• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Несиені арзандатудың амалы

192 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарайтын Экономика институты Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталы­ғы­ның директоры Жангелді Шым­шықов жуықта несиені арзандатудың сенсациялық деп айтуға лайық жолын көрсетті. Оның айтуынша, егер еліміздің Ұлттық банкі шынымен халық­тың теңгеге деген сенімін арттыр­ғысы және екінші деңгейдегі банк­тердің беретін несиелерін арзан­датқысы келсе, бұл оның қолынан келеді. Бірақ ол үшін Ұлттық банктің өзі елеулі тәуекелге баруы керек. Ұлттық банк экономиканың нақты секторына қолдау білдіруі үшін өз тарапынан екінші деңгейдегі банктерге беретін несиелердің базалық есептік ставкаларын төмендетуі керек. Егер базалық ставка төмендесе, екінші деңгейдегі банктер де өз несиелерін арзандатуға мүмкіндік алар еді деп есептейді экономист. «Қазір Ұлттық банктің несие жөнін­дегі базалық есептік ставкасы 12 па­йызды құрайды. Ол екінші дең­гейдегі банктерге несиені осы став­ка бойынша береді. Демек, екінші дең­гейдегі банктер өздері несиеге алған қара­жатты өндірісшілерге – зауыттар мен фабрикаларға, кооперативтер мен шаруа қожалықтарына несие есебінде таратқан кезде оның ставкасын осы 12 пайыздан төмен түсіре алмайды. Оның үстіне, олар ұтылып қалмас үшін елдегі инфляция деңгейін алдын ала есепке алуға мәжбүр болады. Сөйтіп, 12 пайыздың үстіне тағы да 6-8 пайыз қосылады. Мұның сыртында, енді екінші деңгейдегі банк өзі де пайда табуға тиіс. Кез келген коммерциялық банк ең алдымен өз пайдасын ойлайтын­дығы түсінікті. Сондықтан пайда табу мақ­сатында берілетін несиеге тағы да қайтарым үстемесі қосылады. Сөйтіп, олар ақыр аяғында шаруашылықтар мен халыққа несиені кемінде 23 пайыздық қайтарыммен береді. Осыдан барып, екінші деңгейдегі банктерге «тонаушы» деген айып тағылады» деген экономист экономиканы дамыту үшін Ұлттық банктің базалық ставкасын 2-3 пайызға дейін арзандатуды ұсынады. Расында да, «айранды шелекпен ішкен құтылып, түбін жалаған тұты­лыпты» дегендей, қазіргі күні халықтың барлық өкпе-реніші екінші деңгейдегі банктердің үстінде екені белгілі. Өйткені, халық, соның ішінде кәсіпкерлер несиені екінші деңгейдегі банктерден ала­ды. Ұлттық банк өз табиғатына сәйкес халықпен тікелей жұмыс істемейді. Оның саясаты мен қыз­метінің әсері халыққа екінші деңгейдегі банктердің іс-әрекеттері арқылы сезіледі. Ал екінші деңгейдегі банктердің беріп отырған несиелерінің қайтарымы қымбаттамаса, арзандамай-ақ қойды. Осыдан біраз жыл бұрын менің бір танысым сауда дүкенін сатып алу үшін екінші деңгейдегі банктен 300 мың доллар көлемінде жылдық қайтарымы жоғары пайызбен қарыз алды. Сол үшін ай сайын 1 миллион теңге банкке төлеп тұрды. Оның бар тапқан табысын банк сыпырып алып отырды. Ай сайын төлейтін қарызын жаба алмай қалған жағдайы да жиі кездесті. Ақыры қарызға шыдамай екі-үш жылдан кейін жылжымайтын мүліктер бағасы тағы бір көтерілген кезде дүкенді сатып, банктің қарызын зорға жапты. «Осы үш жыл бойы табыс тапқан жоқпын, отбасымды асыраған жоқпын, тек қана банкті асырап келдім. Банктің клиенті емес, малайына айналдым. Енді оны желкемнің шұқыры көрсін», деп шағынды ол. Әрине, ол банктің пайыздық үстемесінің арғы жағында Ұлттық банктің жоғарыдағыдай саясаты тұрғандығын білген жоқ. Сондықтан экономист Ж.Шымшықовтың банк несиесін арзандату жөніндегі ұсынысы жүзеге ассын немесе аспасын оған ең әуелі Ұлттық банктің жоғарыдағыдай май шайқаған саясатының астарын ашқандығы үшін рахмет айтсақ, артық болмас. Жалпы, бізде халық назары осы уақытқа дейін бұл мәселеге ауған емес. Біз өз тарапымыздан әлемнің басқа елдеріндегі орталық банктердің несие жөніндегі базалық ставкаларын тексеріп көрдік. Расында да, біздікіне қарағанда айырма жер мен көктей екен. Жапон банкінікі 0,1 пайыз, Англия банкінікі 0,25 пайыз, Австралияның резервтік банкінікі 1,5 пайыз, Қытайдікі 4,35 пайыз, қазіргі жағдайы нашар дейтін Колумбияныкі 7,25 пайыз, өзіміз озып кеттік деп жүрген Румынияныкі 1,5 пайыз, Перудікі 4,25 пайыз, Чилидікі 3,25 пайыз болып шықты. Сырттан ақша тарта алмай отырған Ресейдің орталық банкі несиені 10 пайызбен береді екен. Сонда көршілерімізге қарағанда, сырттан инвестиция ағылып жатқан ел – Қазақстанның Ұлттық банкі неге тарылады? Көптеген дамыған елдерде орталық банктердің несиелік ставкалары әрі кеткенде 1-2 пайыздан аспайтын болған­дықтан, олардағы екінші деңгейдегі банк­тер халыққа несиені 3-4 пайызбен, тіпті, одан да арзанға таратады. Мұндай жағдай біздің адамдардың түсіне де кірген емес. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»