• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2016

Йемен күрмеуі

954 рет
көрсетілді

Әлемде шешуі қиын түйіндер көбейіп тұр Йемен – мемлекет ретінде қалыптасуынан бастап, осы кезеңге дейін билік буындарын берік нығайта алмай, соның салдарынан дағдарысты бастан кешіп келе жатқан ел. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан Йеменде қысқа үзілістермен, жағрафиялық орындары ғана ауысқан қарулы қақтығыстар толастамай тұр. Ұзаққа созылған тұрақсыздықтың бас­ты себептері – биліктің әлеуметтік, саяси, экономикалық салаларда  нақты даму жоспарының болмауы,  алға қойылған мақ­саттардың жүзеге асырылмауы болып табылады. Саяси үрдістердің белгілі бір тұлғалардың мүдделеріне  ғана ыңғайланып, халықтың басым бөлігі қабылдайтын аза­маттық ұстанымның қа­лып­таспағандығы да өз залалын тигізді. Елде оңтүстік, солтүстік деп аймаққа бөліну, сүниттік-шииттік болып дінге бөліну және тайпалық бөліну  де халықтың бірлігіне сызат түсірді. Халықтың шоғырлануы қалыпты емес, йемендіктердің басым бөлігі елдің батысында, содан соң оңтүстік пен солтүстікте шоғырланған. Шииттер – солтүстікте, ал сүниттер – оңтүстікте. Әлі күнге дейін халық деген түсінік көбіне ру-тайпа деңгейінде қарастырылады. Сондай-ақ, мемлекеттің саяси өміріндегі  мәжбүрлеу саясаты  күні кешеге дейін басымдық танытып келді. Халық тұрақсыздық нәтижесінде жаппай қарулануға көшті.  Бүгінде 25 миллион йемендікте қарудың 62 миллионға жуық түрі бар көрінеді. Экономиканың мар­дымсыздығы мен ресурстардың аздығы да жағдайды одан бетер ушықтырып отыр. 1962 жылы монархия құлатылып, Йемен Араб Республикасы жарияланды. Одан әрі монархистер мен республикашылдар арасында сегіз жылға созылған  бітіспес қару­лы күрес басталды. 1967 жылы Оңтүстік Йемен бөлініп шығып, ол Йемен Халықтық-Демо­кратиялық Республикасы деген атауға ие болды. Жаңа мемлекет социалистік даму жолын таңдап, солтүстік Йеменмен жиырма жылға созылған әскери және саяси-экономикалық бәсекеге түсті. Осы уақыт ішінде екі Йеменде де ішкі төңкерістер мен әртүрлі мақсаттарды көздейтін, түрлі сая­си және діни топтардың қарулы бас кө­те­рулері толастаған жоқ. Айта кетер бір жайт, сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Кеңес Ода­ғы­ның Йемендегі елшілігінде қазақ хал­қының перзенті, кәсіби дипломат Самат Сіләмбекұлы Сүндетпаев екінші хатшы лауазымында қызмет атқарды. Ол аталған мемлекеттегі кезекті бір бүлік кезінде ел­ші­лік қызметкерлерінің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету шараларын атқару барысында лаңкестердің оғынан қаза тапты. 1990 жылы екі мемлекет  қайта бірігіп, біртұтас Йемен Республикасы болып жа­­рияланды. Жаңа мемлекетте билік лауа­зым­дарын бөлу кезінде тізгіннің көбі – әскери лауазымдар, министрлер қызметтері сол­түстік Йемен өкілдеріне тиесілі болып кеткендіктен, 1994 жылы оңтүстік йемен­діктер қайта бөлінуге әрекет жасады. Деген­мен, бұл шара нәтижесіз болып, дереу әскер күшімен жаншылып тасталды. 2012 жылы «араб көктемі» салдарынан Салех Әли Абдалла президенттіктен кетуге мәжбүр болды. Оның орнына Абд Рабе Мансұр Хади сайланды. Осы уақыттан бас­тап, хусилер мен жаңа билік арасындағы тартыс жаңаша өрбіді. Йемендегі дәстүрге айналған орта­лық би­­ліктің әлсіздігі «Ансар Алла» («Алла­ны жақтаушылар») деп аталатын, мем­­ле­кеттегі саяси кеңістікте әртүрлі, тіпті кей­біреулерінің догмалары бір-біріне қай­шы ке­летін діни, әлеуметтік және саяси пи­ғыл­дар­ды қолдайтын, маргиналдар деп атауға бо­ларлық «хуситтер» (исламдағы шиизм ағымының зейдиттер тармағы) ұйымының күшеюіне әкеліп соқтырды. Ресми билікке қарсы келген хуситтер туралы айта кететін болсақ, олар өздерін ел­дің солтүстік өңіріндегі Саада провинция­сында йемен билігімен келіспеушілікте болған Хусейн Бадр Аддин әл-Хуси деген йемендік зейдиттер қозғалысының басшысы атымен танымал. Хусейн Бадр Аддин әл-Хуси 1959 жылы дүниеге келген. Йемен біріккен 1990 жылдан саяси өмірге белсенді түрде араласа бастайды. Саада провинциясынан Әділеттілік партиясын құрады. 1993 жылы оның партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жетеді. 1997 жылға дейін әділеттілік партиясы атынан парламент мүшесі. Саясаттағы берекесіздік салдары­нан және жалпы Йемен ішкі өміріндегі тоқырау­ды жеңу жолдарын көруден қалған ол, пар­тия­сының құрамынан шығып, «Діншіл жас­тар» атты жаңа ұйым құрады. 2004 жылдан бастап әл-Хуси прези­дентті, үкіметті, жалпы ішкі және сыртқы саяси бағытты қатты сынға ала бастайды. Көп ұзамай ол өзін имам ретінде жариялап, елдің солтүстігіндегі таулы өңірлерде жасырынып, үкіметке қарсы қарулы әрекеттерге көшеді. Өз кезегінде билік оған халық арасында іріткі салатын діни қайшылықтарды таратушы ретінде кінә тағып, ішкі қауіпсіздікке қатерлі адам деп қарастырды. 2004 жылдың маусым айында үкімет қауіпсіздік күштерінің әл-Хусиді тұт­қын­дамақ әрекеті оның жақтастарының қар­сы­лығына тап болып, қанды қырғынға ұласты. Қақтығыс кезінде әл-Хуси қаза тауып, дене­сі сол кездегі ресми билік тарапынан туыс­тарына сол бойы берілмеді. Көп ұзамай, көтеріліс басшылығын оның әкесі Бадр Аддин Хусейн әл-Хуси, одан кейін ағасы Абдул Мәлік әл-Хуси қолына алды. Қазіргі таңда қозғалыстың жетекшісі 1979 жылы туған Йемен революциялық комитетінің президенті Мұхаммед Әли Әл-Хуси. Қарап отырғанымыздай, бәрі ағайынды туыстар. 2014 жылы хуситтер «Әл-Қаиданың» йемендегі топтарына нәтижелі соққы жасап, қыркүйекте ел астанасы Сананы басып алады. Президент Абд Рабе Мансұр Хади Аденде бой тасалап, сырттан, негізінен, Парсы шығанағы монархияларынан көмек сұрайды. 2015 жылдың наурыз айында хусит­тер­дің әрекеттеріне түбегейлі қарсы бол­ған Сауд Арабиясы дипломатиялық әре­кеттерді тоқтатып, араб елдерінен әскери коалиция жасақтап (Бахрейн, Қатар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Иордания, Марокко, Судан, Сенегал) хуситтерге қарсы әскери шараны бастайды. Сонымен бірге, Риядқа бұл істе АҚШ, Пәкістан, Сомали мен Эритрея әртүрлі көмек жасауда. Техниканың озық түрлерімен жақсы қаруланған коалиция жылдам жеңіске жетуге талпынғанымен, барлық әрекеттері тығырыққа тірелді. Хуситтер бастапқы кезеңде жеңілістерге ұшырағанымен, партизандық соғысқа көшіп, соғыс қимылдарын Сауд Арабиясы шекарасына ауыстырды. Кейбір сырттың көмегі арқа­сында хуситтер қарсыластарына әс­кери және техникалық біршама шығын келтірді. Қысқасы, соғыс ұзақ уақытта созылып кетті. Әдеттегідей нәтижесіз әскери науқан кезінде келіссөздер жүрді, екі жақтың оқ атуларын тоқтату келісімдері жасалды. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының бітімгершілігі мә­лімдемелермен шектелді. Қазіргі таңда Саудия Йеменде және оның шекарасында 150 мыңға жуық әске­риді шоғырландырған. Хуситтердің күштері шамамен 100 мыңнан асады делініп отыр. Араб елдері ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде жалпы қақтығыс салдарынан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Басым бөлігі бейбіт тұр­ғындар. Сөйтіп, Йемен қайта екіге бөлініп, қару­­лы қақтығыс жалғасып жатыр. бұл соғыс­тан 100 млрд АҚШ долларын жұмсап, қар­жы­­ландыруды әлі де жалғастырып жат­қан Сауд Арабиясы да шаршаған сыңай­лы. Одақ­тастары да біртіндеп коалиция қа­та­рынан шыға бастады. Мәселен, үстіміз­дегі жылдың маусым айында Бірік­­кен Араб Әмірліктері коалициядан шығып, Йеменнен әскерлерін алып кетті. Басқа одақтастары да біртіндеп әскерлерін қыс­қартуда. Осы жылдың тамызында Санада Жо­ғары саяси кеңес құрылып, хуситтер бас­­шы­лығы осы ұлттық коалициялық ұйым­­ға бағынатынын жариялады. Жоға­ры саяси кеңестің төрағасы болып, Йемен­нің хуситтерден қашқан бұрынғы пре­зидентінің  саяси кеңесшісі Салех Ас-Самад тағайындалды. Әрине, Йеменде қалыптасқан ахуалдың басқа да қырлары баршылық. Яғни, мұнда аймақтық және әлемдік мемлекеттердің мүдделері түйісіп жатқандығы да айқын көрінуде. Ал егер Йемендегі шиеленістің ішкі астарын қарастыратын болсақ, негізінен, би­­лік басындағы элитаның ресурстар үшін кү­ресін аңғарғандайсың. Элита мұнда кон­фессиялық, тайпалық және идеологиялық бо­лып жік­телген. Таза діни қақтығыс орын алып жатыр деуге де мүлдем болмай­ды, се­бебі, бұл елде мүдделеріне жету мақ­сатында қарама-қайшы тараптар діні мен руына қарамастан одақтар құрып, ортақ жау­ларына қарсы шығу жиі болып тұрады. Кейбір өңір елдері Йеменде баршаға қолайлы сүниттік-шииттік билік орнық­тыруға тырысқанымен, елдегі ішкі күштер олардың жоспарларын жоққа шығаруда. Демек, Йеменнің өз ішіндегі тартыс тоқ­тамайынша, тараптарды қолдап келе жатқан сырт мемлекеттердің әскери көмек­­­тері нәтиже бермейді деген сөз. Ал те­ке­ті­рес созыла берер болса, дағдарыстың көрші мем­лекеттерге таралуы да әбден мүмкін. Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Сирия, Ирак, Ауғанстан, Сомали, Йеменде, Африка құрлығындағы кейбір елдерде және әлемнің басқа нүктелерінде орын алып жатқан қарулы қақтығыстар шешімін табар емес. Тұтанған қақтығыс ошақтары дер кезінде сөндірілмесе, тұрақсыздық ке­­ңістігі кеңейе бермек. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, локалды қақтығыстар тоқ­та­май, жаһандық деңгейде бейбітшілік ор­нату мүмкін емес. Сәлім ӘМІРОВ, саясаттанушы