• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Биіктіктің қайта оралуы

225 рет
көрсетілді

...Біресе, табаны қақ-қақ айырылып, қаңсыған көл. Қайраңда қалған сом балықтар. Құжынаған шыбын-шіркей. Қаптаған құрт-құмырсқа, бақа-шаян... Біресе, иен шөл дала. Айтақыр... құйын... сұрқия, жексұрын уіл. Бір топ қорқау қорғансыз киікті пар­шалап, қанын шашып жатыр. Салақ­таған қан­ды тілдерімен жер сызып, қыңсылап, айнал­шықтап жүрген шибөрілер. Былайырақтағы шең­гелдердің арасы толы сасық-күзендер, жылт-жылт етіп, тыным­сыз шақалақтайды... Бұл – оның қайбірде көрген түсі еді. Ол көрген түстерін жадына тұт­пайтын, жаңғыртып, әлектеніп жатпайтын. Сол түсі құрғыры... қат­талынып қалыпты. Қан­шама «түс – түлкінің б...» дегісі-ақ келгенімен, іштей боркеміктеніп, аласұрып, жайсызданып жүрді. Ол, әрине, тағы-тағы талай-талай түстеріңізді түгендеп, келмеске аттандырып салған. Ал… мына бірі – өткен түнгісі жүрегіне жылы ұялап, жан сірін жіпсітіп, санасына жұп-жұмсақ жайғасқандай. «Айда жүр. Анасы екеуі. Екеуі де шат! Алла нұрына шомылған Ай-ана да көңілді, ғажап!.. Данышпан, қарт Қаратауы – Өгізтауы да осында екен. Өгізтауы – бәз-баяғы, әкесінің әсерлі де әдемі әңгі­мелеріндегідей,  ертегідегідей! Тартылған бал-бұлақ­тардың көздері ашылған; бұрқ-сарқ қайнап, тастан-тасқа тентектене шоршып, бұлтыңдап, бұлдыраңдай домалайды. – Балам, есіңде ме «аспандағы айды әпер» дей беретінің? – Жып-жылы күлімсіреген сүттей аппақ анасы ғой. – Ия... апа! – Бұл да ұяңдана күліп, анасының ыстық құшағында мамырақан тербетіледі, бауырына емірене тығыла түседі. «Астапыралла! Мұнда қалай жеткен?» Жар салып, дәруіш жүр: – Патша түс көріпті, түсін дөп жорығанға ат басындай алтыны, ат-тоны, сый-сияпаты бар! Құрулы тұрған дардың да барын ұмытпаңдар!.. Бір үңгірден шыға келген жылан мұның жолын кес-кестеп: – Патшаның түсінде не көргенін айтсам, алтыныңды менімен бөлісер ме едің? – дейді. Бұл: – Рахым етіңіз... – дейді қаш­қақтап. Сол сәтінде жылан ақса­қал­ды қария кейпіне еніп: – Мен Қызыр пай­­ғамбар едім, ия, балам, өз бойыңның бай­­лығы жетерлік екен, алдыңнан, алда­рың­нан жарылқасын! – деп ғайып болды...» * * * Е-е-е!?. Соныменен... * * * Иә, соныменен, алаң жүректің аяңы алабұртқан желіске ауысқан, бейма­заңқы, үшінші тәуліктің жүзі еді. Көктем де қотыраштанып, сепкен дән тырбықтанып, қылқынып, маусым айы бел ортасынан ауған, шілде кірер алапат оттың маздап тұрған кезі-тін. Тал түс. Әйелім түкпірдегі қараң­ғы бөлмеде тұмшаланып, мен ауыз­ғы кіреберісте газет-журнал ауд­а­­­рыс­тырып отырғанмын. Үйде – екеу­­міз, балалар оқуда, сыртта. Жа­лы­­­ғып, пысынаңқырап та, «қой… жұрт қатарлы мызғып алайын», дедім. Едендегі тақыр төсенішке қатты жастық­тарымды умаждай сұлап, ұйқы шақырмаққа «Қазақ әдебиетін» қамыс кеміргендей қайтара-қайтара езбелеймін. Қараймын, кірпік айқасар түрі жоқ; қайта, жуалдыз тіреп қой­ғандай көздерімнің шақырайып кеткені. Білмеймін… түлен түртті ме, әлде­не, қараптан-қарап, еліріп, жоқ жерде желік жабысқандай. Шалқамнан жатқан күйі аяқ-қолдарымды аспанға көтеріп, үш-төрт мәрте серпіле әткен­шек тептім де, ырғып тұрдым. Ойнақ­таған кәрі түйедей қутың-қутың етемін. Мұздатқышқа жетіп барып, саусақтарымды қайшылай сұғып-ақ жіберіп… Ол райымнан тез қайттым. Гра­финдегі қайнаған жылымық судан лықылдата жұтып, қимас қу серігім сигарымды құлағыма қыстыра, тықырши тысқа ұмтылдым. …Дала – өрт! Күн – шеңберінің шырқау шегінде – тастөбеңде шәң­гекке ілінгендей салбырап, шақшиып, ақилана тоқтап қалған; құмға бөк­кен мәшиненің газ бергеніндей, лапылдаған жалынын ышқына үр­лейді. Тұншыға шиқылдаған шө­желер, оқта-текте ызыңдаған шыбын­дар, зыңылдаған аралар, тосын ғырқылдаған алақанаттардан өзге тірші­лік атаулының иісі сезілмейді. Көгеріс біткен қан-сөлсіз сазарып, демін ішіне тартқан. Әбден оңып, жидіп, үлбіреген шыт матадай  өңсіз аспанда шоқып алар қылау көрінбейді. Үйдің алдындағы өрілген жүзімдердің көлеңкесі – ауасы құрғақ қарт та әз Қаратауымның етек баурайы... Шып-шып тершітіп, таңдай-танауыңды қуыра қақтайды. Әйтеуір, әзірге беймәлім бір өзгерістің ны­шаны байқалатындай ма? Әне-міне, тағатсыздана, уақыт-сәтін күтіп те тұрған­дай ма?.. Тылсым тыныштықты қора жақ­тан қылқына қақылдаған – жүн-жұрқадан тап-таза, сып-сидаң мекиен тауықтардың іштеріндегі түр-тұрпатына қарамастан қағынған бірінің ащы үні қақ айырды. Оған үздіге қоқақтаған қотыраш қораз қосылды. Бүкшеңдей үйге сүңгіп, жинап қойған салқын судан құман толы алып шықтым. «Жандары бар ғой… обалдағы-ай!?» Темір тұмсықтарын бақа­ша керген тауықтардың бастары қыл­тылдап, тамақтары қылқ-қылқ етеді; сүп-сүйір сүйек тілдерін шошайтып алған. «Кім біледі... бәлкім, шы­жыған күнде тар торда қапастанып, қорланып, бір замандардағы еркін­дік­терін, кең жайылым­дарын аңсауда, елегізуде де болар?..» Табан астында тауықтардың алдын­да қарабеттеніп, күнәһарланып қалсам да... пісуге шақ қалған жұқанақ жұмырт­қаларын тергілеп, борша-боршам шығып, еңкектей көлеңкеме оралдым. Тұшынбасам да, жүзімнің астында сигарымды сорғылап, серік етіп, көлік күткен көшер адамдаймын,  «жол сау­ғалайтындаймын». Күзеу шашта­рымның ара-арасынан жыбырлай жорғалаған жылғалар бет-аузымды айғыздай тілгілеп, желке-самайларымнан жылыстай мойныма құйылуда. Иегімнен тақыр жерге бырт-бырт үзілген моншақ тамшылар  құмға сіңгендей… Бүкіл құрылысым көлшіктеніп кеткен. Бір сауаптысы, тер аққан сайын сарайларым ашылып, жеңіл тартып, әжептәуір адамға ұқсап-ақ қалғандаймын. Күннің аптабынан мүлдем бейқаммын. Ештеңеңнен тіптен бейхабардаймын, «құны көк тиын!» Алапестенген төрт-бес жылдың қара­­сы жылыстап еді, кенеттен денсау­лығымның қиюы қашып, төбемді қара бұлт торлағаны. «Сен тұр, мен атайын» ем-домшы керемет ағайындар «олай» деген, «бұлай» деген. Небір көңірсіген күндеріңіз, сан алуан алаң түндеріңіз өтті-ау, шіркін, бұйырған. «Үй күшік» те атандық. «Гүрілдек» едік – «шәуілдекке» де айналдық. Қырық кесілген жылан­ның кесірткелік қауқарын місе қылдық. Құдіретке «құлдық» айттық... Осы күн­дері өзім сезетіндеймін, аян сияқты: «Жайыма жүрмей ел-жұрттың ішіп-пыш­қанына дейін, бәрі, жалғыз маған ғана тіреліп тұрғанындай шаптыға беріп­пін, аспандағы аймен араздасыппын!» И-и-ия я я, күндіз өтірік көлгірсіп, түн ба­ласы тынымсыз дөңбекши берсем керек, жүйке жұл­маланып, түтеленіп кет­се керек. «Эх! өтті-кетті… қайран күн­дер қайыр­ылмастан, ендігісін алдан жарылқасын.» …Бұл – «жүйрік ат, өткір пышақ, қыран құс, алғыр тазы» деген­деріңіздей жөнімен жығылатын жақсы әйелге, сенімді серікке ештеңе жетпейді екен ғой; әуелі Алла! – іш алалықтан ада, оны-мұныда шаруа­сы жоқ, маңдайыма біт­кен кешірімді де мейірімді кем­пірімнің арқасында ғана аман қалған­дай­мын-ау, кеселдің бет-әлпеті оңға­рылғандай-ау. Бейкүнә бейбақ таңертең кетеді жұмы­сына елпектеп, кешке келеді салпақтап, жалтақтап та келеді-ау: «Осы… қайтіп отыр екен, қас-қабағы қалай екен?» деп. Домаланып жүріп, іш қып-піш қып балаларын бағады; менің мардымсыз «жәрдемақым» не тұрады – мен де... «бір баласымын». Сөйте тұра, өткенді ысырып тастап, «қан ба, жын ба, аруақ па, әлдене», қоқиланып, ақиланып, ысқырынып шығатын ескі ғадет те қайта қылаң берген. Ондайда, әйелім баяғысынша үн­демей құтылуға әрекеттенеді. Мен, жын­данып: «Үнде!..» – ақ-қарасын ақтар, пәршекте, ұқ; үндемеген ішке бүгушілік, құдайсыздық» деймін бе, әйтеуір… селкілдеп шығамын ғой бұрынғымша. Сон­дағым: «ә-ә-ә… отағасы, сіздікінің бәрі кәміл көрінеді, жөн екен, ақылымның күйкен­тайлығынан менікі мүлт кетіпті» деген сияқты сұранып алардай сұй­қылтым сөз-бейбақтарды есту ғана екен-дә, құрғыр. Ал, анығына келсек, құдайшылығын айтсақ, бұл: «таз ашуын тырнадан аладының» – өзіңді-өзің алдарқатудың нағыз бір порымы! – ақымақтығыңның да-ау. Бұған да мұндай құқайларыңызды қаласа да, қаламаса да қабылдар көнтері пенденің барлығына, мынау жалғанда шегінер соңғы соқыр қуысыңның қалғанына «мың да бір құлдық!..» «Ғырқ-ғырқ» еткен алақанат өрік ағашқа құйыла сүңгіп, қанаттарымен жапырақтарды сатырлата сабалап, ан­дағайлап өтті. Арғы жағынан шүйілген екін­шісі де сөйтті. «Дауыс­тарын-ай... бәлелердің!» Жан ұшыра ғырқылдаған жексұрын алақанаттар осы тірліктерін бірнеше дүркін қайталаған. «Тегін емес?..» Еріккенге – ермек, желіккенге – себеп. Енді, бар зейінімді өрік ағашына аудар­­дым. Мойынымды ыстанбауша созғы­лап, әрлі-берлі бұрағыштаймын. Алақа­наттар тағы да бір мәрте шүй­ліккенде, дәу сары ала ұры мысық өрілген жүзімге секіріп түсті. «Ә-ә-ә, мықтым, сен екенсің ғой сойқақтап жүрген. Жетпей тұр ең?..» Алақанаттар өрік ағашының бұ­тақ­тары жанасқан шатырдың қуы­сына ұя салса керек. Сары ала мы­сық та ауланың бұрышындағы алаботаның арасына балалаған. Екеу­лерінің де аңдығандары – ет, кей-кейде қарыз-парызға әкелген жарым-жарты жілік қызылыңды суы сорғысын деп жайып қойсаң, көзіңді ала бере, қаға жөнеледі. Әсі­ресе, ала­қа­наттікі жойқын! Төрт кө­зіңді бақырайтып қойып-ақ жай­пай­ды, түкті де талғамайды!.. «Сазай­ла­­рыңды бір Алла бергір, бірің өліп, бірің қалмағыр, алапестер, жебірлер!» …Жоқ-жерде өрік жегім кеп кетпесі ме. Жүзімдердің ту сыртында серейіп тұрған жалғыз түп сары өріктің қол жетерліктерінің жейтінін жеп, қайна­татынын қайна­тып, «қазанға» жақын­дап қалған. Қытық-желік, еліру есерсоқ­тыққа ұласқандай. Бір қарасам, өріктің түбінде тұрмын. Сары өріктің басқа өрік ағашта­рынан өзгешелігі, тек жемісінің ірілігінде емес, бұтақтары шаншыла, үкілене өседі, – сыпырғының басындай. Бұл бейбақ ағаш жастау, тәкаппар да еді. Бұжыр-бұжыр дің бұтақтарға алақандарымды желімдей жапсырып, жерден кеуделік тұстағы ашалардың біріне аяғымды лақтыра астым. «Әуп!» деп серпіле, ашаға шықтым. Тізелерім дыз-дыз еткендей. Осы мезетте барып толықтай түсініп-түйсінгендеймін – өзімнің не істемегімді? Мінез… үкілі үміт қалушы ма еді: «Ә-ә-ә… кәрі тарлан, баяғыда не құз-жартастарда арқардың құлжасынша қоқыраймап па ең?! Не нән ағаштарға «Тарзан» фильміндегі кейіпкер секілді өрме­­лемеп пе ең?! Соларыңды, – «жын­ды желге бағыштағандай», – ас­фальт­та өніп-өскен бала-шағаңа, өткен-кеткенге жырлап та отырушы ең…». Мен лыпып екі-үш бұтақ көтеріл­­генімде, жер мен екі ара­лық­та көзге көрін­бейтін бір қыл үзілгендей-ді. Енді тізелерім ғана емес, бүкіл денем дуылдап, шаптарымның аралығы дызылдап, төбе шаштарымның ақырайып сала бергені. Салмақсызданып, үлпек тисе ұшып-ақ кетердеймін… «Жорғалап қырат-қыр­қаларға, бай­паңдап баспалдақтармен көп қа­батты үйлерге, зырғып лифтімен «Қа­зақстан» қонақ үйінің 25-қабатына көтерілгенің түк те емес екен ғой. Қандай ғажап!.. Тәйірі, космостағы космонавтарыңның өз­дерінікі не? Олар­дың темір жұмыртқаға қамалып алып, қалқып қана жүргендіктері… Болып-толғандарды тіптен қойшы!?.» Әрқайсысы баланың жұды­рығындай, менмұндалаған сары өріктерге қол жет­кізу үшін тағы жарым-жарты бұтақты табанға басу керек. Бір сәт күдікті ойлар арбап өткендей. «Жо-жоқ, ондай кәрі тар­ланың мен емес!..» Дегенмен, алға­шында немқұрайлы сілтей салған «біссі­мілләмді» қайтадан байыбымен үш қайы­рып, жоғарыға қыран көздерімді қапысыз қададым: «Қай тұстан тиіссем екен?..» Ойпыр-ай!  көк аспан қол созымдай-ақ, әттең, жарты шөкім бұлт жоқ, әйтпесе… умаждап-умаждап «үп!» дейтін. Шаптарымның аралығының қайта зеңігенін жылдам қуып тас­тап, ыңылдай-ысқырына әуендетіп алып, бұтақтардың ыңғайлылау бірін діттедім. Топ жұлдыздай шоғыр өрік көз үйі­реді. «Дорба алмағанымды қарашы!? Ештеңе етпейді, көйле­гімнің ішкі жағына жіберемін. Сөйтпеуші ме едік, баяғыда…». Осы қалпымда, мен, жерден мүлдем қияндап, оңаша, тамаша, басқа бір әлемде тұрғандаймын. «Ке-ре-мет!.. Аспан – алақаныңда. Тек… ша­қырайған күнге қолың батпайды-ақ». …Мен, тіптен де өрік жегім кеп өліп бара жатқан жоқпын. «Мәре – пыр­тылдатып үзу-ау… әйтеуір.» Бір қолыммен жас бұтақты сығымдай қыса ұстап, екінші қолыммен қыз­ғылт-сары алтын өріктерді көйле­гімнің ішкі жағына сүңгіте бер­дім. Бір уақытта, қолымның ұшын ыш­қына соза бергенімде, ыстанбауым­нан көйлегімнің етектерінің босап кеткені. Бір қолым бұтақта, бір қолым­ның ұшы өрікте, аяқтарымның ұштары да астымдағы балғын бұтақ­қа тиер-тимес, екі ортада қалт-құлт ілініп тұрған желбау денем аңдау­сызда сатыр-сұтыр сабаланған жабайы дыбыстардан үркіп те кетіп – ұшқаным!.. «Шүкір!..» Бұл жағы да еске­рілген ғой, денемді көкөніс өскен жұмсақ атыз­дар­ға лақтырып үлгеріп­пін. Ерте егілген, шөп басып, ұйыс­қан мамық помидор­лардың үстіне құлаппын, – құша­ғына алыпты жарық­тықтар. Тентек өрік аға­шының қара беріш егеу қабықтары мен бұтақ­тарының пісте тікенектері үсті-басымды шиедей етіпті. Алла әбүйір беріп, беті-басым аман, сынған-шыққаннан да сау сияқтымын. Тек, іш-құрылысым… басқа бір белгісіз жақ­тарға қарай аунап, ауып та адасып та кеткендей ме? «Мейлі… ең бастысы – желбуаз іңкәр-көңіл жайын­да ғой!..» «Құлай білу де – өнер!» Шүкір, тағы да. Кезінде самбоңызды да, басқаңызды да көргенбіз ғой, оның үстіне, жолай бұтақтарға соқты­ғысқан бар, бір-екеуін іле түскен бар… жамбасқа жайлырақ келсе керек. «Ә-ә-ә… жаман емес, кәрі тар­­лан! Құлаудың да құлауы бар. Осы күн­дергі қараптан-қарап ісініп-кеп­кен төбешік бермес жапалақтар құлап көрсінші! Сол құлағандарынан қайтып тұрмасын. Бейшара, бос-кеуделер! «Ұш­пақ осы, болғанның жөні осылай» деп қалбаңдап жүр­гендері – қай жерде жал­паң етерлері, қарау қарындарының қан-жын­дары қалайша ақтарылары қаперлеріне де кірмей. «Боқ домалатқан – бес күндік қоңыз! Тіфәй, кәпір, бет­теріңе!..» …Іштен шыққан әйелім керіле-созыла есінеп, дүр сілкініп алып, шайтан жәшіктің тетігін басты. «Хабардың» 5-тегі жаңалықтары енді басталған екен. Бұл дегеніңіз: «екіндіге әлі ертерек, күн жарықтық – «сепкен адал дәнге де, арам шөпке де, жақсыға да жаманға да бірдей» – күшінде, қайнап тұр!» деген сөз. «Қайнай берсін… қайнай берсін! Біз де кем соғып жатқан жоқ-пы-е-е-зз! Сор­лы емес-пе-е-е-зз!.. Құдай қаласа.» Әйелім бипыңдай басып, мұздат­қышқа барды. Есігін ашып, әрі-сәрі қара­ғыштап тұрды да... тарс жапты. Үстін­дегі графиннен бокалға шорылдатты… Мен үндей қоймаған соң, өзі тіл қатты: – Фу-у-у… ауа қалмапты ғой! Қай­тіп жатырсың… бұрқыратып, көк түтінге оранып?! Жақсы-жақсы түс-түлкішектер көріп, жайлы-жұмсақ тұрғаны, құлшынып тұрғаны айдан анық-ау – шымшым танауын шиырып, шал­қалақтап, болып тұр. Жай, тегіннен-тегін, фасон қып қана емес, көзіңіз... әсіресе, ашқарақ та ынсапсыз бөгде көз оқыс бүлінерліктей-ақ жайрап тұр: қып-қызыл шәйі халатының алдын айқара аңқитып тастаған; ұзынша әдемі шашын көл-дария жайып жіберген; омырауы көрікше көтеріліп-басылып, бұлт-бұлт еткен ақ сазандай – балтыр-сандары лып-лып күміс жарқыл шашады; беттері алабұртып, көздері ойнаң-жайнаң қағады… «Ойда-жоқта, көпе-көрінеу, бірдемеден... дәмелі де ме өзі? Ой, кәз­зап-ой! – найсап-ой! Қоя тұр, сәл сабыр, қо­рықпа, пәлем – құр қалмайсың… құрғақ қалмайсың әлем.» Мен ештеңе сезбегенсіп: – Ұнап жатыр… – дедім, сүлесоқ, әзіл-шыны аралас, «мені қашан байқар екенсің» дегендей. Жарықшақ үнім сезік алдырды ма, жайрағырым – «келісті көркінен табанда айрылып қалып» – кәнігі барлаушыдай аяқтарының ұштарында сырғып келіп, ескі диванның шетіне, үйреншікті жайына жайғасты. Демін ішіне тарта, ұрлана, бет-пошымымды бірнеше қайтара сүзгілеп өтті де: – Тыныштық па?.. – деді мүт­тәйімси, мина іздеген сапердай да аса бір сақтық­пен. – Жаман шалыңды космонавт болуымен құттықтап қойсаң қайтер-ді?! Менің тарғылдана, дүңкілдей шыққан дауысым оның сезігін айғақтай түскендей. Бейкүнә бойжет­кеннің әлпетіндей – беттерім де қалқып-көлкіп, алқызылдана жалау­латса керек. Енді ол, біршама аңы­райып қалып барып, – жаңа әлгіде-ғанағы керемет күйімен біржолата қайыр-қош­тасып, – арғы-бергіме кәдімгідей жана­шырлық кейіппен шұқшия үңілді: – Ауырғаннан саумысың? Сау жатыс па? Не боп қалды тағы да… табан астында?! Мынау не… жырым-жырымың шығыпты ғой!? – Айттым ғой, – әзірге айдың бергі бетінен… барлап қана қайттым. Ел-жұрт орнында, есерлерге сабыр беріп, аманшылық боп жатса, арғы астын да адақтап, өзіне де қонақ­тармыз әлі. Көресің… қара да тұр! Мен еріксіз, әртістене күлгенсі­геніммен, аузымды толтыра тоқтық­пен, байбат­шалық кейіппен баян­дадым-ау кө­рген-көсегендерімді, «ерен ерлік­терімді». Болған жайтқа қаныққан әйелім, ерте көктемгі дариядай жайылып, жайпап кеп берсін: – Аурумын-аурумын деп әбден ерігіп біткенсің! Үйреніп алғансың дайын­ға! Жұмыс істесең көрер ем ағашқа өрме­легеніңді!? Күшіңді көрсетпейсің бе одан да… асып-тасып бара жатқан!? Елуге келгенде қай есіріс… естіген жұрт не дейді-ә, а-ә?!. «Жә, жақсы болды, жеңілдеп, жұмсарып, босап қалатын болды бейбақ! Сонысы керек маған да, – біразға дейін құлағыма бейбітшілік орнап, тыныш жүретін. Әйтпесе... құлап жатып күле­тін күлді-бадам жұртың-пұртың, қо­қайың-ноқайың керек еді!? Тағы да, түкіргенім!..» «Жо-жоқ!.. Құдай сақтасын, ондай көпшілікке күл шашарлықтай күпіршіліктен, тәкаппарлықтан. Қай нәрсенің де өз орны, шегі-шекарасы бар. Тәкаппарлық шегінен шыққанда кесірлікке, кісәпірлікке ұласады. Ол дегеніңіз, «Құдай емеспін» деге­ніңізбен – қосақ қосушылықтың дәп өзі болып шығады. Мұның екінші аты – менмендік немесе өркө­кіректік,  сасықкөкіректік те. Міне... біздің көп ағайынның ауруы, болма­ғырлығы; елдің де кеселі, оңба­ғырлығы – осы. Адамзаттың басты қасірет­­тері­нің бірі осы! Ал, менікі... «жалған құдай­шылдарға – шын Құдайын көздеріне шұқып тұрып дәлелдеп көрсетейін!» деушіліктен ғана ғой...» Мен, оқта-текте өкпе-бауырым­ның суыра солқылдатқанын, жауы­рынымның астының найзаша сүңгілеп, жүрегімнің тепсіне тепірек­тегенін елеп те, ескеріп те жатқан жоқ едім. Қайта, бұл мүшелерімнің – басқаларының да, тағы… нелерімнің де бар екендігіне, жалпы, ойда-жоқта өзіммен қайыра қауышқаныма қуанып, тіптен масайрап, телегей толайып та жаттым. Құдайдың кең­дігіне разыланып, құдіретінің шек­сіздігіне мың-сан құл­дығымды ба­ғыштап та білдіріп жаттым. ...Күн екіндіден әлдеқашан ауып қалғанымен, шілде кірер аптап шап­тығып, әлі де от бүркіп тұрған-ды. Бірақ-та, қалай дегенмен де, со-о-о-нау шығыс тұстан, қарт та әз Қаратауымның төбесінен қылаң берген көңілді қоңырқаз бұлттар бірте-бірте тастүйінденіп, қанаттарын серпіп, осылай қарай шөліркеген егістік алқапты қарауылдай, асыға-аптыға, бүйректері бүлкілдей, суыт бет алып қалған мезгіл де еді. Керемет бір шақ еді!.. Игілік ӘЙМЕН