• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Елдің діни діңгегі – дәстүрлі ислам

917 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу», қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгерту негізгі мақсат етіп қойылды.  

 Діни қайшылықтар неден туындайды?

Дін біздің қоғамымыздың қозғаушы күшінің біріне айналды. Мемлекет пен қоғамның жаңаруы, тұрақтылығы бүгін діни факторға тікелей байланысты екендігі белгілі. Дегенмен, дін туралы әңгіме бола қалса, біз жөн-жосықсыз ең алдымен «теріс ағымдағыларды» сөз етеміз. Бірақ, ел халқының сол теріс пиғылдағылар мен олардың амал-әрекеттеріне қарсылығы, ашу-ызасы, құрбандарға бауырмалдық кө­ңі­лі қоғам рухының мықтылығын көр­се­теді. Қазақы мұсылмандық наным-се­нім мен салафизмді сау организм мен оған жабысқан дертпен теңеуге болады. Мем­лекетіміздің зайырлылық сипаты – әртүрлі діндегі барлық азаматтардың басын біріктіретін, ортақ ниеттестікке тәр­биелейтін саясаттанудың алдын алатын құн­дылық. Мәселе, тіпті мемлекет пен діни бірлестіктердің бөлінуінде емес, еркіндік пен өзара сыйластықта. Зайырлылық – дінді қорғаудың ма­ңызды кепілі, бірақ тек зайырлылық қана діни наным-сенім бостандығына ке­піл­дік бермейді. Толықтай зайырлылық сая­си режимге, демократияның үстем­д­і­- ­гіне, мемлекеттік емес ұйымдардың бел­сенділігіне, идеологиялық плюрализм, тәу­елсіз сот, бір сөзбен айтқанда, азамат­тық қоғамның қалыптасуымен байланысты. Қоғамда «таза» діни немесе «таза» ұлттық мәселелер болмайды, олар эко­но­микалық, әлеуметтік, саяси және мә­дени проблемалармен астасып жатады. Мем­лекет ұлтаралық және діни ахуалды қа­лыптастыруда реттеуші және үйлес­ті­ру­­ші қызмет атқарады. Біздің мемлекет азаматтық келісімді орнату мен қоғамды тұрақтандыру үшін көп күш жұмсап келеді. Бірақ, діни ахуал үнемі даму және күрделену үстінде, ол діни бірлестіктердің де, мемлекет орган­да­ры­ның қызметін де сын көзбен саралауды, соның ішінде са­ла­физмнің себептерін анықтауды қажет ете­ді. Бір жағынан, саяси күштер дінді өз мүдделерін жүзеге асыруға пайдаланса, екінші жағынан, діни ұйымдар саяси ке­ңіс­тікте өздерінің саяси көзқарастарын, бағдарларын жақтау, қорғау үшін саяси амалдарға барады. Діни идеялар саяси өмірде елді тұрақтандырушы да, араз­дық, өшпенділік туғызушы да болуы мүмкін. Діни фактордың мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіп төн­діретін көріністері әртүрлі: мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы, конфессияаралық және конфессияішілік қайшылықтар. Мемлекет пен діни ұйымдар ара­сын­­дағы, конфессияаралық қайшы­лық­тар негізінен діни сенімге байланысты заң­дар­дың жетілмеуінен туады. Діни ұйы­м­дар тарапынан мемлекеттерге бір дінді қолдап, екіншілерін кемсітеді деген сын да айтылады. Ислам мен православия дініндегілер мемлекет кейбір протестант, салафит секталарына тыйым салу керек деп есептейді. Қазақстан мұсылмандары христиан миссионерлерінің экспансиясына алаңдаушылық білдіреді. Соңғы кезде әр елде де діни бір­лес­тік­­тердің шамадан тыс саясат­тан­ғанын кө­ріп отырмыз. Дәстүрлі конфессиялар аса саяси белсенділік танытпаса да, «жаңа діни» ағымдар, әсіресе «жаңа ислам», протестант бағытындағылар саяси салаға да шексіз ынта білдіруде. Ресей ғалым­дарының деректері бойынша, мысалы, «Саентология шіркеуінің» де әртүрлі ел­дерде өз қатарларына кәсіпкерлерді, сая­саткерлерді тартып, шпиондық топ, ұйымдар желісін құру, әскери және құпия мәліметтер мен ақпарат жинаумен айналысады. АҚШ-та олардың кейбір секталарының жетекшілері сотталды. Ал «Эхоба куәгерлері», кейбір салафиттер ұлттық ту, мемлекеттік символдарды сыйламайтындарын көрсетіп жүр. Кейде Отан үшін қаза тапқандардың ескерткіштеріне тағ­зым етпейді. Өз секталарынан басқаны мойындамай, мемлекеттік билік пен дәс­түрлі діндермен күресті басты мақсат етеді. Бірқатар діни бірлестіктері жетек­ші­ле­рінің құқықтық білімі, әдептілігі төмен. 2015 жылы қазан айында Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлер, діни бір­лестіктер мен интеллигенция өкілдері қа­тысқан жиналысында православия ді­ни бір­лестігінің өкілі қазақ мұсылман әйел­де­рі­нің киім киісін сынға алды. Бұл орынды сын болғанымен, священниктің кейбір протестант ұйымдарының ел арасына жік салып жүргенін айтпай, мұ­сылмандарды сынға алғанын имам, молдалар, мұсылмандар түсінбеді. Себебі, жазылмаған этикалық қағида бар: бір діни бір­лестік өкілінің басқа бір діни бірлестік ішкі мәселелерін сынға алу, сөз жоқ, қар­сылық психология туғызады және бұл әбе­стік теріс пиғылдағыларға дем береді. Әр діни бірлестіктің проблемалары сол ұйым­ның өзі илейтін терінің пұшпағы бол­ған соң, басқаның араласуы қандай да бір жанашырлықпен айтылса да жағдайды ушықтыруы да мүмкін. Конфессияара­лық қарым-қатынастардың нәзіктілігі де осында. Конфессияішілік қайшылықтар, мысалы, исламішілік, православиеішілік болып, ағымдар арасында, шіркеулер ішіндегі мәселелерден, қаржы мәселесінен туындайды. Қазақстан үшін конфессияішілік қайшылықтар – дәстүрлі ислам дінін­де­­гі­лер мен салафит ағымындағылар ара­сын­да­ғы қайшылықтар. Діни фактор мемлекеттің дін саласын реттеу қызметіне тікелей байланысты. Өкініштісі, ол мемлекетіміздің жастығынан және тәжірибесінің аздығынан болар, елі­мізде діни бірлестіктерді реттейтін өкілеттікті органдар тез өзгеріп отырды: әуелі үкімет жанындағы хатшылық бол­ды, кейін ол комитетке айналды, комитет агенттікке, агенттік қайтадан комитетке, енді комитет министрлік болып қайта құрылды. Жастар мәселесі де әуелі спорт министрлігінде, кейін Білім және ғылым министрлігіне, одан мәдениет министрлігіне, бүгін Дін және азаматтық қоғам істер министрлігіне берілді. Осы ауыс-түйістер барысында әртүрлі басымдылықтарға мән беріліп, осыған орай талай тәжірибелі мамандар жұмыстарынан кетті, олардың орнына басқа адамдар келді. Осылай бірізді жүйелі жұмысты ұйымдастыру ақсады, ол, сөз жоқ, діни ахуалға өз салқындығын тигізді. Дінішілік қайшылықтарды шешуді, әсіресе, салафизмге қарсы күрес мәсе­ле­сін­де қоғамдық пікір екіге бөлініп тұр. Біреу­лер салафизмге тыйым салу керек десе, екіншілері салафизм идеология, сондықтан идеологияға қарсы күрес идео­­логиялық жолмен және әлеуметтік сая­­­сатты жетілдірумен ғана тиімді бола­ды деп есептейді. Ресейде, мысалы, респонденттердің 55 пайызы және сарапшылардың 44 пайызы террористердің көзін жою керек деп есептесе, 49 және 71 пайызы оның астарында әділетсіздік, қысым жа­тыр деп есептейді. сарапшылардың қол­даны­сын­да «питательный бульон терроризма» деген ұғым бар. Лаңкестіктің қазаны әлсіз, өзінің тікелей функциясын орындай алмайтын, әділетсіздік пен зорлық басым елдерде қайнайды деген тұжырым бүгін басымырақ. Біздің мемлекет салафизмнің алдын алу жұмысында қазақстандықтардың ар-ұятына, имандылығына сеніп отыр, по­лициялық режиммен күреске жүгінуді басым көпшілік те қолдамайды. Күшке сену айналып келгенде терроризмге қайта сер­пін беруі де мүмкін. Салафиттерді заң тұр­ғысынан шектеу де тыйым салумен бір­дей. Ал «құрту» – большевиктердің сая­саты. Салафиттердің арасында аңқау, сөзге ерген, топқа кіріп тәуелді болып жүргендер де бар. Біз олармен диалог­ке барып, жылы сөйлеп, ақылмен бауыры­мыз­ға тартуымыз керек.  

«Ислам интернационализмі» – жалған бауырластық

Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бас­тап, ислам қазақ қоғамында үш кезеңнен өтті. 90-жылдары жалпы исламды белсенді насихаттау басталды, дәстүрлі ислам өкіл­де­рі салафизмге сақтанып қарағанмен, әлі түсіне бермейді. 2000-жылдардың басы­нан «жаңа исламның» дәстүрлі қазақы ис­лам­мен үйлеспейтіндігі анық көрініс алды, олар шабуылға шыға бастады. Осы ғасырдың екінші онжылдығында салафиттер ашық террористік әрекеттерге көшті. Олар­дың халықты өздеріне тартатын, қо­ғамды да ойландыратын, өз ақиқаттары бар: қымбатшылық, экономикалық дағ­да­рыс заманында ысырапшылдықтан ары­лу. Ысырапшылдық жемқорлыққа итер­ме­лейді, сый-сыяпаттың астарында да сы­­байластық жатады. Бүгін біздің қоғам ис­­ламды ой елегінен өткізіп, саралау, тү­сіну үстінде. Сыртқы күштердің де ықпалы күшті. БАҚ бүгін жаппай қорқыныш, үрей, то­рығу, дүрбелең, байбалам, зорлық-зом­­былыққа бейімділік туғызып отыр. Мысалы, АҚШ-та бүгін саяси, әлеу­мет­тік жағдайларға байланысы жоқ, ма­ғы­насыз террористік актілер көбейіп, еш­қандай кінәсі жоқ адамдар құрбан болуда. Америкалық сарапшылар оны теледидардың ықпалымен түсіндіреді: 18 жасқа дейінгілер 40 мыңдай зорлық-зомбылық актілерін көреді. Ал Ресейде орта есеппен 17 жасқа дейінгілер 18 мың сондай оқиғаларды көреді екен. Ресей теледидарына тәуелді қазақстандықтар да қылмыс-қияметті аз көрмейді және оның салдарын біз де бүгін сезініп отырмыз. Бүгін «ислам әлемі» дағдарыста, бірде-бір шариғат билеген кемелденген мұсылман мемлекеті жоқ. «Мұсылман елдері» деп олардың тарихи тегіне, онда тұратын мұсылмандардың санына қарай ғана айтылады. Ол елдердің басым көпшілігінің заңдары исламға негіз­дел­­ме­ген, керісінше, Батыстың, христиан елдерінің менталитеті, ойлау жүйесі, дәстүрлері, мәдениеті, құндылықтары, тұты­натын тауарларына дейін басым. Бір кезде ұлы мұсылман Халифатына енген елдерде Алла тыйым салғандардың барлығы көрініс алып отыр: көпқұдайлық, ішімдік, құмар ойындар, бұзықтық, тағы басқалар. Сөйте тұра, орамал тартуға, бірқатар орындар­да намаз оқуға, басқа да шектеулер көп. Қордаланған күрделі мәселелер бейбіт реформалар жолымен ғана шешілуі мүмкін. Бүгінгі салафиттер саяси-идеоло­гия­лық ұстанымдары жағынан большевик-коммунистерге ұқсас жолға түсті, тіпті олармен үйлесім тауып жатыр. Марк­сис­тер «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп тұтас ұлттарды әлеуметтік тап­­тарға, топтарға бөлді, оларды бір-бірі­не қарсы қойды, өшпенділік туғызып, ақтар мен қызылдар деп азамат соғысына ұшы­рат­ты. Бүгін салафиттер «Барлық елдердің мұ­сыл­мандары, бірігіңдер» деп, ұлттық құн­дылықтарды, дәстүрлерді мансұқтап, «про­летар интернационализмі» орнына «ислам интернационализмі» идеологиясын алға тартады. «Ислам мемлекеті» деген ұранмен қантөгіске барып жатыр. Бұл, жалған исламдық бауырластық. Ислам ұлттық құндылықтар мен дінді қарсы қоймайды. Индонезия мен Афри­ка­ мұсылмандарының, арабтар мен пар­сы­лардың ұқсастығынан гөрі айыр­м­а­шы­лықтары басым. Әлемге тараған ислам елдерінде әр ұлт өз төлтума ерек­ше­лік­терін сақтап келген. Ислам әлемі араб­тық, парсылық, түрік, соңғы уа­қытта малай өркениетінен тұрады деген пікір орнықты. Қазақтар да исламды қабылдағандықтан ғана қазақ болған жоқ, ислам дінінің қазақтың дәстүрі мен мә­дениетіне үйлесімдігінен ол қазақтың на­ным-сенімінің діңгегіне айналды. Ғалымдардың пікірі бойынша, сонау VІІІ ғасырда енген ислам тек ХІХ ғасыр­да қазақтар арасында берік орнықты. Қазақ дүниетанымы, дәстүрі исламмен әрекеттесіп, қазақ халқының тұрмыс тір­шіл­ігінің барлық жақтарында ерекше кө­рініс алды. Ислам оның алдындағы діни ұғымдар, наным-сенімдерді теріске шығармады, мұсылмандыққа дейінгі дәс­түрлер ұзақ мерзімде ислам діни дү­ниетанымына сіңісіп, мұсылмандық сипат алды. Олар өмірдің әртүрлі салаларын­да, мысалы, мұсылман әулиелерін пір тұту, отбасылық – тұрмыстық қатынастар да (үйлену, нәрестелі болу, сүндетке отырғызу, жерлеу, басқа ғұрыптар) сақ­тал­ды, исламданды, мұсылмандық жол деп санаға сіңді. Космогониялық наным бойынша, әр адамның жұлдызы бар, жұл­дыз ағып түскенде бір адам өмірден өтті деген наным болды. «Жұлдыз ұшты» деген сөздің бір мағынасы дүниеден озды де­генді білдіреді. Ислам ол наным-сенімді қол­дады.  

«Дінімізді қорғау – ұлтымызды қорғау»

Қай дін де ондаған секталарға бөлінеді. Исламтанушылардың айтуынша, көне тарихи және бүгінгі ағымдардың санын анықтаудың өзі мүмкін емес сияқты («Книга исламских сект и вероучений. Москва. 2007ж.). Қым-қуыт бір-біріне қарама-қарсы ағымдар мен шым-шыты­рық оқиғаларды талдау бүгін салафи ағы­мын­дағылар түгілі, теологтар арасында да пікірталастар туғызады. Теологтар, оның ішінде, әсіресе, абақ­тыда отырған салафиттермен жұмыс жасайтындар жастарды террористік әрекетке итермелейтін ағымдарды саралап, түрліше ой жүгіртіп, кейде діни ілімнің қызығына да бойлап, нақты өмірден аулақ кетіп те жатады. Дегенмен, олар салафиттерге үстіртін естіген-біл­ген­дерін, көргендерін бұлтартпайтын шындыққа балау, бас­шы­лыққа алу, сыни көзқарас деңгейіне кө­тере алмау, аяттар мен хадистерді тура, төтесінен қабылдау мәдениеті тән деп орынды диагноз қояды. Сондықтан олар­­дың ақыл-ойын шынайы жолға салу амал­дарын аяттар мен хадистерден табады. Бірқатар сотталғандар олардың уа­ғыз­дарын қабылдаған болып, темір тордан құтылудың амалын іздейтіндер де баршылық. Бірақ, бостан­дық­қа шыққаннан кейін қайтадан салафизм­ге оралатындары да аз емес. Біздің теологтар адамдарға абстрак­ты­лы, тек діни пенде ретінде ғана қарай­­ды. Оның отбасы мүшесі, ұлт, ру, мем­ле­кет азаматы, бірқатарының кәсіби маман­ екендігі, әлеуметтік ортаның, саяси жағдайлардың, халықаралық аху­ал­­дың олардың діни ұстанымына әсер ете­тін­ді­гі­не назар аудара бермейді. Салафиттердің қатарын толтыратын әлеуметтік себептер де бар: материалдық теңсіздік, орынды, орынсыз өкпе, ашу, жұ­мыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік. Осы жағдайлар қылмыстық орта да қал­ып­тастырады. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп, байлыққа, ақшаға табынбайтын қазақ не өндіріп байығаны белгісіз байларды да қабылдамайды. Бүгін жемқорлық әртүрлі әлеуметтік топ­тардың мүддесін біріктіретін факторға да айналып отыр. Ақтөбе облысындағы бір­қатар уақиғалар соны аңғартады. Жем­­қ­орлық індетіне шалдығып, наным-се­німін сатқан салафиттер мен антынан аттаған қызметшілер, бизнестегілер бір-бірі­не жабысып, бірлесіп талай жыл қыл­мыс жасап келді. Қоғамдық пікір Ақтөбе облысындағы 2011 жылы Темір ауданында болған оқиғалардың астарында қаржылық себептердің барлығына бірден назар аударды. Салафи бағытын ұстанушы жастар шикі мұнай ұрлаумен айналысып, оны зауытқа жеткізіп тұрған, түскен пайданы полиция қызметкерлерімен бөлі­сіп отырған. Кейіннен түскен пайданы бөліскенде салафит ұрылар мен полицейлер арасында келіспеушілік, жанжал туып, салафиттерді ұрып-соғып, түрмеге де отырғызған. Сондықтан өш алу мақсатында салафиттер полицейлерді өлтірген, бірақ қашып құтыла алмаған. Қарулы қақтығыс кезінде осы қылмысқа қатысқан, салафизм ағымын қолдамайтын, бірақ тиын-теңге үшін ерген, куәгер бола алатын қатысушылардың көздері құр­тыл­ды. Осының өзі салафиттерге ниетте­стікті күшейтті. Дегенмен, 2011 жылғы оқиғалар терең сараланбады. Қыл­мыстық топтың мүшелері толық анық­талмады. Тек 2016 жылы желтоқсан айында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Өкініштісі, салафиттер мен лауазымды қызметкерлердің бірігіп қылмысқа баруы, бір жағынан, салафиттердің билікте қолдаушылары бар деген пікір туғызса, екінші жағынан, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Террористерге идеялық қолдаудан да қаупі кем емес тағы да бір жағдай белгі береді. Ақтөбе облысындағы үш рет қай­та­ланған террористік әрекеттен кейін, осы жат ахуалға үйрену, оны бір құтыла ал­­­май­­тын тағдыр деп қабылдау психоло­гиясы да сезіледі. Өзінің отбасының аман­ды­ғы үшін қорқыныш адамдардың жігер-қайратын жасытады, құтын қа­шы­рып, бас игізеді. Осылай әркім өз басының аман­ды­ғын ойлап, қоғам бытырап, терроризмге қарсы күресудің орнына оған көнуге икемделу, қауіпсіз, әділ өмірге сенімді азай­татын ахуал орнығады. Енді ақиқатты бұр­маламай, айыптылардың әділ жазасын алуы қоғамның санасын сауықтырудың бас­ты жолы болып отыр. Бүгін салафизмге қарсы күресте біздің мемлекет өз таңдауын жасады және дұрыс жа­сады: күшке сене бермей, әлеуметтік, сая­с­и, идеологиялық жұмысты жетілдіру. Біріншіден, ең алдымен, ауыл жастарын кво­та­мен көбірек оқуға тарту маңызды мә­селенің бірі. Екіншіден, ішкі саясатта халықты тәр­биелейтін, парасатты жол сілтейтін, атыс-шабыстан алыс кинофильмдер, қо­ғам­­да имандылық ұялататын театрларды қар­жы­ландыру, қазақ салт-дәстүрін насихаттай­тын мәдени құндылықтарға зор мән беріп, халықты жалықтыратын қасаң ми, үйренген, ығыр болған арзан «мәдениетке» тыйым салу. Үшіншіден, жұмыссыздық пен кедейшілікті еңсеру жолдарын жетілдіре беру. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт өз жемісін бүгін емес, ертең береді. Жұмсақ саясат, қоғам­ды демократияландыру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру өте маңызды. Қазақ қоғамындағы рухани ахуалды, оның діни келбетін айқындайтын бүгін салафиттер емес, сан жағынан да, сапа жағынан басым қазақы исламдағы, дәстүрлі дінімізді қолдайтындар. Қазақи мұсылмандықты ұстанатын ғалымдар, мұ­ға­лімдер, инженерлер, ақын, жазушыларды, басқаларды, әсіресе, жастарды үнемі БАҚ-та насихаттау әлі дағдыға айналмаған. Қазақстан зайырлы мемлекет, бірақ мұсылман елі. «Ұлт жоспарының» 87-қадамындағы біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу барысында Қазақстан мұсылмандарының жан-жақты өмірі туралы ақпарат орналастыратын болар. Қазақы исламды қолдайтындар әлі де жасқаншақ, әсіресе, ауыл мұғалімдері, дәрігерлер, мәслихат депутаттары, ардагер ата-аналар өздерін салафиттер алдын­да төмен ұстайды. Қазақтың қоғам қайраткері, интеллектуал Ілияс Омаров (1912-1970) «қазақтардың зиялылары сыпайы, ұстамды, зияндылары арсыз, бетпақ келеді» деген. Салафизм тараған елдерде, мысалы, Мысыр, Алжирде, жергілікті халық бірлесіп ұлттық дәстүрлерін қорғап, салафиттерге тойтарыс беріп, шеттетіп, оқшау­лап, елдің ықыласын өздеріне тартып отыр. Қоғамның белсенділігі құқық қорғау органдарының қызметін де жеңілдеткен. Біздің қоғамда әлі де салафизмге қарсы күрес тек погондылардың қызметі деп ойлайтындар басым. «Дінімізді қорғау – ұлтымызды қорғау» деген қоғамдық қозғалыс бізге де тиімді болады.  

Мемлекет дінді реттеуші  болуы керек

Бүгін діни бірлестіктер өз ортасына жағымды ықпал ететін субъект ретін­де қарастырылмайды. Ал мем­ле­кет­тік органдар  ашық диалогтарға бармай, жағдай қа­лыпты деген пікірден аспай отыр. Діни бірлестіктер заң тұрғысынан дербес дегенімізбен, дін саласында күштік құрылымдардың да ықпалы аз емес. Түзету мекемелеріндегі қарым-қатынас демократиялық мәдениет пен сый­ластықтан алыс. Түзету мекемелері экс­тре­мистік көзқарас таратудың ерекше әлеуметтік ортасына айналды. Сон­дық­тан осы қауіптің алдын алу үшін, бос­тандығынан айырылған экстремист тұлғаларды арнайы орындарда бас­қа­лар­дан оқшау ұстау қажеттілігі бар. Соңғы кезде халық арасында дін са­ла­­сында ақпараттық үгіт-насихат жұ­мы­сы қарқынды жүргізілуде. Бірақ экстремизмді тудыратын әлеуметтік мә­се­лелер – жұмыссыздық, кедейшілік, бас­пана мәселелері шешілмей жатады. Әкімшілік мәжбүрлеу азаматтық бастамаларды ығыстырып, көптеген үкіцметтік емес ұйымдарды назардан тыс қалдыруда. Бірқатар бастамалар тиімсіз деп сынға алынып, олардың қаржылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері шектелуде. Шетелде діни білім алған кейбір жастарға қатысты да мәселелер баршылық. Оларды заң талаптары мен қазақ халқының этномәдени және ұлттық діни салт-дәстүрлерін білуіне байланыс­ты аттестациядан өткізіп, діни қызметте пайдаланудың қисыны бар. Мемлекет дін саласында  әділ рет­теуші болуы керек. Елдің Консти­ту­циясында бекітілген зайыр­­­лылық ұс­та­нымдарына сәйкес, стра­тегиялық тұр­ғыдан қазақстан­дық бір­тектілікті, ұлттық мемлекет, ұлттық мә­де­ниет, салт-дәстүрлер, қалыптастыру ба­ры­сында ұлттық діни қайраткерлердің де белсенділігін арттыру аса маңызды. Бұл экстремизмге қарсы иммунитетті қа­лып­­т­астырудың жалғыз жолы. Адамдардың ар-ожданын, діни құ­қын мүлтіксіз орындау – мемлекеттің де­­мо­к­­ратиялық, зайырлылық сипа­ты­­ның көрінісі. Ғылым, білім қауым­да­с­­ты­ғы, жалпы қоғам­дық пікір, ар-ож­дан бос­танд­ығы, мемлекет пен діни ұйым­дардың қор­ғауға байланысты жо­ғары деңгейдегі маман­дар дайындау қа­жет­т­ілігін енді түсіне бастады. Біздің мем­лекетте, тіпті бар­лық посткеңестік ел­дер­де заңгерлер көп болғанымен, бү­гін мемлекет пен конфессияаралық қа­тынас­тарды реттеуге маманданған заң­герлер жоқтың қасы. Ресейде тек Қазан федералдық уни­верситетінде дінтанушы-заңгер  маман­дығы енді ашылып жатыр. Негізгі мақсат кәсіби деңгейде мемлекет пен діни бірлестіктері конфессияаралық, конфес­сия­ішілік дау-дамайды, мәселелерді шешуде мемлекеттік органдарға кеңес беретін, құқық жағынан көмек көрсететін ма­ман­дар дайындау болып отыр. Әзірге бұл жалғыз университет. Ал енді өмірде мемлекеттің діни саясатына жауапты мемлекет қызметкерлерінің бұл істе құқықтық білімінің жоқтығы мемлекет пен қоғамға жағымсыз әсер етеді. Мемлекет саясатының тиімділігі өткір проблемаларды талқылау, азаматтардың әр­түрлі топтарымен әрекеттесу, «кері бай­­ланыс», өз ісін жетілдіріп, «мөлдір» бо­лу­ға ұмтылуда. Сондықтан Президент жа­­­риялаған бес институционалды рефор­малар аясында дінмен қарым-қа­ты­нас саласын демократияландыру қа­жет. Нақ­­тырақ айтсақ, мемлекеттік орган­дар­­­дың діни бірлестіктермен қарым-қа­ты­насы өзара сыйластыққа негізделіп жеке экс­тре­­мис­терге күштік құрылымдар ғана емес, азаматтық қоғам қарсы тұру үшін қоғамдық ұйымдардың бастамаларын ын­та­­ландыру тиімді. Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғалымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры