Бағытымыз – бес басымдық
Жалпыұлттық жоспарда қамтылған іс-шаралар жайын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, онда Жолдаудағы бірінші басымдық – жеделдетілген технологиялық жаңғырту аясында цифрлы индустрияны, экономиканың негізгі салаларының технологиялық қайта жарақталуын дамытуға бағытталған 19 шара қарастырылған. Оның ішінде төртінші өнеркәсіптік революция, инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар, ғылыми әлеуетті дамыту жұмыстары қамтылған. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, елдің экспорттық-инвестициялық стратегиясы, АӨК мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы тәрізді жаңа бағдарламалық құжаттардың әзірленуі, сонымен қатар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу және өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Ал, екінші басымдық бойынша 18 шара қарастырылған, олар ең жақсы бизнес ортаны қалыптастыруға және мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендетуге бағытталған. Аймақтық деңгейде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің барлық түрлері үшін шығындарды азайту бойынша шаралар кешені қабылданатын болады. Үшінші басымдық аясында 11 бағыт қарастырылған, олар инфляцияны кезең-кезеңімен 3-4 пайызға дейін төмендетуге, банк секторын сауықтыруға, отандық қор нарығын жандандыруға, бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған. Төртінші басымдық бойынша 10 шара қамтылған. Білім саласында оқу бағдарламалары жаңартылып, үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшу қамтамасыз етіледі, еңбек нарығының талаптарына сәйкес кәсіптік стандарттар жаңартылады. Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ақпараттандыру және бұл жүйені халық арасында түсіндіру бойынша жұмыстар атқарылады. Зейнетақы төлемдерін және баланың тууына берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшерін арттыру мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамалық актілер қабылданады. Сонымен қатар, күнкөрістің ең төменгі деңгейі көлемінің құрылымы қайта қаралады. Бесінші басымдық – институттық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында 9 шара қарастырылған. Меншік құқықтарын қорғауды күшейту бойынша барлық заңнамаға ревизия жүргізіледі, ЭЫДҰ ұсыныстарын енгізу бойынша жол картасы әзірленеді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизммен және терроризммен күрес бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен киберқауіпсіздік тұжырымдамасы әзірленеді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар саласында заңнаманы жетілдіру мақсатында орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленеді. Алдағы онжылдықта жаңа индустриялар мен жаңа өсім моделін құру үшін Қазақстанда Елдің жаңа технологиялық құрылымға көшуінің бірыңғай стратегиясы дайындалады. Осы мақсатта «Қазақстан 2025 – Ұлттық технологиялық бастама» стратегиялық жоспары әзірленеді.Жарты жылда 148-ден астам шара атқарылмақ
Жиында қаралған келесі мәселе – Үкіметтің 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқаратын жұмыс жоспары. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі 9 маңызды бағыт бойынша 148-ден астам шара жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде ІЖӨ-нің жоспарланған өсу қарқынына қол жеткізу, жеке секторды дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, жеке инвестицияларды тарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және халық кірісін арттыру, адами капиталдың сапасын арттырудағы реформаларды нығайту мәселелері қамтылған. Министрдің айтуынша, бюджетті теңгерімділікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатында ақпан айында әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2017 жылдың республикалық бюджет параметрлері қайта қаралатын болады. Жалпы, жиын барысында осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылуы тиіс жұмыс жоспарлары туралы барлық министрлік қысқаша баяндап, Үкімет басшысына есеп берді. Сонымен, жоспар бар, атқарылуы тиіс шаралар реті жақсылап тізбектелген. Ал оның негізгі нәтижелері, әрине, уақыттың еншісінде. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде әкімдер мен министрлерге алдағы халық алдындағы есептерге мұқият дайындалуды тапсырды. Бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 15 ақпаннан бастап өңір әкімдерінің халық алдында есеп берулері басталатынын еске салды. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен сыни ескертпелерінің басым бөлігі әкімдердің жұмыстарына да қатысты екенін айтып, сондықтан есеп берулер кезінде осы мәселелерді көтеріп, түсіндіріп, олардың шешілу жолдары туралы халыққа ақпарат беру керектігін жеткізді. Сонымен қатар, Премьер-Министр әкімдердің алдағы есеп беруіне министрлердің де қатысатынын айтып өтті. Ал министрлер қатысу қорытындылары бойынша Үкімет басшысына есеп береді.Жерді жалға беру институты сақталды
Отырыста қаралған үшінші мәселе – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев баяндады. Вице-министр 2015 жылғы қарашада қабылданған Жер кодексінің нормалары бойынша туындаған қоғамдық резонансқа байланысты Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрылғанын еске салды. Барынша ашықтықпен кеңінен талқылауды қамтамасыз ету үшін заң жобасы мен оның тұжырымдамасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында, АШМ ресми сайтында, 12 бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Бұдан өзге, министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес отырыстарында талқылаулар және қоғамның қатысуымен көпшілік талқылаулар өткізілді, деді вице-министр. Осылайша, заңнамада қазақстандықтарға ауылшаруашылық жерлерін жалға беру институтын сақтай отырып, заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде берудің жеке тәртібін енгізу қарастырылған. Көрсетілген тәртіпке сәйкес, жерді беру әкімдікте бекітілген конкурсқа шығарылатын жерлердің тізімі бойынша жүзеге асырылады. Оны өткізудің ашықтығы үшін конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Бұдан өзге, жариялылықты және оның барлық әлеуетті қатысушыларының конкурсқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп БАҚ-та және әкімдік пен АШМ-ның ресми интернет-ресурстарында конкурс өткізу туралы кеңінен хабарлауды қарастырады. Конкурсқа қатысу үшін оған тілек білдірушінің конкурсқа қатысу ұсынысын беруі міндетті шарт болып табылатынын айта кеткен жөн. Онда ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес жоспары, шаруашылық ішіндегі жер құрылымы жобасын құру және игеру бойынша, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын құру бойынша, индикативті көрсеткіштерді орындау бойынша міндеттемелер қамтылуы тиіс. Аталған талаптар берілетін жерлердің тиімді әрі ұтымды пайдаланылуы мақсатында қойылады. Берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылған, ол жалға алған алғашқы 5 жылда жыл сайын, одан кейінгі жылдары суарылатын шабындықтарда әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмаған жерлерде – әр 5 жыл сайын. Ауылшаруашылық жерлерінің үлкен ауқымының «бір қолға» берілуіне жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің ең үлкен көлемін белгілеу қарастырылған. Оларды қазақстандықтар әр облыстың әкімшілік аудандары аумағында жалға алған болуы мүмкін. Сонымен қатар, шекара сызығы мен шекара маңы аймағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға т.б. беруге тыйым салу қарастырылған. Жеке қолдардағы малды бағу үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені шешу үшін елді мекендердің маңында тұрғындардың олардың жеке қолындағы малды ұстау бойынша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жайылымдар аумағы айқындалатын нормалар қарастырылған. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»