«Сіздермен қанаттас өмір сүргенім үшін бақыттымын!» деп аталатын жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі бұл күнде дәстүрлі сипат алып, рухани маңызы бар нағыз өнер мерекесіне айналып келеді. Биыл екінші рет өткізілген театр фестивалі төрт күнге созылып, көрермендердің рухани-эстетикалық танымын кеңейтетін қойылымдарды қос-қостан тарту етті. Рахымжан Отарбаевтың драма жанрына қалам тартуында заңдылық бар сияқты. Оның шағын әңгімелерінің өзі терең драматизмге толы, кейіпкерлер тілінің бояуы қанық әрі бай, шығарма сюжеттері өткір келеді. Мұндай ерекшелігі бар тілдей туындының өзі өз-өзінен сахнаға сұранып, ұлттық драматургия ұпайын түгендеп жатады. Рахымжан Отарбаевтың пьесалары топ-тобымен театр репертуарларының көшін бастап тұрмаған болар, дегенмен, өз еліміздің бірқатар облыстарында, Қырғыз Республикасында, Баян Өлгей сахналарында жүріп жатқан жиырмаға жуық спектакльдері арқылы заманның сөзін айтып, көрерменге ой салып, рухын серпілте алуымен режиссерлер назарын аударып келеді.
Биылғы фестивальдың қазылар құрамында КСРО халық артисі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып Оразбаев, белгілі режиссер, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық қазақ драма театрының директоры Талғат Теменов, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының режиссері Бұсұрман Одурокаев, Моңғолия Жазушылар одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы Сұраған Рахметұлы болды. Фестивальға сонау Татарстаннан жазушының «Шыңғысханның көз жасы» повесі мен бірнеше әңгімелерін татар тіліне тәржімалаған белгілі аудармашы Флера Тарханова, Германиядағы «Қазақ» қауымдастығының төрағасы Сүлеймен Шадкам, Ресей Жазушылар одағының хатшысы, «Форум» журналының бас редакторы Владимир Муссолитин, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің доценті, сыншы-әдебиеттанушы Марианна Дударева келді.
В.Муссолитин Рахымжан Қасымғалиұлына осыған дейін әлем бойынша Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иеленген «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы үшін» алтын медалін табыстады. Мұндай кең ауқымдағы аймақтық шараны жергілікті әкімдік пен руханиятқа жанашыр ұйымдардың қаржылық қолдауынсыз атқару мүмкін емес. Фестивальдың ашылғанынан бастап соңғы күніне дейін басы-қасында жүрген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Биыл екінші рет өткізіліп отырған фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғандығымен ерекшеленеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтардың қалауымен Президент болып сайланды. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентін ұлықтау сәтінде қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев: «Ойдағымыз болды, ортамыз толды. Төбедегіміз келді» деп Нұрсұлтан Әбішұлын қолдауға шақырған болатын. Жауапкершілік жүгін арқалаған тұлғаға қолдау бүгінге дейін жалғасып келеді. Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» деген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз», – деп өзінің де әдебиеттен алыс емес, мәдениеттің үлкен жанашыр-тілекшісі екенін танытты.
Фестивальдың шымылдығын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған «Жәңгір хан» тарихи драмасы ашты. Пьесаны тамашалап отырып, Ресейдің белгілі «бүлікшіл» драматургы Эдуард Радзинскийдің: «Драматург бір пьеса жазып берсе, режиссер оны басқа пьеса етіп қояды, ал көрермен мүлде өзге пьесаны тамашалайды» дейтін атақты сөзі ойға оралды. Драматург пьесасына Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайырдың шөбересі Жәңгірдің билік құрған кезін, сол кезеңдегі саяси шиеленісті, ақ патша мен халықтың ортасында азапқа түсіп, шешім қабылдай алмай, тығырыққа тірелетін тұсын өзек етіп алған. Бір жағында Каспий, бір жағында Жайық өзені жатса да, сол тегін суға атын суғаруға да құқы жоқ қазақтың мұңы мен қасіретін арқалап, қол бастап, қарсы шыққан Махамбет пен Исатайдың бетін қайтаруға да батылы барар емес. Алды жалын, арты өрт, отарлық саясат пен өз ағайынының қыспағында қалған Жәңгір ақ патшаның көңілін таппаса, қыл мойыны қылышқа қиылғалы тұр. Режиссер Мұқанғали Томанов сахналаған «Жәңгір хан» спектаклінің жаңалығы сол, ол көрерменді Жәңгір мен Махамбеттің тосын образымен жолықтырды. Әсіресе, театр директоры Қуаныш Амандықовтың кейіптеуіндегі Махамбет бейнесі көпшіліктің санасына сіңген батыр бейнесінен бөлек. «Хан емессің, қасқырсың» дейтін күндей күркіреген қаһарманды емес, жеңілдеу қозғалып, шамырқана сөйлейтін шақар мінезді Махамбетті көргенде, бейненің тосындау сипаты таңырқатқаннан шығар, «тірі Махамбетті кім көріпті, мұндай да бір Махамбет керек шығар» дестік.
Ал Жәңгірге келсек, бодан етуді ғана көксеген патша ағзам алқымынан алып, буындырып, мына жақта Махамбет ел ішіне бүлік салып, халықты ханға қарсы қойып дүрліктіріп жүрсе, осының бәрін ол, неге екені белгісіз, әйелі Фатиманың құшағында толғанып тұрып ойлайды. Сөз жоқ, Фатима көзі ашық, көкірегі ояу, орысша сауатты, мәдениетті. Николай патшаның таққа отыру рәсіміне шақырылып, тіпті онымен жұптасып би билеген тұңғыш қазақ әйелі. Ақылды әйелін арқа тұтып, кеңескені жақсы-ақ, алайда ашынған елдің жайы алаңдатып отырғанда, азуын айға білеген Жәңгірдің бір әйелдің төңірегінде үйіріліп жүргені, тым сенімсіз. Мойнында батпандай жүгі бар Жәңгірдің құшақта тұрып айтатын монологы оның ішкі жалғыздығын білдіретін жалғыз құрал шығар, бірақ аса ұтымды режиссерлік шешім емес. Р.Отарбаевтың қазақ үшін қайшылығы мен жұмбағы көп болған Жәңгір секілді тарихи тұлғаны қайта тану мақсатымен жазған драмасын Томанов өзінше таныған болса да, актерлердің де шеберлігін қажет еткен образдың жарқырап ашыла алмағаны рас.
Р.Отарбаевты драматург ретінде мойындатқан пьесаларының бірі – «Нашақор туралы новелла». Композициясы нашақорлық мәселесіне құрылған әлеуметтік драманы былтырғы жылы Б.Римова атындағы Талдықорған театры «Ұйық» атауымен, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры «Көлеңкесiз жолаушы» айдарымен және Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры «Тағдыр» деген тақырыппен сахнаға шығарған еді. ХХ ғасырдың «обасы» аталған қасіретпен күресте көп жағдайда адам жеңіледі. Әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы пьесаны биылғы фестивальға Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театрының сахналауында тамашалауға мүмкіндік туды. Бір пьесаны бірнеше ракурста тамашалаудың қызығы сонда, режиссерлердің де, актерлердің де кәсіби қарымын бағалаудың таптырмас мүмкіндігі бұл. Режиссер Ержан Қаулановтың қоғамның өткір дертін жаңа формалық ізденіспен ашуға тырысқаны қуандырды. Өткір мәселені өзгеше кейіптеген актерлер театрдағы стиль мен жанрды байланыстырғысы келгені сондай, сахна арқылы баяндауды тұрмыстық қалыптан, философиялық деңгейге көтеріп жіберген. Декорациядағы аспалы шамның, нашақорларды емдейтін арнайы мекеменің бірде емхана, бірде нашақорды жалмаған суық қабір, зират рөлін атқарып, оның бәрі кейіпкерлердің ішкі дүниесімен қабыса келіп, сахна минимализміне қызмет көрсетуге негіздеген шешімі – кейіпкер психологиясын, сахнаның шексіз мүмкіндігін ашуға ұмтылған режиссер жеңісі.
Былтыр Жетісай драма театрының сахналауымен ұсынылған Р.Отарбаевтың «Двойник» пьесасын биыл Махамбет атындағы Атырау театрының өзі қойды. Фестивальда өнер көрсеткен бес театрдың арасында осы бір қойылым арқылы ғана театр өзінің үнемі ізденетінін және көркемдік деңгейінің де басқалардан бір саты биік екенін байқатты. Бүгінгі күннің оқиғасын суреттейтін спектакльде актерлер бірден атмосфераға ене кетті. Тұлғаның екіге жарылуы арқылы сұры кеткен заманның сорғалаған шындығын айтуды көздеген драматургтің діттеген мақсаты орындалғандай. Бүгінгінің оқпаны өмірі толмайтын, жемсауы кең бағланы мен оның мистикалық сыңарын пьесасының басты кейіпкері еткенде, Р.Отарбаев байды да, байлықты да емес, бір адам екіге жарылған кезде бастау-бұлағы бір болған қасиеттің де екі түрлі өзгеріске түсетінін тұспалдайды. Әрбір адам бірде – иманның, бірде – шайтанның еркінде. Ақ пен қара, жақсы мен жаман, ізгілік пен ібіліс адам бойында итжығысқа түсумен келе жатыр. Бірін-бірі бағындыра алмай әлек. Бұл ахуал әр адамға таныс болуы керек. Драматургтің идеясын жаңашыл режиссер кәсіби түрде ширата алған. Режиссер белгілеген мақсатты актерлер де дұрыс түсініп, сахнадағы серіктестер бірін-бірі толықтыра жүріп ойнады. Кейіпкерлер өмір сүріп жүрген өзгеше әлемді пластикамен байыта түскені спектакльдің көркемдік құнын арттырып тұр.
Былтыр Оңтүстік Қазақстан облыстық сатира театрының артистері сахналаған «Аяулым Анфиса» трагикомедиясын биыл осы облыстағы өзбек драма театры ұсынды. Мұндай фестивальдардың қажеттілігі сонда, бір шығарманың әртүрлі интерпретациясы арқылы режиссер мен актер жұмысының иі қанған-қанбағанын айыра аласың. Екі спектакльді салыстыра отырып, белгілі сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның ойынынан комедиялық сипатпен қоса, терең ойға құрылған динамикалы драманы аңғарғанбыз, ал өзбек артистері комедия бояуын қоюландырып жіберген. Оның себебі, өзбек халқының табиғатының өзі комедияға бір табан жақындығынан болуы керек. Спектакльде бәрі бар: би де бар, ән де бар, әзіл де бар, әрекет те бар. Әрқайсысы өзінің кішкентай ғана күлдіргі образын барынша биік етіп шығаруға ұмтылған. Бірақ не нәрсе де мөлшерден аспауы керек, асса, адамды жирендіреді. Күлкі мен ой қатар жүрсе, комедия құндылығы артады. Алақандай ауылда Едірей Матович деген пеш қалаушы аяқ астынан әулиеге айналады. Көзі ойнақшып, бөксесі бұлтыңдаған епті әйелінің арқасында оның атына зейнетақы тағайындалып, тіпті көшеге есімі де беріледі. Пеш қалап жүріп тапқан ақшасына арақ алып ішіп, сырнайлатып ән салып, аяғын әрең басып жүрген маскүнемнен парасат иесі жасап, кеңестік қоғамның абыройлы азаматы етіп көрсеткен кешегі халықтар достығы идеясы дұрыс салтанат құрмаса, соңы қалай болатынын драматург ащы әжуамен ашқан. «Пеш қалаушы Едірей Матычтың өзі осылай едіреңдеп тұрғанда, басқасына не жорық еді?» деген драматург ойын өзбек театрының режиссері «қағындырамын» деп қарабайырлыққа ұрындырған. Бұл пьесасы туралы Р.Отарбаев: «Пьеса 1989 жылы жазылып еді, 1991 жылы алғаш рет сахналанған болатын. Сол жылдары мұндай пьесаны жарыққа шығару ессіз адамның ісі немесе үкіметке қарсы шығу болып саналатын еді», – дейді.
Ал Қырғыз Республикасы Шүй облыстық драма театры сахналаған «Аяқталмаған хикая» мұңды драмасын, бір сөзбен түйіндегенде, бүгінгі қырғыз демократиясының көрінісі деп бағалаған жөн. Бір отбасының басындағы жағдай – тұтас бір дәуірдің айнасы. Режиссура осал болғанымен, драматургтің батыл ойын артистердің ойыны ақтап шыққан. «Елімді сатпаймын, жерімді бермеймін!» деген отаншылдық идеяға облыстық театр артистері кәсіби өнерімен жауап қатқан.
Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы сахна сұранысын тамыршыдай тап басып тани алатын сұңғылалығымен дараланады. Драматург ең алдымен, сахналық шиеленісті өрістете алатын шымыр тақырыптарды таңдай білуімен ерекшеленуі тиіс. Күнделікті өмір көріністерін көшіріп ала салған қарабайырлықтан ада, бәріне белгілі шындықтың өзін толыққанды көркемдік дәрежеге көтеріп, әдеби тәсілдермен әр қырынан құбылтып беру өнерін еркін меңгерген қаламгердің драматургиясы жыл сайын жаңа пьесалармен өрісін кеңейтіп келеді. Адам қарым-қатынасындағы қайшылықтар, қоғамның көлеңкелі жағынан жирендіру, адамзаттың ең асыл құндылығынан ажырамау – Отарбаев пьесаларының тіні. Әдебиеттің қай жанрында жазса да қаламы жүйрік, рухани дегдарлықты аңсайтын Рахымжан шығармашылығындағы жалт еткен сәуледен өзге ешнәрсеге тәуелді емес ой азаттығына ең әуелі осы фестивалі дәлел бола алады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ