• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2017

Қазақстанның қайта өрлеуі

185 рет
көрсетілді

Қаңтардың 30-ы күні Forbes жур­на­­­лы­на Қазақстан экономика­сы­на, болашағына қатысты кө­лемді сараптама жарияланды. Біз мақаладағы негізгі ойларды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Еуразияның ортасында, табиғаты қатал, ұшы-қиыры жоқ далалы және тау­лы мекенде орналасқан Қазақстан – бай бол­ғанымен, әлемге аса белгілі бо­ла қой­маған ел. Дегенмен, Exxon ком­па­ния­сы­ның бұрынғы басшысы Рекс Тиллер­сон­ды АҚШ-тың Мемлекеттік хатшы­сы етіп та­ғайындауға Конгресс келісім берсе, Қазақстанның танымалдығы арта түсуі мүм­кін. Бұл елде уран, мұнай және газ қоры мол. Бұрынғы Кеңес Одағы республикала­ры ішінде Қазақстан экономикасы тұ­рақ­тылығымен, инвестиция тартуға қа­бі­лет­ті­лі­гімен ерекшеленеді. Өткен аптада Астанада Сирия туралы ке­ліс­сөздер болды. Башар Асад режімі мен Сирия қарулы оппозициясының өкіл­дері алты жылдан бері алғаш рет бас қос­ты. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады, бұл бәрінен қазақ мүддесі жоғары дегенді білдіреді. Қазақстан екі жылға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып таңдалды. Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес мүшесі ретінде өз елі ИШИМ мен «Әл-Қаида» қау­пімен күресуді мақсат ететінін айтты. Бұл Трамп пен Тиллерсонның позициясына жақын. Өйткені, олар АҚШ бизнесі үшін елде қауіпсіздік сақталуын қалайды. Маусымда Астанада ЭКСПО-2017 көр­месі басталады. Қазақстан осылайша ши­кізат рыногынан басқа да салаларда же­тістіктері бар алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуды көздейді. 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін жалғасатын көрмеде негізінен экологиялық таза энергия көздері, жаңа құрылыс материалдары, жоғары технологияларға орын беріледі. Тиллерсон Назарбаевпен 2016 жыл­дың маусымында Санкт-Петербургте өт­кен инвесторлар форумында кездесті. Кей мәліметтерге қарағанда, ол жүздесуде баға қолайлы деңгейге көтерілген кезде Exxon-ның Қазақстандағы жаңа мұнай кеніштеріне инвестиция салу мәселесі қозғалған. Мұнай баррелінің бағасы қазір $52. Былтыр бұл уақытта $35 болатын. Exxon 20 жылдан бері Қазақстанда жұ­мыс істеп келеді. Рас, қазір Тиллер­сон­­ның компанияға қатысы болмауы мүм­кін. Алайда, ол мұнай индустрия­сын на­зардан тыс қалдырмайды. АҚШ ком­па­нияларының Қазақстанда да­мығанын ол неге жақсы көрмесін? Қазақстан өкіметі тек мұнайға ғана сүйе­н­гісі келмейді. Мұнайдың арзандауына қарай елдің экономикалық өсімі тө­мен­деді. Алайда, мемлекеттік бюд­жеттің пер­спек­тивасы және ин­вес­ти­циялық кредит рейтингі Бразилия және Ресеймен салыстырғанда жақсы. Тиллерсонның Қазақстан жайлы бі­ле­тіні көп болғандықтан, алдағы уақытта Вашингтон Астанамен қатынасқа ерекше мән бере бастауы мүмкін. АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы жақсарған жағ­дайда оның әсері Қазақстанда се­зілетін болады.  Бұл ел – Еуразиялық эко­номикалық одақты құрушылардың бірі. Оның Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанмен еркін сауда аймағы бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауысқа ие бол­ды. Экономиканы әртараптандырғысы келеді. Және шет елден инвестиция тартуды қалайды. ExxonMobil да Қазақстанда жұмыс істеп, пайда табуды көздейді. Мұнай бағасы көтерілген жағдайда, Каспий теңізіне инвесторлардың қызығушылығы қайта оянады. Мұнай $80-ге жетсе, Exxon және өзге де мұнай алпауыттары тезірек Қазақстанға барудың қамына кіріседі, дейді сала сарапшылары. Қазақстан үкіметі биыл Қашаған мұ­най кенішінен күніне 221 000 баррель мұнай өндіруді мақсат етіп отыр. Ал британдық Wood Mackenzie консал­тингтік фирмасының жо­рамалы бойынша, Қашаған үшін күні­не 154 000 баррель жақсы көрсеткіш. Деген­м­ен, Қазақстан шикізатқа негізделген экономика деңгейінде қалмау жолдарын іздеу үстінде. Бүгінде Қазақстанға Қытай инвес­торларынан да қаржы көп келіп жатыр. Еуропаның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі Қазақстанның эконо­ми­калық өсімі инфрақұрылымдар мен ай­мақ­тық сауданың дамуына байланыст­ы болады, дейді. Қытайдың «Бір белдеу және бір жол» бағдарламасы осы мақсатқа жетуге кө­мектеседі. Дүниежүзілік банк Қытай инвес­тициясы және мұнай бағасының көтерілуі нәтижесінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2016 жылғы 0,9%-дан биыл 2,2%-ға, 2018 жылы 3,7%-ға, ал 2019 жылы 4%-ға өседі деп болжайды. Бұған «Нұрлы жол» сияқты жобаларға жұмсалатын қаржының және болашақта Еуразияның қаржы орталығы болуы мүмкін «Астана» халықаралық қаржы орталығының қо­са­тын үлесі көп болмақ. Экономиканың осын­дай ашықтығы арқасында Қазақстан Дү­ниежүзілік банктің Бизнес жасау же­ңілдігі рейтингінде биыл 35-орынға көтерілді. Дүниежүзілік банктің есебі бойын­ша, Орталық Азияға келетін шет ел қар­жы­сы­ның 80%-ы Қазақстанның үлесінде. Банк бұл елді инвесторлар үшін әлемдегі ең тар­тымды 20 елдің қатарына қосады. Өйт­кені, үкімет бүгінде инвестиция тартуға қ­а­тысты тәртіптерді қайта қарау үстінде. Қазақ экономикасы жаңа технологиялар, ғылым мен техника негізінде дамуы, сөйтіп, табиғи ресурстарға сүйенбейтін бизнестің дамуына түрткі болуы тиіс, дейді Н.Назарбаев. Қазақстанда бүгінде 475 колледж, 312 кәсіптік мектеп бар және әрбір төртінші студент техникалық мамандықтар бойынша білім алады. «Біз Қытай мен Еуразия үшін логис­тика орталығы болғымыз келеді, – дейді Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. – Бұл жерде мәселе экономикалық дипломатияға қатысты. Біз мұнда халықаралық келі­сім­дер жасалуы үшін қажет қолайлы саяси ахуал және заңдық шарттар жасаудамыз. Өйткені, біз халықаралық әріптестермен осында жұмыс істегіміз келеді. Меніңше, биыл әлем Қазақстан туралы көбірек білетін болады».