• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Тальхирді сақтау тарих үшін маңызды

1177 рет
көрсетілді

Қазан айының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы облысының Талғар ауданындағы Талхиз ортағасырлық қалашығының сақталуы мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізген болатын. Кеңес қорытындысы бойынша Талғар қалашығының маңыңдағы барлық құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы тапсырма берілді. Әлемдік мұралар тізіміне енген Талхиз (Тальхир) қалашығының тарихы тым тереңде жатыр. Оған ғалымдар жазған мақаланы оқи отырып, көз жеткізе аласыз. 982 жылы Парсы географы жазып қалдырған «Худуд-әл-Әлем» ( «Әлем шекаралары») атты географиялық трактатта Жетісу елді мекендерінің ішінде Талхиздің де атауы кездеседі. Ол тау етегіндегі түрік тайпалары мен қарлұқтардың шекарасында орналасқан. Орта ғасырдағы жиһангездің сипаттауына қарағанда, «оның тұрғындары – жауынгер, батыл әрі айбынды». Елді мекен атауын сараптай келе, ғалымдар түпнұсқа атау ғасырдан ғасырға көшіріп жазу барысында өзгеріске ұшыраған және басқаша аталған, о баста «Тальхир» болған деген тоқтамға келген. Бұл атаудан бүгінгі Талғар қаласының атын жазбай тануға болады: Іле Алатауының ең биік шыңы мен ағыны қатты тау өзені осылай аталады. Бүгінгі Талғардың негізін қалаған тарихи қала тау шатқалынан етекке қарай созылып, осы аттас өзеннің оң жақ қапталында орналасқан. Қазір ғалымдардың бәрі де дәл осы қаланың Х ғасырдағы Тальхир елді мекенімен сәйкес келетініне еш күмәнданбайды. Тарихи Тальхирдің бүгінгі орны жан-жағынан үйілген дөң секілді үлкен төртбұрышты аумақты (302х298 м) алып жатыр. Бұл қорғанның аумағы 9 гектарға созылады. Қорғанның бұрыштарында және қосылған периметрлерінде алыстан менмұндалайтын мұнаралары болған. Қорғанның сыртынан терең ор қазылған. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларда бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі есік бар. Бұл есіктер бүкіл қаланың аумағын тұп-тура екі бөлікке бөлген жолмен жалғасқан. Қаланың өзіндік сәні келіскен сауда-қолөнер және егіншілік ауданы бар нығайтылған бекіністі бөлігі барлық жағынан құрылыспен байланысып жатқан. Қаланың пайда болу уақытын, оның өркендеу және құлдырау кезеңін, жермен-жексен болу себебін, сондай-ақ, қала тұрғындарының тұрмысынан нақты хабар беретін деректерді анықтау үшін көп жылдар бойы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, бұрын беймәлім болып келген ортағасырлық Тальхирдің өмірінен сыр шертетін маңызды материалдар табылды. ҮІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында болашақ қаланың орнында нығайтылған бекініс пайда болды. Онда, негізінен, көпестер мен қолөнершілер орнықты. Бастапқыда олар бекіністің қожайынына қызмет көрсетті, бірақ көп ұзамай орданы жағалай қонған отырықшы және көшпенді халық үшін тауар өндіруді қолға алды. Осылайша, әкімшілік биліктің орталығы ғана емес, қолөнер мен сауданы дамыту орталығы болып саналған қаланың іргетасы қалыптаса бастады. Қаланың осындай жолмен қалыптасу үлгісі көптеген қазақстандық және ортаазиялық қоныс-мекендерге тән. Қаланың өсіп, кемелденуіне Ұлы Жібек жолының әсері күшті болды. ІХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басында Тальхир аса ірі қала орталығына айналады. Біртұтас Қараханид мемлекетінің аясында жекелеген салалардың экономикалық және мәдени байланыстары нығайып, қолөнер мен сауда, егіншілік пен мал шаруашылығы дами бастады. Экономикалық-мәдени дамуға сәйкес қала аумағының да ұлғая түсетіні заңдылық. Әсіресе Іле даласында отырықшылық-егіншілік пен қала мәдениеті буырқана өркендейді. Бұрыннан өмір сүріп келе жатқан бірқатар қалалар жағрапиялық және экономикалық қолайлылығына сәйкес астана орталығына айналады. Іле даласының сол жағалау бөлігіндегі ең ірі қала Тальхир – осындай астаналардың біріне айналды. ХІ-ХІІ ғасырларда Тальхирдің территориясы 30 гектарға дейін ұлғаяды. Үлкен ауласы бар, үй-жай, қора-қопсы, бау-бақшасы бар жеке қоныстар пайда болды. Үйлер асүйі, қойма іспетті сақтау бөлмесі бар, бірнеше бөлмеден тұратын. Үйдің іргетасы мен қабырғаларының төменгі бөлігі балшық қоспасынан әзірленген тастан қаланды. Құрылыс ісіне бүкіл тау бөктерін жапқан атақты Тян-Шань шыршаларынан дайындалған ағаштар пайдаланылды. Үйлер тас немесе балшық-сазбен өріле қоршалған ауламен жалғасып жатты. Аула ішінде үй жануарларына арналған қора-қопсы да салынды. Үй мен үлкен қораның қатар салынуы – Іле даласына тән тұрмыс салты ретінде бірнеше жүзжылдықтарға дейін сақталғаны тұрмыс үшін қызық дерек. Үйлерді б.э.д. ІІІ ғасырдан бастап біздің эрамыздағы Ү ғасыр аралығында Іле даласын мекен еткен үйсін тайпалары салғанға ұқсайды. Құрылыстағы бұл ерекшелікті қазақтар қыстау салуда әлі күнге қолданып келеді. Археологиялық қазба жұмыстары үйлердің бір-біріне өте жақын салынғанын және қала құрылысының тығыздығын байқатты. Тұрғын үйлер көшелер мен тораптар бойында орналасып, көшелердің тұйықталып, үзілген тұсы көрінді. Кейінгі жылдардағы зерттеулерде қаланың шығыс және батыс кіреберіс жолдарын жалғайтын өте үлкен тастан қаланған төсемелі жол табылды. Төсемелі жолдың ұзындығы – 300 м, ал ені – 3 м. Жолдың бір қапталында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар тартылған. Тротуар төсемелі жолдан 15-20 см биік етіп салынған және жолмен екі арасы тастан нығыз етіп қаланған бордюрмен бөлініп жатыр. Орталық төсеме жолды ішке қарай тағы да одан гөрі кішірек, тастан салынған жіңішке бір көше кесіп өтеді. Ені шамамен 1,7-2 м. Ортағасырлық Тальхирде көшелерден басқа, жан-жаққа тармақтала тартылған су құбыры желісі де болған. Қыш-құмыра дайындайтын шеберхананы тазарту кезінде өндіріс кешеніне дейін тартылған су құбыры табылды. Жалпы ұзындығы 12,5 м су құбыры ұзындығы 42-43 см және диаметрі 15-16 см болатын 32 қыш құбырдан тұрады. Бұлайша құрылыс жүргізу үлгісі Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық қалалардың көпшілігіне тән. Қала аумағы мен жеке үй аумағын есептей келе, қаладағы барлық үйдің санын жобалап шығаруға болады. Х-ХІІ ғасырлардағы Тальхирде олардың саны 700-ге жуық болған. Бұл үйлердің әрқайсында орта есеппен алғанда 5-6 адамнан тұратын жеке отбасы қоныстанған десек, қала тұрғындарының саны 3500-4200 адамды құраған. Ал Тальхирді кімдер мекен етті? Жазба деректердің барлығы бұл дамыған елді мекенде қарлұқтардың өмір сүргенін бір ауыздан қуаттайды. Іле даласының ҮІІІ ғасырдан бастап-ақ осы түркі тайпаларына тиесілі болғаны тарихтан мәлім. ХІІ ғасырдың соңына дейін олар Жоңғар тауының сілемдерінің аяғынан орын теуіп, Қойлық деген астанасы бар Қарлұқ қағанаты атты біртұтас мемлекетке бірікті. Қараханидтердің үстемдігі орнағаннан кейін де қарлұқтар белгілі автономиясын қолдан бермеді. Қалада қарлұқтармен қатар үйсіннің ұрпақтары, түркі-чигили, сондай-ақ, ежелден көпестері мен қолөнершілері көптеп шығуымен мақтанатын Соғдадан шыққандар да (Бұқара мен Самарқан ауданы) өмір сүрді. Әрбір үлкен қала сияқты Тальхир де тұрғындарының құрамы жағынан әрқилы еді. Елді мекеннің үлкен бөлігі әлі ашылмай жатқандықтан, әлеуметтік жағдайы әртүрлі болған қалалықтар туралы сөз қозғау қиын. Алайда, қолөнершілердің негізінен қала маңында, шаһар шетінде тұрғаны анық дәлелденді. Бұл жерде қала мен айналадағы ауылдарды саз-балшықтан иленген құмыра, ыдыспен қамтамасыз етін қыш бұйымын жасайтындардың шеберханасы табылды. Ыдысты күйдіруге арналған қыш пештер, шеберлердің құрал-саймандары, ұстаның темір соғатын төсі, ұнтақтағыш, минералды бояғыштардың жиынтығы қазып алынды. Бұл кезеңде темір өндірісі, ұсталық, зергерлік және бағалы металдан бұйымдар жасау өндірісі дамудың жоғары шегіне жетті. Әсіресе темір ұстасының қолөнері жетістікке ие болды. Қазба жұмысы кезінде жүздеген темір бұйымдары: ауылшаруашылық саймандары, әскери құралдар (қанжар, пышақ, жебе), темір аспалы шамдары, ұсталардың заттары (балға, төс, шымшуыр), құрылысқа қажетті заттар ( ара, шеге, қайшы, қашау құралы, егеу) табылды. Темірден жасалған жәдігерлердің макро және микроқұрылымдық сынамасын зерттей келе, ғалымдар темірдің, шойынның, болаттың бірнеше түрі болатынын анықтады. Өкінішке қарай, көпшілігінің дайындалу құпиясы жойылып кеткен. Жергілікті тальхирлік шеберлер ХІ ғасырдың өзінде атақты «дамаск» болатының ашылғанынан кем дегенде екі жүз жыл бұрын жоғары сапалы болат құюдың тәсілін меңгерген. Мыс шеберлері болса, ою-өрнекпен нақышталған шам, шырағдан қойғыштар әзірлеген. Әйнек жасаушылар нәзік графиндер мен құмыралар жасаған. Қолөнердің гүлденуі мен экономиканың өсуі Тальхирдің сауда рөлін арттыра түсті. Тальхирдің экономикалық әлеуеті маңайдағы елдің бәрін, отырықшыны да, көшпеліні де қамтамасыз етуге толықтай жетті. Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың нәтижесінде қалаға сәнді заттармен бірге, алыс елдерден жоғары сапалы бұйымдар да жеткізілді. Сырттан келген заттардың ішінде әдемі қола құмыралар да болды. Құмыралардың бірінің мойны зооморфизм стилінде (пұтқа табынушылардың құдайды аң бейнесінде тануы), ал екіншісі тауыс бейнесінде нақышталып жасалған дөңгелек медальонмен әсемделген. Мұндай бұйымдардың Орта Азияның оңтүстік аудандары мен Иранда ғана жасалатыны мәлім. Қазба жұмысы кезінде дәл осы жерден өсімдіктермен өрнектелген жартылай сфера тәріздес қола тостаған табылды. Бұл бұйымдардың Тальхирдің қайнаған қан базарында сатылғанша іскер көпестердің қабының ішінде ұзақ жол жүріп келгені анық. Қытайдан Тальхирге фарфор тостағандар мен қола айналар, тіс щеткасы мен тамақ жейтін сүйек таяқшалар жеткізілсе, Жапониядан сақалды адамдардың сұлбасы мен қолтаңбасы бейнеленген тостағандар әкелінген. Үндістаннан Будда мүсіні мен пілдің сүйегінен жасалған шахматтар, Афрасиабтан зерленген қыш тақта келген. Сауда ісінде ақшаның мол қоры айналымға түседі. Тальхирде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде өте көп мөлшердегі мыс және күміс тиындар табылды. Бұлардың көпшілігі ХІ-ХІІ ғасырларда Орта Азияның әр қаласында соғылған. Ал қазір Тальхирдің өзінде де ақша сарайы болғанын дәлелдейтін бірқатар деректер табылып отыр. Қолда бар мәліметтер ҮІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген ортағасырлық Тальхир қаласының өмірінің осылай болғанын растайды. Оның қызықты та тағылымды тарихының барлық беттері бізге әлі белгілі емес, білуге, зерттеуге тиіс әлі қаншама парақтары ашылмай жатыр. Сондықтан болар, қираған үйіндінің астынан тарих ақтаруға құштар археологтар жыл сайын Талғар төңірегінен табылып жатады. 2014 жылдың 24 маусымында Катар елінің астанасы Дохада өткен ЮНЕСКО мұраларының Бүкіләлемдік Комитетінің конференциясында Алматы облысының аумағында орналасқан 3 ескерткіштің ЮНЕСКО тізіміне енгені мәлім болды: ортағасырлық Қойлық қаласының қирандысы жатқан Антоновка елді мекені, ортағасырлық Тальхир қаласы орналасқан Талғар және Қарамерген керуен сарайы. Ұлы Жібек жолы бойының Тян-Шань бөлігінде орналасқан Қазақстаннан барлығы 8 қала ұсынылған еді. Нәтижесінде, айырықша тарихы бар Тальхир тізімнен орын алды. Бұл Қазақстан Республикасы үшін өте маңызды оқиға. Ортағасырлық Тальхир Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілген. Бұл қаланы зерттеу мен сақтауға байланысты жүйелі жұмыстың тоқтамай, жүргізіле беруі тарих үшін аса маңызды. Карл БАЙПАҚОВ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының құрметті директоры, академик Тамара САВЕЛЬЕВА, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы