• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

«Волонтерлық – жүрек қалауы» (сұхбат)

976 рет
көрсетілді

ХХVІІІ қысқы Универсиада ойындары спортшыларымыз ғана емес, еліміз үшін де үлкен сын болғалы тұр. Дүбірлі доданы аса жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, келген қонақтардың көңілінде еліміз туралы оң пікір қалыптастыруда волонтерларға, яғни еріктілерге де айрықша күш түсіп жатқаны анық. Осы орайда біз, Еріктілермен жұмыс істеу департаментінің жетекші маманы, «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзиз Оралбекұлы ҚАЖДЕНБЕКТІ әңгімеге тартқан едік. – Әзиз, бәріміз көптен күткен қысқы Универсиада ойындарында тыным таппай зыр жүгіріп жүрген волонтерлар жұмысы жайлы кеңірек айтып өтсең... – Қысқы Универсиада ойындарын тамашалауға келген­дердің ең бірінші жолықтыратын адамы әлбетте, волонтерлар болмақ. Сондықтан, волонтер­лар өз қызметін өте жоғарғы деңгейде атқаруы тиіс екені айтпаса да түсінікті ғой. Уни­вер­сиада волонтерлары қазір 32 бағытта жұмыс атқа­руда. Мәселен, қонақтарды әуежайда күтіп алу, шығарып салу қызметтерін атқаратын еріктілер бар. Спорттық жары­с­тар барысындағы жұмыс­тармен қатар, атташе қызметін атқа­ратын волонтерлар Универ­сиада аяқталғанша келген қо­нақтардың, делегаттардың қасында бірге жүреді. Яғни, сол қонақтардың көмекшісі де, досы да, жол көрсетушісі де, жанашыры да солар болмақ. Бұл бағытта жұмыс істейтін еріктілеріміз – міндетті оқу-жаттығудан өткен, ағылшын тілін өте жетік меңгергендер. Ағылшын тілін ғана емес, испан, жапон сияқты басқа тілдерді де меңгерген еріктілер әр елден келген қонақтарға жөн сілтеп жүрмек. Сондай-ақ, еріктілер тобы бас­пасөз қызметі, медицина, Атлеттер ауылы, көрермен­дермен жұмыс, мәдени шаралар, делегаттарды, спортшыларды орналастыру, аккредитациялау, қауіпсіздік, басты ақпараттық орталық, компьютерлік жаб­дықтар, тамақтану, басқа да көптеген бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Үш мың еріктінің жұмы­сына жауапты 150 үйлестіруші бар. Олар әр бағытқа жауап береді. Олар да бөлек тренингтерден өтті. Ең бастысы, патриотизм мен функционалдық бағыттарға айрықша көңіл бөлуге тырыстық. Өйткені, волонтерлар жарты жолдан жұмысты тастап кетіп қалмайтындай болуы керек. – Жалпы, осы Универ­сиадаға волонтерлар таң­дау­дың қандай ерекшеліктері болды? Оларға ағылшын ті­лін білуден өзге, қандай бас­ты талаптар қойылды? – Қойылған талаптарға келсек, ең бастысы, волонтердың жасы 18-ден асқан болуы тиіс. Дегенмен, өтініш берушілер арасында Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын немесе РФММ мектебінің жоғары сыныптағы жасы 17-18-ге толған оқушылары да болды, оларды ата-аналарының рұқсаты бойын­ша алдық. Ал екінші талабымыз – ағылшын тілі болса, үшіншісі – волонтерлар мінезінің ашық, жайдары, адамдармен тез тіл табыса білуі шарт болды. Аязды күндері 8-10 сағат далада тоңып жүрсе де, келген қонақтарға қонақ­жайлық танытып, жа­ғымды көңіл-күймен жүре алатын жандарды іздедік. Жалпы, волонтер болғысы келетіндерден 15 мыңға жуық өтініш түсті, солардың ішінен 3000 волонтерды қатаң талаптармен іріктеп алдық. Кейбір жандардың ағылшыншасы жақсы болғанымен, адамдармен қарым-қатынас жасай білу жағы кемшін түсіп жатса, кей­біреуі керісінше, ағылшын тілін орташа білгенмен, жайдары мінез жағынан басым түсті. Ондай мінез ерекшеліктері де ескерілді. – Волонтерлардың басым санын қай оқу орнының студенттері құрады? Студент-жастардан өзге, ересек волонтерлар саны қанша? – Рас, волонтерлардың басым көпшілігі студенттер. Еріктілер қатарына Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Шет тілдері университетінен, КИМЭП, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Информациялық техно­ло­гия институты сияқты 38 жоғары оқу орны қамтылды. Соның ішінде, қыздар 60 пайыз­ды, жігіттер 40 пайызды құрау арқылы қоғамда нәзік жандылардың көбірек белсенді екенін көрсетіп отыр. Волонтерларды іріктеуде шаңғы тебу, сноубордта жү­ру сияқты қабілеттер де ескеріл­гендіктен, Спорт және туризм академиясының студенттері де алынды. Олар спортшыларға жайлы жағдай жасап тұрмақ. Мысалы, медициналық көмек бағытында С.Асфендияров атындағы Медицина уни­вер­си­тетінің жоғарғы курс­тарындағы ағылшын тілін білетін студенттер таңдалды. Қазір волонтерлардың ең үлкені 78 жастағы Хилл Майкл деген канадалық азамат. Оның Алматыда тұрып жатқанына он бес жыл болған. Арамызда 50-60 жастан асқан еріктілер де баршылық. Оларды «Күміс еріктілер» деп атаймыз. – 100 квота арнайы бөлінген шетелдік волонтерлардың міндеттері қандай? – Иә, 100 квота шетелдік және тағы 100 квота еліміз облыстарынан келген аймақтық еріктілерге берілді. Дегенмен, шетелдік еріктілерден айтар­лықтай көп көмек күтпейміз. Олар тек елімізді, Қазақстанды насихаттауға атсалысса де­ген оймен шақырылды. Ертең әрқайсысы өз еліне бар­ғанда Қазақстанның, қазақ жаста­рының, жағымды имиджін қалып­тастыруға үлес қосса дейміз. Сондықтан, олардың функ­цио­налдық бағыттағы әсері күшті бола қоймас, дегенмен шетел­дік волонтерлар өзіміздің волон­терлармен бірге жүретін болады. 3500-ге жуық өтініш түсірген шетелдік волонтерлардың 100-і ғана арнайы сұхбат арқылы ірік­теліп алынды. Ресей, Өзбекстан, Қытай сияқты жақын шетелдерден бастап, Италия, Канада, АҚШ, Ливан сияқты алыс шетелдерден де өтініш түсіргендер арасында бәсеке жоғары болды. – Жалпы, ерікті, яғни волонтер сөзі біздің елімізге толық сіңісе қойған ұғым емес екені рас. Әдетте, волон­терлыққа дамыған елдер аза­мат­тары көптеп ұмтылып жа­та­ды ғой. Ал біздегі жағдай қалай? – Мен өзім «Еріктілер қоз­ғалысы» деген қоғамдық қордың төрағасымын, еріктілікпен айналысып жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Бір байқағаным, жалпы соңғы уақытта жастардың еріктілікке деген түсінігі өзгере бастаған. Болашақта тек спортта ғана емес, жалпы елімізге пайдалы іс-шараларда да еріктілер саны көбейе түседі деп сенемін. Көптеген адамдар өмірге жаңаша көзқараспен қарап, тәжі­рибе жинау үшін волонтер болып жатады. Еріктілік – бекерге шапқылап жүгіре беру емес, өзгелерге көмектесу, өз елінің дамуына, өз қаласының көркейіп, кемелденуіне қандай да бір үлес қосуға деген ұм­тылыс. Бір қуантатыны, ондай жандар бізде де баршылық. Өзіңді-өзің күштеп ерікті болу мүмкін емес, еріктілік – жү­ректің қалауы. Егер жаныңа жақпаса, бұл іспен айналысудың қажеті жоқ. – Универсиада аяқталған соң волонтерларды ыдыратып жібермей, жиі бас қосып, елімізге пайдалы қандай да бір істерге жұмылдыру туралы ниет бар ма? – Біз Қазақстанның дамуына үлес қосу үшін осы жарыс­ты Еріктілер қозғалысының трамплині ретінде пайдалансақ дейміз. Универсиада арқасында ең белсенді, білімді жастардың басын біріктіріп, солармен арадағы қарым-қатынасты сақ­тай отырып, Еріктілер қоз­ғалысын әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің әкімшілік, қаржылық тұрғыдан қолдауымен ерік­тілерге ағылшын тілін оқыту ұйымдастырылды, әр түрлі тақырып бойынша түрлі тренингтер өткізілді. Тек спортта ғана емес, қаламыздың, қоғам­ның дамуына өз еркімен үлес қосқысы келетін жандар санын көбейтсек дейміз. – Ендеше сәттілік тілеймін! Рахмет. Әңгімелескен Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ