаев Президентке кіріп, «Тараптар ортақ шешімге келмей жатыр» деген уәжін айтқанда, Елбасы «Бір парақ қағазға қарапайым тілмен жобаның төңірегіндегі мәселенің жай-жапсарын жазып бер» деп тапсырма береді де, ертеңінде Мәскеуге ұшып келеді. Ельцин ол кезде ауруханада жатыр екен, екі ел басшылары аурухана палатасында жоба барысын талқылап, нәтижесінде 1996 жылы 6 желтоқсанда Мәскеу қаласында Акционерлер келісімшартына қол қойылды. Құжат бойынша консорциум акцияларының 50 пайызы ірі мұнай өндіруші халықаралық компаниялардың қолына көшті. Қалған 50 пайызы Ресейдің үлесіне 24%, Қазақстанға 19%, Оманға 7% тиесілі болды. Былайша айтқанда, акционерлер келісімінде негізінен «Алманы теңдей бөлу!» ұстанымына сүйенді. Яғни, халықаралық мұнай компаниялары да, Қазақстан, Ресей тарапы да жобаның кепілдікке берілген үлесіне иелік етіп отырды. Сол кездегі еліміздегі кәсіби біліктілігі жоға­ры маман Нұрлан Балғымбаев шетел­дік­тер­дің пси­хологиясын жете түсініп, мұнай ком­па­ния­лары­ның мақсат-мүддесін әңгіме ауаны­нан-ақ білетін­дігі туралы әріптестері бүгінге дейін жиі айтады. Нұрлан Өтепұлы баспасөзге берген бір сұхбатында: «Уақыт биігінен қарағанда, 1990 жылдардың орта шенінде тәуелсіз мұнай құбыры желісін құру жөніндегі біздің ұстанымымыз стратегиялық тұрғыдан дұрыс болды. Ол тек Қазақстанға ғана емес, жобаны қаржыландырған мұнай компанияларына да пайда әкелді. КҚК Қазақ­стан үшін де, Ресей үшін де нарықтық эко­номика, аралас меншік шарттарына сай жүзеге асқан ең алғашқы ауқымды халықаралық құбыр желісі жобасы атанды. Бұл тәжірибе одан кейінгі басқа да магистральды құбыр желісі құры­лыстарына тиімді пайдаланылды және бұл ретте КҚК инженерлерден бастап, жетекшілерге дейінгі барлық деңгейдегі мамандарды дайындайтын үлкен мектепке айналды» деген еді. Қазақ мұнай-газ саласын дамытудың көш­басында тұрған азамат жайлы 1996-1999 жылдары Ресейдің Отын энергетикасы министрінің бірінші орынбасары болған Ана­толий Шаталовтың мына пікірі жүрекке жылы тиеді. «Біз қалай жұмыс істедік? Қазақстан тарапы жағынан жобаға Нұрлан Балғымбаев жетекшілік етті. Ол Министрлер Кеңесінің Төрағасы еді. Сондықтан Президентке тікелей шығуға мүмкіндігі болды. Ал мен Виктор Черномырдин арқылы жұмыс істедім. КҚК Қазақстан үшін де, Ресей үшін де маңызды нысан саналды. Себебі, жобаға байланысты мың-сан мәселе шығып жатты. Міне, сондай қиын кезеңде Нұрлан Өтепұлының табандылығы мен біліктілігіне тәнті болғанымды айтқым келеді. Сол кезде осы жобаға қатысты келіссөздердің басы-қасында үнемі Нұрлан Балғымбаев пен Қайыргелді Қабылдин жүрді. Олардың бұл жобаға еңбегі сіңді десе болады», – дейді өткенге көз жүгіртіп. Әлемдегі алдыңғы қатарлы мұнай-газ өндіруші компаниялардың КҚК жобасына қатысуы бұл жобаның қаржыландыруын қамтамасыз етіп қана қоймай, мұнымен қоса мұнай тасымалдау жүйесінің объектілерін жобалау, құрылысын салу, пайдалану және басқару кезінде заманауи технологиялар мен жаңа жабдықтарды, халықаралық стандарттарды пайдалану мүмкіндігін туғызды. КҚК мұнай тасымалдау жүйесіне орай, қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралар кешені толыққанды әзірленді. Табиғатты қорғаудың жаңа технологияларын енгізуге жұмсалған қаржы мұнай тасымалдау жүйесінің құрылысын салу бюджетінің 12 пайызын құрады. Аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру үшін көмек ретінде қомақты қаржы бөлінді.  

Уақыт көшіне  ілескен КҚК

Жалпы, Каспий құбыр консорциумының алғашқы сатысында жылына 28 миллион тонна мұнай өткізу мүмкіндігі болды. Консорциумның Қазақстан аймағындағы негізгі ғимараттары жаңадан жарақтандырылған Теңіз мұнай айдау стансасы мен Атырау мұнай айдау стансасы (МАС). Қазір оларға А-МАС-4 пен А-МАС-3А нысандары қосылады. Құбырдың жалпы ұзындығы 1510 шақырым. Оның 452 шақырымы республикамыздың аумағынан өтеді. Ал құбырдың диаметрі – 1020 мм. Қазір Каспий құбыр консорциумының желісіне негізінен Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орнындарынан мұнай келіп құйылады. Қуатты құбырдың техникалық мүмкіндігі жылма-жыл артып келеді. Мұнай айдала бастаған 2001 жылдан бері осы құбыр арқылы 500 миллион тонна «қара алтын» экспортқа жөнелтілген екен.  

Каспий құбыр  консорциумы Қашаған мұнайын тасымалдауда

Жақында Атырау облысында Мемлекет басшысының жұмыс сапары кезінде өткен телекөпір барысында Каспий құбыр консорциумы Қашаған мұнайын тасымалдау жұмыстарын бастағандықтарын компанияның аймақтық менеджері Сәрсенбай Мұрынов баяндаған болатын. «Құрметті Президент, Сіздің тікелей қолдауыңызбен құрылған Каспий құбыр консорциумы бүгінде әлемдегі ең үздік мұнай тасымалдау жобасына айналған. Қазір Каспий құбыр консорциумы жүйесіне Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнай келе бастады. Осы уақытқа дейін 500 мың тоннадан астам мұнай тасымалданып, Новороссийскдегі теңіз терминалында танкерлерге құйылып, экспортқа жөнелтілуде», – деді ол. Елбасы өз пікірінде соңғы үш жарым жылда экономика саласында 540-тан астам жоба жүзеге асырылып, 100 000-нан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілгеніне тоқталды. «Биыл тағы 50 жобаны іске асыру жоспар­ла­нып отыр. «Мұнай-газ индустриясын дамыту үшін біз күрделі қаржыны белсенді түрде тар­та­мыз. Тек «Қашаған» жобасына ғана біз 50 мил­лиардтан астам инвестиция тарттық. Осы­ның бәрі ел бюджетіне түсімдерді қам­та­­ма­­­сыз етеді. Өзге де ірі жобаларды, атап айт­қан­да, «Каспий құбыры консорциумы» жоба­сын іске асыру да елімізді дамытуға бағыт­талған маңыз­ды жұмыс болып табылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Бұл жерде ең алдымен Елбасымыздың көрегендігін айтқым келеді. Оның көпвектор­лық саясатының нәтижесінде Қазақстанда диф­ференциалды құбыр жүйесі қалыптасты. Олардың қатарында Каспий – Қара теңіз, Атырау – Самара, Қытай, Баку бағыттары бар. Осының арқасында Қазақстанның мұнай тасымалдау мүмкіндігі бүгінгі күні 100 миллион тоннаны құрайды. Алайда, сол қуаттың тек 80 пайызын ғана пайдаланып отырғандығымызды ескерсек, мұнай экспортының мүмкіндігі әлі де баршылық екендігі хақ» –дейді қазақ мұнай тасымалдау саласының іскер басшысы Қайыргелді Қабылдин. Түйін: Ал бүгінде Қазақстанның мұнай өнімдері Еуразияның ондаған елдеріне экспортталады. Оған қоса, «қара алтынды» игеретін басқа да жаңа нарық көздері қарастырылуда. Міне, биыл Каспий құбыр консорциумы жұмысына қан жүгіртіп, бас­тамашы болған акционерлер келісіміне 20 жыл толды! Жоба еліміздің Тәуелсіздігімен қатарлас дамып, өсіп, өрісін кеңейтті. Әрине, жиырма жыл аз да, көп те уақыт емес. Алайда осы мерзім ішінде еліміздің мұнай-газ саласы айтулы жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізсе, бұған экономикада алғашқы халықаралық жоба ретінде жүзеге асқан КҚК-ның үлесі қомақты екені даусыз.  Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ  

ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Үкіметінің Төрағасы В.Черномырдин келіссөздер барысында, 1995 жыл

1996 жылғы 6 желтоқсан. Акционерлер келісімшартына қол қою сәті. 

1992 жылғы шілде. Солдан оңға қарай: Аль-Шанфари, В.Черномырдин,  К.Байкенов. Ресей КҚК-ға қосылуы.

Теңіз-Новороссийск құбыры

1996 жылғы сәуір. Алматы. КҚК қайта құру туралы келісімге қол қою. Солдан оңға қарай: министрдің орынбасары Ғ.Кешубаев, министр Н.Балғымбаев, Оман Сұлтанының Мұнай министрі  Макбул Али бин Сул

1999 жылғы 12 мамыр. «Алғашқы іргетасын қалау» шарасында. Қ.Қабылдин, Н.Қаппаров.

2011 жыл, КҚК құбырын кеңейту туралы құжатқа қол қою сәті.

Телекөпірге қатысушылар

Атырау МАС телекөпірінің қатысушылары