• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Жыл қорытындысы: 2016 жыл ауыл шаруашылығына не берді

130 рет
көрсетілді

2016 жыл еліміздің ауыл шаруашылығы үшін үлкен өзгерістерге толы болды. Ең әуелі айтатын нәрсе, 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасының бірінші кезеңінің орындалу нәтижелері жарияланып, бағдарламаның екінші кезеңін іске асыру басталды. Республиканың бірқатар өңірлерінде ауыл шаруашылық кооперативтері құрыла бастады, Қытай үкіметі Қазақстандық ет өнімдеріне шектеуді алып тастап, отандық кәсіпкерлерге Қытайдың нарығы ашылды.

«Агробизнес-2020» бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталды

Бағдарламаның бірінші кезеңіне Есеп комитетінің жасаған мемлекеттік аудит қорытындысы жарияланды. Құжатқа сай, бағдарламаның алғашқы 3 жылына республикалық бюджеттен 1 трлн 181,9 млрд теңге бөлінген екен. Есеп комитеті оның 53 млрд теңгесі игерілмегенін айтады. Жалпы, бағдарламаның мақсаты – отандық шаруалардың бәсекелестік қабілетін арттыра отырып, импорт үлесін азайту, есесіне отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға жағдай жасау. Осы орайда, жоғарыда көрсетілген 1 трлн 181,9 млрд теңгенің 80 пайызға жуығы шағын және орта кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру үшін екінші деңгейлі банктерге берілді. Тағы 880 млн теңгеге елдің әр өңірінде ауыл шаруашылық саласын жетілдіру мақсатында түрлі зертханалар салынды.

Кооперативтердің құрылуы

Ауыл шаруашылығы министрлігі келер жылдан бастап осы саладағы бағдарламаны салалық емес, мемлекеттік етіп қайта ұйымдастырып, 2017-2021 жылдарға дейінгі ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаға сай, биылдан бастап республиканың әр өңірінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, өз жұмыстарын бастап кетті. Кооператив құрудағы мақсат - ауылдық жерде бірді-екілі мал ұстап отырған шаруалардың басын біріктіріп, оларды ірі шаруашылық етіп ұйымдастыру. Бір айта кетерлігі, кооперативке біріккен шаруалар өздерінің меншік құқығынан айырылмайды. Тек кооперативке мүше бола отырып, мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға және өнімдерін алыпсатарсыз тікелей саудалауға мүмкіндік алады. Кооперативтердің құрылуы ауыл шаруаларымен қатар ірі компанияларға да тиімді болып отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт өнімдерін шығаратын отандық компания Қарағанды облысы Нұра ауданында елімізде алғаш болып құрылған кооперативтің жанына сүт өңдейтін зауыт салғалы жатыр.

Қытай Қазақстан етіне тыйымды алып тастады

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қыркүйек айының соңында Қытай үкіметінің Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы төрағасының орынбасары Мей Кебаомен арада өткен келіссөздің қорытындыларын жариялап, аталған басқарма Қазақстанның тоғыз облысын (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) аусыл ауруына қарсы иммунизация жасалмайтын таза аймақ ретінде мойындағанын айтты. 2013 жылдан бері Қазақстанның барлық өңірінен Қытайғаа ет пен ет өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған болатын. Биыл жыл соңынан бастап аталған тоғыз өңір шаруалары Қытай нарығына емін-еркін шыға алатын болды.

2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарлама дайындалды

2017-2021 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы бағдарламасының мақсаты – мал шаруашылығының тиімділігі мен өнімділігін 58%-ға дейін арттыру, ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және қазақ брендін қалыптастыру.

Осы орайда, министрлік әзірлеп жатқан бағдарламада құрама жем өндірісіне жеке сектор ретінде маңыз берілген. Сонымен қатар мал басын асылдандыру жұмыстары да күн тәртібіне қойылған. Ал бәсекелестік қабілетін арттыру үшін ауыл шаруашылық өнімдерінің аудиторлық қызметі іске қосылмақ.

Бауыржан Мұқанов, "Егемен Қазақстан"