• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Саланың инвестициялық тартымдылығы артады

177 рет
көрсетілді

Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті 2015 жылдан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде есептілік стандарттарының халықаралық жүйесін (CRIRSCO) енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Биылғы маусым айында еліміз CRIRSCO комитетінің 10-шы мүшесі болды. Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәсли­хатында 2016 жылы атқарыл­ған жұмыстардың негізгі қоры­тын­дылары жөнінде баяндады. Ол пайдалы қазбалар қоры есебінің халықаралық стандарт­тарға көшірілуі минералдық-шикі­зат кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ха­лық­аралық биржаларға шығу үшін ұсынылатын ақпарат­тың ашықтығы мен анықтығын қам­тамасыз ететінін атап өтті. Коми­тет төрағасының айтуынша, Инвестициялар және даму министрлігі Энергетика ми­нистр­лігімен бірлесе отырып, «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодекс әзірлеуде. «Жалпы, әзірленіп жатқан Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы кодексте қарас­тырылған жаңа тәсіл­деме­лерді іске асыру геологиялық бар­лау­ға инвестициялардың ағылып келуіне себепші болады. Нәти­жесінде, бұл Қазақстан Респуб­ликасы аумағының геологиялық зерделенуін едәуір көтеруге, сон­дай-ақ еліміздің геологиялық-шикі­зат базасын толықтыруға мүм­кіндік тудыратын болады», – деп мәлім етті Б.Нұрабаев. Ол ашық кен орындары­ның 90%-ы жер қойнауын пайда­лану­ға тартылғанын, бұл кен орын­дары­ның барлығы үкіметке кіріс кіргізіп, халықтың жұмыс­пен қамтылуын қамтамасыз етіп жат­қанын жеткізді. «Қазіргі таңда Қазақстан жер қойнауының мине­ралдық ресурстармен бай­лығы және алуан түрлілігі бойынша әлемнің көшбасшы елдер тобына кіреді. Мысалы, алтын байлығы­нан – 15, вольфрам – 1, қорға­сын – 5, мы­рыш – 5, хром кені – 2 жә­не мыс бойынша 12-орында, – деді коми­тет төрағасы. – Соңғы 10 жыл­да шикізат секторына тіке­лей инвестициялардың құ­йылуы 132 млрд долларды құрады. Бұл Қазақ­станға тартылған жалпы инвес­тициялар көлемінің 60%-ын құрайды». Бұдан кейін, Б.Нұрабаев геоло­гия саласына мемлекет тара­пы­нан үлкен қолдау көрсетіліп жат­қанына тоқталды. «Минералдық-шикізат қорын толықтыру үшін геология­лық зер­ттеуге мемлекеттік бюджет­тен соңғы 5 жылда 43 млрд теңге ба­ғыт­­­талды. Жүргізілген жұмыстар нә­ти­­­­жесінде 5 жылда пайдалы қаз­ба­лар­дың басым түрлерінің бол­жамды ресурстары мен қорлары өсе түсті. Мәселен, алтын қоры – 475 тоннаға, мыс қоры – 8 млн тоннаға, қорғасын қоры – 415 мың тоннаға және мырыш қоры 988 мың тоннаға өсті, – деп атап өтті ол. – Геохимиялық карталау, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ гравибарлаудан, аэромагниттік және аэрогаммаспектрометрлік түсіру­лерден тұратын аэрогео­физи­калық әдістер жүргізілді». Бұдан бөлек, көмірсутекті шикізат, жер асты сулары және қатты пайдалы қазбалардың 35 негізгі түрі бойынша Қазақстан­ның минералдық-шикізат базасы анықтамалық-сараптамалық жү­йесі құрылды. Сондай-ақ, 5 ел­дің (Қазақстан, Ресей, Корея, Моң­ғолия, Қытай) қатысуымен шекараға шектес аумақтарды геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып отыр екен. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»