«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауына байланысты брифинг өткізді. Өз сөзінде ол бас құжаттағы бес негізгі бағыттың барлығына кәсіпкерліктің қатысы барын баса айтты. Сонымен қатар, «Атамекеннің» өз алдына дербес қалыптасқан институт ретінде Жолдауға арқау болуы үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін жеткізді.
«Елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, лицензия, рұқсат қағаздарын қысқарту арқылы септігін тигізуде. Бірақ жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік салаға көбірек ден қойып, кәсіпкерлікті өркендету жағы кемшін соғып жатыр. Өңірлерде жер телімдерінің кәсіпкерлерге еш кедергісіз, қағазбастылықсыз, жария түрде берілуі әлсіз жүруде. Өкінішке қарай, онлайн алаңдар дұрыс жұмыс істемейді», деді Абылай Мырзахметов. Басқарма төрағасының сөзінше, әкімдіктер құрылыс салуға қажет құжаттарды алуды күрделендіріп жіберген. Кейбір салық түрлерінен тыс, елдегі алпысқа жуық индустриялдық аймақ пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметі бизнесмендердің көңілінен шықпайды.
«Әкімдіктердің қолында кәсіпкерлерге көмегі тиетін ауқымды да сан алуан қуатты құралдар бар. Алайда, бұлар пәрменділігін байқатпауда. Орталықтан келетін шағын несиені бөлуді де әкімдіктер шешеді», деген А.Мырзахметов «Атамекеннің» былтыр бірқатар өңірде шағын несиелеу бағдарламасын табысты атқарған тәжірибесін атады: «Өткен жылы алты облыста пилоттық жобаларды жүзеге асырдық. Әсіресе, Маңғыстау облысында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, кәсіпкерлікке оң бетбұрыс аңғарылды. Мұнайлы өңірде «бір терезе» ұстанымымен жаңа орталық ашылды».
Басқарма төрағасы бас құжатта бизнес-қауымдастыққа жүктелген міндеттерге нақтырақ тоқталып, былай деді: «Қазақстанның стратегиялық мақсатында 2050 жылға ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі кемінде 50 пайыз болуын көздейді. Сонымен қатар, Жолдауда тікелей «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атын атап, арнайы тапсырмалар беруі, шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану, бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастыру мәселелері де қамтылып отырғаны үлкен жауапкершілік жүктейді».
А.Мырзахметовтің айтуынша, ҰКП өңірлерде бизнес жүргізуге бағытталған ағартушылық-бейімдеушілік жұмыстарын жүргізетін болады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Bastau Бизнес» жобасын іске қосып, 14 облыстың 80 ауданында арнайы оқу курсын өткізеді.
Баспасөз мәслихатында кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтар арқылы көмек көрсету мәселесі, өз ісін бастаймын деген азаматтарды қағазбастылықтан арылтуға септесетін «Atameken Services» қосымшасы туралы сөз болды. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП тарапынан жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында, мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейтуге арналған жұмыстар кешені ұйымдастырылатындығы айтылды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»