• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Еркіндіктің еңселі ескерткіштері

1145 рет
көрсетілді

Бір қарағанда, аңсарлы Азаттығымызға қолымыз жеткені күні кеше ғана сияқты. Десек те, сол жылы туған сәби бала бүгін тепсе темір үзетін 25-тегі өндір жас жігіт. Ал біздің Тәуелсіздік бесігінде тербелген, қилы дауылдарға төтеп берген Қазақстанымыз жасампаз жас мемлекет. Осы жайдың мәніне тереңірек бойласақ, еліміздің 25 жылда 25 ғасырға татырлық тарау-тарау тағдырлы тәуекел жолын абыроймен жүріп өткеніне сүйсінеріміз де рас. Қазақ елі халқымыздың жарым ырыс-ырымындағы жиырма бестің барлық жақсылықтарымен жасанып, жұлдызы шырқау биікте жарқырап, дүйім дүниеге даналығымен танылды, даралығымен айшықталды. Осы даралықтың бір парасы, елдік болмысымыздың ажар-келбеті еркіндік жылдарында бой көтеріп, сақи сап түзеген еңселі ескерткіштер арқылы да паш етіліп жатқанын қаперге алмай тұра алмаймыз. Себебі, бұл да бір бақ-берекеміздің баяндылығын аңғартатын ғанибет жағдай. Бұл арадағы ең бір ғажабы сол, әлемнің Америка, Англия, Франция, Қытай, Түркия сынды алпауыт елдері өздерінің дара кескінін кейіптейтін бедер-белгілерін, нышанды жәдігерлерін жүздеген жылдар бойы тірнектеп түзіп келсе, Қазақ елі жалпақ жаһанға жайы­п салар жан дүниесін, жарқын дәстүрлерін, бекзат болмысын, тектілігі мен беттілігін ширек ғасыр жүзінде ғана байыптап та баяндап, неше сан кешенді һәм кенен ескерткіштермен өрнектеп өріп көрсете алды. «Тәуелсіздігіміздің тал бесігі Алматы болды» деген сөзді Елбасымыз әрдайым айтып жүреді. Елдігіміз бен еркіндігімізді алғаш сәулет өнері тілінде айшықтап бейнелеген шын мәніндегі толағай да толымды ескерткіш кешені – «Тәуелсіздік» монументі нақ осы ұлық мерекеміздің бес жылдығына орай Алатау баурайындағы ару қалада асқақтады. Шот-Аман Уәлиханов жетекшілік еткен сәу­летшілер мен мүсіншілер тобы монументті жасау барысында төл тарихымыз бен тәуелсіздік мұраттарын шебер тоғыстырып, бірегей көркем шешім тапқан. Көк аспанға шаншылған орталық сынтастың ұшар басында ойылып бәдізделген Қазақстанның Елтаңбасы, оның үстінде қа­натты барыс. Ең жоғарыда – жаралғандай жасыннан, бес қаруын асынған, жауы болмас басынған, қолындағы қыран құсы талпынған, әлемге «Алтын адам» деп танылған дулығалы жас сарбаз. Монументтің қапталында Желтоқсан көтерілісі мен Тә- у­ел­­сіздік жарияланғанға дейінгі қазақ тарихынан сыр шертетін бедер-бейнелер. Ал дәл жанында дала данасы – ақылгөй Абыз ата мен жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер-ана, олардың алдында құлыншаққа мінген ұл мен қыз мүсіндері. Осылайша Монументтің мазмұнындағы ұлттық рух пен сыр-сипат осынау толағай туындыға деген халық құрметін арттыра түскені де ақиқат. Елдігіміз бен ерлігімізді, ға­сырлар қойнауынан тамыр тартқан мерейлі мемлекеттігімізді паш еткен «Тәуелсіздік» монументінің осыдан тура 20 жыл бұрын, 1996 жылғы 16 желтоқсанда болған ашылу салтанатына Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев пен тәуелсіздігімізді бірінші таныған Түркия президенті Сүлеймен Демирел қатысты. Содан бері «Алтын адам» ескерткішінің айналасы алматылықтар мен оң­түстік астана қонақтарының, жас жұбайлардың шуақ күлкісіне бөленбеген күні болған емес. Алматыда кеңес жылдарында жалғызсырағандай күй кешкен хакім Абай мен ғұлама Шо­қан ескерткіштерінің қатары Тәуелсіздігіміздің арқасында толыға берді, молыға берді. Ол ол ма, үш жылдан кейін Ордабасыда қазақтың бір­лі­гін күйттеген Төле, Қазыбек, Әй­теке билер ардақталған ұлы жиын өтіп, ұлттық-мәдени қорық құрылған. Ал 1997 жылы тарих мінберіндей Ордабасы төбесінде Бірлік монументі бой түзеген еді. Ескерт­кіш­терге айналып, еліне өршіл де ел­шіл рух сый­­лаған Үш би бүгінгі бақ-бе­рекелі ұрпағымен емен-жарқын жүздесіп, өркениет өріне шыққан қа­лаларымыз бен кенттерімізді ара­лап кетті десек те бол­ғандай. Әрине, Тәуелсіздігі­мізді дәріп­тей­тін, ай­шықты бейнелейтін ең тамаша ескерткіш, ғажайып туынды – елордамыз Астана. Оның авторы қадірменді Елбасымыз екендігі де дү­йім дүниеге мәш­һүр. Жаңа ас­танамыздың көрік-кел­беті келушіні де, кө­рушіні де тамсандырады. Ор­талығындағы бірегей сәулеттік ансамбль арман биігіне жетелейді, туған елің мен жерің, астана байтағың үшін мақтаныш се­зіміне бөлеп мерейлендіреді. Бұл ансамбльдегі ең басты туынды Ақорда десек, оған жалғасып сәулеттік кешеннің арқау-өзегіне бір-бір жаһұт жауһардай болып тар­тылған «Бәйтерек», «Хан Ша­тыр», «Бейбітшілік және келі­сім» сарайы, «Тәуелсіздік сарайы», «Қазақ елі» мо­нументі, «Мәңгілік Ел» қақ­пасы елдігіміздің, бере­ке-бірлігіміздің дастандарындай өрнектеле өріледі, көңілімізді көкке өрлетеді. Бұл ғаламат ғимараттар мен еңселі ескерткіш кешендері Тәуелсіздігіміздің шежірелі сырын шертеді, жарқын тарих жасап жатқан жасампаз дәуіріміздің әуезді әуенін қалықтатады, егемен елдің өрелі өркениетін, жеңістері мен жемістерін жырғап паш етеді. Тәуелсіз елдің бар­лық шапағат сәулесі, қа­сиет-киесі, даналығы мен са­­ралығы, барша жақ­сы­лығы мен ар-ұяты Ақ­ор­даға жи­нақталған. Ба­ғаналы бас­ты орда­мы­здың сәулеті мен салтанатынан біз осын­дай сыр-сипатты аң­ға­рамыз. Ақорда Қа­зақстан халқының баян­ды ба­қыты мен жарқын бо­л­а­ша­ғының нышанды кө­рінісі, мемлекет­тігіміздің ажырамас атрибуты десек, ақи­­қаты да сол. Аста­на­­ға келген қонақтардың үл­кені мен кішісі бір­дей «Бәй­те­ректі» көруге асығады. Атауы да, жа­сауы да әр қазақ­тың жанына жақын,  Тәуелсіздігімізбен үн­дес, Мәңгілікті көздеген мұра­тымызбен үйлес өнер туындысы, елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі һәм бі­регейі де осы. Алтын күнге бой созған алып «Бәйтеректің» тү­йінді философиясы қазақ хал­қының жаңғырып қайта тү­леуінің, өзгелермен терезесі тең мемлекеттілігінің, халықтық ұғымдағы биіктік пен тереңдіктің, кеңдік пен дарқандықтың белгісін білдіреді. Айта кететін жайт, «Бәйте­ректің» негізгі идеясы Нұрсұлтан Әбішұлының эскиз-нобайының негізінде өмірге келген. Қа­зақ аңызындағы қасиетті Са­мұрық құсы «Мәңгілік Ел» мұ­ратына қарай самғап ұшып барады. Темірқазық нысана – тіршіліктің тірегі Бәйтерек. Ұшар басындағы ұяда өмір ұйығы алтын жұмыртқа – алып шар. Оның ішінде Астана алақандағыдай көрінетін аялы зал, ортасында 17 жапырақтан тұратын, 17 түрлі әлем діндерінің өкілдері қол қойған ағаш ғаламшар. Келушілер оның қасындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алақан ізіне алақанын беттестіріп, жақсы ырыммен, жоралғы үмітпен сәт сайын суретке түсіп жатады. Тәуелсіздік ескерткішінде туын­­даған тағылымды дәстүр осындай. Ал «Бәйтеректің» 97 метр­лік биігінен заманауи қаланың көркем көрінісі ашылады. «97» саны да кездейсоқ емес, ол елорда мәртебесінің Алматыдан Астанаға ауысып келген жылын меңзейді. Елордамызды қазір «Мәңгілік Ел» қақпасынсыз көзге елестету қиын. Биіктігі 20 метрлік осынау сәулет нысаны Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ашылды. Қақпаның қос қапталындағы Ақ­сақал мен Ана мүсіндері, қалқан мен тайқазан ұлттық киелі ұғымдармен астасады. Жасам­паздық Мәңгілікті мұрат тұтқан ел астанасының тағы бір жарасымды да мағыналы символына айналды. 2009 жылы қатарға қосылған «Қазақ елі» монументі жалпы еліміз бойынша Тәуелсіздікке тәу етер ең елеулі ескерткіштердің бірі­не айналғаны анық. Бұл мә­дени-сәулеттік, тарихи-мемо­риал­дық кешен Қазақстан­ның досқа құшағы ашық адал ниетін, мемлекетіміздің бейбітшілік сүй­гіш парасатты сая­сатын біл­діреді. Орталық барельефтен Ата Заңның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртындағы, ол арқа сүйеген ха­лық көрініс тапқан. Бұдан басқа, «Қаһармандық», «Жасам­паздық» және «Болашақ» атты барельефтерде Қазақ елінің бүгінгі таңдағы кемел бейнесі жан-жақты ашылып көрсетілген. Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алған кездегі шаттығын паш ететін «Бірлік» атты мүсіндік композициямен түйінделуі тіптен ғанибет. Елбасының идеясымен атақ­ты ағылшын сәулетшісі Нор­ман Фостер пирамида пішінінде жобалап жасап шыққан «Бей­бітшілік және келісім» сарайы, отандық сәулетшілер атқарған «Тәуелсіздік» сарайы сынды жә­не басқа сәулеттік өнер туындылары елордамызды жылдан-жылға көркейте түсуде. Әсем Астана бүгінде әлем таныған Қазақстанның брендіне айналса, уақыт өткен сайын қатары толыға түскен еңселі еркіндік ескерт­кіштері тәуелсіз еліміздің бас қаласының да, басқа шаһар­ларының да көркіне көрік қосып, көңілімізді өсіруде. Жер-жердегі Тұңғыш Президент саябақтары да, Алматыдағы Желтоқсан оқи­ғасына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші мен Тараздағы «Қазақ хандығы» монументі де осындай. Олар жай ескерткіштер емес, елдігімізді асқақтатқан, ай­бынымызды асырған, ке­лісті келбетімізді танытқан Тәу­ел­сіздігіміздің символдары. Ол ес­керткіштер Тәуелсіз мемлекеттің идеясын білдіреді, халқымыздың Мәңгілікті көздеген ізгілікті мұ­рат-мақсатын айғақтайды. Осы қастерлі ескерткіштерде қа­сиеттеп бәдізделген Еліміз де, Еркіндігіміз де мәңгілік болсын деп тілейік! Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»