• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Жылқы шаруашылығын жандандырудың жолы жеңіл ме?

1155 рет
көрсетілді

Арқаның сай-саласы, қолтық-қонышы бүгінде баяғыдай мыңғырып малға толып жатпағаны белгілі. Десек те, республика бойынша жылқы саны биылғы жылдың 1 қаңтарындағы санақ есебімен 2 млн 113 мың басты құрап отыр. Ал жылқы саны жағынан Қарағанды ел бойынша үшінші аймақ екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сәйкес, Қазақстандағы жылқының 298 мыңы Шығыс Қазақстанда жусап жатса, 274 мыңы Алатау бөктерінен Жетісуға құлап, 256 мыңдайы Арқаның ұсақ шоқыларында тебіндеп жүрген көрінеді. Көңіл марқаяр көрсеткіш.

«Құлан» бағдарламасы – қыл құйрықтыны көбейтуге қолайлы

«Мемлекет тарапынан қаржы­лан­дырылатын «Құлан» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысы көле­мінде 2015 жылы 3369 бас, 2016 жылы 3114 бас асыл тұқымды жылқы сатып алынған. Тек қана төрт мыңнан аса шаруашылықтың ішіндегі 10-ы асыл тұқымды жылқыларды сұрыптап, ата кәсібімізді абыройлы жалғастырып отыр. Шет ауданын ен жайлаған ең ірі «Шолақ еспе» шаруашылығынан бастап, Қарқаралы, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Нұра аудандарындағы асыл тұқымды құндыз жал, қыл құйрық, текті жануар біршама өсіп қалыпты. Бұдан да биік көрсеткішке жетуге бола ма? Болады. Оған адам факторының аздығы қол­бай­­лау болып отыр-мыс. Бұ­рын­­ғыдай қоста қона жатып жыл­­­қы бағатын адам аз. Бақ­са, ав­томобиль, мотоциклмен ба­ға­ды. Шаруалардың айтыстарына қарағанда, тарпаңдарды ортақ таң­балау, чип тағу, сырғалау қия­мет. Оның бер жағында жерге ие қожайындар қоқаңдамай тұра ма? Әр шаршы метр алқаптың қа­зір қожайыны бар. Біреудің ша­бындығына, біреудің егініне тү­сіп кеткен жылқының жағдайы ауыл адамдарына белгілі. Одан қал­ды, ысқырса – желдікі, айдаса – жаудыкі. Түз тағысы қасқырдың өз «несібесі» және бар. Осыдан ке­ліп, ата кәсібіміз тамырынан ажы­рап, кешегі көлікке қос артып, жерұйық жуас айғырға жайдақ қос жегіп жылқы баққан қазақты кездестіре алмайсыз...

Қара қоста қасиет бар...

Бұл ретте Арқадағы жылқы жайына қанық Шет ауданы, Тағылы ауылдық округі, Жұмыс­кер ауылының тұрғыны, сегіз қыр­лы, бір сырлы жан – Балтабай Иген ағамыздың әңгімесі тұздық. Асыл тұқымды деп қалдық қой. Ай­тыл­мақ мәселенің Арқаға қатысы ай­рықша тұстарын атап кетейік. Бал­текеңнің айтқанына сүйенсек, Қызылтау, Ортауда мыңғырған Мұқалжар тұқымы – қаншама жылдар бойына сұрыпталып келген асыл тұқымды жылқының ерекше түрі. Қазіргі Қостанай жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев, ол уақытта зооветті бітірген жас маман, Кәрім Мыңбаев ауылынан басталған озық тәжірибені одан әрі жандандырып, жанында бас жылқышы Балтекең бар, бірнеше институттар жұмыс істеп, табынды екіге бөлдіріп бақтырыпты. Ондағы себеп, кілең баран, яғни торы, қара, құла, күрең түсті жылқы – тірідей 570 келі, сойғанда таза 400 келі ет береді екен. Сәйкесінше, ала, қара көк түсті жылқылар он­дай салмақ бермейтін болып тұр ғой. Небәрі үш жылдың ішін­де діттеген мақсатқа жетіп, «Сары­арқа жылқысының тұ­қы­мы» деп атаған асыл тұқым­ды жыл­­қылар жемісін бере бас­тап­ты. Өкінішке қарай, 1994 жылы ұжым тарап, талан-таражға түс­кен шаруашылықтың жұрнағы зорға қалған.... Ең негізгі мәселе – жылқының қос­та бағылмай отырғандығында. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қа­зір мотоциклмен бағылған жыл­­қы қуғын көріп жатыр. Қазақ­­тың «атыңның майын мі­нейін» дейтіні – ішкен-жегені тер­мен кетіп, қанжілік болған жануар­лар­дың жүдеуі. Тіпті, қазақ жыл­қы­ны қуып айдағанды жаман ыры­мға балап отырар еді ғой? Жау шапқандай айдап не көрінді дейтін-ді қарттар... Қыр қазағы, жылқышы әрі жұл­дызшы, саятшы һәм қорық­шы Балтабай Иген ағамыз «Қылқұй­рық­тың қадірін бір біл­сек, біз біле­рміз. Жылқы бағу әкем Иген­нің ата кәсібі еді. Өзім де жасымнан жылқы ұстадым. Аң қа­ғып, бәйгеге тұл­пар қостым. Сонда түйген әңгіме көп. Бірі – жыл­қы­шының қара қосы. Қос­ты он то­ғыз уықпен, әр уықтың қа­ла­мын кіш­кене шаңыраққа қадап, сыртын жалғыз ғана киізбен орайды. Ішін­де шай, ет қайнататын мосысы болады. Қос көбіне тобылғысы мол жерге тігіледі. Тобылғы – отын. Түң­гілікте қосты жылы сақ­тау үшін тобылғы шоғының ете­гін қайырып, көміп қояды. Сол қо­ламта қос ішіндегі жылылықты сақ­тап тұрады. Кей­де, жаққан отты тазалап алып тастап, оттың орнына киіз төсеп, төсек салады. Жылқы­ның іңір жусауы мен таңғы жусауын қостың басында өткереді. Ондай шақтарда қостың ішін кәдуілгі монша дерсіз. Күн боранда жылқышылар бойлары жылы жату үшін аяқтарын бір-біріне айқастырып, үстіне күпілерін жамы­лып, арқар жатыс ұйықтайды. Кейде мұн­дай қосты шананың үстіне де тігеді. Оны жайдақ қос деп атайды. Жылқыны қыста қорықты шөбі қалың, қар қалың түссе де тебінге жұмсақ жерге жаяды. Күзде қара қатқаққа ұрындырмай, суарып отырады. Жылқы малын қазақ көделі, көкпекке құлындатқан. Құлын қара құлақтанған соң бие байлаған. Яғни, көкке жайылып, қара тілденгеннен кейін, желі басына қысқы сүрді апарып, қымызмұрындық жасайды. Жылқының желісін ауылға көрінбейтін шымдауыт жерге байлайды. Бір жағы желідегі құлын салқын самалда жайланып жату үшін, екіншіден биеге шапқан айғырды әйел адам, қыз бала көрмесін деген тәрбие. Жыл­қы аса қасиетті мал. Алда қыс қатты бола­тын болса, жүресінен тұмсығын жерге тіреп жатады. Ал, қыс жайлы болса, төрт аяғын созып қабырғалап жатар еді-ау...», дейді.

Қымызды кім ішпейді?

Қыдырып қымыз ішетін заман өткен. Қазір бәрі бизнеске ыңғайланды. Облыс орта­лығының өзінде қысырақ сауып, қы­зара бөртіп отырған шаруалар аз емес. Бір литрі – 700 теңгеден. Тек сол қым­ыз­ға Үкімет тарапынан қол­дау болса... Субсидия бері­ліп жат­са, нұр үстіне нұр ғой. Әйт­пе­се, Жаңарқаның Жеңіс ауылын­да қымызды қызу бизнес көзіне айна­л­дырып отырғандар жоқ емес. Ол дұ­рыс. Ел игілігі үшін бие байлап, ха­лықты қы­мызға қарық қылып, өңір эконо­ми­ка­сына пайда әкелгеннің несі айып? Қан­ша­ма жұмыс орны ашылып, ата кәсібіміз жаңғырып, қымыз дайындаудың баяғы үлгісі бабадан балаға мұра болар еді. Біз қымыз дайындаудың қа­таң сақ­та­латын технологиясын бұз­бауды үй­ре­нуіміз керек. Бұ­рын­ғы қазақтар қы­­мызды жыл­қы­­ның терісінен тігілген арнайы тор­сықта ашытып, күзде сол тор­сық­тың қаспағын жинап, келесі жыл­­ға ашытқы қылып пайдалана­тын. Қы­мыз­дықпен ашытқан қымыздың жөні та­ғы бір басқа. Ол өзге әңгіменің басы.То­был­ғы­мен ыстап, бабына келтіріп пісетін, күбіні күн ара жуып, балқаймақ жағатын бап қайда? Қазір іріген сүтпен күбіге ашытып, қымыздың дәмін бұзып жүр­геніміз өтірік емес. Бірде қоры көп болып, қатты аши­ды. Бір­де қоры кем, өлі қор­ла­нады. Қы­мыздың құны кетіп, ашы­ма­ған қымыз өліқор болатынын үл­кендер жақсы білер.

Түйін

Осы жазбамыздың соңында түй­ге­німіз: жылқы өсімтал түлік екен. Қарағанды облысының ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы берген мәліметте көр­се­тілгендей, 2000 жылы 106 мың жылқы бол­са, 2010 жылы 149 мың, биыл 256 мың бас, яғни, 72 пайызға өскен. Мемлекет қол­­дап отыр. Кейінгі екі жылдың есе­біне сүйен­сек, Қарағанды шегінде 90-ға тарта шы­ңырау құ­дық қазылып, су мәселесі бір жақ­ты шешіліп жатқан сыңайлы. Мә­­се­ле – жайылымда. Қадам басқан сайын біреудің жері, бос жатқан шабындық, жайылым жоқ. Жас­тар шаруасын дөңгелетейін десе, осы жайылым жайы тапшылық жасап, кедергі болып қалатын секілді. Өзекті ме? Мәселе өте өзекті... Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы