• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Текеметтің түріндей-ау...

732 рет
көрсетілді

Италияның Милан қаласында ALTAI деп аталатын дүкен бар. Онда үнемі жүннен басылған киіз, текемет, сырмақ сатылады екен. Текеметтер көлеміне қарай 11 000-43 000 АҚШ доллары арасында тұрады. Жүннен жасалған өнімнің денсаулыққа пайдалы, жылы екендігін ескерген италиялықтар сатушыға дән риза. ALTAI деп аталған брендті Раффаэле Кариерри (Raffaele Carrieri) есімді азамат 1994 жылы жасапты. Алдымен көш­пен­ді халықтардың, әсіресе, ауа райы, климаты суық елді мекенде орналасқан қазақтың тұр­мыс-тіршілігіндегі киізден жаса­латын сырмақ, текеметті зерт­тей жүріп, кілем, төсеніш, тұс кілем, күрд паласы сияқ­ты бұйымдарды сатқан. Сөй­тіп жүріп ол биылға дейін қазақы бұйымдардың 16 түр­лі коллекциясын жасап үл­гер­ген. 2002 жылы ALTAI брен­ді сәулет­шілермен және дизай­нер­­лермен ақылдаса оты­рып, Өзбек­станда да тігін шебер­хана­сын ашқан. Кариерри Фер­ғана қаласындағы көзкөр­ген адамдармен бірге жаңа теке­­меттер тоқумен айналы­сады. Бұл таза табиғи өнім, жүн­нен жасалады және ешқан­дай химия қосылмайды. Ол өзінің тауарларының брен­діне орай Ancient Saharan Mats, Antique Felts of Central Asia деген атпен көрме де ұйым­дас­ты­рыпты. Бұл көрмелерге дүние жүзіндегі ғалымдар, ант­ропологтар қатысқан. Ал бізде жүн өндірісі кенже қа­лып отыр. Заманауи қазақтың үйі толы кілем, баға жетпес текемет пен сыр­мақ­тың, жүннен басылған қалың кілем­дер­дің қажетсіз болып қалғандығы рас. Италиялықтар, шіркін бір ғана қой-ешкінің жүнінен жасалған текеметті білетін шығар-ау. Ал бізде түйенің жүні­нен де жаса­латын текеметтер бар. Мә­селен, Астана қаласында түйе жүні­нен көрпе жасау өндірісі дамып келе­ді. Сатып алушылар қатарында тек қазақ­стан­дықтар ғана емес, шетелдіктер де бар екен. Цех бастапқыда шұлық, кейін­нен көрпе тігуді қолға алған. Ендігі жоспар жүннің қалдығынан матрастар жасау екен. – Түйе жүнінің сапасы жақсы, пай­дасы мол. Қой жүнінен екі есе жеңіл. Жылуды жақсы сақтайды, ылғал жұт­қыш және аллергия туғызбайды. Эколо­гия­­лық таза өнімге деген сұраныс жо­ғары. Сол себепті, тапсырыс қашанда көп. Тұтынушылар тауардың сапасына ғана емес, бағасына да риза. Мысалы, Түр­­кия не Моңғолиядан келген көр­пе 30 мың теңге тұрса, мұның баға­сы 3 есе арзан. Бүгінде көрпені еліміз­ден тыс мем­лекеттер де сатып алып жатыр. Ре­­сейг­е жеткізу жолға қойылды. Ал­да­ғы уа­қытта экспорт көлемі ұлғая­ды. Ендігі жоспар айына 2 мың көрпе шы­ға­ру, – дейді «Қазақ оюлары» ЖШС дирек­торының орынбасары Гүлсанат Мерқұлова. Десек те, экспорттан бұрын өз елі­міз­де неге осындай бағалы бұйымдар сұра­ныс­қа ие болмай отыр деген сауал әркімді де толғандырады. Теке­мет, тіпті, кілем тоқу өнері де біздің қазақта өріс алған. Мәселен, ауылдық жерлерде тұратын қазақ әйелдері мен қыздары тоқыма тоқып, жүн түту, жүн сабауды ұмыта қойған жоқ. Шығыс Қазақ­стан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақ­стан, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен қалаларында кілем тоқу өнері ұрпақ­тан-ұрпаққа ауысып жаңаша түрлі ою-өрнектермен әсем безендірілуде. Мәселен, Семейдің киіздеріне мәс­кеу­­лік­тер қатты қызығып отыр. Шығыс­­тың аязды, боранды күнінде дала­да еңбек ететін жұмыскерлерге, құры­лыс­шыларға жүннен басылған, киізден жасалған пима ауадай қажет. Сол үшін де олар көбіне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алып жатады. Бүгінде кәсіпорынның жаса­ған пималары сұранысқа ие болған. – Біз бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істеуді жолға қойдық, – деді кәсіп­орын директоры Харис Сайфутдинов. – Жаңадан өнді­ріс­тік цехтар ашып, жүн өңдеу, пима басу айналымын ұлғай­тып келе­міз. Қазіргі кезде жасап жат­қан пима­лары­мыз жұрттың сұранысы­на, талап­қа сай, түрлі сәндік үлгіде. Базар саудагерлерінің бағасы біресе шарықтап, біресе төмендеп тұр. Әйт­песе, біздің дүкендердегі баға әлде­қайда арзан. Пима 2800 теңге, резең­ке­мен табандатылғаны 3500 теңге, унтыларымыз да осы шамада. Базарда баға шарықтап өскенмен, бізде өндіріс технологиясының көлемі өскен сайын өнім бағасы арзандау үстінде. Біз пима, унтылардан басқа аңшылық бахил­дарды да шығарамыз. Оны ойлап тапқан біздің кәсіпорын. Бұл аңшыларға ғана емес, шаруаларға, балықшылар мен жүр­гізушілерге таптырмайтын аяқ киім. Сыртында су өтпейтін материал, іші киіз, аяққа жылы. Цельсий бағаны бо­йынша 50 градус аязға төтеп бере алады. Негізінде киіз басу ежелден келе жат­қан дәстүр, бұл өнердің біздің зама­ны­мызға дейінгі ғасырларда қазақ дала­сы­на кеңінен таралып кет­кені мәлім. Қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз бол­ғанымен, киізден жасалған бұйым­дарға деген сұраныс бар. 2004 жылы Семейдегі «Роза» ЖШС елде ең үлкен пима жасап шығар­ды. Өлшемі – 106, қонышының биіктігі – 178 сан­тиметр, салмағы – 16,5 келі. Ал бұл күндері «Роза­ның» киізден басып, жасап шыға­ратын түрлі өнімдеріне ита­лия­лықтар, қытайлықтар мен ресей­лік­тер де қызығушылық танытып отыр. Өнімдері өте сапалы. Бұрындары ТМД көлемінде саудаға шығарса, енді бүкіл әлемге тарата аламыз дейді басшылық. Осыдан он жыл бұрын жүн жетпей жататын. Бұл күндері облыста мал басы өскендіктен, шикізаттан кедергі жоқ. Барлық ауданнан мал жүні әкелініп тапсырылады екен. Қара қойдың жүні кәдеге жарады деген осы. Текемет те өзімізге қайта оралса дерсің осындайда.Әлем оны қазақтың бренді деп таныса... Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист Семей