Алдымен Меркель мүдделі
Еуроодақтың негізгі драйвері Германиядағы Ангела Меркель үкіметі одақтың тұтастығын сақтауға мүдделі. Біріншіден, одақ елдерінің ортақ нарығы немістің экспорты үшін үлкен мүмкіндік. Өзге елдермен салыстырғанда Германия одақтас мемлекеттерге ең көп тауар сатып отырған ел. Біреулер Германияның одаққа соншалықты жанының ашуын немістердің үстемдік құруы ретінде танығанымен, шындап келгенде, ЕО нарығы арқылы Германия өзінің экономикалық қуатын арттыруды көздейді. Екіншіден, Британияның одақтан шығуы Германия үшін тағы бір мүмкіндікті ұсынып отыр. «Брекситті» өткізу туралы референдум қорытындысынан кейін Британиядағы халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі компаниялар Лондоннан кетуге ыңғайлана бастады. Британиядан кеткенімен, Еуроодақты тастамайтын ірі кәсіпкерлердің ендігі жұмыс істейтін жері, әрине, Майндағы Франкфурт болмақ. Осылайша, сарапшылар, келер жылдан бастап Лондон қор биржасының саудагерлері енді Германияға көшетінін айтып жатыр. Еуроодақтың қаржы орталығы болғалы тұрған Германия бұл тұрғыда инвесторларға елдеріндегі саяси тұрақтылық пен экономикалық интеграцияны ұсынуы тиіс. Дегенмен, Германияның социал-демократиялық партиясы елдің ішкі саясатында Брюссельге деген тәуелділікті азайтуды көксейді. Оған себеп – босқындар мәселесі. Еуроодақ елдері ішінен ең көп босқын қабылдайтын Германиядағы әлеуметтік мәселелердің шешіміне, социал-демократтардың пікірінше, қазіргі билік партиясының сыртқы саясаттағы ұстанымы кінәлі. Соңғы жылдары көбейіп кеткен лаңкестік әрекеттерді өз ұпайлары үшін ұтымды пайдалана білген социал-демократтар 2017 жылдың күзіне жоспарланған сайлауда өздерінің сайлауалды бағдарламасы ретінде Германияны босқындардан тазартып, ішкі экономиканың өркендеуіне басымдық береміз деп уәде беріп отыр.Еуроның әлсіреуі
Британияның референдумы мен «Брекситті» ел парламенті мақұлдағаннан кейін фунттың құны құлдырап кеткен. Сарапшылардың пікірінше, «Брекситтің» кесірінен Британия 100 млрд фунт стерлинг жоғалтпақ. Британияны жоғалтса, әрине, Еуроодақтың ресми валютасы да әлсірейтіні белгілі. Қаржыгерлердің пікірінше, 2017 жылдың соңына дейін АҚШ доллары мен еуроның құны теңесіп қалуы тиіс. Онсыз да 2008 жылғы дағдарыстан әлі ес жиып болмаған ЕО-ның кей мемлекеттері үшін бұл үлкен қаржы дағдарысына ұласуы ықтимал. Соның ішінде Берлинмен бұрыннан бері мүдделері қайшы келетін Италия бірінші болып антиинтеграциялық шаралар бастап кетуі ғажап емес. Еуроның құлдырауына, екінші кезекте, доллардың өзіндік құнының көтерілуі себеп болмақ. Трамптың көші-қон саясатынан кейін бірнеше айлық рекордтық деңгейге түсіп кеткен доллар құны жыл ортасына қарай керісінше шарықтап өспек. Олай дейтініміз, өткен жылғы желтоқсанда АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) кезекті отырысында 2017 жылы доллардың базалық үстемесінің бір жылда қатарынан үш рет көтерілетіні туралы сөздің айтылуы. Егер ФРЖ басшысы Джаннет Йеллен осындай қадамға баратын болса, қазіргі 0,75 пайыздық үстеме жыл соңына дейін 2 пайызға жетіп, доллардың құны еуроны маңайлап қалуы ғажап емес. Ал доллардың көтерілуі Еуропа елдерінде инфляцияға түрткі болмақ.Трансатланттық сауда келісімі
Жалпы, АҚШ-тың жаңа президенті Еуроодақтың тек қаржы секторына ғана емес, сыртқы саудасына да тиімсіз болып тұр. Келе салып Транстынық-мұхиттық сауда әріптестігінен шығып кеткен Дональд Трамп енді ЕО мен АҚШ арасындағы Трансатланттық сауда ұйымының да шарттарын қайта қарамақшы. Инвесторлардың демдерін ішіне тартып күтіп отырғаны да осы құжат. Егер Трамп бұл ұйымнан да бас тартып немесе сауда келісімінің шарттарын өзінің «протекционистік» (ұлттық экономиканы күйттеу) саясатына ыңғайлауды ұсынса, алдымен ЕО елдері зардап шегеді. Өйткені, АҚШ-пен арадағыдай ірі сауда айналымын алмастыра алатын Еуроодақта басқа серіктес жоқ. Жалпы, макроэкономикалық сарапшылар 2016 жылды тұйықталу дәуірінің басы ретінде сипаттайды. Британияның одақтан бас тартуы, Трамптың сыртқы сауданы азайтып, ұлттық өндірісті күйттеуі осыған дәлел болмақ. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»