• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Ең сәтті жобаның бірі

341 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жеңістерінің бірі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың бекем орнығуы. Жарты әлемге арман болған осы тұ­рақтылық қазақстандық қоғам­ның дамуына, бәсекелестікке ұмты­луына кепіл болды. Соның нәтиже­сінде еліміз этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімнің үлгі-моделін көрсетіп келеді. Өткен тарихқа шегініс жасайтын болсақ, 1992 жылы Қазақстан халқының бірінші форумында Елбасымыз көпэтносты Отанымызда ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған жаңа қоғамдық институт құруды ұсынған еді. Осылайша, 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде өкілеттігі бар конституциялық органға айналды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы Заңда оның құқықтық мәртебесі «Мемлекеттік ұлттық саясатты әзір_леуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме» деп сипатталуы кездейсоқ жайт емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының Конституциялық мәртебе алып, Мә­жіліске депутаттар сайлауға құқы­лы болуы Парламенттің де, Ассам­блеяның да беделін көтерді. Уақыт жылжып өткен сайын Ассамблея татулық пен келісім үлгісінің түп­қа­зығына айналды. Сонау жыл­дардағы егемендікке ауысып жатқан қиын-қыстау кездерде де Президентіміз қазақстандықтарға қазіргі қиыншылықтар өтпелі екенін айтудан жалықпады. Еліміздің мұ­раты ұлттық біртұтастық, әлеуметтік әділеттілік, саяси және экономикалық даму болатынын жиі есімізге салып отырды. Халықтың саналылығы мен Елбасымыздың орнықты саясатының арқасында этносаралық қақтығыстар орын алмады. Міне, осылай еліміздің өркендеуіне жол салып берді. Мемлекет басшысының «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуі­мізбен күллі әлемге танымал болдық», – деп айтқаны кешегі күнгідей есімізде. Президентіміздің бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Астанада өте жоғары дең­гейде өткені, әртүрлі діндер өкіл­дерінің бір шаңырақ астында бас қосып, ашық пікір алмасқаны соған нақ­ты дәлел болмақ. Қазақстан ұстанатын көп түрліліктің ішінде бірлік қағидаты қазақстандық қоғамның стратегиялық жеңісі болып табылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Айқын мемлекеттік стратегия мен ерік-жігер барда бірлік пен көптүрліліктің бір-біріне қайшы емес, қайта бірін-бірі толықтыра түсетініне сенімдімін», – деген болатын. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырында Президентіміз айтқан сол сөздер айна-қатесіз дәлелденіп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өте сауатты және салмақты сая­са­тының арқасында елімізде барлық азаматтардың этностық ерекшелігі мен діни сеніміне қарамастан, олар­дың тең құқықтары қамтамасыз етілген және қорғалған. Ерекше атап өтетін тағы бір құндылық – еліміз тәуелсіздігін жария­лаған күннен бері осында тұрып жатқан ешбір этнос өзінің тілін жоғалтпағаны және салт-дәстүрін сақтап келе жатқаны. Қазақстандықтар, оның ішінде түрлі этностардың өкілдері, әсіресе, жас­тар мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге ерекше ден қоя бастады. Мемлекет басшысы айтқан үш тілді меңгеруді мақсат еткен жаңа ұрпақ өсіп келеді. Уақыт өткен сайын жергілікті емес ұлттардың ата-аналары өздерінің балаларын қазақ тілінде оқытатын балабақшалар мен мектептерге беріп жатқанына жиі куә болып жүрміз. Бұл Қазақстанды Отаны санайтын этностардың өз елінің болашағына сенетінін дәлелдейді. Қазіргі кезде этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісіне қызығатын елдер көп. Жыл сайын оның тәжірибесімен танысу үшін шет мемлекеттерден делегациялар келеді, Ассамблея ұйымдастыратын іс-шараларға, жиындарға қатысады. Бүгінде бірқатар елдер біздегі бірегей институттың тәжірибесіне сүйеніп, өздерінде осындай құрылым немесе ұйым құруға ұмтылып отырғандар да бар. Себебі, олар этносаралық және конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісім саяси тұрақтылықты нығайтатынына, өз кезегінде бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатынына Қазақстанның іс-тәжірибесі арқылы көз жеткізді. Елімізде бейбітшілік пен этносаралық ынтымақты қамтамасыз ету үдерісінде, осындай қатынастарды үйлестірудің қоғамдық институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі зор, алатын орны ерекше. Ол өмірдің өзінен алынып, тәжірибе барысында жинақталды және жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде пайда болды. Өткен кезең көрсеткеніндей, осы бірегей институттың құрылуы ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең сәтті жобалардың бірі болғанын мақтанышпен айта аламыз. Ассамблея елдің дамуын жал­пы­ұлттық келісіммен тікелей бай­ла­ныстырады, ал оған респуб­ликамыздың аумағында тұратын барлық этностар өкілдерінің тең құқықты ынтымақтастықтың, бір-бі­рінің тағдырына деген ортақ жауап­кершіліктің арқасында ғана жетуге болады. Өзара түсіністік пен төзімділік, сондай-ақ түрлі этнос­тардың рухани құндылықтарын ықы­ласпен қабылдау барлық этнос­тар үшін ортақ азаматтық идеалдар мен құндылықтарды қалыптастырды. Соның нәтижесінде әрбір этностық топ жаңа конституциялық-құқықтық базаның негізінде өзінің ұлттық белгілерін сақтай отырып, қоғамның құрылымындағы шоғырландырушы орнын таба алды. Бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші әлеуеті осылайша күшейе түсті. Леонид ПИТАЛЕНКО, ҚХА Төрағасының орынбасары, өңірлік беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы