Егемендіктің алғашқы күндерінен басталған реформалардың барлығы нәтижелі болды. Еліміздің дамуы үшін жасалған қадамдарда әлеуметтік бағытқа баса назар аударылғаны көпшілікке аян. Мемлекет басшысының осы салаға қатысты нақты шешім қабылдауы уақыт талабымен үндесіп, елімізді өте күрделі жағдайлардан аман-сау алып шықты. Көп жағдайда жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне алып, тұлғалық тәуекелге барып отырды. Оның әрбір сөзінде және әрбір ісінде таңдаған жолдың дұрыстығына нық сенім байқалатын. Егемен Қазақстанның қалыптасуының қиын жылдарында да, еліміз әлемдік аренада табысты ел болып табылатын қазіргі кезеңде де халық Елбасына сенеді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойының табалдырығынан атап тұрған мерейлі сәтте өткенге шолу жасау әділетті болар еді. Сол кезде мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған едім. Мемлекеттік лауазымды тұлғалар жаңа өмірдің құрылысын бастап, нағыз реформаторлар командасына айналды. Осы қалыптасқан жағдайларда алға жүру, тоқтап қалмау жағдайында қоғамнан қашан түсіністік пен қолдау көреміз деп қарап отырмау керек болды. Дайын үлгілер болған жоқ. Бұрынғысы КСРО-мен бірге келмеске кетті. Біз қатаң, шешімді түрде жауапкершілікпен және жұдырықтай жұмыла әрекет етуге тиіс болдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де жұмыс мәселелері бойынша жиі кездестік, «екі жылды бір жылда» атқардық. Біз бір командада екенімізді және іс-қимылдарымыздың үйлесімділігі, үйлестірілгені, жұмысты «қоян-қолтық» істеу біздің табысты болуымыздың белгісі екенін түсінетінбіз. Біз кеңесуді, пікірлерімізді салыстыруды үйрендік, кейде тіпті дауласып та алатынбыз, дегенмен, бірімізді біріміз ести білдік және пікірімізді сыйлай білдік.
1991-1995 жылдары мемлекеттік құрылыстың бірінші кезеңінде шиеленісті көрініс орын алғанын қазір еске алмай өте алмаймыз. Ақиқатында, біздің қоғамымыз кеңестік жоспарлы экономиканың құлдырауына байланысты экономикалық және әлеуметтік тоқыраудан өтті. Сонымен қатар, социализм кезінде өскен адамдардың тұтас ұрпағының санасы мен көзқарасында түбегейлі өзгеріс қалыптасты. Адамдар мүлдем өзгеше қағидатты экономикалық формация жағдайында өмір сүруді үйренді. Ал 1996-1999 жылдарда іргелі құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды, бюджеттік, салық және банк жүйелері дами бастады, негізінен жекешелендіру процесі аяқталды, инвестициялар ағыны өсті. 1997 жылы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Одан кейінгі 2000-2007 жылдары экономика орнықты өсу сатысына аяқ басты. Оның жаһандық нарыққа белсенді интеграциясы басталды. Даму институттары құрылды, өнеркәсіп пен шағын бизнес саласы серпінді көтерілді. Өткен 2007-2013 жылдары ең басты мақсат әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарларын жеңу және елдің үдемелі инновациялық индустрияландыруға көшуі болды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құру жолымен мемлекеттік активтерді шоғырландыру жүргізілді. ТМД елдерінің арасындағы ең ауқымды дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданды.
Осы кезеңнің белгілі оқиғасы «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын орындау және еліміздің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі болды. Сондықтан да 2012 жылғы желтоқсанда еліміздің Тұңғыш Президенті жаңа саяси бағыт – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі ең басты мақсат болып жарияланды.
Мемлекеттің еңбек нарығын стратегиялық басымдық ретінде реттеу мәселесін мойындауы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі қиыншылықтарға жауап ретіндегі шара болды. Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте 1991 жылғы 17 маусымда алғашқылардың бірі болып «Ең төмен жалақы және еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер туралы» Заң, ал 1993 жылғы қаңтарда «Еңбекті қорғау туралы» Заң қабылданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарихи миссиясына нарықтық еңбек қатынастары жүйесін құру кіргенін атап өту өте маңызды. Кәсіподақтар туралы жаңа заң қабылдау қажет болды: кәсіподақтар жаңаша болуы тиіс еді – ескілеріне реформа жүргізу мүмкін емес-тін. Біз кәсіпорын мен кәсіподақ арасындағы өзара қарым-қатынас тетігін – ұжымдық шарт сияқты жаңа нысанды әзірлей бастадық. Біздің кәсіподақтар шерулер мен ереуілдерден келіссөздер практикасына ауысты. Үкіметтің жанында үшжақты комиссия жұмысын бастады – билік, меншік иелері, қызметкерлер – мүдделерді келісу. Кәсіподақтар бастама жасады – билік қолдады. Ол кезде бәрі де алғаш рет болатын, қиыншылықпен қабылданды. Бүгінгі күні әдеттегідей болып кетті.
Қазақстан 1993 жылы БҰҰ Халықаралық еңбек ұйымына кірді, ал 2011 жылы ХЕҰ әкімшілік кеңесіне сайланды. Еңбек қатынастары саласындағы негізгі реформаларды 2007 жылғы 15 мамырда қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бекітті.
Жеке жинақтар қағидатына негізделген зейнеткерлік реформасына да біз бірінші болып көңіл аудардық. Қажеттіліктің өзі бізді осыған итермеледі. «Ортақ жүйе» іс-қимылының инерциясынан туындаған бюджеттің зейнетақы шығыстары өсе бастады. Халықтың жұмыс істейтін бөлігі күннен-күнге артып отырған зейнеткерлерді мемлекет кепілдік берген зейнетақымен қамтамасыз етуі тиіс «зейнеткерлік дағдарыс» сәті үдемелі түрде жақындады. Егер 1990 жылы жасы 60-тан асқан азаматтар 10 пайызды құраса, 2000 жылы олардың саны 17 пайыз болды.
Зейнетақы жинақтау жүйесін енгізу барлық қоғамды ойландырғанын атап өткім келеді. Біз оның 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетінін түсіндіргенбіз. Адамдар жеке жинақтаушы зейнетақы қорын таңдап, жарналары соған аударылады. Мемлекет бюджет есебінен зейнетақының бір бөлігіне ғана кепілдік береді, қалғаны – жинақтау арқылы құралады. Неғұрлым көп жиналса, соғұрлым жақсы!
Қорытындысы қазір көз алдымызда. Мемлекеттің кезекті қадамдарының нәтижесінде Қазақстандағы зейнетақы мөлшері ТМД елдерінің арасында ең жоғарылардың бірі болды. Қазақстандық зейнетақы реформасы халықаралық құрметке ие болды – Қазақстан Республикасының зейнетақы секторын дамытуға қосқан үлесі үшін Брюссель қаласында 2005 жылғы 6 қарашада Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына Euro Науket Award сыйлығы табыс етілді.
Өткенге шолып қарағанда, Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қандай ауқымды жұмыс атқарғанымыз бағамдалады. Ұлттық валюта енгізілді, жаңа бюджет жүйесі құрылды, Ұлттық қор қалыптасты. Екі деңгейлі банк жүйесі құрылды, ал жеке банктердің саны жиырмаға дейін жетті. Еліміз шамамен 31 млрд АҚШ долларын құрайтындай алтын-валюта резервін жинақтады және бұл қаражат еліміздің барлық міндеттемелерін орындау әрі тұрақты ақша-кредит саясатын жүргізу үшін жеткілікті болып табылады.
Қазақстан тәжірибесі әлемде сұранысқа ие, өйткені, әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлауы басталғанға дейін Мемлекет басшысы дағдарысқа Қазақстанның жауабы болған «Нұрлы жол» бағдарламасына бастама жасады.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде халықаралық аудит және есептілік стандарттарын қолдану дәрежесі бойынша көш бастап тұр және әлемнің 138 елінің арасында 88-ші орынға ие болып отыр.
Салық саласындағы біздің жетістіктеріміз Doing Business рейтингінде бағаланды, мұнда 189 елдің ішінен салық төлеудің қарапайымдылығы бойынша біз 18-ші орындамыз. Сауалнамаға сәйкес салықтық қызметтерге қоғамның қанағаттануы 88 пайызға жеткен, бұл 2007 жылы 51 пайыз ғана болған еді. Көрсетілетін қызметтің бір бөлігін бизнеске беруді жоспарлап отырмыз. Мысалы, шағын кәсіпкерлікті салықтық тексерулерді жеке аудиторларға беруге болады.
Қазақстанда ең төмен салық мөлшерлемесі қолданылады және әкімшілік кедергілер, оның ішінде негізсіз тексерулер азайтылған, бұл шағын және орта бизнестің әлі де өсуіне жол ашады.
Меншік иелерінің базасын ұлғайту мақсатында мемлекеттің иелігінен алу процесі үнемі жүріп жатыр. Осының нәтижесінде өте жақсы инвестициялық ахуалы бар ел имиджі қалыптасты, бұл Қазақстанға әлемнің жетекші елдерінен инвесторлар тартуға мүмкіндік берді, олар бізге тек ресурстар ғана емес, сонымен бірге, заманауи технологияларды да әкелді. Бүгінгі таңда ұйымдардың ұзақ мерзімді дамуына, қазақстандық нарықты отандық өніммен толтыруға және оны дүниежүзілік нарыққа жылжытуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағдарланған тиімді меншік иелерінің үлкен шоғыры пайда болды.
2015 жылғы желтоқсанда жекешелендіру процесінің кең ауқымдылығына жету үшін Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары қабылданды және жекешелендіруге жататын әрі бәсекелік ортаға берілуге ұсынылған ұйымдардың тізбесі бекітілді.
Біз ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып мемлекеттік сатып алуды электронды форматқа көшірдік. Барлық конкурстар веб-порталда өтеді. Конкурстың өн бойында шарт жасасқанға дейінгінің өзінде қаржылық бақылау органдары веб-портал арқылы барлық бұзушылықтарды сараптайды. Бұл бизнестің мемлекеттік сатып алуға тең қолжетімділік құқығын қорғайды. Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіне халықаралық сарапшылар жоғары баға берді. Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында электронды мемлекеттік сатып алу бойынша көшбасшы болып табылатын Оңтүстік Кореямен меморандум жасалды.
Қазақстан қаржы жүйесі қызметінің табысты болуы бәсекеге қабілетті қаржы мамандарына байланысты екені сөзсіз. Министрліктің жанынан құрылған Қаржы академиясының негізінде өз қызметкерлеріміздің біліктілігін үнемі арттырып отырамыз.
Әрине, дүйім ел болып атап өткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жаңа талаптар қойып отыр. Жоғары технологиялық жылдамдықтар кезеңі туды, заманауи сын-қатерлерге негізделген ұтқыр шешімдер қабылдау уақыты келді. Қаржы министрлігі еліміздің дамуын жоспарлай отырып, ұстанымдардың нақтылығын қамтамасыз етуді мақсат тұтады.
Біз тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңімізде қайталанбайтын дара жолымызды айқындай отырып, қандай қиындықтарды бастан кешкендігімізді де назардан тыс қалдырған емеспіз. Бірақ ешқандай күмәндануға болмайтын бір нәрсе айқын: өз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі еңсесі биік, болашаққа кәміл көзқараспен, іс жүзінде әлемнің 30 бәсекеге қабілетті елдерінің қаржы жүйелерімен бір деңгейде қарсы алып отыр.
Наталья КОРЖОВА,
Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы